Жексенбі, 25 Маусым 2017
3 Қаңтар, 2017 сағат 16:42 Мәңгілік ел 2593 0 пікір

2017 ЖЫЛ. БІЛІМ САЛАСЫ ҮШ ТІЛГЕ КӨШЕДІ

Сонымен міне, 2017 жылдың алғашқы күндері де басталып кетті. Ресми күнтізбе бойынша ғасырдың тағы бір парағы ашылып, жұрт жаңа жылды қарсы алып, тыныс тауып жатыр. Нақтырақ айтсақ, қазақстандықтар жаппай демалыста. Алайда адамзат қоғамының қарбалас тірлігі  тоқтап тұрған жоқ, тіпті, қаңтардың 1-і күні-ақ шетін оқиғалардың шеті көрініп үлгерді. Бұл, әрине, бөлек әңгіме. Қазір көпшілікті ағымдағы жылдың алда болуы ықтимал әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері толғандырып отыр. Мәселен көптің ойындағы сұрақ: күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін қаражаттың көлемі қандай болады? Зейнетақы, жәрдемақы тоқтап қалмай ма?, т.б. Осылардың бәріне шетінен жауап беріп көрелік. Иә, жаңалықтың көкесі тақырыпта тұрған мәселеде. Білім саласы биыл үш тілге көшеді...

Ең төменгі айлық пен зейнетақы өседі. Бірден емес, біртіндеп...

Ең төменгі еңбекақы деңгейін белгілеген «2017 -2019 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға байланысты төменгі зейнетақы 28 148 теңге, төменгі күнкөріс мөлшері 24 459 теңге болады. Дүниеге келген әр сәбиге берілетін ақша 20 пайызға өспек, бірақ бірден емес, біртіндеп. Зейнетақы да бірден өспейді. 1 – қаңтардан бастап зейнетақыға 9 пайыз, шілде айында 11 пайыз үстеме қосылады.

Абайлап жүріңіз, айыппұл күшейді

Биыл автокөлік иелеріне жол ережесін бұзбай, тәртіпті қатаң сақтап жүруге турап келіп тұр. Өйткені айыппұл аспандамақ. Мәселен, алып-ұшып асығып, алқын-жұлқын жүретін жүргізуші жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға арттырса, 22 690 теңге, аялдамалар мен автотұрақтарда тәртіп бұзса, 11 345 теңге айыппұл төлемек. Төлемесең, МАИ қызметкері төбеңді ойады.

Жылдағыдай тағы да коммуналдық қызмет түрлері қымбаттайды

Биыл да жылдағыдай  коммуналдық қызмет түрлері қымбаттайды. Атап шығайық. Электр қуатына төлейтін қаражатыңыз – 5,9 пайызға, суық суға беретініңіз – 7,2 пайызға, жылу қуатына «жылжытатын» ақыңыз – 10,2 пайызға, ыстық суға «ысырап» қылатын теңгеңіз – 11,8 пайызға өспек.  

Орыстың "арбасына" отырамыз

Қымбатшылық ішімдікке әуес жандар мен шылымқорларды да айналып өтпейтін сияқты. Енді ең арзан темекінің өзі 300 теңгеге сатылмақ. Ал, бір литр «отты су»  - 1560, оның жарты бөтелкесі – 780 теңгеге шықты. «Отты судан» тартып жіберіп, саясат соғатындар үшін тағы бір әңгіме: Еуразия экономикалық одағының аясынан тыс елден автокөлік айдап келе қалсаңыз қалтаңыздан қағыласыз. Неге? Себебі ЕАЭО шеңберінен шығандап барып әкелген көлігіңізде дабыл құрылғы болмайды. Ол не үшін керек дерсіз? 1-қаңтардан бастап жолаушылар тасымалдайтын барлық автокөлік түрінде төтенше шұғыл қызмет орталығымен байланысатын автоматты дабыл құрылғысы орнатылуы тиіс. Ол құрылғыны ЭВАК жүйесі ғана жасайды. Демек, экономикалық одаққа мүше емес елдерден машина сатып алудың ендіге қажеті шамалы. Ал бұл одаққа мүше елдер бұдан былай тек Ресейдің «арбасына» ғана аяқ артпақ дегенді білдірсе керек.     

 Қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы ғана қазақ тілінде оқытылады

Осы жылы билік үштұғырлы тіл шаруасына шындап кірісетінін көрсетіп отыр. Биыл еліміздегі оқу орындары – мектептер үш тілге көшеді. Қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы ғана қазақ тілінде оқытылады. 2, 5 және 7сынып оқушылары аптасына бес рет оқиды. Соған байланысты болса керек, оқушылар жазғы каникулға кешірек шығады. Жоғары оқу орнына түскісі келетін талапкерлер алдымен мектепте, содан соң қалаған оқу орнында емтихан тапсырады. ҰБТ-ның формасы өзгереді. Оқушылар әскери дайындық сабағында көлік жүргізуді үйрене бастайды. Сөйтіп 18 жасында көлік жүргізуге жарамды куәлік алып шықпақ.

 «Нұрлы жер» бағдарламасы. Нұрланатын сияқтымыз!

Биыл әредік айтылып қалып жүрген «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылады. Аталған бағдарлама шынымен дұрыс жұмыс істеп, жолға қойылса, 2031 жылға дейін жарты миллион қазақстандық баспанамен қамтамасыз етіледі екен. 600 мың жер учаскесі, 35 000 арендалық баспана және 280 000 несиелік баспана да осы бағдарламаның барысында ел игілігіне жармақ деген жоспар бар. Бұл жоспарлардың жүзеге асуына қатысты күмәндансаңыз да жоғарыда аталған жайттардың жаныңыздан табылатынына бас қатырмай-ақ қойсаңыз да болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18380