Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 4985 1 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 15:22

«Никольский» базары скверіндегі көктем

Мына көктем қайтеді, мына көктем,

Қылаң еткен алдымнан сылаң еткен.

Меңдуана жегендей, мына баққа

Тағы келдім,

Бақ бар ма бұдан өткен?!

 

Жапырағында ойнатып Күн арайын,

Әлі тұр ғой әппақ боп мына қайың.

Куәсі еді дәмі бал балғын шақтың,

Оны көріп қалайша жыламайын?!

 

Осы жерде қалқамды, осы шақта

Шығарып сап жүргенмін тосып ап та.

Менен басқа тірі жан сала алмайтын,

Бір Қорлан-ән көмілді осы бақта...

 

Қол бұлғаған беймәлім арман елі,

Бұл бақ бізге бақ та еді, бағбан еді.

Есіме алсам ішімде ит ұлытқан

Бір тәтті мұң осында қалған еді.

 

Біз екеуміз көктемге көрімдік боп,

Көк шалғынды көрпе қып көмілдік кеп...

Әне қара!

Мұңаяд маған қарап,

Біз отырған баяғы орындық тек.

 

Мұңымды айтсам өткен шақ жайлы бұлай,

Күлсең күл жұрт деп: «Мұның қайғысын-ай»;

Жалғыз бұлбұл бар еді мен тыңдайтын,

Ол да жоқ қой, қайда екен байғұсым-ай?

 

Көктем-дүние көңілі қош айналам,

(Жоқ бақытты жалғанда жасай ма адам?!)

Неге келдім бұл баққа,

Кілең қарға

Өз үніне мәз болып масайраған?!

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

11.03.2017. Алматы

Abai.kz

1 пікір