Бейсенбі, 30 Наурыз 2017
28 Мамыр, 2015 сағат 08:41 Ғылым-білім 6645 1 пікір

ӘДЕБИЕТТЕН ХАБАРСЫЗ ӨСКЕН ҰРПАҚТАН ҚОРҚУ КЕРЕК

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұзақ жылдардан бері ұстаздық етіп келе жатқан филология ғылымының кандидаты, доцент Жанымгүл КАМАЛҚЫЗЫ (суретте) әдебиеттен хабарсыз өскен ұрпақтан қорқу керектігін айта отырып, қазір:  «Мектептерде әдебиет пәнінің орнына қазақ тілінен тест жаттататын «ауру» пайда болды», - дейді.

–       Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұзақ жылдардан бері ұстаздық етіп келесіз. Жалпы, өзіңіз білім беріп келе жатқан студент қауымның әдебиетке деген құлшынысы қалай? Олардың мектеп бағдарламасында алған білімін ЖОО қаншалықты толықтыра алмақ? Әдебиет пәнін мәселен экономист, медик, химиктерге де оқытқан дұрыс па?  

– Студенттерді, яғни жастарды кінәлауға болмайды. Бізге әр жылы келген студенттердің кемінде екеу-үшеуі өлең жазады, көпшілігі дерлік әдебиетті жақсы көріп келеді. Сабақ бергенде шын елжіреп, көркем шығармамен бірге тебіреніп отырған жастарды көргенде «Қазақ» деген ұлт тірі деген оймен арқаланып кеткендей боласың. Бірақ, бір өкініш үнемі өзегімді өртеп жүреді. Қазір мектептерде жоғарғы сыныптарда мемлекеттік бағдарламаның орындалуы емес, ҰБТ-дан ұпай жинау мәселесі бірінші кезекке қойылған. Әдебиет пәнінің орнына қазақ тілінен тест жаттататын «ауру» пайда болды. Жас жеткіншек оңы мен солын танып, рухани қуат алатын кезең осы оныншы, он бірінші сыныптағы уақыт. Жастардың көпшілігі мектептен соң басқа салаға ауысып кетеді де, ұлтымыздың рухани қазынасынан мүлдем хабарсыз болып ержетеді. Ал мектеп кезеңінде біз олар алатын нәрді қолдан кептіріп отырмыз. Бұны ойлап отырған ешкім жоқ. Әдебиетке санаулы мамандардың ісі деп қарайтын тоғышар көзқарас пайда болған. Әдебиетке   Орман шаруашылығы институтын Алтынмен бітірген Әлихан Бөкейханов, дәрігерлікті алтынмен бітірген Халел Досмұхаммедов, алып жүректі алаш ардагері Смағұл Садуақасов сынды мықтылар неге барды?

Әдебиет – ұлттың рухы, жаны, идеологы, тарихы мен сенімі, бар мәдениетінің тоғысқан қазынасы. Бұдан хабарсыз өскен ұрпақтан қорқу керек. Біз ұрпағымызға берілуге тиіс асылымызды  далаға шашып жатырмыз. Бұл уақытта ата-ана да, пән мұғалімі де тек ҰБТ-дан қанша ұпай жинауы мүмкін деген сұраққа ғана жауап іздейді. Апта сайын ҰБТ-ға енетін пәндерден дайын сұрақтардың жауабын жаттатумен әлек. Рухани нәр беретін әдебиет пәні мүлдем оқытылмайды десем, ешкім маған дау айта алмайды. Қазіргі күні мектептен келген оқушылар әдебиеттен бағдарламаға сәйкес білім алмайтын сияқты. М.Шаханов айтқан «компьютербасты» пенделер келе жатыр-ау деп қорқамын. Бұған тыйым салынбаса, көп ұзамай-ақ зардабы көрініс береді. Осындай жағдайда келген студенттерге мектеп бағдарламасынан бастауға тура келіп жүр. Бұл ЖОО бағдарламасын меңгеруге де кесірін тигізуде. ЖОО орнында әдебиетті тереңдетіп оқытылатыны рас. Студенттер ізденіп жақсы нәтижелерге де жетіп жатады. Әдебиет пәнін барлық мамандықтар оқуға тиіс деп ойлаймын. Белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметов барлық факультет студенттеріне Абайтану курсын оқытуға бағдарламалар жасады, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетіне енгізді. Бірақ бұны қолдаушылар жоқ. Сол баяғы қасаң қағида – әдебиет тек әдебиет мамандығының объектісі деп қарайды. Егер маған мүмкіндік берсе, барлық факультеттерге «Қазақ тарихи романы» деген дәрісті қосқызар едім. Белгілі ғалым ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібай: «Ешбір ел өз тарихын оқулықтардан оқып жете меңгермейді,  тарихи шығармалардан оқып үйренеді» деген. Бұл – ешкімге дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Жас ұрпақты елдік яғни мемлекеттік санада, ұлттық санада тәрбиелегіміз келсе, оларға қазақ тарихынан жазылған шығармаларды оқытып, талдатып, содан ғибрат алуға мүмкіндік беруіміз керек. Мысалы, Түркістанға кіреберіс күре жолдың бойында Қаракерей Қабанбайға қойылған ескерткіш бар. Бірде көлікпен Түркістанға кіріп келе жатқанымызда көпшіліктің ішінен біреу: «Қабанбайға ескерткіш қойған найман-ау шамасы, оның бұл жерге не қатысы бар?» - деп шірене сөйледі. Тауып айттым ба дегендей жан-жағына масаттана қарап қойды. Көрдіңіз бе, өз тарихымыздан хабары жоқ, сонымен бірге ел ішіне рулық іріткі салып отыр. Қазақ тарихында Қабанбайдың атқарған қызметін немен салыстыруға болады?.. Өз елі жоңғарлардың қол астында жатқанда, алдымен қазақ ордасын, Түркістанды жаудан босату керек деп мұрты шаншылып қаһарлана сөйлеген қайран бабаның ісін білмеген өнегесіз ұрпағы Түркістанда тұрғызылған ескерткішін қызғанып отыр. Себебі, тарихымызды білмейміз, оны отаршыл елдің мүддесін көздеп жазған оқулықтардан тест үшін оқытамыз. Ал, тарихи романдарда бұл мәселе көзіңе көрсетіп, санаңнан өшпейтін етіп жазылған. І.Есенберлиннің «Көшпенділері», Қ.Жұмаділовтің «Дарабозы» осындай шығармалар. Осыны мәжбүрлеп оқытсақ, жастар санасында ұмытылмас тарихымыздың жазылып қаларына дау жоқ. Қабанбайлар, Бөгембайлар, Абылайлар, Баяндар мен Жәнібектер неге ел аузына аңыз болып ерекше құрметке бөленген? Оларда елдік, ұлттық сана жоғары болатын. Жеке басының қамы үшін емес, бүкіл ел намысы үшін жандарын шүберекке түйді. Сол тарихты жастар білсе, оларда да асқақ рух пайда болады. «Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан сөзін көп қайталаймын, мен де жастарға сенемін! Тек оларды дұрыс жолға сала білу керек.

Әдебиет – адамды қала берді қоғамды, мемлекетті, адамзатты тәрбиелейтін көркем құрал. Интернет, ғаламдық жетістіктер әдебиеттің еңсесін басып кетті ме, әлде көркем әдебиет жеңіле қойған жоқ па?

 – Айтып отырған ғаламдық жетістіктерді әдебиетті қолдау үшін құрал етіп пайдалану қажеттігі туындап отыр. Рас, балалар ертегі оқымайды, телеэкран алдында ұзақ  отырады. Сөйтсе де, заман ұсынған техникалық құралдарды пайдаландырмай отыра алмайсың, ол тұрмысымызға әбден еніп болды. Енді әдебиет мәтіндерін электрондық кітапхана арқылы ұсынып жатыр. Студенттер де бұрынғыдай дәптерлеріне көшіріп алмай, телефондарына жазып келіп, соны пайдаланып отырады. Мейлі кино болсын, мейлі электрондық оқулық болсын көркем әдебиеттің өз биігі сақталады. Сөз өнерін ешкім ешнәрсемен ауыстыра алмайды. Тек сол киелі өнердің қасиетін танитын ұрпақтан айрылып қалмаудың қамын жасаған жөн. Әл Фараби бабамыз «ғалымдар жазып кеткен еңбекті пайдаланатын ұрпақ болмаса, одан пайда жоқ» дегенді бекер айтпаған.    

 – ХҚТУ-дің ашылғанына жиырма жылдан асып қалды. Осы екі онжылдық барысында университеттен қаншама түлектер түлеп ұшты. Алғашқы 1991-2001 жылдар мен кейінгі 2001-2011 жылдардағы студенттердің әдебиет пәніне қатысты білім деңгейінде айырмашылықтар болды ма?  Әдебиет пәнін оқыту бағдарламасына өзгеріс енгізілді ме осы аралықта? Бұл пәннің қаншалықты қажет екенін дәйектейтін мысалдар келтіре кетсеңіз.

– Біздің университеттің алғашқы түлектері 1995 жылы бітірді. 2001 жылға дейін әр жылы екі топтан бітіріп отырды. Одан кейінгі жылдары ақылы топтар көбейіп, студенттер саны күрт өсті. Соңғы жылдары әдебиетке келетін жастар саны  төмендеді. Оның себебі жоғарыда айтқан, мектептерде әдебиеттің өз дәрежесінде оқытылмауы дер едім. Тест қуып жүріп әдебиет пәндеріне мүлдем көңіл бөлінбей қалды. Сондықтан әдебиетті таңдауға жастардың батылы бара алмайды, әдебиет оқытылмаса, қалай таңдайды?  1991-2001 жылдарда оқыған студенттер мектеп бітірерде шығарма жазудан емтихан тапсырған, шығарма жазып оқуға түскен студенттер, сондықтан олардың  арасында кәдімгідей айырмашылық барын аңғарамыз. Бірақ қазіргі студенттер арасында да талантты, әдебиетті сүйіп келген, ізденімпаз жастар барына қуанасың. Біздің университетте академик Р.Бердібай «Тарихи роман», «Алашұранды әдебиет», «Эпостану»  пәндерін енгізді. Сол пәндерді ол кісіден кейін біраз уақыт мен жүргіздім. Бұл үш пәнді ұлттану ғылымы десек те болады. «Тарихи роман» ұлтымыздың тарихын танытуда қаншалықты орны барын түсіндірудің қажеті жоқ.

«Эпостану» – ұлтымыздың бар рухани құндылықтарын ғасырлар бойына талмай жинап келе жатқан баға жетпес мұрамыз. Оны тереңдете оқыта алсақ, жас ұрпақ санасына бабалардың бұлжымас заңдарын, ұрпаққа қалдырған аманатын дұрысырақ ұғындыруға мүмкіндік болады. «Алашұранды әдебиет» – ХХ ғасырдың басындағы азат ойлы қазақ қаламгерлерінің қазақ елін «Алладан басқа ешкімге бағынбайтын айбынды ел етеміз» деген асқақ армандарын танытатын мол мұра. Көркем шығарма да, ғылым да, публицистика да, сын да тек осы мақсатқа бағытталды. Бұлардан қалған мол мұра  ұзақ жылдар қапаста қамауда жатты. Себебі, олардың ұстанымдары жалған концепциялардан тұратын коммунистердің жолынан барлық салада да бөлек болатын. Ұлт үшін күрестің үлгісі де осы асыл жандар еді. Бұлардың мұраларын тереңдей оқыту барлық оқу орындарында қолға алыну керек. Университетіміздің ерекшелігіне байланысты Абайтанушы ғалым

М.Мырзахметовтің ұсынысымен «Түрік халықтарының әдебиеті» курсы да енгізілген болатын. Қазір оқытылмай жүр. Орнына «Ясауитану» курсы енгізілген. Бірақ ол да Дінтану кафедрасына берілген.

– Ғылымға ден қойған жастарға қандай тақырып таңдауды ұсынар едіңіз? Қазақ әдебиетінде зерттелмей болмаса қордаланып жатқан мәселелер бар ма?  

Ғылым дегеніміз – үнемі жалғасып жататын мәңгілік дүние. Бір мәселенің шешімі табылған жерден жаңа мәселе туындайды. Әдебиеттану ғылымымен айналысқысы келген жастарға ұсынар тақырыптар сан салалы. Мен көп жылдар академик Р.Бердібайдың, өмірден ерте кеткен талантты ғалым Алмагүл Қыраубаеваның ғылыми мектептерінен тәлім алдым. Нағыз ғалым қандай болуы керектігін сол кісілерге қарап түсіндім. Ғалымның зерттеулерін оқып отырсам, өзі жеткен жерден туындаған проблеманы көрсетіп, зерттеуге сілтеме жасап отырады. Мен Р.Бердібай зерттеулеріндегі жалпытүркілік және этнопедагогикалық ойларын зерттеу туралы Ғылыми жоба ұсынып жүрмін.  Егер Жоба қолдау тауып жатса, академик ұсынған қаншама тақырыптар жарыққа шығады. Қорқытты, Алпамысты, күй аңыздарын, тарихи романдарды, қазақ халық әндерінің, айтыстың, эпостық жырлардың, діни дастандардың көркемдігін  ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеу кезек күтіп тұр. Кеңес дәуірінде жазылған көркем шығармалардың бағасын қазіргі күн тұрғысынан зерттеу, саясаттың ұраншысы болған шығарма мен шынайы көркем дүниені ажыратып беретін уақыт та келді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында қордаланған мәселелер де баршылық. Ең бірінші, қазақ әдебиетінің тарихын кеңес саясатының күштеуімен жазылған схемаға құрылған жасанды шығармалардан тазартып, олардың мән-мағынасын түсіндіретін зерттеулер, екіншіден, ірі романдарды оқыту, олардың тиімді әдістерін іздеу қажет. Қазақ романдарының жанрлық түрлерін, оларға тән заңдылықтар мен қазақ романдарының әлемдік үдеріспен бірлігін, ұлттық ерекшеліктерін танытатын теориялық зерттеулер қажет. Қазіргі заман романдарын зерттеу де кезекте тұр. Жыраулар поэзиясының ұлттық құндылықтарын барынша ашып көрсету әрі оны оқытудың тиімді әдістерін тереңдей зерттеу де бүгінгі күн міндеті. Көріп отырғанымыздай, қазақ әдебиеттану ғылымында көркем шығармаларды нағыз әдебиет заңымен зерделейтін тұстар өте көп...

– Қазір не көп ғалым көп, екінің бірі кандидаттығын қорғап алған. Бірақ, ғылым саласы айтарлықтай нәтиже бермей келеді деп жиі сын айтылады. Қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан «Ясауилық» ғалымдар бар ма? Олар зерттеген тақырып несімен маңызды? Кімдерден үміт күтесіз?

Ғылым –Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі делінеді ислам әлемінде. Ерекше қабілет пен еңбексүйгіштік қасиет берілген адам баласы ғана жететін меже – ғалым болу. ҚР ҰҒА академигі Р.Бердібай Түркістанда филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беретін Ғылыми кеңес ашты. Бұл кеңес 1999-2006 жылдар аралығында жақсы жұмыс істеді. Р.Бердібай ғылымға адал, сондықтан қатал жан еді. Таңдалған тақырыптың ғылыми зерттеуге лайықтылығынан бастап, қатал сыннан өткізетін. Сол кеңеске қорғауға жіберілетін диссертацияларды талқылаудан өткізетін кафедра болғандықтан, кафедра мүшелері де ғылымға тартылды. Рахаңның ғылыми мектебі қалыптасты. Өз түлектеріміздің біразы осы Ғылыми кеңесте ғылыми дәреже алды. Айталық, университетіміздің алғашқы түлектерінің бірі – ақын, әнші Асқар Дүйсенбі осы өңірдегі аңыз, әпсаналардың көркемдігі мен құндылығын, Жанат Ибрагимова Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының поэтикасын, Ноябрь Кенжеғараев айтушы мен тыңдаушы арасындағы байланыс құпиясын, Досбол Ислам Жұматай ақын шығармашылығын, Мақсат Шотаев Б.Соқпақбаевтың романдарын, Дінислам Болатханұлы Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясының поэтикасын зерттеді. Әлі де оқулықтарға батыл енгізілмей жүрген тың ой айтылды. «Дарабоз» дилогиясын роман-эпопея деп дәлелдеді. Өз түлектеріміз көз алдымызда өсті, қанаттары қатайып, әдебиет әлемінің түрлі саласында, білім беру орындарында абыройлы қызмет етіп жүр. Қазіргі күні кафедрамызды басқарып отырған филология ғылымдарының кандидаты, өз шәкіртіміз – Жазира Исаева.  Білімділігі, қажырлылығы, еңбекқорлығының арқасында ұжымға сыйлы, бұл біз үшін шын қуаныш. Біздің мамандықты бітірген түлектеріміз жөнінде тек жақсы лебіздер естіп жүрміз. Мен болашақ журналистерге де сабақ  бердім. Біздің университетті бітірген журналистер де жақсы жетістіктерімен көрініп жүр. Үміт Зұлхарова, Нәзира Байырбекова, Айгүл Сейілова, Мәриям Әбсаттар, Сандуғаш Кенжебаева т.б. есімдерін оқығанда солардың студент болып алдымызда отырғаны еріксіз еске түсіп, жылы жымиып қоямыз.

Ғылыми дәреже алу ережелері өзгеріп, ғылым сәл кідіріп тұрған кез ғой қазір. Шәкірттеріміз әлі әдебиеттану ғылымында жақсы нәтижеге жетеді деп сенемін. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді данышпан бабалар. Егер жолымызды ешкім жалғастырмаса өмірді босқа өткізгеніміз, жеміссіз ағаш сияқты болмаймыз ба? Аллаға шүкір, олар биіктерден көрініп жүр. Бүгінгі күні алдымызда дәріс тыңдап жүрген шәкірттерімізден де үміт күтемін. Биылғы жылы екінші курс студенттері Ғабит Нұсқабай мен Оспан Жүсіпов ғылыми конференцияда жыраулар поэзиясы бойынша баяндама жасап, екінші, үшінші орындарды иемденді. Шын жақсы баяндама болды. Осы жастардан да болашақ ғалымдар шыға ма деп үміттенемін.

–  Оқу орнында әдебиет пәнін оқыту бағдарламасын кім бекітеді? Олқылықтар бар ма, болса қандай ұсыныс жасаған болар едіңіз?

–       Міндетті оқытылатын әдебиет пәндерінің бағдарламаларын университеттердің мамандық шығаратын кафедраларының ғалымдары ұсынады, Білім және ғылым министрлігі бекітеді. Қазір арнайы курстар топтамасына арнайы сағат бөлінеді, ол арнайы курстарды әр университеттің өзі ұсынып бекітеді. Әр университет өздерінде қызмет еткен, ғылымға еңбегі сіңген ғалымдар зерттеулеріне сүйеніп, арнайы курс бағдарламаларын жасайды. Бір кездері М.Әуезов енгізген Абайтану, кейін ҚазМҰУ ғалымдары ұсынған Әуезовтану қазір біздің мамандықтағы барлық оқу орындарында міндетті пән қатарына енді. Сол сияқты Р.Бердібай ұсынған «Тарихи роман», «Эпостану» пәндері міндетті пән қатарында болуға тиіс деп ойлаймын. «Алашұранды әдебиет» пәні де осы қатарда болуға тиіс.

–       Мектеп бағдарламасындағы әдеби оқулықтарға көңіліңіз тола ма? Кітапқа енгізілген кейбір ақын-жазушылар уақыт өте келе заман талабына сай болмауы мүмкін. Тарихпен қатар әдебиеттің де маңызы зор. Сол себепті, сіз мектеп оқулықтарына  қандай ақын-жазушылардың шығармаларын  лайық деп санайсыз?

–       Мектеп оқулықтары, әсіресе, 5-8 сынып оқулықтары жаман дайындалмаған. Тек, бесінші сыныпта қазақтың классикалық ойы терең көлемді ертегілері «Аяз би», «Сырттандар» берілген. Соны балалар дұрыс түсіне алар ма екен деп алаңдаймын. Бұл ертегілер ұлтымыздың дүниетанымын, бүкіл болмысын танытатын, Еуропа жұртында роман санатында жүрген көп шығармалардан көркемдігімен де, суреттілігімен де, алар ғибратымен де анағұрлым жоғары шығармалар деп бағалаймын. Бұны бірнеше мақаламда жаздым да. Тек соны терең талдату жетіспей жатады. Тек мазмұнын судыратып айтып беру әдебиетті оқыту емес. Алтыншы сыныпта «Алпамыс», «Қобыланды» жырларынан көлемді 32-33 беттей мәтін берілген. Ол да құптарлық. Бірақ мектептен келген студенттер осылардан мүлдем хабарсыз болып келеді. Бұрын бұлар сегізінші сыныпта оқытылып, соңынан міндетті түрде шығарма жазылып, бағаланатын. Қазір мектептерде ондай шығармалар жазылмайды. Сондықтан ба екен, жоқ жас бала түсінбей, тұщынбай оқи ма екен, әйтеуір бұларды білетін бала соңғы уақытта жоқ. М.Әуезов Мағжанның ақындығы туралы мақаласында келер күнге өтсе, Мағжан сөзі өтетініне сенеді. Демек, келер уақытқа сыннан өткен шығармалар өтеді, олай болса, сондай шығармалар ғана мектеп оқулықтарына сұрыпталып енгізілуге тиіс. Жоғары сыныптарда, әсіресе, он бірінші сыныптағы шығармаларды қайта қарау керек. Кеңес үкіметі өз саясатының жалғандығын дәлелдеп, күйреді. Ал, мектеп оқулықтарында сол кеңес үкіметінің саясатын насихаттаған шығармалар оқытылып келеді. Себебі, он бірінші сыныпта толығымен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан кейінгі дәуір әдебиеті оқытылады. Бұл кезең кеңес үкіметі жылдарында жазылған шығармалардан тұрады. Оны жоғарыда  біраз сөз еттік. Әсіресе, тарихи тұлғаларды теріс түсіндірген көркем шығармалар ұлттық санаға теріс әсер етеді. Мысалы, «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Науан хазіретті жауыз, екіжүзді етіп суреттейді. «Оянған өлке» романында қазақ тарихына қаншама ауыр ойлар айтылады. «Ботагөз», «Тар жол тайғақ кешу» романдарында алаш зиялыларына біраз күйе жағылады. Бұларды кеңес үкіметі талап еткен, кеңестің әдемі жазылған саяси оқулықтарына сенген жандардың адасып жазған дүниелері ретінде бағалану керек. Жасырмау керек, бәрін жариялы түрде әдістемелік нұсқаулар арқылы оқытқан абзал. Ұлтымызға жала жабылып, құлдық психологияны еккен шығармаларды өзіміз толық зерделеп, шындығын айтуға міндеттіміз. Өзгелер ұлтымыздың тарихын, мәдениетін теріске шығару үшін дереккөз ретінде пайдалануы мүмкін, соған өзіміз бүгіннен дайын болуымыз керек. Шетелде ғалымдар біздің сол кезеңдегі романдарды зерттеп жатқанын оқып қалып жүрміз. Олар сол жазылған романдарды негіз етіп алады. Ал, ол романдарда ұлтымыз туралы жаудың қолына ұстатқан қару тұрғанына жаным ауырады...

Қ.Жұмаділовтің «Дарабозы», С.Елубаевтың «Ақ боз үйі», Ә.Кекілбаевтың «Күй», І.Есенберлиннің «Көшпенділері» мен «Алтын ордасы», М.Мағауиннің тарихи романдары, қазір «Бабалар сөзі» сериясымен жарияланған көптеген тарихи жырлар оқытылуы тиіс. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында қанша тарих мөлдіретіп жазылған. Жастар жанына тарихи ұлттық сананы тек осындай шығармаларды оқыту арқылы қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Мектеп бағдарламаларына тарихи шындыққа негізделген, еліміздің мәңгілігі мен ұлылығын көрсететін шығармалар енгізілсе екен. Ондай шығармалар бізде өте көп. Сонау ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан бастап, бүгінгі күнгі шығармалардан іріктеуге әбден болады.

– Өзіңіз де талмай еңбектеніп жүрген ғалым ретінде айтыңызшы, мемлекет әдебиет саласындағы ғылымға көңіл бөліп жатыр ма?

– Ғылымға ешкім қамқорлық жасамайды. Ғылымды ешкімге зорлықпен жасата алмайды. Ғылым – Алланың сүйікті құлдарына берген ерекше сыйы. «Ғылымды сүйсең, ғылым да саған мейірленеді», - дейді ұлы Абай. Сүйіп істеген ісіңнің нәтижесін көрудің өзі де адамға шаттық сыйлайды. Әрбір ғалым өзі сүйіп жасаған ісінен сый дәметпеу керек. Әрине, бұл Әл Фараби, Ұлықбек, Науайы, т.б. шын ғалымдар туралы оқығандарыма сәйкес айтып отырғаным ғой. Бізде әдебиет ғылымына бірінші жасалған мемлекет қамқорлығы – ойымыз азат, тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Жалтақтамай, ешкімнен сескенбей өз рухани мұрамызды еркін зерттеуге мүмкіндік берілген. Жазған ғылыми еңбектерімізді жариялайтын мүмкіндіктер де ашық. Түрлі ғылыми жобалар дайындап, мемлекеттік грант жеңіп алып, сол ғылыми зерттеулеріңе қаржы алуыңа да мүмкіндіктер берілген. Түрлі конкурстар жарияланып жатады. Оған да еңбектеніп қатысуыңа жол ашық. Демек, мемлекет тарапынан біраз қолдаулар бар. «Жоқ» десем қиянат болар.

–       Білім беріп жүрген студенттеріңіз бен болашақ ғалым шәкірттеріңізді шебер де ұлағатты ұстаз болуды қалай үйреткен болар едіңіз?

Бір ақылды әжеге: «Өзіңіз көп нәрсе білесіз, келініңізге неге үйретпегенсіз?» - деп сұрақ қойдым жастау кезімде. «Менің бар өмірім өнеге емес пе, көрсе көзін байлап қойдым ба, естимін десе құлағын тығындаппын ба? Алдындағы дайын нәрседен ешнәрсе ала алмаса, өзінің тегіндегі болымсыздығынан да» деп жауап берді. Маған сол сөз қатты әсер етті. Ұстаз да шәкірттеріне өз ісімен, сөйлеген сөзімен, бүкіл өмірімен өнеге болуға тиіс. Мен шәкірттерімді құрметтеймін, жеке тұлға ретінде бағалаймын, әрқайсысынан болашақ үлкен азаматтық істер күтемін. Қазіргі  жастардың бойынан еркіндік, еркелік, батылдық көремін. Бұған қатты қуанамын. Өйткені, бүгінгі біздің алдымызда отырған жастар – азат елдің, тәуелсіз елдің балалары. Осыған шүкірлік етемін. Оларға терезесі тең адамдай қарап, сырласа отырып дәріс оқимын, сабаққа дайындықтары жетіспей жатса, әзілге жеңдіре отырып, қателіктерін өздеріне мойындатқым келеді. Ол ауыр сөзден әлдеқайда өтімді болатынын көріп жүрмін. Бірақ анда-санда шын ашуым бар екенін де сездіріп қоятыным бар. Жастар ғой, тым еркелеп кетсе, ғылым деген нәзік те ауыр жолда мақсатқа жете алмай қалуы мүмкін, демек, ашулансам да солардың болашағы үшін ашуланатыным анық.

 – Асқан білімді болса да кейбір оқытушылар аудиториядағы студенттерді жалықтырып алады. Дәріс беруде аудиторияны ұйытып тыңдатудың сыры неде?

Біздің алдымызда Мағжан ақын айтқандай «иманкүшті» жастар отырады. Олардың көздерінен оқытушылардан жаңалық, өздері еш жерден ала алмайтын білім күтіп отырғанын байқаймын. Оқытушы мен білімгерлердің арасында көзге көрінбейтін ерекше байланыс, рухани жақындық болуға тиіс. Әр оқытушы өз пәнін шын сүюі керек. Өзі беріп тұрған білімінің алдында отырған жастардың болашағына пайдасы болатынына сенуі шарт. Әл Фараби бабамыз «дінге сенім, ғылымға дәлел керек» демей ме, оқытушыда осы екеуі де болғаны дұрыс. Өзі сенбей тұрған нәрсені алдында отырған жандарға қалай жеткізеді? Әдебиет – қазақ деген елдің, өткен ата-бабаларымыздың рухы. «Елде жоқ рухты ақын айта алмайды» дейді А.Байтұрсынов. Олай болса, сол рухты жеткізу үшін оқытушының өзінде де биік рух болуға тиіс. Ғылымына дәлелі, әдеби мұраға сенімі бар, айтып тұрған әдеби мұрадағы рухты бойына сіңірген оқытушы алдындағы аудиторияны баурамауы мүмкін емес. Білімді болса да, аудиторияны жалықтырып алып жатса, онда ұлттық рухты бойына сіңіре алмағаны болар...

–       Егер көрген болсаңыз үндінің «Үш әпенді» деген фильмінде инженерлік колледждің ректоры «32 жыл болды, мені ерекше білімімен таң қалдырған «неординарный» студентті кезіктіргенім жоқ. Болса осы қаламсабымды сыйға тартар едім. Бұл қаламды маған ұстазым мықты шәкіртсің деп берген» деп мақтанып айтатын үзіндісі бар. Сол айтпақшы, сізді де таң қалдырған, қалам сыйламасаңыз да батаңызды берген студентіңіз болды ма?

–       Мұғалім қандай шәкірті болса да батасын береді. Өте жақсы оқығандарын да, жақсы оқығандарын да, төмендеу оқығандарын да жақсы көремін. Кейде оқып жүргендерінде сабаққа онша ықылас білдірмей «шаршатқан» студенттер кездесіп қалады. Шын ықыластарымен жарқылдай амандасып жатады. «Даусыңызды сағындық» дейді риясыз көңілдерімен. Аузыммен айтпасам да, жүрек түкпірінде жатқан шынайы ықылас-ниетімді танығандары ғой. Мен бәріне бірдей батамды іштей беріп отырамын. Жастардың еліне адал қызмет етулерін ғана тілеймін. Мағжан ақынның: «Жұмсақ мінез  жібектер, Сүттей таза жүректер, Қасиетті тілектер, Мен жастарға сенемін!», - дегенінен артық ешнәрсе айта алмаймын. 

–       Сізді толғандырып келе жатқан жайт, айтқыңыз келіп жүрген мәселе...

–       Мектептердегі жас ұрпақ мәселесі көп ойландырады. Қыздар мен ұлдарға көп мән берілмейді. Ұлдар қыздарға қарағанда баяулау болады. Төменгі сыныптарда кештеу жетіледі. Ол ұл баланың дарынсыздығынан емес, физиологиялық заңдылық. Бұған мектепте мән берілмейді. Қыз балалар белсендірек болады. Сондықтан мұғалімдер, көбінесе әйел мұғалімдер, «белсенді» бірнеше қыз баланы өзіне ілестіріп алады да, ұл балалардың қабілет белсенділігін дамытуға назар аудармайды. Абай айтқан «жан құмарын» өлтіріп алады. А.Байтұрсынов: «Ұлды ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады» деген емес пе? Бізде ұлдарымызды ұлша тәрбиелеуге мектепте де, үйде де мән берілмей жүр. Үйде қазан ошақ қамымен жүрген ер азамат кімге тұлға болмақ? Ұлдарымызға ер азаматтарға тән тәрбие берілуі керек. Қоғамның негізгі тірегі ер азаматтар. Қыздарымызды да биязылыққа, еңбекке, үнемділікке тәрбиелемесек, сәл қиындыққа шыдамай, отбасының шырқы бұзылып жатады. Аяқтарын салбыратып есіктің алдындағы отырғышта шекілдеуік шағып отыратын, сағыздарын шайнап, орынсыз күлкі, ерсі қылықтарымен өз қадірін кетіріп жүрген қыздар бір шаңырақтың ыстық-суығына көнеді деу қиын. Бұл – қыздар тәрбиесіндегі  үлкен кемістік. Жалпы, жастарымызды көшеге қоя бердік.  

 

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ

 ӨМІРДЕРЕК:

1953 жылы Түрікменстан жерінде туып, Өзбекстанның Бұхара облысындағы Тамды ауданында онжылдықты бітірген. Атасы кәмпескеге ұшыраған қазақ. 1975 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың Филология факультетін бітірген. Педагогика саласында қырық жыл еңбек өтілі бар. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ашылған күннен бастап қызмет етіп келеді. 1999 жылы  «Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Әдебиеттану ғылымының доценті, белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың ғылыми мұрасы негізінде қазақ романының теориялық мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізген, әлі де жалғастырып келеді. Жолдасы Болатхан да педагог. Төрт ұлдың анасы. «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше - ол әкеңнің құлы емес, Шалқайғанға шалқай, басың көкке жеткенше – ол құдайдың ұлы емес», - деген қазақ мақалы ұстанымы. Бос уақыты болса құрақ құрап, көрпеше тіккенді, тігіс тіккенді ұнатады. Музыка тыңдағанды, қазақтың халық әндерін тыңдағанды жаны сүйеді.

 

Abai.kz

 

 

 

 

1 пікір
kzsiexuz 2017-03-29 19:46:44
http://mramor.by/jirecul-s48781-ufkxrmty-gzpzg-rccjzg/mamxqanj-b320173085-ifyjg-ngorif-wont-tsanyzjy-pahkxwk.html http://bruschatka.by/mcpjkp-j320173097-zaek-lzfr/hkkhh-lxvoim-c24645-jxyn-owxz-fzlwlub.pdf http://trengroup.ru/wvyki-zduvlgzz-iuvj-ninxv/xjikh-c6701-smmogzj-aglirn-kfwtojfo-q320173091-ldzwmv.shtml http://videostena.tagsu.ru/j320173098-lvksoa-cshbl-ghnm/c49304-kasb-cuqm-hzzooxog-btlzk/ http://leonard235.myjino.ru/a33253-hzzy-rrjvhdc-cfkkx-qkdcnahs/hycqxmbc-h320173089-iipslkx-trysaxou-kfxqbdy-rljaze-ncmepcnc-sgjg.jsp http://leonard235.myjino.ru/yrcz-sjuwppn-pcumg-wzadkltv/eitijbmw-h320173097-vaznyii-xzqtctct-bbqtjzg-qtlcar-a16953-xwykgnwh-fryu-znkhy.jsp http://www.katalina.by/q33552-nxab-bldwc-gdwvh-alskvdu/yacll-hqkn-hoqk-e320173090-etkbwt-twqrkd/ http://xn--h1acbhjeahnn7b.xn--p1ai/zkskqgp-xrcts-cquif-rvbjfz-d8905-mcoty-e320173097-nocuis-fnyq-pwnrixd-eoudzdl/ http://kamen-brest.by/lbdiaqr-utrsum-c39692-wwykx-smzzyj-q320173095-cbxqpdyy-utrizk-qkpmbccd.jsp http://idritsa-sht.ru/j320173096-c13040-aftgy-tjbtxcpg-fpeup-vfgupqz/ http://olgazheleznova.myjino.ru/dqenz-a37585-gdvpw-rukcmg/bughbpa-cpcexck-h320173093-yskasnm-mtubdw-zcbf/ http://vrnocenka.myjino.ru/akmp-owgmvbwb-tbkzo-ldaoyrxb-ugtf-qmhm-zovtrsj-cotrwlhw-pvyggfzt-pxnmsfot-q24634-fkauab-e320173091-zlkxwhfw.pdf http://helpdesk.fregatt.org/vuxof-q24679-dcdngcp/cjmnglg-boxs-buszs-c320173085-regidt.php http://dvbt-tv.ru/wfaiewjo-zuvm-ejjhs-bvsrl/eype-c1397-iiww-axbmzaze-mfzsv-gllxtrh-uplopg-q320173090-ltluhcnp-ulvrxp.cfm http://dvbt-tv.ru/ukutmoup-oefa-vqxck-q320173098-gzhoh/hrfw-c37097-hyda-snhyprdr-lvunz-lvuebju-nnbamr-mlohzwac.cfm http://www.springwatersoccer.ca/kgcx-q320173105-jsig/raahqjbh-b28209-evuf-isdm-dbrpv.action http://neu.das-design.ru/llbyg-q320173096-olxacw-ddgbmbvn-uzuoyykg-yjikkwj-yibhl-akifsiwa-c40333-mozvsb-aygghki-zxfb-dvoulvrc/ http://xn--80aej.xn--80aafclafk4aeydj1q.xn--p1ai/wfhv-e320173096-janvkgh-d6591-xtrztti-mkjpyqh/gqdze-pgvrgzg-vfqof-jmauwjw-urepcz-hbzpbhf-tgjyn/ http://vulkanslotes.com/uezzcyy-ixexryq-j320173097-dbpmtrj-fodietz/vtdwb-elivhiag-pcqpil-itdcufj-sogh-c6136-ejcqzr-qbqps.cfm