Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 8408 0 пікір 14 Сәуір, 2015 сағат 11:20

ҚАЗАҚЫ ӘУЕЗІМІЗ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП БАРАДЫ?

Жер бетіндегі барлық адамның дыбыстау мүшелерінің қызметі мен құрылымы бір бола тұра әр халықтың өзі ойлап тапқан дыбыстар негізінде қалыптасқан үн, әуездері әр түрлі болып келе береді. Бірақ, сол әртүрлі әуездер де тілдік құбылыс болғандықтан, әр ұлттың қаылптасу, даму, құлдырау сияқты түрліше тарихи кезеңдеріне сай құбылып, өзгеріп отырады. Сол сияқты жаңару мен жаһандануға түскен қазақтың өзі сияқты оның артикуляциясы, жан сарайының акустикасы да өзгеріске түсті. Жіңішке, құлаққа шың етіп естілетін дыбыстарымыз жуанданып, жұмсақтанып шығатын болды да, халықтық әуезіміз өзінің ұяңдылығын, үнділігін біртұтас жуан тонға ауыстырды.

Көне түріктік әуезіміз сан тарауды басынан кешіре келіп, нағыз ұлттық мақамын тапқан кезі сал-серілер мен жыраулар дәуірі болса керек. Өйткені, солардан жеткен әндер мен терме-жырлардай өз дәуірінің үн-әуезін жеткізген көнелік дүниені таппаймыз. Сондықтан да біз оларды өзімізге дейінгі нағыз далалық, қазақтық мақамымыздың бірден бір көрінісі, киелі бастауы деп білдік. Енді бір жағынан, олардың ән-жырларын орындаушысы ендігі жерде өздері болмай, ол міндет кейінгі шәкірттері мен халыққа өтіп, қазақ халқы әлі де болса жартылай көшпелі болып тұрған кезде қазақ тілі грамматикасына арналған алғашқы ізденістер жасала бастады. Біздің қазіргі оқып жүрген фонетикамыздың әр-алуан табиғаты көбіне сол дәуірге тән. Ендеше біздің кез келген салыстыруларымызда не арыға бармай, не беріге келмей, дәл сол кезеңді халықтық интонациямызға өлшем етіп алатынмыз содан. Яғни, 19-ғасырдағы дала қазақтары мен 20-ғасырдағы қалаласқан, мәдениеттескен қазақтың әуезі екі түрлі. Әсіресе, өнерде Біржанның жіңішке, ашық, Ақанның жұмсақ, қоңыр үнін Еуропа мәдениетінен келген қатқыл, гүрілдек опералық дауыс келіп басты. Біржандар далалық әуез үшін батар күннің соңғы шапағы еді де, Жүсіпбек Елебековтер таудың ұшар басына қонақтап қалған сол шапақтың күңгірт тартқан соңғы сәулесі еді. Бұлармен бір мезгілде ұлттың көркем дауысының жиынтығы дубляж өнерінде де осы тектес орыс дубляжына еліктеулер мен ізденістер жасалды. Қазақтық төл әуез тіл даму тарихының әділ де қатал заңдылықтары сүзгісінен өте алмады. Қазір бізге тым жіңішке, әйел дауысындай құлақтан өте шығатын әуезді ауыл қазақтары өздеріне бірталайға дейін серік етті. Ондай үн қала қазақтарының да біраз бөлігінде қанға сіңген баба даусындай боп мықтап сақталып қалды. Әуезов, Мұстафа Шоқай, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Елебековтердің жазып алынған дауыстарын қарасаңыз дәл сондай ескі, тұнық үнді табасыз.

Осы сияқты 21-ғасыр басындағы қазақтардың халықтық интонациясы да өзгермей қалмады. Бұған салыстырмалы мысал іздегенде тағы да ұлт дауысының көркемделген бейнесі дубляж өнеріне кеп тірелеміз. 20-ғасырдың екінші жартысында қалыптасып, тереңнен тартылған қазақ мақамының бай бояуын сақтауға тырыса отырып, уақыт талабына сай орыс дубляжынан үлгі алып жаңаруға түскен, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Әмина Өмірзақова, Мұхтар Бақтыгереев, Зәмзәгүл Шәріповалар жасаған қымбатты үндер арада 30-40 жыл өткенде жұртта қалып, өзі бел асып көшіп кеткен бай ауылының салқар көшіндей боп көрінбей кетті. Қазіргі қазақ дубляжы олардыкі емес, жаңарған, жасарған ұрпақтыкі. Бұлардан өткеннің үнін, дауысын күту ақылға сыймайды. Қазіргі қазақ дубляжы жаңарған халықтың жас дауысы. Кезінде елді аузына қаратқан әншінің қартайғандағы сүйкімсіз дауысы емес, өзгеріп туған жастың батыл, әлі пісіп жетілмеген еркін дауысы. Өткенге бұрылуға, қайталауға қақы жоқ. Бұны бір дубляжға емес, сөздің сұлу үнін жеткізуші қазіргі күннің әнші-жыршыларына да қаратуға болады. Дәл осы сияқты жаңарған тұрмысымен болмысы да жаңарған қазіргі уақыттың жастарының әдеби тілін өткен уақыттың қалыбымен өлшеуге болмайды. Тұрмысы мен қиялы жаңарған халықпен бірге тілі де жаңа сапаға өтеді. Бұл жағынан қазақ жалғыз келе жатқан жоқ. Қазіргі француз Гюгоша ойлап, Гюгоша қалам тербемейді. Қазіргі қытай жасы 17-ғасырда жазылған классикалық романның тілін жете түсінбейді. Қазіргі орыс жастарының сөйлеу мақамы 70-жылдардағыдан мүлде бөлек.

Дегенмен, бір ұлттың тілдік даму тарихы үшін бұл өзгерістер тым жедел жүрді, әрі айырмашылықтары да ересен болды. Алдыңғысында қалыптасқан заңдылықтар негізінде тіл дамуының барлық табиғи заңдылықтарын сақтай отырып жүрсе, қазіргімізде халықтың жаппай тілдік сауатсыздануынан туған толып жатқан қайшылықтардың орасан зардабы менмұндалайды. Ауыз екі тілдің бай қоры мен әдемі үнін сақтаушы болып табылатын халықтан тартып, басында тек ақша туралы ғана ой жүретін студент-жастар, өздерін бұлардан көп жоғары қоятын сауатсыз журналистер мен екі жүзді әртістердің аузымен бір кездегі далалық жұрттан кетпестей боп сіңіп қалған ескі сарынның соңғы жұрнақтары аяусыз айғыздалып, бүліну үстінде. Бұған тең түсетін сурет табу үшін қирап жатқан Сирия қалаларын көзге елестету керек шығар.

Нағыз ҚАПШЫҚБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3595