Жұма, 29 Наурыз 2024
Не дейді?! 5239 0 пікір 7 Сәуір, 2015 сағат 15:17

ҚЫТАЙДАН ҚАРЫЗ АЛУ... ҚҰРБАНДЫҚҚА ШАЛУ МА?

Қазақстандық ақпарат агенттіктері апта басында таратқан хабарға қарағанда, ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов ҚХР төрағасымен Бейжіңдегі кездесу барысында 23 миллиард доллар келісімге қол қойған екен.

Еске салайық, наурыздың 27-сі күні Қытай төрағасы Си Цзинпин мырза Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімовты қабылдаған болатын. Ресми ақпарат көздері таратқан құрғақ ақпарат бойынша, аталмыш кездесулер барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бүгіні мен келешегі туралы сөз етілген.

Дегенмен, қазақстандықтар үшін маңыздысы – бізге берілмек-мыс 23 миллиард доллардың қызығы болып тұр. «Бүгін қол қойылған жаңа келісім біздің ел үшін «жақсы старт» болып табылады», – деген екен Кәрім Мәсімов Қытай төрағасымен кездесуден кейін. Қазақстанның бір жылдық бюджетіне жетеғабыл бұл қыруар қаржы еліміздің темір өнеркәсібі, мұнай өңдеу, су энергетикасы және автомобиль өндірісі салаларына жұмсалмақ.

Мәсімовтің мәлімдемесіне зер салсақ, «Қазақстан өз кезегінде Қытайға шикізат, тауар, табиғи газ, уран рудаларын және мұнай өнімдерін экспорттайды». Бұл арада біз тауардан басқасын соңғы 15 жыл көлемінде онсыз да еселеп экспорттап жатқанымыз жалпақ жұртқа мәлім.

Бұл «23 миллиардтың» тағы бір басты қызығы – мұндай орасан зор сома саудаға түскен келісімге ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев емес, неге премьер-министр қол қойды?

Осы сұрақтың астарында күлбілтеленген күдік көп. Біріншіден, құны 23 миллиардқа бағаланған бұл келісімде Қытай тарапынан Қазақстанды кіріптарлыққа мәжбүр ететін шарт қойылуы мүмкін. Ал ондай лажсыздыққа қазақ билігі қаржы дағдарысынан құтылу мақсатымен мойын ұсынуы ықтимал.

Екіншіден, қазақстандық биліктің алдағы өтпелі транзиттік кезеңінде тақ басына Мәсімовті мұрагер ету үшін, оны да ел алдында «инвестиция әкеле алатын» басшы ретінде көрсетудің амалы жасалуда деген жорамалдың реті бар. Оның үстіне Назарбаев өзінің досы әрі ұстазы Ли Куан Юдың жаназасына қатысып қайтуға Мәсімовті жұмсауы да тегін емес сияқты. «Мұрагерлік» қисынмен қарайтын болсақ, бүгінгі – премьер, ертеңгі – президент Мәсімовті «жаратып алудың» осындай әдісін есептен шығаруға болмайды.

Қалай десек те, бұл «23 миллиардтың» мехнаты әзірге біз үшін жұмбақ болары – нақ нұсқа. Оның үстіне бұдан бұрынғы Қытаймен жасасқан жалпы жиыны 20 миллардтық мөлшердегі келісім-шарттарды есепке алсақ, қазақтың батар қарызы қыруар болатын түрі бар.

Дегенмен, дәтке қуат боларлық үшінші бір жорамалдың жолы болса игі деген дүдәмәл үмітке алданғың келеді. Ол – Қытаймен осындай орасан зор келісім жасасу арқылы Ресейге сес көрсетудің амалы. «Біз сенімен одақтаспай-ақ күнімізді көре аламыз!» деудің әлпетін осылай сездіру – саясат деген құдіреттің қитұрқы қисабы.

Бұлай болған жағдайда, әлбетте, Путин патшаны пұшайман қылмай, Назарбаевтың «ақша әкелуге» бармағаны да дұрыс. Ертеңгі күні сол «23 миллиард» күншуақта еріп кетер мұзға қашалған жазу ғана болса, тағы да пәлені жаба салар «тышқақ теке» дайын тұр: келісімге келген Кәрім еді дей салу қиын емес.

Шамасы, осы келісімнің көлеңкесінде көкеміздің көпвекторлы айласы жатса, біз дәл осы жолы оның ойын құп көретін шығармыз... Басқадай болса, басымыз – орыстың орманында, сирақ-бұтымыз – қалың қытайдың қолтығында қалғаны.

Ермұрат БАПИ

 

Түпнұсқадағы тақырып:

Қытайдан қарыз алу –

«ТЫШҚАҚ ТЕКЕНІ»

құрбандыққа шалу ма?

 

Дереккөзі: «Общественная позиция»

(проект «DAT» №13 (284) от 02 апреля 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594