Жексенбі, 25 Маусым 2017
27 Наурыз, 2015 сағат 14:44 Сұхбаттар 5295 1 пікір

ҰЛЫҒЫ ҰРЫ БИЛІКТІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ҚАДІРІ БОЛМАЙДЫ

Еліміздің тәуелсіздігі – баға жетпес байлығымыз. Біз осыны шынайы сезінгенде ғана ұлттың бірлігі мен елдің біртұтастығының бәріміз үшін қаншалықты қымбат екендігін танып-білеміз. Осы орайда көкейде жүрген көп сауалға жауап іздеп, белгілі журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар және Президент сыйлығының лауреаты, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-ның бас директоры Ғабит Мүсірепке жолығып, сұхбаттасқан едік.

— Елдік, мемлекеттілік туралы қалам тартып жүрген журналист ретінде сізді  қазір қандай сауалдар мазалайды?

— Әрине, ең алдымен еліміздің тыныштығы, тәуелсіздігімізді баянды болуы мазалайды. Аласапыран мынау кезеңде, дүние күніне қырық құбылып жатқан тұста, «тоғызыншы террриторияның» тұтастығы мен халқының амандығы ең маңызды мәселе. Алыптар айқасының арасында қосаққа кетіп қалмай, «ақырын жүріп, анық басып» өз мақсатымызды жүзеге асырсақ деп ойлаймын.

— Сонда біздің тәуелсіздігімізге төніп тұрған қатер бар деп ойлайсыз ба?

— Қиын сұрақ. Қырым жағдайынан кейін ауыз толтырып сеніммен айтудың өзі қиынға айналды.  

— Қырым демекші, Украинадағы осы оқиғадан қандай ой түюге болады?

— Елдің бірлігі, тұтастығы басты нәрсе екенін аңғардық. Ел тұтас болмай, жер тұтас болмайды екен. «Көпұлттылық» деп көкіткен кешегі кеңестік саясаттың зардабы бүгін қаншалықты ауыр соғып отырғанын да аңғарып отырмыз. Полиэтносты мемлекеттің тағдыры қашанда қиын екенін түсініп үлгердік. Қадыр ақын айтпақшы, «Жоғалмайды көп халық көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге».

— Әлемге әмірін жүргізуге ұмтылған жерден ессіздік басталатын тәрізді. Ал ессіздік дегеніміз бейбітшілік атаулыны  тәрк ететін қатерлі қарекет емес пе?

— Адамзат шыр етіп дүниеге келгелі бері алдыңғысының жасаған қателігінен соңғылары сабақ алмай келе жатқаны өкінішті. Уақыты, субъектісі өзгергенмен, сол оқиғалар айна-қатесіз қайталанып жатады. Кейбір басшының әпербақандығы, даңққұмарлығы мен дүниеқұмарлығы тұтастай бір халықтардың зардап шегуіне әкелетіні тағы бар. Мың жерден дарынды, бірегей қолбасшы деген күннің өзінде де халықты қанға бояғандарды ақтап алу әсте мүмкін емес. Сондықтан да Александр Македонский де, Шыңғыс хан да, Наполеон да, Темірлан да, Гитлер де, Сталин де - ақтауға тұрмайтын тарихи тұлғалар.

Әлемге азуын білемей-ақ қойсын өз халқына тізесін батырған басшылардың қай-қайсысы да елдің дамуын әлдеқайда кенжелетіп тастайтыны тарихтан мағлұм. Задында бұл жағдайдың автократиялық билікке ие мемлекеттерде кеңінен өріс алатыны тағы белгілі. Сіз айтып отырған ессіздік елінің мүддесін жамылып жеке бастың қамын күйттеген даңқұмарлықтан басталады ғой.

— Путин тізгінін ұстаған Ресейдің империялық пиғылы қайта ояна бастағандығы байқалады. Алып мемлекеттің аумағын кеңейту, жатжұрттағы орыстардың мүддесін қорғау мәселесі алдыңғы қатарға шықты...

— Ақыры қалай болатынын бір Алла біледі, алайда, бүгінде Ресейді әпербақандық елес кезіп жүргені айқын. Қысқы ұйқыдан оянған аюдың оспадар әрекетін көрсетіп, қарулы тырнағын жанындағыларға батыруға кіріскен жайы бар. Осы алаңдатады. Екіншіден, Ресейде демократиялық күштердің үні бәсеңсіді. Бұқаралық ақпарат құралдары да Кремльдің дегенінен шығу үшін тек отаршыл бағыттағы ақпараттарды жариялап жатыр. Баспасөз еркіндігі жоқ, оқиғаларды өз ыңғайына бейімдеп, бұрмалап көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықаралық ақпараттарды орыстардың сүзгісі арқылы алып отырған Қазақстан үшін қиынға cоғады. Бар дүниеге орыстардың дүрбісімен қарайтын болдық. Ресейдің ақпараттық экспансиясы осыған мәжбүрлеп отыр.

— Көпвекторлы саясат Қазақстан үшін қаншалықты тиімді?

— Амалдың жоқтығынан жүгінетін тәсіл ғой. Жаратушы әу басында қонысыңды ықпалдылардың ортасынан айырғаннан кейін амал қайсы. Оның үстіне несібе жағынан да қазаққа сараңдық танытпаған. Сондықтан да ұшқан құстың қанаты талатын аумаққа көз алартқандар қай кезде де аз болған жоқ. Бағзы замандарда аталарымыз алып аумақты найзаның ұшымен, білектің күшімен  қорғаған. Осы жерді қорғау жолында, жат жұртқа тоқымдай жер бермес үшін қынадай қырылды, қуғын-сүргінге де ұшырады. «Мың өліп, мың тіріле» жүріп ақырында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Көпвекторлы саясатқа жүгінудің қиындығы осы тұста басталды, өйткені, «қамқоршылар» көбейе түсті. Бұрынғыдай ықпалды көршілерге қоса, енді әлемдік аренада «сөз қозғайтындар» да өзіне қарай жәукемдегісі бар. Енді осылардың әрқайсысының көкейіндегісін тауып көр?! Қолыңдағы тәтті күлшені ықпалдылармен бөлісіп жемесең, ішкенің ірің, жегенің желім болмақшы. Бәрінің де сүбелі жерден өз үлесін турағысы келеді... Қырсық атқан көпвекторлы саясаттың қасіреті де осында...

— Сонда не істемек керек? Әлем алпауыттарына жем болып отыра беру керек пе?

— Ұлт тағдырын, елінің ертеңін ойлаған тұлғалар халықтың байлығын ту-талапайға салдырмаса керек-ті. Басты ұстаным осыған саяды. «Аз халықтың ұлына, Ұлы болмай болмайды!» (Қадыр Мырза Әли). Сол себепті де өнер атаулының бірегейі саналатын дипломатия саласындағы арғы-бергі аталарымыздың тағылымды әдіс-амалдарын шеберлікпен игере отырып, елдің ұпайын түгендейтін, басқаға есесін жібермейтін ұстанымымызды бекіте түскеніміз абзал. Әрине, бұл тұста қазақтың демографиялық өсімін, ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осы тұста тағы да Қадыр ақынның төрелігіне жүгінуге тура келеді: «Президенттің жүгі қашанда ауыр – білеміз; Перзенттік парыз одан жеңіл деп кім айтты?!» Ендеше, бұл Президент бас болып, қалған жұрты қосшы болып атқаратын іс.

Оған қоса, қазақстандықтардың бойына отаншылдық қасиетті дарыту бағытында қыруар жұмыс күтіп тұр бізді. Қарапайым халықтың өз Отанын беріле сүюі, қызмет етуі мемлекеттік тұлғалардың халыққа қалтқысыз қызмет етуімен де астасып жатыр. Шенеунікті биліктің бір бөлшегі деп түсінетін біздің халық ұлықтардың іс-әрекетіне қарай мемлекет, Отан туралы таным-түсінігін қалыптастырады. Ұлығы ұры мемлекеттің халық алдында қадірі жоғары болады деу қисынсыз әңгіме. Жасанды ұраннан гөрі нақты жүргізілген шаралардың әсері көбірек. Қысқасы, «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа!».

— Қиын-қыстау кезеңде халықаралық саясатта орны бөлек іргелі ұйымдар да, халықаралық құқықтық нормалар да тәуелсіз елдің тағдырына арашашы бола алмай ма?

— Былай қарасаң, БҰҰ бастаған іргелі ұйымдар төрткүл дүниеде болып жатқан оқиғаларға орай өз пікірін білдіріп жатады. Әйтсе де, іргелі ұйымның өзі де ықпалды елдердің қанжығасында кететін сәті аз емес. Сол сияқты халықаралық құқықтық нормалардың да аяқасты болып жатқанына куә болып жүрміз. БҰҰ бастауынан бұзылғаннан кейін  басқа ұйымдар жөнінде не айтуға болады? Сол себепті іргелі ұйымдарға түбегейлі үміт артудың ақыры жаңсақтыққа ұрындыратыны сөзсіз. Демократияның көшін алға бастаған алпауыт елдердің өзі жеке мүддесіне келгенде адам құқығын аяқ асты ете салатынын, миллиондаған адамның тағдырын құрбандыққа шалатынын көз көріп отыр ғой. Сондықтан басқалар жарылқайды деу балаң ойдан туған соқыр сенім деп айтуға болады.

— Ел басшыларының еңбегін бағалау соңғы кезде біржақты, қанша қала салғандығымен, құрылысты қалай жүргізгендігімен бағамдалатын болды. Бұл қаншалықты әділдікке саяды?

— Идеологиясы әлсіз елдің салған қалаларының іргетасы, қабырғасы мың жерден мықты болғанымен, ол мемлекеттің мызғымастығын білдірмесе керек. Бір түсініксіздігі, қазақ тарихында елбасшыларын салдырған қалаларына, құрылысқа қарап баға беретін, сараптайтын үрдіс қалыптасқан. Құдды, қала салу – ел басқарудың басты параметрі іспетті. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман»  қаптаған ғимараттармен өлшенетін тәрізді. Басқалай айтқанда, аста-төк дәулеттің, байлықтың нышаны-сынды. Кешегі кеңес одағы тұсында Қазақстанда қаптаған қала салынғанымен, сол қалалардың қызығын басқалар көрді емес пе? Төл қаласы Алматыға тіркеуге тұру қазақтар үшін мұң болды емес пе?! Бір жағынан қаптаған құрылыс жүргенімен, екінші жағынан ана тілімізге жойылу қаупі төніп, руханиятымыздың, мәдениетіміздің әлсіреуі себебінен рухымыздың түсіп кеткені тарихи шындық.

Ендеше, елдің экономикалық қарыштап өсуі қалалар мен ғимараттардан ғана емес, жалпы қарапайым халықтың жан-жақты дәулетті, ұрлық-қарлықсыз әділетті қоғамда  өмір сүруімен өлшенсе керек-ті. Елдің ішкі рухының, өзегінің құрылысы, ынтымағы мен бірлігі мықты болмаса, қаптаған ғимараттар елдіктің  жасанды әрі жылтырақ көрінісі болып шығар еді.

Әңгімелескен Ақан ЖҰМАҒАЛИЕВ.

 

Abai.kz

1 пікір
Елаға 2017-05-30 17:43:00
Өте дұрыс,тұшымды пікір.Рухы мықты болмай,Ел мықты бола алмайды.Ал,рухы мықты болуы үшін ұлттың тілі мен мәдениеті,діні берік болуы керек.Бізде бүгінгі таңда барлығы да осал.БАҚ жаулап алды.Енді жат жаулап алуы әбден мүмкін.Сақ бол,қазақ.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18445