Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 13694 0 пікір 26 Наурыз, 2015 сағат 18:34

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ӘН ШЫҒАРМАҒАН АДАМ

Ахмет Байтұрсынов ән шығармаған адам. Себебі, өз замандастарының да "Ахметтің осындай әні бар еді" деген нақты дерегі жоқ. Ән шығармаған дегенімізге бұл бір мысал болса, екіншісі, Затаевичтің "Қазақтың 1000 әні" жинағын Адаевский уезд, Акмолинская губерния, Ақтюбинская губерния, Букеевская губерния, Кустанайская губерния, Оренбургская губерния, Семипалатинская губерния, Тургайский уезд, Туркестан, Уральская губерния деп, қазақтың он өңірінен жазып алған.

Ал, "Қазақтың 500 ән-күйі" еңбегін Адаевский отдел, Букеевский отдел, Семипалатинский отдел және Уральский отдел деп, қазақтың төрт өңірінен жинақтап, жазып алған. Мұнда қазақтың төрт өңірінің үшеуі батыс өңірі, біреуі ғана Арқа өңірі. Бірақ 500 әннің 350-і Семей өңірінен жинақталған. Енді Ахметтің берген әндеріне тоқталайық. "Қазақ халқының 1000 әні" кітабына сүйенсек, Ахмет Байтұрсынов Ақтөбе өңірінде жүрген кезінде нақты бес ән берген, оның біреуінің атауы жоқ, Бөкей ордасынан "Тоқыбастың әні" деген бір ән берген, Қостанай губерниясында жүргенінде төрт ән жаздырған, Семей жақта жүргенінде төрт ән жеткізген, оның ішінде Ахаңдікі деп жүрген "Қарагөз" әні бар. Торғай уезінде Затаевичпен тағы кезігіп, екі күй, он бір ән берген.

Ал, "Қазақтың 500 ән-күйі" еңбегінде Ахмет ағамыздың аты-жөні кездеспейді. Ендігі бір қызық дүние ол Ахаңның әні деп жүрген "Аққұм" әнін Ахаңның өзінің орындауында Затаевичтің екі кітабынан да кездестіре алмайсыз. Тіпті 1000 әннің ішінде "Аққұм" деген ән мүлде жоқ. Ал, оны жеткізушілер "Қазақтың 500 ән-күйі" кітабында Айманов Қажымұрат және Өтебаев Ахмет деген екі адамның аты ғана кездеседі. Өтебаев Ахметтің орындауындағы "Аққұм" әні бізге жеткен Мұхтар Өтебаевтың орындауындағы "Аққұмға" өте жақын. Ал, осы "Аққұм" әні Затаевичтің "Қазақтың 500 ән-күйі" кітабында Қ.Сәтбаевтың орындауында "Іңкәр" деп берілген (Сәтбаев барлығы 25 ән берген). Затаевич жазып алған әндерінің барлығының авторын, жеткізушілерін өте тиянақтылықпен жазып отырған. Ахаң барлығы 25 ән, екі күй жеткізген. Үш күй де болуы мүмкін, себебі, "Көрұғлы" деген бір шығарма бар. Ал мұнда Ахаң жеткізген әндер нотасының жоғары жағында "жеткізген, яғни сообщил Байтурсынов Ахмет" деп берілген. Яғни, Ахаңды автор деп жазбаған. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновты қолдан композитор жасаудың қажеті жоқ. Мүмкін Ахаң осы әнді сүйіп орындаған шығар. Орындады екен деп ән авторы қылуға болмас деп ойлаймын. І.Жансүгіров те, Б.Майлин де, Н.Құлжанова да, Ж.Аймауытов та әндер жеткізген. Енді жеткізген әндерінің барлығының авторлығын бере салсақ не боламыз?

Дәл осы композитор, ақын, батыр, әулие-әмбие жасау кейінгі кезде біздің қоғамда рулық, жершілдік деңгейдегі ауруға айналды ғой. Ахаңды композитор жасау да осы трайбализмнің ықпалынан болуы әбден мүмкін. Ахаңның композитор болмаса қазақтың алдында беделі түсіп қалмайды. Қазаққа жасаған осы жанашырлығының өзі Ахмет ағамызды аспанға шығармаса, төмендете қоймас. Қазір зиялы деп жүрген ағаларымыздан ән сұрамақ түгілі, дайын әнді тыңдап кетуге келтіре алмаймыз ғой. Оның қасында Ахаңдардікі үлкен еңбек қой. Сондықтан, ағайын, қазақтың мықтыларына көп нәрсені жапсырып, баттастыра бермейікші.

 

Еркін ШҮКІМАН.

 

(Дереккөз: sal-seri.kz) 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610