Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 11010 0 пікір 4 Наурыз, 2015 сағат 11:16

ҚАЗАҚ ФИЛОЛОГИЯСЫ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВҚА ҚАРЫЗДАР

Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесе отырып, қазақтың тұңғыш профессоры, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Құдайберген Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай Халықаралық конференция өткізді. Жиынға бірқатар шетелдерден: Түркия, Иран, Араб елдерінен және Қырғызстаннан ғалымдар қатысты. Осы алқалы басқосуда жасалған баяндамалардың бірі ретінде филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбектің сөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бүгінгі күнгі қазақ халқының мәдениеті мен ғылымы, жалпы рухани болмысының ерекшелігін саралай түскенде, міндетті түрде алдымыздан көсе-көлденеңдеп бір ащы шындық шыға береді. Ол қалағанымызға немесе қаламағанымызға, келіскенімізге немесе келіспегенімізге қарамайтын шындық, өте ауыр шындық. Біз, бүгінгі қазақ, өзіміздің әкелерімізді, алыстағы ата-бабаларымызды ғана емес – мына кешегі халқымыздың мақтанышы, алтын қоры, маңдай алды зиялыларымызды, жазушыларды, ғалымдарды, мемлекет және қоғам қайраткерлерімізді – танымайтын, білмейтін, тіпті кейбір жағдайларда, бөтенситін, менсінбейтін, ескермейтін елге айналып барамыз ба деген күмән алдымыздан кесе көлденеңдеп шыға береді. Бұл мақтанарлық қасиет емес. Бұл рухани азғындық...

(ЕСКЕРТПЕ: 2007 жылы Астанада өткен және танымал түріктанушы Иштван Мандоки Қоңырға арналған “Қазақ тілінің тарихы: алтай дәуірі – прототүрік кезеңі – көнетүрік ескерткіштері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция қабылдаған қарарына сәйкес осы мақалада біз түркі ~ түркú ~ түрк ~ түрік ж.б. синонимдес терминдерді тек қана бір төл дара түрік формасында және де оны ‘ортақ түрік’, ‘бір түрік’, ‘түрік’ мағынасында қолдануды жөн көрдік. Жалғыз ортақ түпнұсқаға оралу пікірі Қазақстан, Мажарстан, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Ресей және Әзербайжаннан қатысқан ғалымдар тарапынан бірауыздан қолдау тапқан болатын. Құдайберген Жұбанов заманында да, В.В.Радлов және басқа ғалымдар заманында да, түрік және түркі терминдері мағына жағынан бір-бірінен ажыратылмай пайдаланған, орысшасында да ол кезде, байқасаңыз, бір-ақ “турецкий, турки” деген термин болған. Кейін ғылыми тұрғысынан еш қисыны жоқ, тек саяси астары бар, ішкі және сыртқы түріктектес халықтарды бір-бірінен бөлу мақсатымен türk ~ türik ~ türki ~ türkí // тюрок ~ турок ~ туркú ~ тюркú // түрік ~ түркі ~ түрк // turkish ~ turkic ~ türkе ~ türkisch ~ turc ж.б. терминдері пайда болып мәселені тіптен шатастырып, қажетсіз күрделендіріп жіберген.)

Бұған нақты дәлел – Алаштың талай мүшелтой даталарын үндемей қалып немесе ішінара атап өткеннің өзінде, біреуден ұялып, не бірінен жасқанып, дауысымызды көтере алмай, кітаптарын бірер мың тиражбен ғана құмға сіңген тамшыдай қылып шығарғандай боп, өзімізді өзіміз алдауға тырыстық, талай арыстарымыздың тойын олар туған өңірлерге ақырын ысырып тастап, тар, жергілікті аумақта ғана бүкілхалықтық мәнісі бар шараларды осылай (мына сөзім үшін сіздерден кешірім сұраймын) “жетім қыздың тойындай” атап өтіп жатқанымыз шындық емес пе...

Елдік жан-дүниемізді, ұлттық менталитетімізді қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың біздің өмірімізде алуға тиісті орнымен – мына дәп бүгінгі күнгі насихатталу дәрежесін салыстырып қарасақ, айырмашылық жер мен көктей екені кім-кімге де анық көрінеді. Бұл сөздерім әсте бар игі тәжірибемізді жоққа шығару емес. Жақсы зерттеулер баршылық, біраз жақсы тойларымыз да өткерілді, әлбетте... Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, жалпы құбылыста, үдерісте, үрдісте (тенденцияда), саясатта, қоғамдық ұстанымда болып отыр. Мәселен, атап айтсақ, мемлекетіміздің бір сарабдал бағытына – сол мемлекетімізді құрған, іргесін қалаған кемеңгерлеріміздің қосқан үлесі оның мазмұнына айналмаса, ұраны болмаса, сабақтастық жалғасы ретінде дамымаса – халқымыздың тарихынан айырылуымыз әбден мүмкін әрі ұлттық рухымыздың отарлық мәңүрттік кейіпінде азғындыққа ұшырап қала беруіміз бек мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды. Тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің айтқанындай, “осы маңызды тақырыпты зерттеп жүрген мамандардың саны бір қолымның саусағына сыйып кетеді” деген бір сөзі біздің бүгінгі халымызды, жеткен өремізді көрсетеді...

Нақты бір-ақ мысал келтірейік. Бір-ақ сұрақ қойып көрелік өзімізге: “Біз, бүгінгі қазақ қоғамы, жалпы жұртшылық және ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, тілшілер, саясаткерлер, жазушылар, т.т., бір-ақ кісінің атын атайықшы: Құдайберген Қуанұлы Жұбановты, біз осы аяулы тұлғамызды танимыз ба, танымаймыз ба? Білгеніміз, танығанымыз, үйренгеніміз, көңілге түйгеніміз – санамызға сіңіп, ғылымымызға еніп, өзіне лайық, тиісті орнын иеленіп үлгерді ме?”

Сұрақты бүгінгі ғылым тақырыбына орайластырып, сәл тарылтып, нақтылай қойып көрейін: “Тілші лингвистеріміз, мына біздер, Құдайберген Жұбановтың қыр-сырын, айтқан-жазған ойларын, идеяларын толық зерттеп шықтық па? Құдекең қойған проблемалардың ұзын-ырғасын анықтап, жүйелеп, классификациялап, саралап, бүгінгі грамматикалық теориямыздың құрамына, фонетикалық зерттеулерімізге, лексикология мен семасиологиямызға енгіздік пе, жоқ па?” Жауап баршаға аян, бір-ақ сөзбен: жоқ.

Әрине, бұл сұрақты тек қана бір тұлға төңірегінде қойған дұрыс емес. Ахаңдар, Нәзір Төреқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқайлар – әрине, біз де кезінде олардың құнды еңбектерін білмей, танымай өскен, басқа санамен қалыптасқан, жетілген ұрпақтың өкілдеріміз. Тағы бір мысал. Бірінші буын тарихшыларымыз: Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұловтар, қазақтың ескі тарихын әу бастағы шумер замандарынан бастаған. Бұл ғалымдарымыздың өздерін де, жазған-сызған еңбектерін де тұтасымен жойып тындық (себебі мен салдары – бөлек әңгіме). Ұмыттық, жадымыздан арам бездей сылып тастадық кезінде оларды. Амал қанша, екінші буын тарихшыларымыз да, қайран Бекмахановтар ж.б., айтарын айтып қалғанымен, жеріне жеткізе алмады, ит жеккенге айдалды, сотталды, аман қалғанына шүкіршілік етіп, кітаптарын енді ғана жариялап, ғылыми айналымға кіргізе бастағанымызға да (ол да әзірше тек сөз жүзінде) аз ғана жылдың жүзі болды.

Ұлы сөздің әбестігі жоқ, ашығын айтайын, мына біздің қазіргі тойлағалы жатқан тойымыз – Қазақ елінің, хандығының, мемлекеттілік тарихының бастау алар кезеңі Жәнібек пен Керей заманына саяды деген тұжырымымыз, бұл да, еш күмәнсіз, – КСРО-ның тоталитарлық жүйесінің қылышынан қаны тамып тұрған кезде бізге жоғары жақтың, отаршыл бас Кремльдің сол кеңестік дәуірде рұқсат берген тарихи межесі. “Хоп болатшыл” қызыл коммунист тарихшыларымыздың Орталық Компартия Политбюросының тапсырмасын орындап, бекітілген, мақұлданған сценарийі бойынша дүниеге келген тарихымыз бұл. Ұлы бабаларымыз Жәнібек пен Керейдің ұлылығында еш күмән жоқ, әрине. Олар, сөзсіз, халқымыздың ең қайғылы, зор, қиын-қыстау кезеңдерінде даналығы мен батырлығының арқасында елдігіміздің іргесін бекітіп, тұғырын нығайта түскен алып тұлғаларымыз. Дегенмен, оларды алғаш рет шаңырағымызды көтеріп, қазақ халқының, хандығының, мемлекетінің барын дүниежүзіне бірінші болып паш етті деу – ақиқатқа қиянат.

Менің алдымда Қырғызстаннан келген профессор Қадыралы Қонқобай мырза бізбен үлкен жаңалығымен бөлісті: “Біз қазақ халқының көнелігін, байырғылығын дәлелдеп, оның Көне Түрік Қағанатының құрушысы болғанын нақты айқындап отырмыз” деді. Бізді барша түріктектес халықтар қарашаңырақ, іргелі ел деп есептейді. Атамекен екендігімізді құрметпен атайды. Бізден ауып көшкендер Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, ж.б. – жүзден астам ұлт пен ұлыс, отыздан астам дара мемлекет болып отырған елдер – Ұлы Қазақ Хандығының ұрпақтары екенін ауыз толтыра қайталап, оқулықтарына жазып, ғылыми еңбектерінде атап өтуде. Мұны біз айтпаймыз, бұл сөздерді сол елдердің ғалымдары бізге бағыштап сілтеме жасайды, алғыстарын қазақ еліне құрметпен, мақтанышпен білдіреді. Мына тұрған көрші қырғыздарымыз Ақаев тұсында да, Атамбаев тұсында да Қырғыз мемлекеттілігінің екі жарым мың жылға жуық тойларын ресми түрде – өте сапалы, халықаралық, жоғары деңгейде өткеруде. Бұл жерде оқырмандар назарын мына маңызды жәйтқа аударғым келеді. Өйткені, олардың ғылыми конференцияларына барып баяндама жасап жүрміз.

Өзбектердің, әзербайжанның, түріктердің де (бізден тараған!) мемлекеттері - бірер мыңжылдық тарихы бар мемлекеттер. БҰҰ мен ЮНЕСКО, шетелдік ғылыми қауымдастық қабылдаған, мойындаған даталар бұлар, ойдан шығарылған ештеңесі жоқ, әбден дәлелденген. Және олардың бәрі, қайталап айтайын, бізді Ата жұрт дейді. Яғни, біз олардан әлдеқайда көне, ескі, байырғы ел-жұрт болғанымызды баса қолдайды баршасы. Ал, біз ше? Кем дегенде, жаһанның жарымға жуығын қанатының астына сыйдырған Ұлы Дешті Қыпшақтың тікелей мұрагері – біз, бүгінгі Қазақстан... Осы іске бастама көтеріп жүрген республикамыздың зиялы қауымы елбасымыздың әрбір маңызды тапсырмасын қып-қызыл науқанға айналдырып, қайта-қайта елге күлкі болғалы қашан? Президентіміздің бір-ақ сөзіне, жөні түзу оқулық керек дегенге – әр облыс, әр қала, әр аудан, әр елді-мекен, әр тайпамыз, әр руымыз өздерінің “ерекше” батырларын, билерін, хандарын таластыра, жарыстыра көкке көтере тықпалап, бәйгі тігіп, бәстесе бастамадық па? Енді, міне, 550 жылдыққа орай биліктің бастауымен мемлекеттік деңгейде республика көлемінде 550 іс-шара өткізбекші... Осындайда, біздің шын тарихымыздың 550 жыл емес, кемінде 5 мың 500 жылға созылатын желісі бар екенін кейбір ұлықтарымыздың білмегеніне таң қаласың, бетіңді жабасың. Әрине, ұлықтар біле бермейді. Бірақ оларға ең болмаса ақыл-кеңес беретін білгір ғалым-қайраткер зиялы қауым болмады ма дерсің.

Құдекеңе оралайық. Қысқа өмірінде Құдайберген Жұбанов тындырған істердің, бастаған бастамалардың, оқыған оқуы мен тоқыған ғибратының телегей-теңіз екеніне таңданбасқа шара жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, жауапты, жоғары лауазымды қызметкер міндетін де талай рет атқарған – Темір-Орқаш болысының төрағасы болды, Ақтөбе губерниясының Оқу-ағарту бөлімін басқарды, сол заманғы астанамыз Қызылордада Халық ағарту комиссариатының нұсқаушысы болып жұмыс істеді. Араб, парсы, орыс, латын, француз, неміс, ағылшын, осман-түрік, шағатай, орхон-енисей, көне ұйғыр, жапон, қытай және басқа тілдерді еркін пайдаланған, аудармашы ретінде де, ғылыми еңбектерінде де. Баспасөз ақпарат құралдарының жетекшісі, ұйымдастырушысы, құрушысы да болды – «Ай», «Тез» журналдарын ашқан. Ақын, драматург, режиссер, жорналшы, саясаткер, қазақ тілін зерттеуші, түріктанушы, сықақшы-фельетоншы, мұғалім, ұстаз (Ақтөбе педагогикалық техникумында сабақ берген, ҚазПИде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын құрған), шығыстанушы, музыкатанушы, өнер зерттеушісі, публицист, этнограф, компаративист (палео-лингвист), абайтанушы, дінтанушы, мәдениеттанушы, шешен, оратор, әнші ж.б. Бұлардың бәрі – бір-ақ адам. Оның өзінде де – өрімдей бір жас жігіт. Біліміне келсек, біздің бүгінгі терминдермен айтқанда, “аккредитациясы мен сертификациясы” ең жоғары заманауи деңгейде болған. Жас кезінде Оспан ишанның медресесін тәмамдады. Одан кейін әкесі Қуан ашқан мектебінде білімін жетілдірді. Жұрында екі класты орыс мектебін бітірді. Күйік (Илек) қаласында училищеге түсіп, 5-6 класын бір жылда үздік меңгеріп шықты. Атақты “Ғалиямен” үзеңгілес, деңгейлес, дәрежелес сол уақытта ең озық білім ошағы болып табылатын Орынборда «Хұсайыния» медресесінде үздік оқыды. Ақтөбе кеңес-партия мектебінде білімін толықтырды. Ақтөбе педагогикалық техникумында оқып, кейіннен өзі сабақ береді. Санкт-Петербург (кейін Ленинград) қаласында орналасқан атақты Шығыстану институтында дәріс алады. Академик А.Самойловичтің семинарийіне қатысады. Мәскеуде КСРО Ғылым Академиясының бас Яфеттану (кейін Тіл білімі) институтының аспирантурасын бітіреді.

Қазақ тіліне, тіл біліміне, грамматика теориясына, фонетика мен емлесіне, әліпбиі мен семасиологиясына, терминтануына Құдайберген Жұбановтың қосқан үлесі бұл аудиторияға жақсы мәлім. Мен назарыңызды толып жатқан Құдекеңнің көп сыр-қырларының біреуіне ғана аударғым келіп отыр. Ол – түрік тілдерінің реконструкциясы мәселесі, яғни ғылыми тілмен айтқанда, компаративистикасы, түріктану мен алтаистикасының зерттеу алаңы. Тарихи грамматикалық зерттеулері Құдайберген Жұбановтың мұрасында, өкінішке орай, көп сақталған жоқ. Жалпы жеке дара олардың өз алдына тарихын зерттеу – маңызды бір тақырып. Өйткені, Жұбановты зерттеген мамандар мұны жақсы біледі, кейбір өте маңызды мақалалары мен баяндамалары бір емес, бірнеше рет, әдейі ұйымдастырғандай, жойылып, із-түзсіз жоқ болды, талай жоғалған, дұрысы – жоғалтылған.

Қазір ойланып қарасақ, мұның себебін түсінуге де болатын сияқты. Сонау дүрбелең, ел басына күн туған заманда, алдыңғы буын ағалары ғана “халық жауы” аталып сотсыз атыла бастағаны ғана емес, қалың халықтың сүбелі бөлігі аштан қырылып, қазақтың даласына қылышын жалаңдатып қызыл идеология індеттей кіріп жатқанда, қарбалас, сұрапыл, әбігерлі күндерде жәй әліппе-емле сияқты мәселелерді ғана емес, туған тілінің ұзын-ырға тарихын дамыған еуропа және басқарушы орыс тілінің тарихынан әлдеқайда көне, әлдеқайда кең, әлдеқайда терең бойлай қарастырған жас Құдайберген Жұбановтың зерттеулері кейбір жоғары лауазымды саяси кураторлардың көзіне сүйелдей қадалғаны анық нәрсе.

Құдайберген Жұбановтың тарихи-этимологиялық ойлары мен тұжырымдары, көбінесе, қазақ тілінің грамматикасына байланысты тарауларда кіші әріптер арқылы сілтемелері мен қосымшаларында келтірілген. Соның өзінде де, сол мәтіндік фрагменттердегі талдаудың сапалық биігіне қазіргі күнгі бірде-бір қазақ тіл тарихын зерттеушінің әлі де көтеріле алмағанын, жете қоймағанын ғылыми тұрғыдан ашық айтқанымыз жөн.

Жұбановтың реконструкциялық принципі әдістеме тұрғысынан ең озық тәсілге сүйенген – көлденең (горизонталдық) және сатылас, тік (вертикалдық) параметрлерді қатар пайдалану арқылы негізделген. Көлденең (горизонталдық) салыстырмаларда ғалымның барша түрік тілдері мен диалекттерден еркін және мол мысал келтіргенін, оғыз тобынан да, қарлық тобынан да, қыпшақ тобынан да, әсіресе, оқшаулау тұрған, күрделенген чуваш пен якут тілдерінен де, және де мұнымен шектелмей – монғол, мәнжүр, жапон және басқа алтай тілдерінен де мысалдарды молынан пайдаланғанын – кез келген зерттеу нышанының жалпытүрік (общетюркский), аратүрік (межтюркский), даратүрік (единично тюркский) немесе жалпыалтай (общеалтайский), араалтай (межалтайский), дара алтай (единично алтайский) сипатын, қасиетін, табиғатын айқын көрсетіп тұрғанын толық мойындауымыз керек.

Және де Жұбановтың көлденең (горизонталдық) салыстырмасы тек қана түрік-алтай фактілерімен шектелмейді. Кең ауқымда басқақұрамды (иноструктурный) тілдерден де типологиялық және салғастырушылық мысалдарымен қамтылады, олар, атап айтсақ, қытай, славян, грузин, армян, копт, еуропа (неміс, француз, ағылшын, испан, грек ж.б.), араб, парсы ж.б. тілдері. Сатылас, тіктеу реконструкция бағыты бойынша орхон-енисей, көне ұйғыр, ерте- (ранне-), орта- (средне-) және кейінгі- (поздне-) ғасырлық түрік ескерткіштері тілін, осман-селжүк және шағатай-түркú тіл деректерін молынан салыстырып, көне алтай – монғол, жапон, мәнжүр ж.б. мысалдарымен толықтырылып, мұнысымен шектелмей, жоғарыда келтірілген басқақұрамды тілдердің, скиф-сақ (Геродотқа сүйене), шумер ж.б., қажет болған жағдайда, тарихи даму ерекшеліктеріне шолу жасап отырады.

Кейінгі уақытта, мамандарға жақсы таныс “Халықаралық тұрақты алтаистикалық конференция” (“Permanent International Altaistic Conference”) деп аталатын алтаистикалық ғылыми мектепті, жеке үлкен бір бағытты қалыптастырған американдық ғалым Денис Шинор бар болғаны бастауыш мектепке жаңа ғана портфелін құшақтап бара бастаған кездерінде-ақ, атақты алтаист Г.И.Рамстедттың сүбелі еңбегі әлі шықпаған, Н.Поппе, В.Л.Котвичтердің де зерттеулері әлі қолға алынбаған заманда – қазақ сахарасында Құдайберген Жұбанов деген ғалым бір емес, бірнеше рет ең жоғары дәрежеде алтаистикалық этимологиялық сараптамаларын ғылыми қауымдастыққа сыйлап үлгерді. Әр сөздің буыны мен морфемаларына, әр сөйлемді өзінің құрамды бөліктеріне мүшелеп бөліп – синтагматикалық және синтаксистік заңдылықтарға баса назар аударады, соларға қайшы, кереғар, теріс артефакттерді тек қана ажырата бермей, оларды мұқият талдап, өзгеру себептерін анықтайды, диахронды тұрғыдан түсіндіріп, дәлелдеп беріп отырды. Ол өз еңбектерінде сөз бен дыбыстың, сөйлем мен мәтіннің семантикалық өсу, өзгеру жолдарын, сатыларын, формулаларын ғылыми негізге бағындырып жан-жақты талдады. Түрік тілдерінің математика сияқты қатаң тәртіпке бағынатын фонетикалық корреляциясын – семантикалық, таза фонологиялық, морфонологиялық және лексикализациялық, яғни жаңа сөздерді тудыру үдерістерін анықтап, түрік тарихи этимологиялық зерттеулердің өзге тілдер негізінде қалыптасқан классикалық компаративистикадан мол және зор ерекшеліктерін атап көрсетті.

Құдайберген Жұбанов тарихи салыстырмалы жұмыстарында тек қана сыртқы, пішіндік – фонетикалық, фонологиялық, морфемдік ж.б. факторларға сүйеніп жұмыс істегеннің кемшілігіне ерекше тоқталады. Дыбысты буын құрамында, буынды морфема құрамында, морфеманы сөздің құрамында, сөзді сөйлемнің құрамында, сөйлемді мәтіннің құрамында ғана, ішкі қызметі мен мазмұнын ескере отырып қарастыру өзектілігінің маңызын түсіндіреді.

Сөз таптарының бір-бірінен ажырамаған байырғы синкретті дәуірлерінің болғанын, тілдің фоно-морфо-лексико-семантикалық қатпарларының арасында “қытай қорғанының” болмағандығын және олардың бір-біріне кіріге, араласа, байланыса қатысатынын, бір-біріне ауысатынын, тағы да басқа көптеген қазіргі түріктану мен алтаистика, компаративистика және палео-лингвистика саласында әлі де шешімін таппаған проблемалардың күрделі табиғатын бірінші болып ашқан ғалым – Құдайберген Жұбанов екенін болашақ буын ғалымдарымыз зерттеу нысанына, мақсатына айналдырып, отандық филологиямызға әлі де көп пайдалы үлесін қосар деген үмітіміз мол. Осы ретте ғалым-ұстазымыз Бабаш Абылқасымов КСРО түркологиясының басшысы, академик А.Н.Кононовтың айтқан мына бір сөзін еске алады: “20-шы жылдардан бастап әр түріктектес республикаларға орталықтан мамандарды жіберуді іске асырдық. Басында жергілікті тілді үйреніп, кейіннен Мәскеуден жетекшілік жасап отыру үшін. Әр ел-жерге ғалымдарды жібердік. Тек қана Қазақстанға ешкімді аттандырмадық. Аттандыра алмадық. Өйткені, сіздерде ол кезде Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбановтар бар еді ғой...”

Яғни, қазақ зиялылары – КСРО түркологиясы мен алтаистикасының іргесін қалаған адамдар екені дау туғызбайтын мәселе. А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков сынды ірі тюрколог ғалымдардың ұстаздары да – сөзсіз, біздің арыстарымыз болған.

Осы орайда бұл пікірге бір қосымша дәлел ретінде бір оқиғаны еске түсірелік. Біз, қазақ қоғамы, өзіміздің аяулы ұлдарымызды, арыстарымызды өзіміздің талабымыз, ниетіміз, ұсынысымыз бойынша дегенімізге жеткізетіндей ақтай алмадық. Керісінше, сексенінші жылдардың басында, мен ол кезде Тіл білімі институтында ғалым хатшы едім, жоғары жақтан “демократияландыру және жариялылық” кезінде, бізге ұсыныс келіп түсті. Мазмұны – әр елде отызыншы жылдары нахақтан сотталған, құрбан болғандарды ақтау мәселесі. Ұсыныс басында тек бір-ақ кісі жөнінде болған сияқты – ол Ахмет Байтұрсынов жайлы. Айтайын дегенім, мен өз көзіммен көрген бір екі-үш беттік біздің танымал филолог академигіміздің жазған пікірі туралы. Өте белгілі ағамыз. Марқұм болмаса, атын қазір атап айтар едім. Сол пікір-хатта үзілді-кесілді Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілі мен әдебиетіне қосқан үлесі тым мардымсыз екендігі және оны ақтаудың еш қажеттігі жоқ екендігі жазылған. Ол кісі әрі институт директоры, әрі бүкіл қоғамдық ғылым институттарын басқаратын академиялық бөлімше бастығы болғандықтан, сол тұста ақтау мәселелері күн тәртібінен ысырылып тасталды.

Кейінірек 1988 жылдың басында (ақпан айында) біздің докторлық диссертациямызға ресми оппонент болып тағайындалғандықтан, сол замандағы КСРО Кеңес түркологтар комитетінің төрағасы, танымал ғалым, академик Әтхем Рахымұлы Тенишев Алматыға Мәскеуден арнайы ат басын бұрып келді. Қалыптасқан дәстүріміз бойынша осындай мәртебелі сыйлы қонақты академия жетекшілері Қазақстан Компартия басшыларына апарып алдарынан өтеді. Сол кездесуде күтпеген жерде Әтхем ағамыз: “Мына қазақтар неге өздерінің ұлы аталарын ақтап алмайды?” – деп салсын: “Біздің, Мәскеу түркологтарының, мына менің ұстаздарымның мұғалімдері қазақ ғалымдары болғаны ешкімге жасырын жаңалық емес. Атап айтсақ, олар – Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Мұхаметжан Тынышбаев, Нәзір Төреқұлов және басқалар”. Мәскеулік ғалымның өтінішін жерге тастамайтын біздің билік ақтау мәселесін қайта қозғады. Қайтадан біздің мүйізі қарағайдай мамандарымыз “жоқ, құрысын, мұның көк тиын пайдасы жоқ” деген ескі әуеніне сала бастағанда, сол кездегі Қазақ Ғылым Академиясының вице-президенті, академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин ағамыз, қоймай, тіресіп отырып алды: “Тенишев Мәскеуде жәй ғалым емес. Бір маңызды сала басшысы. Оның ұсынысын міндетті түрде мұқият қарастырған жөн. Комиссия құрайық, мәселені зерттейік” деп мәселені төтесінен қайырады. Осылай, 1988 жылдың аяғынан бастап арыстарымыз ақтала бастады...

Құдайберген Жұбанов – қазақ филологиясының негізін қалаған адам. Дегенмен, Құдекеңді тек қана филолог деп бағалау қате. Құдайберген Жұбанов – қазақ музыкатану ғылымын да, дінтануымызды да, тарихымызды да, ұлттық педагогикамызды да, шығыстануды да, өнерді де алға сүйрелеп, зерттеген ғалым. Құдайберген Жұбанов – саясаткеріміз, қоғам және мемлекет қайраткеріміз. Ұлт мақтанышы, барша халықтың сүйікті, аяулы ұлы тұлғасы. Олай болса неге Құдайберген Жұбановқа арналған іс-шаралардың басым көпшілігі туған жері Ақтөбе мен осы Алматыда ғана өткізіледі? Қарағанды мен Шымкентке, Өскемен мен Қызылжарға арысымыздың қажеті болмағаны ма сонда?

Елдік биікке көтерілген ұлыларымызды кішірейтуді және, керісінше, ауылдық деңгейдегі кейбір адамдарымызды ұлттық масштабқа итермелеуді қашан қоямыз деген сұрақ мазалай береді. Алматыда Құдайберген Жұбанов көшесі жоқ. Ондай өтініш білдірген де бірде-бір мекеме жоқ...

Туған өңірінен басқа республикамыздың бірде-бір облыс орталығында Құдайберген Жұбанов атындағы мектеп те, көше де жоқ. Осыған не айтарсың... Неге? Бұл сұрақтың салмағы өте ауыр. Жауабы көңілімізді көншітпейді. Ұлттық саясатымызды, ұлттық тарихымызды, ұлттық сана-сезімімізді, ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырған ұлыларымызды ұлықтауды қашан лайықты жолға қоямыз? Той-домалақтарда емес, дөңгелек даталарда ғана емес – күнделікті тіршілігімізде, әр күндік болмысымызда, еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге ретінде айта беретін күнге жеткізуді ойластыру керек. Мұндай ұлттық құндылықтарымызды қазақи дүниетанымымызға, санамызға сіңірудің жолдарын табуға баршамыз болып атсалыспасақ болмайды. Бірақ... Қашан?

Ерден ҚАЖЫБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544