Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 21157 1 пікір 23 Ақпан, 2015 сағат 14:09

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН 25 АҚПАНДА АТЫЛҒАН

С.Сейфуллиннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғанын растайтын құжат табылды. Ол құжат Ресейдің Федеральдік Қауіпсіздік Комитетінің (ФСБ) орталық архивінің ерекше бөлімінен табылған. Оны С.Сейфуллин жайлы деректі фильм түсіріп жүрген белгілі режиссер Еркін Рақышев тапқан. Ол құжатта соттың атылсын деген үкімі орындалғаны, ақынның қай күні атылғаны, өліміне қандай адамдардың куәгер болғаны көрсетіліп, қолдары қойылып акт жасалынған.


Соңғы жылдары тарихшылар түрлі конференциялар өткізіп, БАҚ беттерінде түрлі мақалалар басылып, С.Сейфуллин мен М.Жұмабаев атылмаған, олар Сібірде айдауда болған, оларды көрген адамдар бар деген тұжырымдама айтылып жүрді. Біраз кісілер қайраткер ақындарымыздың жатқан жерлерін анықтаймыз деп, Магаданға экспедицияға да барып қайтты. Үкіметтің алдына арыстарымыздың сүйектерін тауып, елге әкеліп жерлеу керек деген мәселе қойды. Бірақ нақты деректер болмаған соң, бұл ұсыныстар аяқсыз қалды. Енді осының ақ-қарасын анықтап, ақиқатын Рақышев дәлелдеп отыр. Режиссердің айтуынша, бүгінгідей бейбіт күнді аңсап, арманда кеткен, өз өмірінен ұлтының мүддесін жоғары қойған, аяулы ақынымыздың атылғаны туралы құжаттың табылуының маңыздылығы зор. Өйткені, ақынның қайтыс болған күні белгісіз болғандықтан, оған сол күні Құран бағышталмай, еске алынбай, тағзым етілмей келді. Енді бәрі анықталды. С.Сейфуллинді 1938 жылы 25 ақпанда атқан. Сол күні 39 адам атылған. Олардың қатарында Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетовтер де болған. Рақышевтің айтуынша С.Сейфуллиннің атылғаны туралы актінің табылуына ақынның ұрпақтарының көмегі болған. Себебі, ФСБ өтінішті тек ақынның жақын туыстарының сұрауы бойынша ғана қарайды екен. Актінің көшірмесі жақын күнде алынып қалар.

Е.Рақышев бұған дейін "Т.Рысқұлов", "Ашаршылық", "Т.Жүргенов" деректі фильмдерін түсіргенде, белгісіз болып келген көптеген тың деректерді тапқаны мәлім. Т.Рысқұловпен қатар С.Қожанов пен Н.Төреқұловтың жерленген жерін де анықтаған. Енді ақиық ақынымыз С.Сейфуллин жайлы тапқан деректері, ел ішінде жүрген түрлі алып-қашпа әнгімелерге тоқтау салатыны анық. Тарихшылар өздерінің дәйексіз болжамдары арқылы қателескендерімен қоймай, халықты шатастырып жүріпті.

Рақышев: «Тарихшыларымыздың қателесіп, Сәкен мен Мағжанмен түрмеде бірге болдым деген адамдардың сөзіне сеніп жүрген себебі мынада. Біріншіден, жоғарыдағы С.Сейфуллиннің атылғаны туралы актінің табылмағандығынан. Яғни, атылғаны туралы акт болмаған соң, ол атылмаған деп келді. Одан кейін сол кезде Кеңес өкіметі атылған адамдардың туысқандарына, жалған мәлімет беру жайлы құпия қаулы шығарған. Түрлі адамдар арқылы өсек аян таратқан. Атылған адамдар жайлы олармен «10 жылға дейін хат жазысуға болмайды» деген өтірік үкім шығарған. Кеңес өкіметі «халық жауларын» атып өлтіргеннен кейін, өздерінің қылмысын жасыру үшін өздерін судан таза, сүттен ақ қылып көрсету үшін, осындай қитұрқы әрекеттерге барған. Оның бір дәлелімен Т.Рысқұлов деректі фильмін түсіру барысында ұшырастым. Үкімет Т.Рысқұловтың туыстарына ол 1943 жылы Қостанайда түрмеде ауырып өлді деген анықтама берген. Бұған дейін Рысқұлов 1938 жылы 8 ақпанда атылсын деген соттың үкімі болған. Мен ФСБ қызметкерлеріне: «соттың үкімі неге орындалмаған, Т.Рысқұлов Қостанайда қайдан жүр?» Соттың үкімі өзгертілсе, ол құжат қайда деп табанды сұрағаннан кейін ғана олар шындықты айтты. Сөйтіп, Рысқұловтың үкім шыққан соң екі күннен кейін, 10 ақпанда атылғаны жайлы құжатты көрсетті. Менің «Т.Рысқұлов Қостанайда ауырып өлді» деген құжат қайдан жүр деген сұрағыма олар осы құпия қаулы жайлы айтты. Бұл қаулы 1939 жылы 11 мамырда НКВД-ның № 00515 бұйрығымен шыққан" дейді.

Бүгінгі егемен ел болуымыз - батыр бабаларымыздың, Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік үшін күресіп, сол жолда қиған жандарының жемісі. Біз олардың еліміздің қалыптасып, қазақ ұлтына сіңірген еңбектерін ұмытпай, әрқашан жадымызда сақтай білуіміз керек. Еске алып, түрлі іс-шаралар өткізіп, ерліктерін насихаттап , жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет.

Енді атылған күні белгілі болған Сәкен Сейфуллинге де қайтқан күні 25 ақпанда, дұға жасап жүрейік. Ол ақиық ақынымыздың аруағы риза болып, рухы жай табу үшін керек.

 

Әйгерім ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ.

Абай.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551