Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 6400 0 пікір 12 Ақпан, 2015 сағат 10:05

АЙТҚАНДЫ ҒАНА ІСТЕГЕН БАСШЫНЫ ОРНЫНАН АЛУ КЕРЕК

Елбасының төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Өтті деген аты болмаса, оның Сәкен Сыбанбай айтқандай (http://abai.kz/post/view?id=2886) нашар мектептегі нашар сыныптың сабағындай ғана болғанын көпшілік естіп, біліп жатыр. Министрлер мен әкімдердің бастарын салбыратып, менен сабақ сұрап қалмаса екен деп бұқпантайлап отырғанын, жиналыс аяқтала сала, сабақ бітіп қуанған оқушылардың кейпін көрдік. Ешқайсысы ұсыныс немесе өз ой-пікірлерін айта алмады. Осындайда баяғыда әкемнің «айтқанды істеген баланы ұру керек» деген әңгімесі есіме түсті.

«Ертеректе Орта жүздің Қоңырат елінде Төлеш деген еңбексүйгіш, кісі ақысын жемейтін, еңбекқор да ақылды кісі болыпты. Ол отбасының барлық шаруашылық жұмыстарын өзі ұйымдастырып, өзі басшылық жасайды екен. Балалары да әкесінің айтқанын бұлжытпай орындап, шаруаға бейім болып өседі. Бірақ, балаларының айтқанын істеуі, басқаша тірлік етпеуі өзіне ұнамайды. Сондықтан да үлкен ұлын үйлендіруде, қыз айттырып, қыз таңдаудың өзгеше әдісін қолданады. Ол үлкен баласын ертіп, әр ауылға барған кезде баласын ұрады. Бұны көрген ауыл адамдары, «Е, бұл баланың жазығы не, неге ұрасың, бұл бала кім»? деп сұраса Төлеш «бұл өз балам, айтқанымды істейді, сондықтан ұрамын» деп жауап береді. Бұны естіген басқалар: «Мына шал жынданған шығар, айтқанды істеген баланы неге ұрады?» деп таңданыпты. Осылайша ауылдан ауылға-ауылға барып, елді аралап осы әрекетін қайталапты. Бірақ ойлағаны болмай, еңсесі түсіп тағы бір ауылға барып, баласын ұрып жатқанда бір бойжеткен қыз келіп, «Ата балаңызды неге ұрасыз, оның қандай кінәсі бар?» деп сұрағанда қария «Бұның бар жазығы - айтқанымды істейді, сондықтан ұрамын» депті. Сонда бойжеткен: «Дұрыс, өзі біліп істемеген баланы ұру керек, ондай бала барлық жиған-тергеніңізді босқа шашады. Айтқанды ғана істеп, өзі біліп ешнәрсе істей алмаса, ондай бала үйленгенде дүние жинап, бала-шағасын асырай алмайды» депті. Ойлаған ойынан шыққан қыз жауабын естіген Төлеш сол қызға құда түсіп, үлкен ұлына әперген екен», - дейді ел әңгімесі.

Біздің әкеміз де осы әңгімесін бізге жиі айтып отыратын. Әкеміздің осы әңгімесін министрлер мен әкімдер де оқып білсе екен. «Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас» дегендей айтқанды ғана істейтіндер ел басқарып дұрыс қызмет ете алмайды, шайнап бергенді жұтқанды ғана біледі, жоғарыдан нұсқау күтіп отырады. Жергілікті жағдайды ескеріп, нарық заңдарына бейімделіп, өздігінен жұмыс істей алмаса, жауапкершілікті мойнына алмаса, бір нәрсесі дұрыс болмай жауап беремін деп жалтақтаса, ондайлар тек нұсқау мен тапсырманы орындаумен ғана айналысатын биліктің бас шұлғығыш құлы ғана болады. Сондықтан да ондай басшыларды орындарынан алу керек.      

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ,

Алматы қаласы.

 

Абай.kz 

0 пікір