Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Осы ғой енді... 5130 1 пікір 11 Ақпан, 2015 сағат 14:00

«ЖӘНІБЕКТІҢ ТОЙЫНА»... ДЖЕНКИНС КЕЛМЕК

Таяуда «Абай.кз» ақпараттың порталында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары жарияланды.

Бағдарламаны оқып отырсақ, бұл мерейлі дата да сол баяғыша ән айтып, би билеп, қарақұрым адам жинайтын қалың форум, қаптаған мәжілістермен өтіп кететін секілді. Жоспарда бекітілген жұмыстарға назар салсақ, кілең «жастар форумы», «ғылыми-тәжірибелік конференциялар», «өңірлік семинарлар», «бұқаралық мәдени-спорт шаралары», «республикалық ақындар айтысы», «өнер шеберлерінің концерті», «театрландырылған көріністер», тағысын-тағылар... Яғни, былайғы кезде де атқаруға болатын іс-шаралар.

«Сонда Қазақ хандығының 550 жылдығында бұлардан басқа не істеу керек еді?» деген сауал туындары хақ. Біздіңше, талай шаруа тындыруға болар еді. Біз – тарихы бұрмаланған, өткені өзгелердің көзімен сараланған елміз. Тарихымыздың анықталмаған, нақтыланбаған, ғылыми айналымға түсіп, түгелденбеген тұстары жеткілікті. Ән айтып, би билегеннен гөрі сол өткенді қайта саралап, оқулықтарды, басқа да тарихи әдебиетті тұтас тексеруден, ревизиядан өткізіп, жүйелеуге күш салған жөн емес пе? Жаңағы қалың концеренция, сірескен семинарларда, бәлкім, осы мәселелер де көтеріліп, жаң-жақты сөз болатын да шығар. Бірақ біздің елде қай жиналыс нақты нәтижеге ұласып, қорытындысы шығарылып еді? «Әжептәуір той еді, ақыры бала-шаға жеп кеттінің» кері келіп жүрмей ме?

Жарайды, бұл – қазақтың тұтас тарихи жолының емес, Қазақ хандығының ғана мерейтойы екен. Ендеше сол Қазақ хандығы дәуірін кезең-кезеңімен қайта қарап, оқулықтар мен тарихи әдебиеттегі сәйкессіздіктерді жойып, ретке келтіріп, ертеңгі жас ұрпаққа жан-жақты зерделенген, селкеуі жоқ тұтас дүние дайындап кету керек емес пе? Бұл мерейлі жылы мемлекеттің де, тарихшыларымыздың да ең жауапты міндеті осы болуы керек қой!

 «Көкшетау қаласында «Абылай», «Кенесары-Күнімжан» тарихи драмаларын қою» деген пункт бар бағдарламада. Көкшетауда қойылмады демесеңіз, бұлар – былтырдың өзінде-ақ дайын болған, талай сахналанған спектакльдер емес пе?

Ағылшын композиторы Карл Дженкинс

Бәрінен де бізді айран-асыр қалдырғаны жоспардағы мына мәселе – «Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, белгілі ағылшын композиторы, дирижері К.Дженкинстің қатысуымен концерт өткізу». Карл Дженкинстің Қазақ хандығына әлдебір қатысы бар ма? Хандықтың былай қойғанда, жалпы қазаққа қандай қатысы бар? Хандықты құрған Жәнібек пен Керейге арнап музыка жазып жатыр ма екен әлде?

Жақында 70 жасқа толған атақты композиторды Астанаға шақырғысы келген, оның шығармашылығын құрметтейтін атқамінерлеріміз бар шығар. Мейлі, Қазақстанға шетелден кім келмей жатыр, кім риза боп кетпей жатыр. Бірақ оны Қазақ хандығының 550 жылдығына байланыстырудың, бағдарламаға енгізудің не қажеті бар?

Ертең Дима Биланның, Рианнаның, Мадоннаның Астана, не Алматыдағы концерттерін «Қазақ хандығының 550 жылдығына орай» деп өткізіп жатса, таң қалмаңыз...

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Abai.kz

1 пікір