Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7119 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 12:51

АЛЬБАТРОСТЫҢ ҮРЖАРДАҒЫ ІЗІ

Елімізде бай-құлақтарды конфискелеп, коллективті шаруашылық орнату дәуірі тұсында «тап жауларының» қарсылық көрсетуі салдарынан бірқатар қиындықтар болғаны аян. Ол кезде ел арасындағы жағдаймен жете танысып, ұйымдастыру шараларын жүргізіп қайту үшін бір топ жазушы үкімет тапсырмасымен республиканың түкпір-түкпіріне іссапарға аттанған. Солардың бірі – жазушы әрі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Семей облысының шекараға жақын бірқатар аудандарында болып, бұл тапсырманы абыроймен орындап қайтқан.  

Төмендегі әңгіме жазушының сол жолғы бір сапары негізінде, байырғы заң қызметкері, қарт коммунист, шығармадағы кейіпкердің бірі – Лұқбек Мұхамеджановтың естеліктері негізінде жазылды. Л.Мұхамеджанов жуырда қайтыс болған, ал оның зайыбы, Абайдың туған немересі Мәкен Тұрағұлқызы қазір Сарыағаш қаласында тұрады. Әңгімедегі басқа кейіпкерлер де өмірде болған адамдар, бірқатарының әлі көзі тірі. Олардың аты-жөндері де өзгертілмей алынды. 

Үржарға Сәкен келді. Иә, жалынды революционер, қоғамдық қызметімен де, ұшқыр қаламымен де халықтың сүйіспеншілігіне бөленген атақты ақын, жазушы…
Ол кездегі Үржар селосының бейнесі осы күнгі кейбір совхоз бөлімшелерінен де қораш. Сонда да аудан орталығы деген аты бар. Жерден еңсесін зорға көтеріп, әрең қал­қи­ып тұрған тоқал үйлерде сән де, сиық та жоқ. Көшелер тізеден батпақ. Адым сайын көлкіп жатқан жаңбыр суы. Бір тәуліктей жауған жаңбыр әлгіде ғана тынған. Ені тар, лас, қисық-қыңыр көшелердің кейбірінің бойына телефон желілері тартылған. Өкпек жел тербеген телефон сымдарынан жағымсыз, үрейлі дыбыс ызыңдайды.
Мезгіл қара күздің соңы. Селдір-селең тырбық ағаштар әлдеқашан жапырағынан айырылып, қу таяқ боп қалған. Тұнжыраған аспан қабағы он шақты күннен бері бір ашылмайды. Күні-түні түнеріп, айнала күңгірт тартып, қарс ұрады да тұрады. Неше күн бойғы жаңбыр діңкеге тиіп біткен. Жүні жығылып, құты қашқан аудан сиқы көңілсіз, жүдеу.
Түске қарай бұлт қайта қоюланып, село үстін тағы да зіл қараңғылық баса түсті. Күшейе түскен ызғарлы жел тұтасқан бұлттарды тоз-тоз етіп, әлдеқайда қуып барады. Қол созымдай биіктегі жер бауырлай көшкен шарбы бұлттарды, тіпті уыстап «ұстап» алуға боларлықтай.
Қиқа-жиқа салынған саман үйлердің маңы жым-жылас, қыбыр етер жан жоқтай. Тек оқта-текте бірлі-жарым бүрсең қаққан кемпір-шал, тана-торпақ қуалаған жыртық иық бала-шағалар сұлбасы көлең қағады. Селоның түстік жағындағы беткеймен үстінде үюлі шөбі бар өгіз арба төмен қарай түсіп келеді. Шөп үстінде кескен томардай боп отырған арбакештің қамшы ұстаған қолы шолтаң-шолтаң етеді.
Сәкен даладағы осынау көріністерге терезеден бірауық қарап тұрды да, аудандық атқару комитетінің председателі Әбдірахманның қарсысындағы креслоға отырысымен:
– Ал Әбеке, айта бер, жағдай қалай? – деді, «іске көшейік» дегенді аңғартып.
– Сәкен аға, прокурорды шақырайын ба?
– Өзің біл.
Әбдірахман телефон трубкасын көтерді:
– Алло, маған прокурорды қосшы!
Кабинеттің ауасы ауыр, қапырық. Сәкен көйлегінің түймелерін ағытып, шалқайыңқырап отырды. «Желдеткішті ашса қайтеді?» демекші боп терезеге қараған ол әйнек көздерінің бітеу екенін көрді де, үндемеген күйі бет орамалымен желпініп-желпініп қойды.
Сәкеннің түр-тұлғасынан жолсоқты боп қажып жүргені аңғарылады. Күздің тынбай соғатын суық, ызғырық желі әдемі өңінің әрін бұзып, тоздырып, қарайтып жібергендей. Көмірдей қара мұрттары тікірейе ширығып, иегі мен қос самайын қайратты қалың түк басқан. Әбдірахман бәрін сезіп отыр. Бір жарым айдан бері ат үстінде жүрген Сәкен түгіл, өзі де мына тұрған Семейге барса қатты шаршап оралатын-ды. Ал Сәкеннің бұл ауданға жеткенше басынан нелерді өткізгенін бір Тәңірдің өзі білсін.
Сәкен Үржарға әлгі әзірде келген-ді. Осы бір күндерде оның шекараға жақын аудандарды аралап жүргенін, дәл бүгін болмаса да, таяу күндердің бірінде Үржарға да келерін Әбдірахман күнілгері білетін. Күтіп жүрген-ді. Сол сәт бүгін жетіп отыр. Әбдірахман әлгіде Сәкенмен құшақтаса амандасып, ақынның сырт киімін шешіп, шегеге ілді. Аңқылдаған жас жігіттің риясыз пейілін аңғарған Сәкен де жылы шыраймен:
– Кабинет иесі сенсің ғой. Орныңа өзің отыр, – деген-ді, төрдегі креслосын ұсынған Әбдірахманға.
Әбдірахман Перзадаев – аудандық атқару комитетінің председателі. Бірден дәрменсіздік білдіре мұңын шағып жыланған жоқ. Керісінше, «тиісті міндетті қолдан келгенше атқарып жатырмыз» деп іскер, ойлы басшыға тән мінез көрсетті.
– Застава бастығымен байланысымыз мықты. Сұраған көмектерін қолма-қол беріп отырмыз. Шекарада тынышсыздау. Бірлі-жарым ебін тауып арғы жаққа өтіп кетіп жатқандар баршылық. Бұл жөнінде сізге қазір Лұқбек келген соң толығырақ айтып берер, – деді Әбдірахман тартпасынан әлдебір кітапты шығара беріп.
Сәкеннің көзіне Әбдірахманның қолындағы өз кітабы оттай басылды. «Тар жол, тайғақ кешудің» таяуда баспадан шығып, Сәкеннің даңқын бұрынғыдан да мол жайған нұсқасы. Әбдірахман:
– Сәкен аға, кітабыңызды оқып шықтық. Көзге мақтағандық емес, бәрімізге ұнады. Осы кітап жөнінде газеттерге шыққан жұрттың пікірін де оқып жүрміз, – деді де, қолтаңба жазып беруін сұрады.
– Жарайды, – деді Сәкен қаламын ыңғайлап.
Еңсегей бойлы, тығыршық денелі, қараторы өңді Әбдірахманның әрдайым күлім қағып тұратын өткір көздері мен салмақты да салиқалы сөздері кімді болсын баурап алғандай екен. Сәкен оның өмірден жан-жақты хабары мол, ақ-қараны айыра білетін сауаттылығына, пысықтығына көңілі толып, сүйсініп қалды. «Қазіргідей аласапыран кезде ел басқаруға көкірек-көзі ашық осындай жігіттер қандай қажет десейші?!».
Кенет кабинет есігі ашылып, ішке ұзын бойлы, бұйра шашты, қылдырықтай аққұба жігіт енді. Сәлемдескеннен кейін Әбдірахманның алдындағы Сәкенге қарама-қарсы креслоға отырды. Әбдірахман:
– Сәкен аға, бұл жігіт Лұқбек Мұхамед­жанов деген ініңіз болады. Ауданның прокуроры, – деді Сәкенге келген жігітті таныстырып.
Бұл екі арада Лұқбек Сәкеннің жүзіне қайдан көрген кісім деп таңданған адамша екі-үш рет тесіле қарап үлгерген еді.
– Өте жақсы, – деді Сәкен.
Әбдірахман енді Лұқбекке бұрылып:
– Таныдың ба? Мына кісі Сәкен Сейфуллин ағамыз ғой, – деді сыпайы күлімсіреп. – Дәм-тұз айдап келіп қалыпты.
Осы сәтте Лұқбек орнынан ұшып тұрды да, Сәкенге құшағын жая барып қазақшалап қайта көрісті. Онан соң:
– Қош келіпсіз, сізді күтіп жүр едік. Жақсы болды, – деді ағынан жарыла.
Сәкенді көргеніне баладай мәз болған Лұқбектің жүрегі атша тулап, кәдімгідей қобалжып, денесінің дірілін баса алар емес. Тілінің ұшына Сәкеннің мөлдір де отты жырлары үйіріліп, лықсып тұр. Бас­па бетіне шыққан өлеңдерді оқып қана қоймай, көңіліне ұнағандарын жаттап алу Лұқбектің ежелден әдеті болатын. Ол Сәкен өлеңдерінің де көбін жатқа білетін-ді. Сәкен жазған сайдың тасындай салмақты өлең жолдарының бірі көкірегінде:
«Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара жырласын» деп сыңғыр қағады.
Үшеуі біраз әңгімелесіп, пікір алысты. Лұқбек Сәкенге шекараға жақын бұл ауданда жергілікті тап жаулары, зиянкестермен қатар, қыбын тауып шекарадан өтіп кету үшін сонау арқадағы алыс аудандардан да қашып-пысып келушілердің бар екенін, тері тонын теріс айналдырып киген ондайларды бірден біле қою оңай еместігін айтты.
– Біздің тірегіміз қарапайым халық. Солармен байланыс мықты болу керек, – деді Сәкен.
– Дұрыс, аға, – деді Лұқбек.
– Осы жақында ғана Төлеухан Мұратов дейтін бақташы өз үйінде екі «диуананың» түнеп жатқаны туралы бізге астыртын хабар жіберіпті. Үш милиционер таң алдында барып, әлгілерді қолға түсіріп әкелді. Диуанамыз деген сабаздар Лепсі жағының момын елді талай жыл қан қақсатқан Өрісбай, Әлім дейтін байлары екен. Қос көкжал ұзамай арттарынан жетуі тиіс мал-мүлкін шекарадан алып өтуге алдын ала қам жасау үшін келген екен, бойларынан қару-жарақ та табылды, – деп те қойды.
– Міне, көрдіңдер ме? – деді көңілденген Сәкен. – Көп асқанға бәрібір бір тосу болары анық. Әлгі Төлеуханның атасына мың да бір рахмет. Өзіне дұрыстап құрмет көрсеттіңдер ме?
– Алғыс жариялап, «Социалды Қазақстан» газетін бір жыл тегін алып тұру үшін квитанция жаздырып бердік.
– Ондай адамдарды көтермелеп отырған жөн.
Сәкеннің бір байқағаны, мына Әбдірахман мен Лұқбек тек қызметтес жолдастар емес, әрі жастары қатарлас, әзіл-қалжыңдары жарасқан, тату-тәтті дос, құрдас жігіттер құсайды. Үшеуі тысқа шықпақ боп, орындарынан тұра бастаған мезгілде Әбдірахман:
– Ау, Лұқбек, енді сен мына Сәкен ағадан бата алып қалуың керек. Ақын болам деп, қанша түртінектесең де түк шығара алмай жүруші едің. Мүмкін, бойыңда туа біткен талант болса, бұдан былай көзі ашылып кетер, – деді Сәкенге көзін қысып қойып.
Онан соң:
– Сәкен аға, қалжың өз алдына, бұл Лұқбек ініңіздің шынында да тиіп-қашып өлең жазатыны бар. Сонан соң ғой айтып отырғаным. Оның үстіне, бұл ініңіз атақты Абай атамызға күйеубала. Келіншегі Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлдың қызы, есімі – Мәкен. Өзі керемет әнші. Біздің елде әнші, бишілер көп-ақ. Әлі оларды да тыңдап, төрелігін айтарсыз, – деді.
Әбдірахманның үйіне жайғасқан Сәкен алғашқы күні онша көңіл-қошы болмай, төсекке ерте жатты да, таңертең ерте тұрды.
– Сәкен аға, бізде бір ыңғайсыз жағдай боп тұр, – деді ертеңгі шай үстінде Әбді­рах­ман. – Соны сізге айтпауға болатын емес.
– Айт, – деді Сәкен.
- Осындағы милицияның бастығы Жауқаштиев он шақты күннен бері қырық шамалы кілең жас балалы әйелді босат десек көнбей, абақтыда ұстап отыр. Ауа райының сиқы мынау. Ал абақты іші ит байласа тұрғысыз, мал қорадан бетер бірдеңе. Онда адамдарды ұстауға мүлде болмайды. Оның үстіне, тұтқын әйелдердің жазығы жоқ. Бар кінәлары – байлардың тоқалы екендігі. Күйеулері әлдеқашан зым-зия жоғалған. Жауқаштиев әйелдерге «күйеулеріңнің қайда жүргенін айтпасаңдар босатпаймын» дейді. «Білмейміз» дегенге иланбайды. Малға сатылып келген сорлы тоқалдардың білмейтіні де рас қой. Облыспен сөйлесіп ек, «жақында комиссия жібереміз» деумен тынды. Комиссиясы қашан келіп, қашан тексереді, оны бір Құдай білсін. Әзірге жас балаларға обал боп барады. Мұны не істейміз?
– Ендеше, бүгінгі жұмысты сол абақтыдан бастайық. Шайдан соң барамыз, – деді Сәкен.
Талай жыл дүрілдеген Айтқазы болыс­тың асығы алшысынан тұрып, қолы жүріп тұр­ған кезде ағаштан оюлап, төбесіне Ай­дың бейнесін орнатып, неше түрлі бояумен безендіріп салдырған үйі селоның орта шеніндегі биіктеу төбенің басында болатын. Айналасы қызыл кірпіш дуалмен қоршалған. Сол салтанатты сарай сиқы қазір адам көргісіздей. Есік-терезе сынды мүліктері жұрдай боп тоналған. Едені шіріп, шарбағы қирап, қабырғалары жырым-жырым болған. Атаман Дутовтың жасағына ілесіп кетер алдында үйді әдейі бұздырып, тас-талқан еттірген Айтқазының өзі көрінеді. Содан бері қаңғырған ит-құстар ғана паналайтын иесіз үйдің жұрнағы енді балалы әйелдерді қамайтын абақтыға айналыпты.
Айналасы аңғал-саңғал, қауқиған ескі қабырғалардың ортасындағы көң-қоқыстың үстінде тұтқын әйелдердің бірі шапан, бірі күртесін жамылып, кесек жастанып, көрмешінің күнін көріп жатқаны рас боп шықты. Үй төбесінің көп жері аңғал-саңғал ашық. Әне бір жақтаудың төрт-бес тірек-ағашы омырылып, қисайған қамыстарымен қоса құлап түсуге шақ тұр.
Жай-күйді көзімен көрген Сәкен:
– Сендерді не үшін қамағанын білесіңдер ме? – деді бір-біріне тығылып, үрейленген тұтқын әйелдерге.
Әйелдер үнсіз. Сәкенге жақ жүндері үрпиіп, үрке қарайды. «Енді күніміз біткені ме?» дегендей, көздері шараларынан шығып барады.
– Білмейсіңдер ме? – деді Сәкен жұмсақ үнмен.
Енді ғана топ ішінен бір жуан денелі, орта жасар, қараторы әйелдің тілі шығып:
– Ей, дөкей, қылжақты неғыласың? Бізді Құдайдың мазақтағаны аз ба? Одан да атсаңдар да, ассаңдар да түге, тезірек тындырсаңдаршы жұртты тәлкек етпей. Білсең өзің айт, не кінәміз бар? – деді де, әрі қарай булығып сөйлей алмай, жаулығымен бетін басқан күйі теріс айналып кетті.
– Қамықпаңыз. Атыңыз кім? – деді Сәкен.
Әйел бойын бекітіп, есімін айтты:
– Айша.
– Сіз де байдың тоқалысыз ба?
– Біздей көнтеріні бай неғылсын. Менің ерім Бәкен дейтін байдың малайы еді. Көрінде өкіргір Бәкен оны өзімен бірге алып жоғалмады ма? – Әйел тағы кемсеңдей бастады.
– Балаларыңыз бар ма?
– Екі балам бар еді, төркінімде қалған.
– Жарайды, – деді Сәкен ілгері қарай қозғалып.
– Милицияның кеңсесіне барайық, – деді тысқа шыққан соң Әбдірахманға.
Сәкен милиция бастығының пәпігін су сепкендей басып, бірден тәубеге келтірді.
Осы күні түс ауа тұтқын әйелдер түгел босатылды. Оларды «Алматыдан келген дөкей азат еткізіпті» деген хабар ауыздан-ауызға тарап жатты.
Сәкеннің келгеніне үшінші күн. Аспан айығар емес. Кешке қарай тағы да жауған жаңбыр таң атқанша толас тапқан жоқ. Әбдірахман үйінің оңаша бір бөлмесін жеке иемденген Сәкен тыстағы жаңбырдың тысырын ести отырып түні бойы кітап оқыды.
Таңертең кешегі уәде бойынша Лұқбек екеуі бір-бір салт атқа мініп заставаға аттанды. Жаңбыр саябыр тапқанымен, аспан сол қалпы. Күңгірт тартқан төңірек жабырқап, жыламсырап тұр. Тастақ жолдың бойы көлкіген су. Селдір боз тұман бар. Бұларды шығарып салған Әбдірахман:
– Көп кешікпей ораларсыздар. Бүгін сенбі ғой. Кешке дейін мен де шаруаны реттеп, Сәкен ағаны қонақ етейік, – деді.
Бүгін Әбдірахман үйіне біраз жұртты шақырып, Сәкеннің құрметіне дастарқан жаймақ ойы барын кеше алдын ала ескерткен-ді. Сәкен келісімін берген.
Салт аттылар селодан шығысымен тау сілемдері біртіндеп биіктей түсті. Жалтыр жоталар мен жалаңаш қыраттар селдір боз тұман арасынан сұсты көрінеді. Тау іші құлаққа ұрғандай жым-жырт. Қара жолдағы қиыршық тастардың ат тұяғы тиген сайын шықырлағанынан өзге тысыр еткен дыбыс жоқ. Көз тоқтатып, көңілде тоқылып қалардай әсем көрініс, табиғаттың сұлу өрнегі байқалмайды. Сонда да сонау тік беткейлердегі тарам-тарам ақ жолақтар, құлама құздар мен жартастар, аспанда дүрілдей ұшқан ұзақшалар Сәкенді әжептәуір ойға түсіріп, тебірентіп келеді.
Боз тұман сейіліп, төңірек бұрынғыдан жарық тарта бастады. Тау іші. Салқын самал. Таза ауа. Жараулы сәйгүлік. Сәкен жайлап ән салып, Лұқбек оған қосылып келеді:
«Ақ боз ат менің тұлпарым,
Шалқиды көңіл сұңқарым…».
Жолшыбай Лұқбек Сәкенге кезінде біреулердің мұның үстінен Құнанбай қажының немересіне үйленді деп арыз беріп, біраз әуре-сарсаңға салғанын құлақ­қағыс етіп ескерте кетті.
– Жігіт не көрмейді, Лұқбек. Келіннің арғы атасы Құнанбай болса, бергі атасы Абай екен. Тек бір-біріңді сүйіп үйленген болсаңдар болғаны да. Қорқатын ештеңе жоқ.
– Мәкен екеуміз бір ауылда бала кезден құлын-тайдай тебісіп, бір-бірімізді жақсы көріп өскенбіз. Бар айыбым, оған үйленерде ескілік ырым-жырымға бара алмадым да, бір түнде алып қашып кеттім. Мәкеннің қалауы да сол болатын.
– Онда не сөз? Сүйген болсаңдар бітті. Заң өз қолыңда емес пе? – деді Сәкен жайдарылана күліп.
Онан соң:
– Тау ішінде жабайы аңдар бола ма? – деді.
– Болады, аға.
Дәл осы тұста Сәкен «о-һо» деп елең ете түсті де, атына қамшыны басып-басып қап, жолдың оң жағындағы жайпақ беткеймен өрлеп шаба жөнелді. Жүз метрдей жерге барды да, атының басын тартып, кері бұрылды. Лұқбек биіктегі тас жотадан әрі қарай сылаң қаға асып бара жатқан алтайы қызыл түлкіні енді байқады. Түлкі сол бойда ғайып болды. Осы екі арада Сәкен қалтасынан тапаншасын шығарып ала қойыпты. Амал не, кеш қалған.
– Ой, әттең, – деп қайтып кеп жолға түсті. – Әлгіде құмай тазы болса ғой, жотадан асырмастан екі бүктер еді. Өзі де нағыз түлкі-ақ екен, шіркін.
Заставаға келген шаруаларын тындырған соң, екеуі селоға көз байлана қайтып оралды.
Әбдірахман үйі қонақ күту қамында екен. Үлкен кең бөлмеге жұмсақ көрпелер төселіп, мамық жастықтар қойылған. Сәкендер келісімен қонақтар жинала бастады. Көбі жас жігіттер мен қыз-келіншектер. Сәкен Лұқбектен өзгесін танымаса да, ізетпен амандасып, сыпайылық көрсетіп жатыр. Лұқбек жанындағы сұлу өңді аққұбаша келіншекті Сәкеннің жанына ертіп келіп: «Мынау біздің үйдегі келініңіз» деді әдеппен.
Қонақтар дастарқанға отырып, қымыз тартыла бастаған мезгілде есіктен қорбаңдап ене берген біреудің «кеш жарық» деп гүр еткен дауысы естілді. Жұрт сәл аңырғандай боп есікке қарасты.
– Мүмкін бе екен? – деді еңгезердей, бурыл мұрт қара кісі табалдырықтан бері қарай емін-еркін аттап өтіп.
– О, Бәке, қош келіпсіз, – деді орнынан ұшып тұрған Әбдірахман қол ұсына.
Оның қолын селсоқ қана алған қартаңдау кісі төрдегі қонақтардың ішінен әлдекімді іздегендей жағалай шолып шықты да, Сәкенге көзі түскен мезетте:
– Сәкенжан, – деп қатты дауыстап жіберді.
Бұл кезде Сәкен де орнынан қарғып тұрған еді. Ол тура есікке қарай ұмтылған күйі барып, қартаң кісінің кең құшағына еніп кетті. Екеуі ұзақ құшақтасып тұрып қалды.
Қартаң кісінің басында түлкі тымақ, үстінде түйе жүн шекпен, аяғында ұзын қонышты саптама етік. Жасы елуден асып, алпысқа тақап қалғандай. Қалың қабақ асындағы өткір көздері шыңыраудың суындай тұнық та өткір. Ол «қоңыр қозым, Сәкенім» десе, Сәкен «ағатайым» деп толқып тұр. Сәкен оны өз қолымен шешіндіріп, екеуі жұп жазбай барып төрге жайғасты.
– Ау, Сәкенжан, бұл қалай? Келгелі бері ағаңды іздемей, бұл жүрісің не жүріс, а? – деді қартаң кісі тізесін бүгер-бүкпестен даудырай сөйлеп. – Мен осы Үржардан төрт-бес шақырым жердегі Еңке ауылында тұрамын. Қазір қалың елдің аузындағы әңгіме өзіңсің. Ай, осы менің Сәкенім болар деп шамалап едім. Иншалла, жаңылмаппын. Сені де көретін күн бар екен. Аллаға мың мәрте шүкірлік!
– Кәне, Бәке, дәмге қараңыз, – деді Әбдірахман жаңа келген қонаққа қымыз ұсынып.
Келуші Бекенғали дейтін байырғы аңшы әрі әнші, аздап орыс тілін білетін, елге қадірлі адам еді.
– Сіздің мұнда екеніңізді білгенім жоқ, – деді Сәкен.
– Білмеуің орынды, Сәкенжан. Қайдан білесің. Сарыарқадан келгенімізге біраз жылдың жүзі боп қалды. Өтіп жатқан уақыт қой. Жалған дүние деген осы да! – деді Бекенғали қымызды аузына апара бере.
Енді Сәкен қонақтарға мән-жайды түсіндіріп:
– Бұл кісі кешегі ақ патшаның тұсында арқадағы Нілді заводында жұмысшы боп істеген, – деді. – Мен Нілдідегі орыс мектебінде оқығанда осы ағамның үйінде бір жыл жатқанмын.
Қонақтар Бекенғалиға мән бере көз тастап, әлдене деп қостаған, құптаған сыңай білдіріп, орындарынан бір-бір қозғалысып қойды.
– Затым Семей жағынан деуші едіңіз. Ақыры туған еліңізге келген екенсіз ғой, – деді Сәкен тағы да Бекенғалиға қарап.
– Иә, біз осы жақтың найманы едік қой. Нілдіге бір жапырақ нан іздеп барып едік, шырағым. Шүкір, Арқадан абыройсыз оралғаным жоқ. Көңілі көлдей қисапсыз дос-жаран, соның ішінде өзіңнің әкеңдей қимас аға, сендей іні таптым. Содан өзге не керек, – деді Бекенғали.
– Рас, рас, – десті отырғандар да.
– Кәне, дәмге қараңыздар.
– Қымыз алыңыздар.
Осы сәтте домбыраның сыңғыр еткен үні естіліп қалды. Оны Лұқбек ұстап отырған-ды. Бұйра шашы дудырап көтеріле түскен Лұқбектің қазіргі пошымы «е» десең ала жөнелетін қас тұлпардан аумайды. Оның сырын білетін құрбылары да «ал Лұқа, бірдеңе деп жібермейсің бе?» дегілері келгенін жасыра алмай, жаутаңдап, жұтына қарасып, үлкен кісілердің алдында әдеп сақтағандықтан іркіліп отыр.
Лұқбектің оң жағында тотықұстай түрленіп жан жары айдай ару келіншегі Мәкен, одан әрі қарай Шәкір, Ісләм, Мүслима, Жәмила сынды қыз-жігіттер жайғасқан. Мына Шәкір Әбенов дейтін жігітті Лұқбек те, Әбдірахман да Сәкенге алдын ала сырттай таныстырғанда суырып салып та, жазып та өлең шығаратын ақын әрі жезтаңдай әнші деп мақтаған-ды. Сондықтан ба, Сәкеннің оны іштартып, басқалардан көрі өзімсініңкірейтіндей жайы бар сияқты.
– Ал Лұқбек, ән баста!
– Сөйт, қалқам! – деді Бекенғали да.
Бұндайда қылымсып, бәлсінуді білмейтін Лұқбек бірден өзі жақсы көретін «Қарға» әніне салды. «Қарғам-ау, сен қалайсың… о…у… мен де … генде …о …»
– Ой, пәле-ай!
– Не дейді-ау, сабазың!
Лұқбек қатарынан екі-үш әнді әуелете шырқап болған соң, домбырасын келіншегі Мәкенге ұсынды. Мәкен атасы Абайдың әндеріне басты. «Татьяна әні», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас»…
Мәкен осы жолы Абайдың жұрт арасына әлі кең тарап үлгермеген, өзінен басқа ешкім біле бермейтін бірнеше әнін де шырқады.
– Міне, өнер, міне, дарын, шын асылдың сынығы да асыл деген осы-ау, – деп Лұқбек пен Мәкенге асқан ризашылығын білдірген Сәкеннің өңі ерекше ажарланып, айрықша рақат сезімге бөленгендей боп отырды.
Ән кезегі шынашақтай шымыр жігіт Шәкірге келгенде, тұйғынша сорғалай жөнелген ол да бірнеше халық әнін өз нақышымен, бабымен айтып, тыңдау­шыларды бір желпінтіп тастады.
– Пәлі, ылғи күміс көмей әншілер Үржарға жиналған екенсіңдер. Бұларың жақсы, – деді Сәкен шаттанған үстіне шаттанып.
Ұлы дәмнен кейін қайта қымыз сапырылып, ойын-сауық қайта қызды. Бұл жолы өзінің сазды жуан даусымен Бекенғали да бірнеше ән салып берді. Дені Балуан Шолақ әндері. Бекенғалидың тек әні ғана емес, алып тұлғасы мен жуан, зор даусы да арқаның сол өнерпаз жолбарысынан бір ауса неғылсын.
Қонақтар түн жарымнан ауа тарады. Бекенғали кетерінде осы топты ертең түгелімен қонақ болуға шақыра тұрып, Сәкенге:
– Мінемін десең, баптап отырған жүйрік атым бар. Аң аулап, серуендеймін десең, қызылды қиядан шалар қыран бүркіт пен құмай тазым бар. Бүгін-ертең алғашқы ұлпа қар да түсетін шығар. Қаласаң, қан­сонарға бірге шығамыз. Осы есіңде болсын, Сәкенжан, – деді.
– Құп, Беке, – деді Сәкен Бекенғалидың бешпетін иығына жаба беріп. – Бикамал жеңгеме үш қайтара сәлем айтыңыз. Дәм бұйырса, көрісерміз.
Дала тас қараңғы. Аспанды қабат-қабат қа­ра бұлт басқан. Қыздың лебіндей жұмсақ жел еседі. Бұл ұзамай тағы да жаңбыр жауып, артынан күн суытады деген сөз. Тысқа дүр­кірей шыққан қонақтар лезде қараңғы тұң­ғиыққа сүңгіп, жоқ болысты.
Төсекке жатқан Сәкен олай да, бұлай да аунақшып, көзі жұмылмай қойды. Қонақ күтіп, қалжыраған Әбдірахман жастыққа басы тиісімен қор ете түскен. Әлгіде ғана естіген әсем, сиқырлы әндер Сәкеннің құлақ түбінде тынымсыз ызыңдап, сарнап тұр. Біресе ұшқыр қиялы құйындай самғап, талмаусыраған ақын көңілін сонау алыста қалған күндермен қауыштырып жібергендей болады. Денесі бір ысып, бір суып, біресе, азамат соғысының салтанатты маршы, біресе ақпанның сары аязында кісендеулі тұтқындарды алып, ажал апанына қарай самғаған тастай суық, азап вагоны дөңгелектерінің сақыр-сұқыр дыбысын естігендей болады. Ақын тынши алар емес. Ақын арпалысып жатыр. Тұла бойы жалын. Жолбарысша атылып төсектен тұрып кеткісі келеді. Бұл толқыныс, әлде шабыт сәті ме, кім білсін. «Сап, сап» дей түседі өзін тежеп. Сезім билеген Сәкен көрер таңды көзімен атқызды…

1966 ж.

Хикаядағы аты аталған адамдардың барлығы өмірде болған, Лұқбек Мұхамеджановтың жадында сақталған жандар екенін қайталап еске саламыз. Солардың бірі Шәкір Әбенов еліміз егемендік алғанда – Сауытбек Әбдірахмановтың демеуімен сахнаға шығып, болашақ Елбасына ақ бата берген қазына қарт-тын. Сонау жылдарда Әбдірахман Перзадаевтың Алматыда тұратын қызын көргенбіз (қазір білмеймін). Сарыағашта аудандық сот төрағасы боп тұрғанда Төлеген Айбергенов екеумізге Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін құпия жағдайда судыратып оқып беретін Лұқаң, Лұқбек Мұхамеджанов қапияда қаза болған соң зайыбы, Абайдың баласы Тұрағұлдың қызы Мәкен апай Алматыға көшіп келіп, біраз жыл ғұмыр кешті. Бақиға озғанына біраз жыл болды.
Марқұмдардың барлығының да жаны жаннатта боп, аруақтары риза болғай!..

Зәкір АСАБАЕВ.

 

Абай.kz 

 

Дереккөз: http://kazgazeta.kz/?p=23008

Түпнұсқадағы тақырып: Сәкен Сейфуллиннің Үржарға келуі

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594