Сәрсенбі, 28 Маусым 2017
30 Наурыз, 2017 сағат 15:55 Алашорда 2054 1 пікір

1918 жылы шыққан «Абай» журналының №12 саны табылды

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов редакторы болған «Абай» журналының жоғалып кеткен соңғы саны табылды. Алашты қуантқан жаңалықты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD-докторанты Алтын Ақынбекова «Түркістан» газетінің тілшісіне хабарлады. 

«Абай» журналы Алаш қаласында (қазіргі Жаңа Семей) 1918 жылдың 4 ақпанынан бастап оқырманға жол тартады. Алайда бүгінге дейін журналдың қанша саны шыққандығы жөнінде ғалымдар арасында пікір талас орын алып келген еді. Олардың бірқатары «Абай» журналының 11 саны ғана шықты десе, тағы бір тарап 12-саны жарық көргендігін айтатын. Бірақ, осыған дейін басылымның №12 саны ешбір жерден табылмаған. Баспасөз тарихын зерттеуші Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты еңбегінде (1950 ж): «Абай» журналы 1918 жылдың  февраль айынан сол жылы октябрь айына дейін Семей қаласында шығып тұрды. Барлығы 11 саны шықты», – дейді. Бұндай пікірлер ғалым Қ.Аллаберген мен Ө.Әбдиманұлының еңбектерінде де көрініс табады. «Ал журналдың 12 саны шықты» деген пікір қайта шыққан «Абай» журналы арқылы 1992 жылы оқырманға тарады. Жазушы Сәбит Мұқанов та журналдың 12-саны шыққандығы туралы атап көрсеткен. Сондай-ақ, ғалым Бауыржан Жақып пен қайта шыққан «Абайдың» тұңғыш редакторы Р.Мұсаұлы журналдың 12 саны шыққан деген пікірде болды. Алаштың шынайы тарихын қалпына келтіруде айрықша үлес қосқан ғалым К.Нұрпейісов өзінің «Алаш һәм Алашорда» еңбегінде «Абай» журналының 12 саны ғана оқушылар қолына тиді» деп жазды. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзі «Абай қалай жабылды?» деген  мақаласында «Өткен 1918 жылдың  февралінен бастап «Абай» журналы  дүниеге шығып, он екі нөмірі басылып, он ай  өмір сүріп тоқтады»  деп, журналдың 12 саны шыққандығын нақты атап көрсетті», – дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазан.

Ал журналдың жоғалып кеткен №12 санын тапқан PhD-докторант Алтын Ақынбекова: «Мен PhD докторантураның 1-курсында оқимын. Ғылыми жетекшім филология  ғылымдарының  докторы,  доцент Рамазан Айгүл Әмірғалиқызы: «ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдары толық зерттеліп болған жоқ, осы тақырыпты алсаң қалай болады?» деген ұсынысын айтты. Содан «ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдары: тарихы, функциясы, типологиясы» деген тақырыпқа тоқталдық. Тақырып аясында зерттеу жұмыстарын журналдардың түпнұсқаларын кітапханалар мен мұрағаттардан  іздеп тауып, танысудан бастадым. ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан басылымдардың барлығы араб әріптерімен, төте жазуда жазылғандықтан, олардың кириллицаға аударылғандарын түпнұсқаларымен салыстырдым. Зерттеу барысында 1918 жылы «Алаш» қаласында (Жаңа Семей) жарық көрген «Абай» журналының 12-саны табылмағаны анықталды. Әрине, бұл мәселе бейжай қалдырмады. Осыған байланысты алдыма журналдың №12 санын табам деген мақсат қойдым. Көп ұзамай үмітім ақталды. Бүгінгі күнде журналдың соңғы №12 саны кирилл қарпіне аударылып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен «Қазақ университеті» баспасынан басып, оқырмандарға ұсынғалы отырмыз», – дейді. Сондай-ақ, зерттеуші журналдың №9 санының да еш жерден табылмағандығын айтады.

Суретті түсірген Мақсат Құсайынов

100 жылдық тарихы бар «Абай» журналының №12 санының мұқабасында  1918  жылдың  15 ноябрінде шыққандығы жазылған. Сондай-ақ, араб әрпімен басылған журналда Мұхтар Әуезовтің «Өліп таусылу қаупі», Шәріп Ақпанның  «Опасыздық. Берекесіздік» мақаласы, авторлары белгісіз «Кооперация жайынан», «Жұмсаушы жалшы» мақалалары, Ғайса Тоқтарбековтің «Ғылым тілі туралы» мақаласы, Абай Құнанбайұлының «Есті мен ессіздік парқы» атты қарасөзі,  Жан деген автордың «Сағындым», Ж.А. деген бүркеншік есімді ақынның «Көшу» атты өлеңдері және «Уақ қарыз серіктігінің жалпы ережесі», Мағауия Абайбаласының «Медғат-Қасым» поэмасынан үзінді басылған.

«Абай» журналында жарық көрген мақалалардың арасынан Шәріп Ақпанұлының «Опасыздық. Берекесіздік» атты сын мақаласы ерекше  назар аударады. Ондағы мәселе, журналдың алдыңғы сандарында жарияланған  «Ғашықтық» атты әдеби шығармаға арналған.

Момақанға. «Ғашықтық» деген әңгімені «Абай» журналының 7-нөмірінен бас­тап, 9-нөмірінде аяқтадыңыз. Сіз жазуын ғашықтық деп жазсаңыз да, ісіңізде опасыздық, берекесіздік көрінеді. Себебі ғашықтар пайда, зиянды есептемейді. Басты байлап алып жанған оттан, жауған оқтан шегінбейді. Жігіт әке-шешесінің жан сақтайтын малы түгілі өз басын сүйгенінің жанына байлайды да, не алады, не өледі. Қыз hәм сол. Жігіт ғашық болса күйінді болмақ. Күйінді ғашық жігіт байланса, тауды бұзады, тасты жарады, жерді төңкереді; Мақсатына жете алмаса, арманының артында өледі. Бір жасты әуре қылып, басын байлап, өміріне іріткі қойып, тастап кеткен жігіт – адам емес. «Ғашықпын» деп өзі айтып, айырылар жерге келгенде: «Бір-бірімізге қосылуға тағдыр жазбаған екен» деп жүре беру бұрышты айнала беріп қарағанда сол орнында әлі сілейіп тұрған Жәкентайға қайыспастан, қайрылмастан кету ғашықтардың ісі емес, опасыздардың ісі. Ондай жігіттер кеңшілікте жанқиғыш жайтақ, таршылықта табансыз тайғақ, көрсеқызар әуесқой, уақытша нәпсінің ғана құлы болады. Сіздің кеңшілікте Жәкентайды көргенде көзіңізді ала алмайтындығыңызды, бойыңызға бір бу пайда болатындығы, кетуге биттей дәрменіңіз болмай қалатындығыңыз – көрсеқызарлығыңыз Жәкентай екеуіңізсіз дағы елдің сүйгеніне қосыла алмайтын жігерсіз жастар толып жатыр. Мұндай әуесқойлықпен істеген берекесіздікті дәріп қылып, «Ғашықтық» деп жазып, жалғыз журналдың үш нөмірінен орын алдырғанша, «Ғашық болсаң біздей бол» деп шын ғашықтар жазса соларға орын беру керек». (Оқыған – Ж.Ғ)

Дәл осы сын пікірден кейін авторы белгісіз «Басқармадан жауап» деген тақырыпта көлемді мақала жарияланады. Онда «ғашықтық» ұғымына қатысты Шәріп Ақпанұлының сынына жауап қайтара келіп, қазақ көркем әдебиетіне өз әсерін тигізген бас әдебиеті туралы, ондағы ғашықтық ұғымдары жайлы тереңнен толғай келе жауап мақала жазады. Онда: «Ғашықтық» деген мақала реализм рухында жазылған. Ол асырмай, жасырмай анық өмірді суреттеген. Анық өмір екендігі көрініп тұр. Момақанның геройы опасыз болса тағдырдың жазғанына көніп, қыз бен жігіт айырылып жүре берсе, басын тауға-тасқа соғып, қиратылып қалмаса, бұның бәрі қазақ ішінде көп болатын істер, бұл көп жігіттің, көп қыздың міні қайратсыз, табансыздықтан тағдыр ғаріп, бата, ата-ананың қарғысы деген сияқты  нәрселерден аса алмай, сүйгеніне бара алмай, бір жаманмен қосылып, өмірі қорлықпен өтетін қазақтың қызы аз ба? Талай күйеуін менсінбей қашқан қыздар қолға түссе, талқы көрсе, азғырса, қорқытса, сүйген жігітін жер қылып кететінін көрмей жүрміз бе? Қыздың талайын көріп, көңілі қайтып, бір жағынан өмірлік іздеген мақсатын қимай, бір жағынан қысқа жіп күрмеуге келмей, өзіне көмек таба алмай, қапа болып, жастықты ақылға жеңгізген болып қорғанып, ойланып іс қылмақ болып жүргенде қызықты шағы өтіп кетіп, артынан өкініп жүретін жігіт аз ба? Әрине көп. Шәріп айтпақшы «Екінің бірінде» бар. «Өзге дүниені талақ қылып, қыздың жолында өліп қалмады?» дейді, Шәріп: «Анық ғашық емес, әуесқойлық» дейді. Ол қата. Сүю бар, сүйгенін алу бар. Сүйгізетін жүрек, сүйгенін қоймай алғызатын қайрат ерлік. Сүйе білуге қайраттың керегі жоқ. Еремес кісі де өле ғашық бола алады; жалғыз-ақ қайраты кем кісі қорғанып, жанын сала алмайды; мақсатына жетуге табансыз, қажымалы қорқақ келеді. Бұл екеуі екі басқа нәрсе. Мүмкін, Шәріп өзі сондай бірбеткей ер жігітті тәуір көретін шығар, «Өзім болса сөйтер едім» дейтін шығар. Бірақ жұрттың бәрін олай өлшеуге болмайды. Ғашық болсақ, дүниеде бір алапаты артық өзгеше адамдар болып, құдайдың жай пендесі ешкімді сүйе алмай ма? Олай емес. Ғашықтың бәрі қасиетті адамдар сияқты көрініп, солардың жақсы жағын көруге құлағымыз жаман үйренген. Өз ортамыздың орташа кісілері бірін-бірі сүйгенін оқысақ құлағымыз тосаңсып, арындайтын мәнісі сол» – деп мақаланы түйіндейді. (Оқыған — Ж.Ғ)

«Абай» журналының бар болмысын, бағдарын Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұлтты сүю», Мұхтар Әуезовтің «Өліп таусылу қаупі», Міржақып Дулатовтың «Алашқа» атты мақалалары арқылы толық тануға болады. «Абай»  журналының бірінші бағдары – ұлтты сүю, екінші бағдары – өліп-таусылу қаупінен сақтандыру, яғни тілді, дінді, жерді сақтау. Үшінші бағдары – ұлтқа шынайы қызмет ету, жабырқағанда жанынан табылып, дұрыс жол көрсету. «Абай» бағдарының мықтылығы «Алаш» бағдарымен сабақтастығында, салаластығында. Алғашында «Абайды – қазығым» деп шығарған журналшылар, бір жыл ішінде журналды ұлт руханиятының алтын қазығына айналдырды, – дейді филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазан.

«Абайдың» редакторы журналдың болашағына үлкен сеніммен қараған еді. Алайда, басылымның 12 саны шыққан соң тоқтайды. Алаштанушы ғалым Айгүл Рамазанның айтуынша, Жүсіпбек Аймауытов 1919 жылы «Сарыарқада» жарияланған «Газет-журнал оқушыларға» деген хабарламасында: «Қазақтың бір газет, бір журналы подписшігі жоқтықтан жабылып қалды – деп Новониколайскіде шығатын  орыс газетінде жазылды. Ол айтқаны «Жас азамат» газеті мен «Абай» журналы. Бұл хабар бекер: «Жас азамат» күні бүгінге дейін  шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп тоқтай ма деген күдік болып еді. Енді тоқтамасын дейміз. Өйткені Омбы жастары әдебиет  кешінен 1000 сом, Семей жастары 5000 сом көмек жіберіп отыр. Тағы сондай  көтермелеушілер табылатын көрінеді. «Абайда» 900-дей алушы бар. «Абай» біржола жабылған жоқ. Жалғыз журналын жауып қойып тыныш отыруға оқыған жастардың, талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес, қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті. Сондықтан оқушылар «Абайдың» аз күн тоқтап қалғанына ренжімеуіне, күдіктенбеуін, күдер үзбеуін, шыдам жасауын өтінеміз», – деп жазады. Өкінішке қарай, Жүсіпбек Аймауытовтың  үміті ақталмады.

Аласапыран заманда «Абай» журналының қаржылай демеушілері бірнеше рет ауысқан. Басылым әуелде «Жанар» ұйымының, кейіннен «Уақ қарыз серіктестігінің» қаржылай қолдауымен «Қазақ комитеті  баспаханасынан» жарық көреді. Аталған баспахана Семейдегі ағайынды Нығматуллиндердің «Ярдам» баспаханасының негізінде ашылған екен. Бұл баспаханадан «Абай» журналынан бөлек, «Сарыарқа» газеті де шығып тұрған.

Журналдың алғашқы жазушылары: Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев, Сейітбаттал Мұстафин болды.  Кейіннен бұлардың қатарына Ғұмар Қарашбаласы, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайбаласы, Шынжы Керейбаев, Ғабдолла Байтасов қосылды.

«Абай» журналында редакция тарапынан басылым айына екі рет шығады деп көрсетілген. Алайда, алғашқы жарық көрген ақпан айында қатарынан екі саны басылған журнал, онан кейінгі уақыттарда айына тек бір санын ғана шығарып тұрған. Сондай-ақ, журналдың кейбір сандары 16-17 бет, кей сандары 21 бет көлемінде жарық көрген.

Журналдың бірінші санында шығарушы Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» деген бас мақаласын жариялап: «Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек  еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге  де негіз салған  Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң  журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді», – дейді. Сондай-ақ журналдың №3 санынан бастап Алашорда үкіметінің іс-әрекеті үзбей жарияланып тұрғаны анық көрінеді.

Алаштың жоғалып табылған мұрасы «Абай» журналының №12 саны кітап түрінде жарық көрмек. Араб әрпімен таңбаланған журналдағы жарияланымдарды факсимильді және кирилл қарпіне көшірілген нұсқасында басылмақ. Алаш Орда өкіметінің 100 жылдық мерейтойына орай табылған «Абай» журналына да келер жылы бір ғасыр толмақ. Сондықтан да, құнды дүниенің қазақ тарихы мен қазақ журналистикасын зерттеушілер үшін үлкен олжа болары анық.

Дереккөз: "Түркістан" газеті

1 пікір
әумесер 2017-03-30 20:22:44
енді оны жырттпай сандыққа салып қойыңдар.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18776