Сенбі, 24 Маусым 2017
3 Сәуір, 2017 сағат 11:48 Әдебиет 1094 0 пікір

Мен ұққан үш сыр

Қаламгер, өмірде әрқашан оқиға һәм өзінің кейіпкерін іздеу үстінде болады... Бірде, күнделікті тіршілікпен таңсәріде үйден жұмысқа қарай асығып бара жатқан Cамал, уақыттың тығыздығына байланысты такси ұстауына тура келді. Қолын көтергені сол еді, лезде алғашқы көлік те тоқтай қалды, жолы болды деген осы шығар... Көліктің ішінде екі жолаушы бар екен, шамасы құрбылар... таң азанымен бірі екіншісіне бар шерін ақтара ағыл-тегіл жылайды кеп... Самал, дәл жандарында отырғандықтан әңгімелері бүкпесіз естіліп отырды.

- Білесің бе, мен бүгінгі күнге дейін барлығына шүбәсіз сеніп келдім... Өмірге, адамдарға, досқа, махаббатқа, жарға, тіпті бөтенге де. Алысымды жақын танып, танысымды туғанымдай көрдім. Бала көңілдей күмәнсіз сендім... Бірақ, сенімнің осыншама қиянат жасарын, тағдырыма сабақ боларын білсемші?! Дәл бұлай сенімнен де жапа шегетінімді білгенде бүкіл әлемге сенбес едім ғой... Сендім де сүйдім, орта жолда бала-шағамен көз жасыма қарамастан опасыздық жасарын білдім бе?! Арланааам... Өксік бейтаныс әйелдің тамағына келіп тірелді.

Бұл әңгімеге куә болған Самал үнсіз ой үстінде жұмысқа қарай беттеді. Нағыз шайқас ой үстінде болады екен-ау сірә... Жұмыс үстеліне жайғасып, кешегі жазған мақаласын пысықтап баспаға ұсынбақ мақсатта болса да, болған оқиға ештеңеге мүмкіндік берер емес. Ой әлемінде сұрақ-жауап шайқастар... Ақиқат іздеді, жаралы әйел затының нәзіктігіне қорған болғысы келді, сарп еткен кезек-кезек сауалдарға жауап тапқысы келді...

– Кейде қоғамнан ақиқат іздеп шарлаймыз, адамдар арасында сенім жоғалды деп үкім шығарамыз, сезімнен адалдық күтеміз... бүгінгі қоғамда барлығы есеппен деп шорт кесе нүктесін қоямыз. Мәселені көтеріп сайрау оңай, бірақ кез-келген тағдырдың түпкі тарихына үңілдік пе?  Тектілікті жалғастырған намысты ер азамат болса, бүгінде шаңырақтағы ана тірі жесір, ұл-қызы тірі жетім болып қалар ма еді?! Ер ағаларымыздың рухы биік болса шаңырақтағы билікті әйелге беріп, ата-аналарын қарттар үйіне қаңғыртпас еді... Азаматтарымыздың намысы берік болса, көше бойын қазақ қыздары жағалаушы ма еді?! Тастандылар көбейіп, жетімдер үйіне күн сайын сәбилер қосылмас еді... Жақсы қыздар жоқ қой досым, қызыл кітапқа енгелі қай заман деп мырс етіп, кеудемізді кереміз... Періштедей адалдық іздеу арлы адамды арландырар мүмкін?! Айта берсең көп қой жыртыққа жамау іздейтін сәттерің... Осылай іштегі әлемімен жанталаса іштей күбірлеп, еріксіз тамағына өксік, көзіне жас келді.

Бұл оқиғадан ұққан үш сыр деп түйіндеді, Самал. Сенім – ғұмырымыздағы бір ұзын жіп. Адалдық – адамның санасына ғана емес жүрегіне байланысты екен.  Ер – елдіктің негізі ғана емес, өмірдегі сенімнің өзегі.

Ойын жинақтағандай болып, ең бастысы құдіреті шексіз Аллаға деген сенім жоғалмасын деп тәубасына келді...

Салтанат Есенқұлова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18340