Сейсенбі, 19 Желтоқсан 2017
Әдебиет 1637 6 пікір 5 Сәуір, 2017 сағат 11:10

Әдебиет туралы әңгімелер топтық мүдделердің қызметшісіне айналды

Қазір әдебиет туралы әңгімелер топтық мүдделердің қызметшісіне айналды. Бұл үдерісті аты-жөні беймағлұм пост-пікірлерден көруге болады.

Мен Abai.kz сайтында ТҰНЫҚ СӘУЛЕ деген философиялық еңбегімді жариялаған едім. Белгісіз бір, аймақтық белсенді топ болса керек, ұйымдасып алып, жаппай жабыла, бірдей теріс пікір жазды. Мен әдеттегідей бір-бірін қолдаған, мұрат-мүдде тұрғысынан ұжымдасқан, ұшқары пікір, жаңсақ ой айтқан, қаралауға, мұқатуға, кекетуге, күйе жағып, көлеңке түсіруге талпынған белсенділердің бұл жанкешті күресіне араласқан жоқпын.

Мені таң қалдырған, жанымды шошытқан басқа нәрсе еді...

Не деген қатыгездік, неткен өлермендік... Сонда бұл жанталастың бәрі не үшін керек? Авторға қарсы жанқиярлықпен майдан ашқан батырлар бүркеншік ат жамылып, жауапкершілік жоқ болған соң, ойларына не келсе, соны жазады.

Сонда не, олардың бос уақыты көп пе? Әлде істейтін жұмысы жоқ па?

Жікшілдіктен қашан және қандай ұлт көркейіп еді? Мені құлатқаннан оларға келер пайда не? Мен құламаймын да, жығылмаймын да.

Елге қажет, ұлтқа маңызды шаруалармен неге айналыспайды деп ойладым.

Меніңше, ұлт әдебиеті ұлт тұтастығына қызмет етуі керек. Ұйысқан ұлттың ғана болашағы бар.

Сонда не, қаламгерді еліне қарап, аймағына қарап жақсы көреміз бе? Өткен ғасырда өтіп кетті ме десем, бұл тарапта әлі күнге шейін елдің шетінде, желдің өтінде тұр екенбіз ғой...

Кітаби ұстаздарым Т.Әлімқұлов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбай, М.Мағауин, Т.Әбдік, Т.Нұрмағанбетов болды. Ә.Нүрпейісовті, Сәкен Жүнісовті, Қалихан Ысқақты, Сайын Мұратбековті жата-жастана оқыдық. Махамбетке, Абайға, Мұқағалиға тәнті болдық.

Мен оларды қаламына қарап құрмет тұттым:

Тау шыңы құздар екенін,
Көресің шыққан жеріңде!
Әр қазақ жұрты – мекенім,
Бар қазақ – биік төрімде!

Біртұтас жоны жотаның,
Бір үміт отын жағайын,
Бар өңір – менің Отаным,
Бар қазақ – туған ағайын!

Көзі тірісінде Әмірхан Балқыбек те, Таласбек Әсемқұлов та
ресми тұрғыда мақтау да естіген жоқ, марапат та көрген жоқ... Керісінше, мойындамауға тырысты.

Енді топшылдар ол екеуін маған қарсы қойып, арамдықтың ең ауыр түрі - арамызға от тастайтын ғадет тауып алыпты, ол не үшін қажет, мен де оларға қарсы бірдеңе айтсын дейтін шығар.

Ешқашан айтпаймын. Үшеуіміздің өз біліміміз өзімізге жетеді.

Елге де, досқа да адалмын.

Дидар Амантай

Abai.kz

6 пікір