Сәрсенбі, 20 Қыркүйек 2017
Анық 23158 8 пікір 9 Сәуір, 2017 сағат 21:23

Олар қалай байыды?

Дүниеде байлардың баю жолдарына қатысты деректер көп кездесіп жатады. Ал біздің елде ертеде өткен қазақ байларына қатысты олардың баю жолдарына деректер тым аз. Осынау нарық заманында мұндай мәліметтер мен оқиғалар - қажетті тақырыптардың бірі. Біздің байлардың барлығы күндерін тек малдың соңында өткізбеген шығар. Арасында замандастарынан бір елі жоғары шығып, баюдың түрлі жолдарын игергендеріде бар болар деген ниетпен осы тақырыпқа қатысты деректерді қарастырдық.

Халық жадында байлардың мырзалықтары көп сақталыпты, бірақ баю тәсілдеріне қатысты мәліметтер өте мардымсыз. Алдағы уақытта бұл тақырып ізденісті көп қажет етеді. Себебі, таным тарихы тұрғысынан қызықты да қажетті тақырып. Қазақ байларының баю тәсілдеріне қатысты бірнеше деректі ұсынып отырмыз.

Бірде Қақу бір топ жігіттермен келе жатады. Сөзден сөз туып, әңгімеден әңгіме қозғап келе жатқан сәтте Қақу:

  • Ақымақ адам - ақымақтығынан кедей болады, ақылды - адам ақылдығымен бай болады, – дейді. Содан олар тобылғысы қалың сайға аял жасайды. Сонда Қақу қасындағы сәнқойлау, серілеу жігітке:
  • Мына жердің тобылғысы тұнып тұр екен. Өздері қандай биік, келісті-ақ екен. Қамшы сап қыласың ба, әлде сабау қыласың ба,әйтеуір қажет еткен әжетіңе жарайды. Сен тура осыдан ерінбей бес жүз тобылғы кес. Келесі жылы осың тура бес жүз қой болады, – дейді. Сонда ол:
  • Ой, Қақа-ай, қойыңызшы! Мұныңыз құр қиял ғой, – деп күледі.

Қоршай отырған серіктері де Қақу сөзінің астарын онша ұғыңқырамайды. Содан Қақу жігіттерді жауып жіберіп, тобылғыларды аралап, таңдап жүріп бес жүзін дайындайды. Қақу ауылға келген соң әлгі тобылғыларды кірекеш ( жәрмеңкелерге, қалаларға барып, сахарадағы елге қажетті заттарды алып келетін адамдарды айтады) жігіттерге беріп, Ташкенттен айна, тарақ, жіп, түйме, сабын,т.б. елге зәру заттарға айырбастатады. Содан оларды тамыз айындағы қозыларға айырбастатқан екен.

Қақудың осы ісі бүгінге дейін ел арасында аңыз болып айтылады. Пайданың көзін, сауданың ебін білген осындай асыл жандар қазақ сахарасында аз болмаған (Дүйсенбин Пернебай. Үркердей болып көшкен жұрт. -Алматы: ЖШС «Литера-М», 2007. – 1024 бет).

Қақу байдың «Ақымақ адам - ақымақтығынан кедей болады, ақылды адам - ақылдығымен бай болады» дегені өмірлік ұстанымдарының бірі болған екен. Бұл ұстанымды бүгінгі таңдағы дүниенің төрт бұрышына атақ-даңқы шыққан бизнесмендер де қолдайды. Істің көзін білген кісі бастапқы қаражатсызда үлкен дәулетке қол жеткізе алады. Бастысы, соны көріп білетін ақыл мен қабілет. Қақу бай өзі үйір-үйір жылқы айдаған жылқылы бай болыпты. Жылқысының саны шамамен үш мыңнан асқан деседі.

Мыңжасар бір кедей туысқанына айғырдан шыққан байтал беріпті де:

– Осыны малдан. Өсімді малдың тұқымы еді, – дейді.

Бірақ әлгі туысқаны байталды атқа айырбастап жібереді. Осыны естіген Мыңжасар оны шақырып алып:

  • Саған мен өсіріп мал етсін деп бердім. Айғырдан шыққан байтал келесі жылы екеу, одан арғы жылы үшеу болады. Содан бара-бара үйірлі жылқыға айналады. Осыған да ақылың жетпеді ме. Кедей неге кедей болады десем, ақымақтығынан кедей болады екен ғой, – деп ренжіпті.
  • Аяқ ылаудың қорлығы өткен соң істегенім еді, – деп міңгірлейді туысқаны.
  • Сөзін бар болсын. Ылауыңды менен мін де, байталды қайтып ал, – дейді Мыңжасар.

Ертеніне әлгі туысы байталды қайтып алыпты. Осыдан кейін қыдыр дарып, ол ел қатарына қосылыпты. Үйір-үйір жылқы бітіпті ( Шалқарбаев Д. Өмір өзі сөйлейді. Бабалар тағлымы. Өлеңдер, толғаулар, шешендік сөздер. – Алматы. «Рух БГ» баспасы, 2014. – 384 бет + 8 қосарбет.).

Бір қарасақ осы мысал тек өткен дәуірдің еншісіне тән бүгіннің қажетіне жарамсыз сияқты көрінеді. Экономика ғылымында актив және пассив деген түсініктер мен терминдер бар. Бүгінгінің іскер азаматтары да пассив жинама, актив жина деп жатады. Пассив өспейді,  артпайды. Ал актив өседі, көбейеді. Оның еселенуі адамға қомақты қаржы алып келді. Ал Мыңжасар (Кенесары ханның ту ұстаушы батырларның бірі) батыр біздің бүгінгі тілмен айтқанда «пассив жинама, актив жина» деп заманына сай тілде насихат еткені.

Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) – Тобықты еліндегі Бұғылы болысының байы, қажы.

Оразбай жұлынып туып, қолы мол байлыққа жетіп, малды әмір-құдіретке жету үшін де, атақ-даңқын шығару үшін де жұмсаған. Омыраулап, орып сөйлейтін.Тобықтыға кірме, нашар атадан туса да азуын айға білеген. Ұлықтық, данышпандығын айтпағанда «еңкейсе- Ертісі, шалқайса -Шығысы бар», ойда орысты, қырда қазақты уысында ұстаған ақыл иесі, баспен, байлықпен Оразбайды он орап алар, тегінен Қара көк Абайдың сағын сындыруға жараған кісі (Исабаев Б. Ұлылар мекені. -Алматы: «Информ-Арна»,2010, -336 бет.).

Алдымен, сөзіміз Оразбай Аққұлының баюы, мал жиып Тобықты руының ең малдысы болуға қолы жетуі туралы болмақ.

Оразбайдан қалай байыдыңыз деп сұрағанда «Оның несін сұрайсындар. Ағайынды бесеуміздің ортамызда өңі бүтін бір шапан болды. Соны ертеңгісін қайсымыз бұрын тұрсақ, сонымыз киіп кетуші едік» депті.Бірде Оразбай ауылы көшіп, көш жүрерде бір малшысынан: «Жұртта ештене қалып қойған жоқ па?» – деп сұрапты. Малшысы ешнәрсе қалмағанын, жұрт орнын өзі қарап шыққанын айтыпты. Сонда Оразбай әлгі малшысын ертіп кеп, жұрт орнын тексеріп, қотанда қалған жалғыз тал сабауды алғызып, тақымына қысып жүріп кетіпті. Кейін малшысы Мейманқұл «Бай сабауды қайтер екен деп жүрдім. Жаңа жұртқа келген соң, сол сабаудан бізге ерінбей жалықпай өз қолымен төрт құрттауыш жасап беріп еді», – дейді. Құртауыш дейтініміз – қойдың құртын алып тастайтын ағаш. Күн сайын қой өріп кеткен соң, Оразбай қой орнынан қойдың түскен пұшпақ, төс жүндерін жинап алып, қолы босаса-ақ, өз үйінің оң жағына тайтері жайғызып, түтіп, әлгі қалдық жүннен көгеннің бұршағына есіп отырады екен. Оразбай өлгенде жаназа, підия садақасына деп 100 ат жаратқан. Соның бәріне байдың өз қолынан істелген киіз тоқымды, түп-түгел жіптен есіліп жасалған айыл, тартпа, құйысқан секілді ер-тұрманымен сыйлаған ( Исабаев Б. Ұлылар мекені. -Алматы: «Информ-Арна»,2010, -336 бет.).

Бұл айтылған мәтіннен байқағанымыз,тегінде еңбекқор және азғана нәрсеніде  белгілі бір кәдеге жұмсай білген адамға дәулет бітетінін білдірсе керек. «Қатты жерге қақ қалады, қайратты адамға мал тұрады» дегенің бір мысалы. Күнімізде қытай мен жапон халықтарының болмашы заттардан елдің кәдесіне жарайтын дүниелер жасап қана қоймай, соны сатып пайда тауып жатқаны түрлі видеороликтерте көрсетіліп, БАҚ беттерінде  айтылып жатады. Тегінде ондай іс қылатын қазақтың мал ұстаған байларында дүниедегі болмашы заттан тәуір нәрселер жасағанын байқатады. Оразбай жастық шағында барымтаға, ұрлыққада араласқанын айтқан деседі. Бірақ істеген ісі кейін ашылып еселеп құн төледім деген екен. Оразбайдың байлығы ұрлықтан құралған деуге тағы келмес, себебі «дүние қалай келсе солай кетеді» дейді. Жоғарыда айтылғандай тынымсыз еңбекқорлығы мен аз дүниені бағалап үлкейте білгенінен бір кездері жалғыз шапанды бауырларымен таласа киіп жүрген Оразбай, уақыт өте келе Тобықтының бетке ұстар байының біріне айналады.

Бүгінгі таңдағы іскерлік әдебиеттерде тақыр кедейліктен тынбай еңбек етіп мол дәулетке қол жеткізген табысты жандарға қатысты түрлі оқиғаларды баяндалады. Ондай табысты кісілер өзіміздің төл тарихымызда да бар. Қаракөктің тұқымы Құнанбай әулетімен иық теңестірген ірі бай ретінде тарих бетінде қалды. Тек алдағы уақытта біздің елдің дәулеттілері жиған байлықты біреумен күш сынастыруға емес, жақсылықта жарысуға жұмсаса нұр үстіне - нұр болып, келешек келер ұрпаққа аңыз болар еді.

Тұрысбек атақты Баянжүрек Ақтасындағы Қалқабай қыстауында 1844 жылы дүниеге келеді. Маманның тұнғышы Ырысбек Тәнеке ауылында көкпар тартысында оқыстан аттан құлап мерт болады да, жесір қалған әйелі Бибіш әмеңгерлік дәстүрімен інісі Тұрысбекке қосылады. Ол Қапалдағы татар мектебі «Якобиде» оқып, Қапал қаласындағы ең ірі көпесі Шаяхметтің баласы Шаймерденмен дос болады.

Қапалдың іргетасы Верныйдан бұрынырақ 1847 қаланған еді. Оның көшелері түзу, үйлері еңселі, қарағайдан салынып, жер-кепе лашықтармен салыстырғанда көзге көркем, көңілге тоқ көрінетін. Өзімен бірге оқыған Шаймерденнің әкесі Шаяхметтің баю жолы сауда екенін Қапалда оқып жүрген кезінде-ақ түсінген зерек Тұрысбек көп ойланады. Қапалдай қала салу үшін қаржы, байлық керек екенін түсінеді.

Өмір бойы жиған әке байлығы Қапалдағы ең тәуір Шаяхметтің үйіндей ғана жай салуға әрең жетер еді. Досының арман-жоспарын сезген Шаймерден Тұрсынбекке байлықтың қайнар көзі сауданың әліппесін, оның өте құпия сырларын, қиын-қиын жолдарын үйретеді.

Сөйтіп Тұрысбек сауда-саттық ісіне құлшына кірісіп кетеді. Орта Азияның Наманган, Ташкент, Самарқан,тағы да басқа қалаларына 20-30 мыңдап қой айдатып, өзбек саудагерлеріне өткізеді. Ол жерден жібек, бөз, айна, тарақ, құмған, ыдыс сияқты т.б қажетті деген бұйымдарды әкеледі. Талдықорған, Қапал, Тасбекет, Ақсу, Сарқан, Лепсі тәрізді мекендерге дүкен салады. Сауданың пайдалы екенін Маманның басқа балалары да біліп,бұл кәсіппен шындап араласа бастады.

1873 жылы Тұрысбек қажы Тәнекұлы Қожабектің орнына Арасан болысына болыс болып сайланады. Дәулеті дамып, болыстық шылбырды қолына алған Тұрысбек, Шаймерденге айтқан жоспарын орындауға қолайлы сәттің келгенін сезіп, оны іске асыруға кіріседі. Тау сағасындағы қатар түзеген қыстаулар малға өте жайлы болғанымен, күз және қыс бойы батыстан соғатын аңызақ суық жел мен омбы қар, қақаған аяз адам тіршілігіне жайлы тимей, боранды күндері ағайын-туыстармен қатынас жасауы еді. Сондықтан Қалқабай ұрпақтары етектен жаңа қоныс іздейді. Кешікпей оны да табады.

Олар малға да жанға да қолайлы Ақсу мен Тасбекеттің арасында жергілікті халық «Ежен жотасы» деп атайтын Көкөзектің қарсысындағы жотаны тандайды да, жердің иесі Ақшора шаппадан Тұрсынбек жерді сатып алады. Кешікпей Қарағаш мекенің салуға кірісіп те кетеді. Жерді танып, оның болашағын тереңірек болжаған Маман балалары бұл жолы да қателеспейді.

Таңдаған жері Қарасу мен Сүттіген деген өзендердің арасында жатқан жазық болғандықтан Көкқия тауынан шығатын он шақты тұмалардын көздерін ашып, Қарасу өзеншесінен тура Қарағаштың ортасына тоған тартып, арық жүргізеді. Сөйтіп сорланып тұз басып жатқан шөл даланы жер жанатына айналдырып жібереді.

Тұрысбек қажы Сүттіген деген жерден өз отбасына қыстау және диірмен салады.

Тұрған жері – «Жібек жолының» бойында болғандықтан Қытай, Құлжа, Үрімшіге баратын керуендер осы жолмен өтеді. Тұрысбек осы жерге керуен сарайын да салады. Түрлі асыл заттар, жібек, торғын, шай, тұрмысқа қажетті заттармен қатар, жидек, жемісті келген саудагерлерден арзанға сатып алады да, оны қайыра сатып пайда көреді. Мамандардың атағы Жетісуға жайылады да елі оны «Байқажы ауылы» деп атайтын болады. Әкесіне 12 бөлмелі үй және ұрпақтары бас-басына жеке жайлар, сондай-ақ өздерінің жекжат-жұраттары мен қызметшілеріне салынған пәтерлер көбейіп Қарағаштың аты шығуына әсері тиеді.

Сондықтан да бұл өңірдің адамдары Маман-Тұрысбектің «көк үйлері» деп атаған. Өйткені біркелкі салынған зәулім үйлердің шатырлары бір түсті көк бояумен боялған еді ( Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер (Құраст.: Ж.Қалиұлы). – Алматы: Атамұра, 1991 – 272 бет.).

 ***

ХХ ғасырдың бас шенінде Маман ұрпақтарының он шақтысы жалпы қазақ еліндегі қазақ байларының алдыңғы қатарынан орын алды. Бірақ бұлар әр түлік малдың саның белгілі мөлшерден асырмайтын. Мысалы, Маман балаларының ішіндегі ең байы Есенқұл қажы, оның жылқысының саны алты жүзден асқан емес. Қойының саны он, он бес мың шамасында. Сиыр малын жұрт қадірлемеген, жүз қара шамасында ұстаған. Сауда кәсібімен шұғылдануға қазақ байлары үшін ең пайдалы және қолайлысы қой болған. Ол кезде халық ақшаны көп ұстамайды. Бұйым сатып алған халық қажет бұйымдарын алып, қандай мал беретінін, оның саның көрсетіп, бармағын басып жүре беретін. Күз айларында әр байдың несиешілері бармақ басылған үлкен кітапты қапшығына салып алып, бармақ басқан адамдардан несие жинайтын. Халықтың адалдығы соншалықты борышын сөзге келмей төлейтін. Жиналған қойлар қыстан шыққан соң, көкек айы туысымен тағы да жәрмеңкеге апарып сатылатын. Осындай айналмалы сауда Маман балаларының ірі байлыққа жетуіне жол ашты (Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер (Құраст.: Ж.Қалиұлы). – Алматы: Атамұра, 1991 – 272 бет.).

Маман ұрпақтары дәулетін еселеуді алдарына мақсат еткен тұста, тек байығанның үстіне байи түссек деген ойда болмапты. Дәулеттерің еселеу арқылы Қазақ Елін биік белестерге жетелеуді мақсат еткен. Маман құттың ұрпақтарының игі істері алты алашқа мәлім болып, есімдері ел жадында жақсы жағынан сақталды.

Қаражан Үкібаев (1868-1931) -Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, әрі Мәскеуден бірінші гильдиялы көпес құжатын алып, ақпан төңкерісіне дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірі. Өзі бұрынғы Шыңғыстау өңіріндегі Саржал елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Үкібай асқан бай адам болған. Оның 11 мың жылқысы болған.

Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасаған. Сол жәрмеңкеде Ресейдің «ақша сандығы» Ботов дейтін мал сатып жүрген ірі көпес, бірінші гильдиялы саудагермен Қаражан бидің танысуының сәті түседі. Ботов «Александр Невский»аттыжолаушы таситын пароходын сатып алып жолаушы тасуда мардымды пайда таба алмай жүрген екен.Семейде Қ. Үкібаевпен кездескен соң ет тасу кәсіпкерлігіне ауысады. Қаражанның еті өмірі бұзылып көрмепті. Содан соң ол Үкібаевқа құпияңды ашсаң, ақша төлеймін дейді. Қаражан етті қалай бүлдірмей сақтау құпиясын айтады. Бұл үшін Ботов Үкібаевқа 1,5 млн рубль ақша төлепті. Сол кездегі баға бойынша ең қымбат жылқы 10 рубльден аспайтын ( Еркін Рахметуллин. Алашорда меценаты – Қаражан Үкібаев. //e-history.kz).

Қаражанның заманында өзімен қатарлас дәулетті кісілерден озық болуына осындай ет сақтаудың технологиясын білуі бір себебін тигізген болар. Себебі ол кезде қазіргідей тоңазытқыштың жоқ кезі еді. Ұзақ уақыт еттің бұзылмай балауса (орыс. свежий) қалпында тұруы саудагер мен көпес үшін аса маңызды.

Ия, Қаражан және басқа да байлар тарихта өткен. Олардың арасында төрт түліктен бөлек басқа да кәсіптің сырын игерген іскер азаматтар аз кездеспеген. Бұл тақырыпта алдағы уақытта әліде ізденіп,зерттеу нысанын байыта түсеміз деген ойдамыз.

Руслан Ахмағанбетов

Abai.kz

8 пікір
Адайшал 2017-07-27 00:06:03
Ұққаным онбес жиырма жылда қазына тонап байығандар ақылды да, қара қазақ ақымақ екенде.
Азамат 2017-07-15 13:32:42
Одан да қазіргі байлардың қалай байығаны туралы жазсаңдаршы, мысалы мен естігенім Алматы қаласының қазіргі белді кәсіпкерлерінің бірі 90-шы жылдар басында үйде жұмыссыз жатқан, Ресей армиясы кеткен уақытта қару-жарақ қоймаларын және танктер дивизиясын тастаған болатын, сол танктер қараусыз қалған, бір күні оған таныс жігіттер келіп қытайға тиісті құжаттарды жеткізу керектігін айтқан, сол құжаттар арқылы танк дивизиясы қара металл ретінде өтіп кеткен, ал бұған құжаттар үшін 3 млн доллар қолма-қол ақша берілген, сонда басқа жоғарыдағылар қанша алған ?
Сəтжол 2017-06-25 04:25:15
Мəселе санада ғана. Біреу байыса санасының жеткені. Мəселе мақсатта ғана. Рухани бай болмай, ақшалай бай бола алмайды. Қазіргі көп қазақ құлдық санадан əлі арыла қоймаған. Əлі социализм кағидаларын ұстануда. Қаржылық сауаттылық төмен. Алла байлықты жаратты, кедейлікті жаратты, бірақ бай қылған, не кедей қылған Алла емес.
ИКС 2017-05-31 23:38:34
Қазіргі байлардың көбі қулық-сұмдықпен, қазақ халқының байлығын талаумен * еңбексіз-толғақсыз байыған
Шынгыс 2017-05-16 00:23:15
Елмізде 20% өз енбегімен байыгандар. 80% халыкты тонап урлыкпен байыгандар.
Мақсұт 2017-04-15 08:42:52
Осыдан он бес жылдай бұрын біздің ел басқарған ақсақалдардың бірінің айтқаны бар еді: Шет елдік журналистер "Күйеу балаңыз қалай тез арада байып, әлемдік миллиардерлер қатарына қосылды?!" -деп сұрақ қойғанда, ол кісі былай жауап берген, "Мұнда ешқандай құпия немесе лас іс жоқ. Менің күйеу балам ешкімге де керегі болмай қалған бір банкті "арзанға" (?) сатып алды да (???) өте дұрыс айналымдар жасап байыды...(байыды, байыды...)" Біздің Қазақстандық байлардың баю жолдары негізінен осыған ұқсас -"Ұрламайды" "Алаяқтық жасамайды", қалталарында көк тиындары жоқ болып жүреді де "ешкімге керегі болмай қалған" бір дүниені керемет көп ақшаға сатып алып "айналдыра береді, айналдыра береді..."баййды! Есеңгіреген Ел басы айналып қалып қара-ап отыра береді.
Бақытбек 2017-04-10 12:17:16
Бұдан тура 25- жыл бұрын, біздің елде байлар болған жоқ. Елдегі, байлардың 20% халықтың ақшасының есебінен байыған "пасивный байлар", олардың кімдер екенін білесіңдер. Ал, 0,5% - мемлекетті астыртын тонап байығандар, олар да, белгілі. Енді белгісіздері 75% - өздерін көрсеткілері келмейтін нағыз өз еңбектерімен байыған адамдар.
Төре 2017-04-10 07:38:43
Бүкіл Ұлы Жүздің аға Сұлтаны атағы жер жарған Тезек Төреде бар жоғы артында 700 (жеті жүз) жылқысы қалған! Қазіргі 25 жылда байыған байлармен салыстырып көрейік? Байлығының мөлшерімен есептесек, қазіргілердің қолына су "құйуға" жарамас еді?

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5723
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 11979