Жұма, 28 Сәуір 2017
14 Сәуір, 2017 сағат 12:29 Әлеумет 434 1 пікір

Жол азабын жүрген білер

Қазақстанда 2017 жылы 602 шақырым автомобиль жолы салынады, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазТАГ.

2016 жылы Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілген екен.

«Енгізілген өзгерістер бойынша 2017–2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 трлн теңгенің 23 жобасын іске асыру көзделген. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінді», – депті ИжД министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуына қарағанда, Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка сияқты ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ауыспалы жобада жұмыстар жалғасып, биылғы жылдың соңында аяқтау жоспарланған.

Министр атап өткендей, Республикалық бюджет және халықаралық қаржы институттарының (ХҚИ) қаражаттары есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаның реконструкциясы басталмақ. Олар: Ақтөбе – Мақат, Атырау – Астрахань, Күрті – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Балқаш, Мерке – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жаңаөзен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисовка, Щучинск – Зеренді, Астананың оңтүстік-батыс айналма жолы, Осинов асуы, Таскескен – Бақты.

Бұл екі арада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері Алматыдағы «Алтын Орда» базары маңындағы жолдың қашан қайта жөнделетінін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстары cәуір-маусым айларында жүргізіледі. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің тапсырысына сәйкес, 2016 жылдың IV тоқсанында республикалық бюджет есебінен «Алтын Орда» базары маңындағы 4 шақырымға созылған Алматы-Бішкек автожолын жобалау жұмыстары басталған екен.

Дегенмен, маман-сарапшылардың пікіріне қарағанда, ұзындығы небәрі 15–9 шақырым ғана болатын, 10 миллиард теңгеден астам шығынды қажет ететін бұл жолды кеңейткеннен гөрі, «Алтын Орда» базарын күре жолдың бойынан қашыққа көшірген арзанға түседі екен. Бірақ мемлекет жеке меншіктің есебіндегі базарды орнында қалдырып, халық қазынасы есебінен автокөлік тығырығы тыйылмайтын күре жолды кеңейтуге құлшынып отыр. Себебі белгілі: бұл базардың қожайыны – ел президентінің інісі Болат Назарбаев.

Сырым ДАТОВ

1 пікір
Дана Қазақ 2017-04-14 13:22:10
АБАЙ КЗ УКРАИНАГА БАРЫП СААКАШВИЛИГЕ УШ СУРАК КОЙЫНДАР. 1. ГРУЗИЯДА КАЛАЙ ЖОЛ САЛДЫНЫЗ. 2. КАЛАЙ ЖЫЛДАМ УЙЛЕР САЛДЫНЫЗ. 3. КАЛАЙ ТУРИЗМДI ЖЫЛДАМ КОТЕРДIНIЗ. Осыны АЙФОНга тусiрiп алып келiндершi.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2469
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3240