Жұма, 29 Наурыз 2024
Көкжиек 8353 10 пікір 14 Сәуір, 2017 сағат 12:42

Таптаурын қағида деп Елбасы нені меңзеді?

Жалпы, біздің елдің мемлекеттік саясатына аса қатты мін тағуға келмейді. Бәрін дұрыс айтады, нұсқаған бағыттары да көңілге қонарлықтай. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жайында да осыны айтуға болады. Дегенмен, дәл осы мақала бұрынғыдан мүлдем өзгешелігімен ерекше назар аудартады.

Елбасы өзі атап көрсеткендей «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін еместігіне» шүбәсіз сенуіміз керек.

Қазіргі таңда шынын айту керек, біздің зиялы деп атап жүрген топтарымыздың да, іс басында отырған элитадағы танымал өкілдеріміз де тым ескіше ойлайды. Кеше осы мақала шығар-шықпаста бір топ «зиялы» сап түзеп алдымен шықты. Оларды бәрі таниды да, біледі. Қайсы бірін әсіре жағымпаздығы арқылы жұрт танып, тіпті жек көріп кеткен. Сондықтан, ондай жағымпаздар дұрыс бірдеме айтса да, ел күле қарап, сөзіне де, өзіне мән бермей жатады. Ел ішіндегі ондай санаулы пенделер  үшін өмір сүрудың мәні шолақ белсенділікпен науқаншылдыққа бой ұру, жағымпазданып-жарамсақтанып күн кешу болып кеткендей. Қайталап айтайын, мұндай әрекеттен халық әбден мезі болды, әркімге жиіркеніш тудыратын жағдайға жетті.

Жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз үшін шынайы болмысымызбен адал еңбек етуіміз қажет қой.  Шын мәнінде, бүгінгі күні адал еңбектің құны көк тиын деп шорт кеспей-ақ қояйын. Бірақ, тым мардымсыз. Белгілі бір ұйымда барынша әділ жүріп, тер төгіп еңбек етіп көрші! Сол мекемеде алдымен тізгін ұстап отырған түрлі деңгейдегі басшы-қосшыларға көз түрткі боласың. Сол адалдығың мен еңбекқорлығың үшін шеттетілесің. Мұны мәдениеттің қай түріне жатқызуға болады?!

Елбасының «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» дегенді және «Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» дегені: әкім-қаралар мен шенеуніктерге қаратылған сөз шығар.

Сондықтан, осыдан кейін түрлі шенділер мен шекпенділер қыруар қаржы жұмсалатын артықшылықтарынан біртіндеп болса да бас тартулары керек. Мысалы, топ-тобымен оққағарлар ұстау, қымбат көлік мініп өздерін құдай санауларын және жалақыларын тым көбейтіп жібергендерін сезіп, азайтар деп үміттенейік.

Мемлекет басшысының жазуына қарағанда, біздің ел білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылған екенбіз. Бірақ, соны кім, қалай игеріп жатқанына назар аударылғаны жөн секілді. Қазір жоғары білім жүйесі терең дағдарыстың ми батпағына белшесінен батып тұр. Білікті мамандар ғылым мен білім саласынан кетіп жатыр. Мұның басты себебі, ЖОО мен ғылым саласының менеджментінде орын алған қателіктерде болып отыр. Қысқасын айтқанда, ол жерлерде көзбояушылық, біліксіздік, сыбайластық-жемқорлық, парақорлық, жершілік кең етек жайған.

«Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды» - депті, Елбасы. Бұл өте маңызды мәселе. Бізде теріс болсын, дұрыс болсын, басшының айтқан жөн деген қасаң үрдіс нық қалыптасқан. Плюрализмнің мінбері болатын Парламентте, БАҚ жүйесінің өзінде бірер басшының көзқарасы ғана бәріне күшпен таңылады. Депутат спикердің қас-қабағын бағады, БАҚ атаулының бәрі дерлік шенеуніктердің құлақ кесті құлына айналып барады. Елбасының «...өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ» дегені осы жайды меңзеген болса керек.

«Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады» - дегенді бұл салада шынайы әділ сайлау жүргізуді, саланы түбірімен өзгертуді атап көрсеткен деп түсінемін.

Өйткені, мұндағы ғылыми орта әбден былыққан. ЖОО лауазымдыларының ақша жинап, қалтасын толтыратын «бау-бақшасына» айналған. Соған көз жеткізгендіктен ел Президенті Н. Назарбаев мақаласында  «жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру» деген фразаны қолданды.

Неге? Әрине, аталмыш білім ошағын өзінің түпкілікті функциясына сай етіп, қалпына келтіріп, кафедраларды атына заты сай  қылу арқылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етуге болады.

Ұлттық аударма бюросын құра отырып,  әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығарумен қатар үздік көркем әдеби туындыларды да түпнұсқадан ана тілімізге аударылғаны абзал.

Елбасы музейлер мен галереялар қорын байыта түсуді мақалада ерекше атапты. Олай болса, Астанада музейлерді оңтайландыруды, біріктіруді, қысқартуды қолға алғалы жатқаны мемлекет басшысының идеясына қарама-қайшы болғалы тұр. Бұл да ойландыратын мәселе. Сөз бен істің бірлігі болмайынша даму мүмкін емес.

Елбасы бағытты айқындап берді. Ендігі кезекте оны жүзеге асырушыларды қатаң сынақ күтіп тұр. Жабыла мадақ айтып, «су аяғы құрыдымға» жібереміз бе, әлде, шынайы болмысымызбен өзгеріп, басқаша қадам жасаймыз ба, оны уақыт көрсетер. Қалай болғанда да, компартия пленумынан кейін шулап-шулап, екі айдан соң бәрін ұмытатын советтік таптаурын қағидалардан арылғанымыз жөн.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576