Жексенбі, 23 Шілде 2017
Мәңгілік ел 896 5 пікір 18 Сәуір, 2017 сағат 15:13

Жанарбек Әшімжан. Ұлтқа тасталған ұран

 

 

Ұлтқа тасталған ұран

 

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын астын сызып отырып үш қайтара оқып шықтым. Сосын «бұл тек мақала емес, келесі кезеңдегі ұлттық дамуымыздың тұғырнамасы!» деп қабылдадым. «Идеология жоқ!» деген сөз жиі айтылады, меніңше, ендігі жердегі идеологиялық бағытымыз осы құжатпен тікелей байланысты болу керек! Бұл – әбден пісіп-жетілген, ел күткен ең ірі оқиға!

Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр болды! Дүние-диірменнің үстіңгі тасы бір ретте айналмағанмен, астыңғы тасы шыр айналып, құмсағаттай құбылып тұр. Есік-терезені тарс бекітіп алып, сыртпен байланысын үзген елдердің үзеңгі бауы бырт-бырт үзіліп жатыр. Ал, есік-терезені ашық-шашық тастасаң аулаң жын-жыбырға, саяси ақылмандарға, опа-далапқа шыланған поп-мәдениет пен діңкеңді құртатын түрлі діни қауымдарға толып кетеді. Әрине, Қазақстан — төрт қақпасына күзетті мықтап қойып, әлекедей жаланған әлеммен ашық байланысқа түсіп жатқан ел. Осындай «бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» алатын осындай жаһандану жағдайында «алыптардың ойынына» жұтылып кетпей, елдік тұтастықты сақтай отырып дамудың негізгі алғышарты – Елбасы айтқан «Ұлттың рухани  коды»! Бұл – бұған дейін айтылмаған, бәлкім, уақыт пен кеңістік айтқызбаған тың мәселе. Мемлекет басшысы осы көзқарасы арқылы жаңа тарихи кезеңнің басталғанын сезіндірді.

Президент: — Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын, — деп кесіп айтты.

Расында, өткен тарихымызға тас атып, ғасырлар бойы бабадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүр-салт пен әдет-ғұрыптарға санасындағы діни ұстанымдарын қарсы қойған дүмшелер мен «сәлделілердің» сәнімізді қашырып тұрғаны айдай ақиқат!

«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімдегі алты тармақтың алтауы да – ендігі Тәуелсіздік идеясының белағаштары болу керек. «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» — расында реализм мен прагматизмнің басты құндылықтары болу керек.

Ал, «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімнің негізгі тұғыры – ұлттық патриотизм! Ашығын айту керек, бізде патриоттық сезімді ұштау бағытында сағат сайын, сәт сайын небір жобалар жасалуда. Бірақ, соның дені алаулатып жалаулатқан науқаншылдық, құмыраға отырғызған жасанды гүл секілді әсер қалдыратынын несіне жасырамыз?!.

Нұрсұлтан Әбішұлының: «Мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жерін қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Сондықтан туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңыз­ды көрінісі», — деген ойы Қазақ жерінде тұратын барлық ұлыстарға қаратып айтылған сөз деп қабылдауымыз керек.

Ал, әліпби – бірнеше жылдан бері мамандардың талқысына салынып, уақыт өткен сайын иі қанып келе жатқан мәселе. Расына келсе, әліпби – қып-қызыл саясат. Біздің ұлт әліпбидің әлегін сан рет бастан өткерген. Сондықтан, әлемдік көштің басында тұрған латын қарпі біздің басымызды одан сайын азат етпесе, мазақ етпейді!

Қысқасы, Елбасы мақаласында әдебиет пен өнерге, тарихқа, білім беру ісіне, туризм, бәсекелестікке қатысты Үкіметтің алдына нақты міндеттер жүктеді. Және зиялылардың басын біріктіріп отырған Қазақстан Жазушылар одағы мен Ғылым Академиясына, өзге де қоғамдық ұйымдардың жаңа тарихи кезеңді сезіне отырып, Тәуелсіздік идеясы бағытындағы игі істерді жүзеге асыруға шақыруы – ұлтшыл азаматтардың иығына артылып отырған үлкен сенім деп бағалаған жөн.

«Орағың өткір болса, қарың талмайды,

Отаның берік болса, жауың алмайды», — дейді халық нақылы.

«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді», «Жақсы өмір сүру үшін – жақсы ойлау керек» деген нақыл бар. Ал мемлекет басшысының бас басылымда жарияланған мақаласы азамат ретінде өзімнің жеке басымды қуатты да жақсы ойларға жетеледі. Осы жылдар ішінде кезең-кезеңімен түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды. Оның көбі экономикалық-әлеуметтік, саяси салмағы басым дүниелер болды. Ал, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» — ернеуінен жел гулеп, ауласын алабота қаптап кеткен идеологиялық кеңістігімізге қан жүгіртетін, болашағымызға бағыт сілтейтін, ұлттығымызды сақтауға шақыр­ған ҰРАНДАЙ әсер еткенін жасырғым келмейді…

Расында, бұл – ұлтқа бағытталған Ұран!

Жанарбек ӘШІМЖАН, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі

 

Озық ойдың жемісі

Елбасының «Егеменде» жарық көрген мақаласы бәріміздің көкейімізде жүрген арман-мақсаттың үстінен дөп түсті десек, артық айтқандық емес.

Ол тілді айтты, ділді айтты, дінді айтты. Қысқасы, тәуелсіз елге керекті дүниенің бәрін түгендеп, елдің ертеңгі өміріне нақты жоспар жасады. Ұлттық сананың қалыптасып, одан әрі дамуын жік-жікке бөліп, жұрттың жүрегіне жылы тиетін жолдарды көрсетіп отыр.

Соның ішінде, мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы бір күннің емес, бірнеше жылдарға созылған кемеңгер ойдың, сұңғыла сананың жемісі екені ақиқат. Өлкетану мен абаттандыру жұмыстары және тарихи ескерткіштер мен мәдени нысан­дарды қалпына келтіру шараларын қазірден бастап қолға алмасақ, «әттеген-айлап» қалуымыз да мүмкін. Сол себепті, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастап жабыла орындауға тиіспіз. Бұл – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге бірден-бір кепіл.

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деді Елбасы. Мақалада айтылған осы жолдар­дан-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерге деген ыстық ықыласын, зор махаббатын аңғаруға болады емес пе?!

Ендеше елін сүйген Елбасымыз барда біздің де аянып қалғанымыз жарамас. Қолдаймыз. Қуаттаймыз.

 Қазақбай ҚАСЫМОВ, «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы

Abai.kz

5 пікір
Салимжан 2017-04-21 12:47:31
Сіз, Төре - "Кеңес кезіндегі тәрбие алған екі жүзділер, біздер түгел өліп, жаңа буын келу керек. Сонда ғана қоғамымыз түзелуі мүмкін ..." - деп түңілмеңіз. Адам баласы өзгергісі келсе өзгереді. Сол болашақ ұрпақты, салауатты, салихалы жолға салатын, кезінде коммунисттерден "таяқ жеген" біз сияқты "битый волктар" тәрбиелемегенде кімдер тәрбиелейді?! Жастарды бірінші кезекте Отансүйгіштікке, Еңбекқорлыққа, Адалдыққа, Ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Мамандық иесі болуға итермелеу керек. Мамандықсыз, жұмыссыз үйінде әкесі мен шешесінің зейнетақысынан тамақ ішіп, мешітте болатын Жұма намазды күтіп, жайнамазын құшақтап жүрген боз өкпе нақұрыс қылып тәрбиелей берсек, онда, түптің-түбінде Ауғаныстаннан да асып кеткен нақұрыс ел боламыз да, шыға келеміз. Бәріде өзіміздің қолымызда. Арамтамақ, жатыпішер балалардың ешқайда да қажеті жоқ!!!!
Төре 2017-04-19 21:11:09
Мемлект идеологиясы болу керек... Ол қандай идеология, кеңес өкіметіндегідей жалған болмау крек... Жалған идеология жалғандыққа тәрбиелейді. Ол адам баласын екіжүздікке итермелейді. Біздер кеңес кезінде тәрбиелендік, сондықтан ішкі ойымыз бен айтпақ пікіріміз екі бөлек. Көбіміз екі жүздіміз, оны мойындағымыз келмейді. Сананы тұрмыс билеген заман... Бұрында қазірде шындықты айтсаң, айтқан адам "алапес" атанады? Сондықтанда ондай мемлекет кері дамыйды? Қазірден бастап осыны қолға алу керек. Ол өте күрделі. Ал біздер түзелмейміз. Кеңес кезіндегі тәрбие алған екі жүзділер, біздер түгел өліп, жаңа буын келу керек. Сонда ғана қоғамымыз түзелуі мүмкін ...
Тілекші 2017-04-19 17:19:07
Соның ішінде, мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы бір күннің емес, бірнеше жылдарға созылған кемеңгер ойдың, сұңғыла сананың жемісі екені ақиқат.... Сұңқылдат, шіркін, сұңқылдат! Мырзатай, Бақыткүлдерден озып кетулеріңе тілектеспін!
Төре 2017-04-19 10:48:11
Ей Қазақ, менің түбіме сен жеттің. Ал сенің түбіңе менің бір ұрпағым жетеді! ... Қалмақ данасы айтқан, деген аңыз бар... Анығын бір Алла ғана біледі?
Мәлік Бекарыс 2017-04-19 00:35:15
Латынға көшуді аяқтап та тастаған елдер бар емес пе? Және,біреу емес-бірнеше. Солардың ісін тың бастама,шалт қимыл,батыл шешім,ұлы қадам ретінде қабылдауға болады. Ал,біздің ісіміз қозғалып кеткен көшке ілесу сипатты. Аптап ыстықта пытырлап жанып,лезде сөніп артында күлі де қалмайтын шөліркеген даланың бейшара қурайларындай боп кетті қайран қазақ! Лап етіп мақтай жөнелеміз, осы індеттен қашан,қалай құтыламыз,-білмеймін.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21564