Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017
46 - сөз 682 1 пікір 19 Сәуір, 2017 сағат 22:31

«Жақсылық жасаймын деп...»

(Түнгі әңгіме)

Ауыл әлде бір ұйқысыз жанға беймәлім терең ұйқыға кетіпті. Қыс екеш қыс та бұған бөгет бола алмапты. Есесіне қалың жауған ақ ұлпа қарды мақта көрпе етіп оранып алғандай. Арагідік кейбір иттер ғана тау жаққа қарап өзінің сақшы екенін дәлелдемек болып үріп қояды. Өткен күні жауған қар беті айқыш-ұйқыш іздерге толған. Мал мен иттердің іздерімен шиырланса да адамның басқан іздері ерекше сайрап жатыр. Кешегі жауған қар да қанша тырысса да іздерді жасыра алмапты. Осынау адам іздеріне қарап олардың қандай адам екендерін, қандай күй кешіп қар басқандарын байқауға болатындай. Тіпті кейбір алғашқы іздерді келесі бір іздердің басқаны көрініп тұр. Иә, өмірде де осындай қанша ғасыр өтсе де іздерін «қарлары» жасыра алмаған өнегелі тақуалар бар десеңізші. Әйтсе де біз солардың ізін өнеге тұтып баса алдық па екен?! Соның бірі сонау хижраттың үшінші ғасырынан кейінгі жылдарда ғұмыр кешкен аты беймәлім болса да заты мәлім Мәккидің тақуа қызы еді. Әл-қисса:

Бірде Абдулла ибн Ахмәд ибн Бәкір ол туралы былайша әңгімелейді. Әбул-Хасан әл-Мәккидің Меккеде тұратын салихалы тақуа бір қызы бар еді. Оған әкесі жылына отыз дирхам жіберіп, сол қыз сонымен күн көретін еді. Бірде сол Әбул-Хасанның көршісі әт-Тәммар деген кісі сол қызға қатысты өзінің басынан өткен оқиғасын айтып берді. Соны өз аузынан көркемдеп тыңдалық.
«Қажылыққа кетіп бара жатқанмын. Көршім Әбул-Хасанға барып батасын алмақ болдым. Ол маған ақ жол тілеп қолыма ақша ұстатып: «Мынаны Меккеде пәлен көшеде тұратын қызыма бер» - деп аманат тапсырды. Меккеге келгенде аманатты бермек болып әлгі тақуа қызды іздей бастадым. Алғашқыда «таба алсам болар еді» деген ой келген еді. Сөйтсем елдің бәрі әлгі қызды танитын болып шықты. Құлшылығы, ғажап мінез құлқы, елге насихаты, жүріс-тұрысы бәрі де халыққа аңыздай тараған екен. Ешбір жаннан садақа да көмек те алмайды екен. Меккенің не бір байлары кірпігін қақса қол ұшын беруге даяр. Тіпті бай болып өмір сүруіне болады. Бірақ ол ешкімнен бір дирхам да алмайды. Сосын маған бір ой келді. Осындай тақуа қызға ақшалай көмектесіп елдің ала алмаған сауабын алсам, қандай ғажап болар еді! Әйтсе де қалай берсем екен? Иә, дәл солай беремін. Әкесінің жіберген отыз дирхамының арасына жиырма дирхам қосып әлгі қызға елу дирхам ұсындым. Ол ақшаны алған соң: «Әкемнің халі қалай, жақсы ма?»- деп сұрады. Мен: «Иә, әрине, сәлемі бар» - деп жауап қайырдым. Ол сөзін әрі қарай жалғап: «Жоқ, әлде дүние жинап, қолын былғап Алла Тағаламен болған көркем қатынасын жоғалтып алды ма?» - деп сұрады. Мен сөзге тосылып: «Жо-жоқ, сол баяғы бәз қалпы» - дедім. Ол көзін төмен салған күйі: «Мына ақшаға сіз ақша қосқаныз ба?» - деді. Мен сасып қалып: «Иә, оны қайдан білдің?» - деп сұрадым. Ол: «Әкем маған жылда отыз дирхам ғана жібереді. Одан артық жіберуге оның әл-ауқаты көтермейді. Ол тақуалық өмірін өзгертіп дүние жинауға кіріссе ғана көп қаржы таба алады. Егер сіз әкемнің дүние жинауға бет бұрғанын айтқаныңызда мен мынаның ешбірін алмайтын едім. Әйтсе де мына ақшаның бәрін қайтып алыңыз!- деді. Мен оған: «Жарайды, әкең ондай болмағанына қарағанда онда неге барлық ақшаны қайтарып тұрсың қызым?» - дедім. Ол: «Мен не әкемнің не өзімнің тапқан табысынан өзге ешбір пенденің ақшасын алмаймын. Біреудің қай жолмен тапқаны белгісіз дүниені мен қайтпекпін» - деді. Мен одан сайын сасып: «Жарқыным, жарайды ендеше онда отыз дирхамын алып, қалғанын кері бермеймісің? – дедім міңгірлеп. Ол әу бастағы бәсең дауысының қалпын бұзбай: «Егер әкемнің жіберген ақшаларын танығанда оларды алатын едім. Ал қазір ол сіздің ақшаларыңызбен араласып кеткен ғой. Сол себепті ала алмаймын» - деді.

Амал жоқ, ақшаны бәрін кері алып іштей өзімді қарғап-сілеп қажылықтан соң елге қайттым. Ақшаны түгелдей әкесіне бермек болып ұсындым. Оған болған жайды түгел баян еттім. Ол ұсынған ақшаны алмады. «Мына дирхамға сенің ақшаларың араласып кетіпті. Ендеше мұны ала алмаймын» - деді. Мен бір жағынан одан сайын таңырқап, бір жағынан өзімнің ісіме іштей күйіп кетіп: «Енді мен не істеймін?» - деп сұрадым. Ол азырақ ойланып тұрды да: «Ең дауасы кедейлерге тарқат!» - деді. Мен бір жағынан амал табылғанына қуанып, бір жағынан жақсылық істеймін деп залалым тигеніне іштей қуарып сол ақшаның бәрі кедей-кепшіктерге таратып бердім».

Мұхиддин Иса

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір
Бәйел 2017-04-22 10:38:51
"Тарқат" пен "тарат" сөзін айыра алмай ма?

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5739
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 12011