Жексенбі, 20 Тамыз 2017
Мәңгілік ел 931 13 пікір 21 Сәуір, 2017 сағат 09:44

Мәңгілік ел һәм Елбасының ерлігі

 

1. Тарихтың өткені сабақ, болашағынан қапы қалмайық

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз!

                                                                            Нұрсұлтан   Назарбаев,

                                                                  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:

                                              жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан.

 

Жер төсінің кіндігінен көтерілген зымыранның әп-сәтте, тіпті көзді ашып жұмғанша ғарыш кеңістігіне шығатын бүгінгі шапшаң заман үшін қазақ елі Тәуелсіздігінің  жиырма бес жылы да  қас-қағымдық сәт. Алайда, тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орны, беделі мен абыройы дүние құрылығындағы талайғы бір  ертеден қалыптасып, ертеден қуатты мемлекет болып орныққан елдерден кем түсіп отырған жоқ. Бұл-бір ғана адамның, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі мен жігерінің, ақылы мен парасатының, даналығы мен даралығының, көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасы екендігін айтар едік!

Біз тәуелсіздікті кеңес үкіметінен қалған ауыр зардаптарымен қабылдап алып едік. Бұл зардаптар сонау патшалық Ресейдің отарлау саясатынан басталып, коммунистік жүйенің өктемдігімен жалғасып жатқан-ды. Жаратылысынан тұла бойында адалдығы мен өзгеге деген сенгіштігі бар, жатты жақынындай сыйлар адал ниеті бар, «кең болсаң кем болмассың» деген пейілі бар Ұлы даланың кеңістігін жайбарақат жайлап жатқан бейкүнә қазақты «бөліп ал да, билей бер» саясатымен жіктеп, жіліктеп алғандар өздерінің жат тілдерімен, жат діндерімен, жат ғұрыптарымен өзегімізге құрт түсірді.

Қазақтың рухани жан дүниесіндегі сол жегі құрт әлі де тірі, әлі де ой мен сананы жеп жатыр. Сол жегі құртты жоямыз, жегізбейміз деген ұлт саналыларын кеңес үкіметі түрлі залымдық саясатпен тірідей көмді, жалған жаламен атты, асты, жер аударды.  Есімдерін атамақ түгілі, көбінің сүйектерін де тапқызбай қойды.  Ұлттың қаймағын ойсырата сыпырып, мұның ақырын халқымыздың ашаршылыққа  ұрынуына әкеліп бір тіреп алды да,  Ұлы Отан соғысының қанды қырғынына түсірді.

Тап жауларын да, халық жауларын да аптығып «жеңе» білгендіктен, Отан жауы фашистерді де  ойсыратып, жусата жеңдік. Енді тынысымыз кеңір, енді жақсы тұрмыс болар, енді көсегеміз көгерер деген едік. Соры қалың халқымыздың бұл үміті де ақталмады. Қазақтың жерін игеру керек деген, ұранмен «целина» шықты алдымыздан. Обалы нешік, қазақ даласына жаңа тракторы мен соқасы да келіп жатты, солардың құлағын ұстайтын комсомолдық жел көңілділер де ағылып келіп жатты. Бірер жылдың ішінде өз ата бабасының жерінде қазақтың саны азайып шыға келді. Аз халықты аздыру да, тоздыру да оңай болды. Соның басы қазақтың тілін керексіз етті. Қазақ мектептері де, қазақ газеттері де жабылып жатты. «Сендерді нанға да тойғыздық, тәрбиелеп адам қылдық, білім бердік» деп миды шайқап, насихат айтты. Осылары рас шығар, бекерге қазақ болып туған екенмін дейтін дүбәра ұрпақ жетіле бастады. Олар жетілген сайын қазақтың соры да қалыңдады. Енді келімсектердің сөзін сол дүбәралар сөйлейтін болды, солардың сойылын өз халқының маңдайына сол дүбәралар соқты. Келімсектер масайрап, іштен күліп, өз құлдарының қылығын рахаттана қарап, бақылап тұратын болды. Біз сөйтіп, сол кезеңдерде тұтас қазақ ұлты болып қалыптаса алмадық.

Міне, біз осындай да сорақылықтан сорымыз қайнаған халық едік. Сол соры қайнаған, былайша  айтқанда «мың өліп, мың тірілген» қазақтың аяқасты болып жатқан басын да, намысын да жерден көтеріп алған тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев болатын!

Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік жағдайы да аса қиын болды. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос қалып жатты. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Өзге дүниені қойып, қара сабын іздеп сабылдық. Міне, сол жоқшылық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақтығыстар мен берекесіздік жайлап бара жатқан тұста, «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән де кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев  тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шықты. Иә, шықты да Қазақ елінің ұлы тарих сахнасындағы көшін бастап, әлемге жол тартты. Сөйтті де, Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашты!    

Біз өз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан астам кезеңінде Елбасының ақыл парасатымен, басшылығымен экономикалық-әлеуметтік салада  сәтті жаңғыруларды өткіздік. Нұрсұлтан Назарбаев  жыл басында халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялап,  саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыру қолға алынды. Елбасы Қазақстанды  әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуының барлық алғы шарттарын жасай алды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құра отырып, тұрақтылықтың кепілі  бола алатын мемлекет құрудың назарбаевтық моделін қалыптастыра білді. Сол назарбаевтық модел қазір әлемге үлгі бола алды. Бір ғана біздің еліміздің Көшбасшысының әлемдік саясаттағы беделі мен бітімгершілік рөл атқаруы осының айғағы.                  

Енді біз рухани жағынан жаңғыруымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  ғаламдық философиялық терең мәні бар тұжырымды еңбегі тағы да сол қазақ еліндегі, тіпті әлем бойынша тұрақтылық пен бейбіт өмірлі мемлекет құрудың назарбаевтық моделінің  бүгінгі және келер ғасырлардағы Адамзат баласының болашағы жайлы  ойлы  жалғасы дер едік.

Сананың жаңғыруы-ұлттың сапалық жаңаруы

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. 

                                                                  Нұрсұлтан Назарбаев,

                            « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінен.

Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек,өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болса етті деген ой жатқандай. Енді  біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі , өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілет пен  сезім түйсігін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендей.

Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  пайымды көзқарасын қызыға оқып шықтым. Әлі де оқып, әлі де зерделеу үстіндеміз.  Бұл жай бір мақала емес, бұл бүгінгі заманның айнасы, болашақтың бағдары.  Елбасы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың негізгі  тұғырнамасын терең саралай отырып, ғаламдық философиялық тұжырым жасағандығын айту абзал.

Елбасының осы сананы жаңғырту философиясы бір ғана біздің, яғни қазақстандықтардың ғана емес, әлем халқын, барша Адамзатты ойландырар  ұстанымдамын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жалпы Адамзаттық мәселені алға тартып отыр.Ендігі адам баласы қандай болуы керек және де бүгінгі аласапыранды заманда өзінің адами бітім болмысынан ажырап, тіпті ой санасы адаса да бастаған адамзаттың не істеуі керек? Елбасы осы бір өзекті  мәселеге жауап береді.

Біз ендігі әңгімемізді өзімізге, яғни, Елбасының «еліміздің мықты,  жауапкершілігі жоғары  біртұтас Ұлт болу көзқарасымен» байланыстыра  айтар болсақ,  бұл мәселенің әбден орынды айтылғандығы көңілден шықса керек. Өйткені ХХІ ғасырда қалыптасар ұлттық санамыз  біздің ұлт есебінде сақталып қалу мен Мәңгілік ел болу ұлы мұраттарының жүзеге асуының алғы да басты шарты болары анық. Осы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана жайында айта келіп Елбасы  «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»-, дегенді алға тартады. Өйткені  аузымыздың суы құрып айтып келген батыстық жаңғырудың бүгінгі заманның болмысына сай келмей, ол әлемде кей жағдайда наразылық  тудырып отырғандығы  да бар.  Әр ұлттың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ойлары мен ізгі амалдарын және де жақсы кісілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұрпын сақтау бүгінгі күні жалпы адамзаттық үлкен мәселеге айналып отыр. Адамзат өмірі мен тұрмысына ғылым мен техника жетістіктері және ақпараттар ағыны араласқалы кез-келген ұлттың санасына ауыр салмақ түсе бастады. Ол салмақ ұлттың санасына  иделогиялық және  саяси жүк болып артылғанын да бағамдар едік.

«ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында»-, деген Елбасының тұжырымына тоқтай отырып, қазіргі заманның қазіргі ахуалын алыңыз. Батыс өзге халықтар үшін ар мен ұяттық әдептерді мойындағысы жоқ. Кейде бей-әдеби, тіпті адам баласының жаратылысына жат, тіпті тағылық әрекеттерді заңдастыруға дейін баруы, мұны «демократия, адам құқығын сыйлау» деп дәріптеп, сол бей-әдеби қағидалар әлемнің кез-келген елінде көрініс табуы керек деп талап та қойып жатады. Бәлкім, содан да болар бүгінгі күні батыс пен шығыс арасындағы және де түрлі діндер арасындағы аяусыз қарулы қақтығыстар  барған сайын өршіп тұр. Тағы да бәлкім бұл әр халықтың өз ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақтап қалу және таза күйінде сақтап қалудың қақтығысы да болар.

Әрине,  біз бейбіт өмірді де, кез келген халықтың өзіне тән ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақтап қалуды қарулы қақтығыстар арқылы шеше де алмасымыз анық. Бұл орайда біздің Елбасының ұстанымы, кез-келген даулы мәселені келіссөздер арқылы бейбіт жағдайда шешу және ендігі дүниені революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен өркендету  мәселесін тағы да алға тартып, айтып отырғандығы бүгінгі жаһандану заманының  әлемдік ұстанымына айналуы керек. Өйткені кез келген революцияның да кез-келген төңкерістің де, кез-келген қарулы қақтығыстардың  Адамзат баласына әкелген қайғысы мен қасіретінің  тек бір ғана ХХ ғасырдың тарихынан-ақ ой түюге, сабақ алуға  болар еді.

«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»-, деген Елбасының осы бір өте маңызды мәселесіне орай ой қосар болсақ, ендігі арада біз де сол ұлттық кодымызды сақтау мен соны дүниеге келген, алдағы уақытта да дүниеге келер ұрпағымыздың бойына қалай сіңіреміз деген мәселе ойландырса етті. Ал, бұл орайда ойланатын мәселе бар деп санаймыз.

Әуелі біз өзіміздің бүгінгі ұрпағымыздың бітім-болмысындағы, яғни, ұлттық санасындағы  ұлттық кодты қалай қалыптастырамыз?  Осы аса күрделі де аса маңызды мәселені шешудің төте жолын Елбасы  өзінің  « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтып та,  көрсетіп те беріп отыр. Елбасының «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау» сияқты ұлттық кодты сақтаудың алтын арқауы боларлық қағидаттарды айтады. Ал, енді бәсекелікке қабілетті ұлт болу мәселесін Елбасы бұдан бұрынғы өз Жолдауларында сан мәрте айтқан да болатын. Бүгінгі бәсекелестік ауылымыздың қотанынан асып, әлемдік деңгейге жетті.

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек»-, дейді Елбасы. Сондықтан да Елбасының  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты алға тартып отырған факторлары біздің қоғамның берік ұcтанымына айналып, осы бағытта тынымсыз жұмыстар жүргізуді талап етеді. Сол үшін де  Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы ол біздің  халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына  сай даярлаудың  алғашқы қадамы екендігін  үлкен бір жанашырлықпен айтып отыр.

Елбасы прагматизм мәселесіне келгенде «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес»-, дейді.  Біз үшін аса маңызды да қажет жай осы деп білеміз!

Бұл орайда Елбасының «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі»-, деген ұлағатты сөзін ендігі арада әрқайсымыздың әр ісімізде, күнделікті тұрмысымызда санамызда жаңғырып тұруға тиісті.

Елбасы айтып отырған «Ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» мәселесі жасыратыны жоқ біздің қоғамды толғандырып отырған мәселенің бірі.  Елбасының тағы да айтып отырған «ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» деуі зор адамгершілік қасиетке ие болудың  амалы болса керек деп санаймыз. Бұл  орайда Елбасының осы бір айтқандарынан  Абай хакімнің «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ,  бес дұшпаның білсеңіз» деген кеселден арылудың қажеттілігі  бізге әлі де сын екендігін сезінеміз. Және тағы да сол Абай хакімнің  «Өзіңде бармен көзге ұрып,  артылам деме өзгеден»,-деген  ғақлиятымен ұштасып жатқан Елбасының  айтқандары  осы күндері киген киімдері мен мінген көліктеріне, ішкен астарына, салған үйлеріне, өзге де байлықтарына шейін  қымсынбай да ұялмай да жар салып, «жарнамалап» жатар осы күнгілердің  бойларына жабысып, дерт болып бара жатқан  кеселден сақ болу және де арылу  мәселесі  бізді бір сәтке  болса да ойландырса етті.

Қазіргі дүние  адамының ойлау қабілеті мен көзқарасы да, білімі де, ғылымы да көз ашпас шапшаңдықпен дамып келе жатқандығы соншалықты,   бүгінгі әлем «жаңа жаһандық болмыстың» қазанында бұрқ-сарқ қайнап, тіпті жұмыр жерді мекендеп отырған адам баласы тіршілігінің де  мазасы кете бастағандай. Міне, осы жағдайда Елбасы « Ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесін алға тартады. 

«Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек»,-  деген Елбасының осы қағидасы біздің ұлттық жаңғыруымыздың басты әрі мақсатты  міндетімізге айналуы қажет. Бұл жағдай біздің ұлттық санамыздың кемелдене түсуіне, көкжиегінің кеңеюіне және де бүгінгі мен келер замандардың талабына сай болуымыздың алғы шарттарының бірі екендігін ұғына түскеніміз абзал.

Елбасы өз еңбегінде ұлттық бірегейлік пен ұлттық санамыздың   алтын сандығында мәңгі сақталып, әрқайсымыздың ұрпағымыздан ұрпағымызға аманаттап тапсырып, өсиет қылып,  мирас етіп қалдырып отырар  қасиетті де құнды дүниелерімізді де  ашып айтады. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс»-, деген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  және де «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»-, деп ұлттық санамыздың қайнар көзін ашып көрсеткен деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең мазмұнды бұл еңбегі Елбасының мұның алдындағы «Ұлы Дала Ұлағаттары»  ой-толғауымен  бір мүддемен, ұлттық және жалпы жаһандану заманындағы жалпы адамзаттық мүддемен  сабақтасып жатқандығын атап айтар едік.  Елбасының  осы қос еңбегін ендігі арада қазақстандық қоғамда қалыптасып қалған түрлі жиын- жиналыстарда ғана  талқылап қоймай, бұл еңбектер  әр қазақстандықтардың қолында жүрер,   әр шаңырақтың  төрінде тұрар зерде кітабына айналса етті. Және де бұл еңбектер біздің мектептерімізден бастап, барлық оқу орындарының пәндік бір сабағына айналып, мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау кезіндегі  сұралар, олардың таным түйсігін  зерделер дүниеге айналса етті  дейміз. Сонымен бірге ,  aл тіпті «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғырудағы»  Елбасы айтып отырған « ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті»  және де «білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге» деген  қағидалар мемлекеттік қызметкерді қалыптастырудағы  бір ережесіне де  әбден жарары бар.

Рухани жаңару бізге аса қажет! Соны сезіне білу үшін  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» танымдық та тағылымды еңбегін оқиық, тағы да оқиық! Ой түйейік, зерделейік! Санамызды жаңғыртайық!

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

13 пікір
қазақ 2017-04-22 23:22:41
Мұндай жазушы барын оқырман білмейді, мен ешбір шығармасын көрген емеспін, қалай депутат болып жүр?
қазақ 2017-04-22 22:44:25
Сонда Елбасы осы депутаттың жағымпаздығын дұрыс деп қабылдайды деп ойлайма екен мына сабаз??? Елбасы оны дұрыс демейді ғой, мұндай жағынудың ол кісіге тіптен қажеті де жоқ, керісінше беделіне нұқсан келтіреді.
Есенғали, Антакиядан 2017-04-22 11:35:21
"Сол соры қайнаған, былайша айтқанда "мың өліп, мың тірілген" қазақтың аяқасты болып жатқан басын да, намысын да жерден көтеріп алған тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев болатын !" ******************************************************************************************** Көсеуші "кемеңгер" соры қайнаған қазақтың басын жерден көтеріп алмағанда ол бас Әмрика империализімі мен Жапония милитаристерінің добына айналуға шақ қалған екен ? ******************************************************************************************** Өмірімде талай көт жалағыш жағымпазды көрген едім (өзбек пен қарақалпақ ағайындар арасында), тап мынандай "сортын" көрмеппін ! ******************************************************************************************** Өзакалар тәуелсіздігін 1 қыркүйекте жариялады (1991), түрікпендер 26 қазанда, қырғыз бауырлар 31 тамызда өз тәуелсіздігін жариялады. Жабал деген жазушысымақтың "әулиесі" Мәскеуге жүз рет шапқылап өліп қалған СССР-дың премьер министрі болу арманымен Горбачевтің шашбауын көтермен әуре болды. Бір күн сау болса, үш күн мас Бөкең көсеушінің жұмсақ құйрығынан бір теуіп : "иди нах !" демегенше Мәскеуге жалтақтаумен жүрген көсекеңді мақтап отырған пендені кім дейміз ? ! ******************************************************************************************** Бұл Жабал сияқты жалбақайлар өздері "тупой" болса, жұрттың бәрін топас көре ме екен ?
Б.Ш. 2017-04-21 22:34:03
Әй , қатырдың Мақсұт! Мынаның жарты метр жерге дейін созылған , ұзын-сонар ОДАСЫН оқуға жүрегім айнып , жағымпаздығына қаным қарайып тұр еді , бір риза болдым!...Нәкең бір "мақала" жазбай тұр екен , "жаңғыра" қалып еді осындай "жапалақ жазушылар" да , трольші - "шәуілдек қандендер" де қаптап шыға келіпті ғой?!!!
Мақсұт 2017-04-21 22:03:15
Түр-пошымыңыз да, аты -ныспыңызда ...жағымсыздау екен, сөзіңіздің де пәтуәсі жоқтау көрінді. "Жазушы" болмай -ақ қойсаңыз қайтеді? Қайтесіз сол қасиетті ұғымның қадірін кетіріп? Әр заманның өз сұрқылтайын мақтап, шашпауын көтеріп, жантық- әңгімеңізбен көңілдін тауып жүре берсеңіз ешкімнен кем болмай күніңізді көресіз ғой... Сізге керегі де сол ғана емес пе?!
Әбу 2017-04-21 20:19:55
Жабал мырза, сіз соңғы жылдары тым белсене мақтауға үйір болып кеттіңіз, байқаңыз, Мырзатай Жолдасбеков көкеңіз 1-орнын қызғанып, тобығыңыздан қағып жібермесін.
Ажар 2017-04-21 13:58:15
Елбасымыздың еңбегінде айтылып отырған әр сөзіне құлақ асып, орындауға тырыссақ, онда міндетті түрде бізде даму болады.
Марал 2017-04-21 13:56:43
Абай атамыз да сонау заманда 5 нәрседен қашық бол деп жақсылап тұрып айтын кеткен.
Дидар 2017-04-21 13:55:45
Егер әрқайсысымыз әрдайым білім алып, ізденіп, жақсылыққа ұмтылып, алға дұрыс жоспар қоя білсек сананың өзгергені деп мен соны білемін. Яғни, алға жылжу, бір орында тұрмай.
Қуаныш 2017-04-21 13:53:09
Сананың жаңғыруы ұлтымыздың сапалық жағынан оң әсерін тигізері сөзсіз. Бағытымыз дұрыс.
Лаура 2017-04-21 13:49:50
Елбасымыздың жасап жатқан ерліктері туралы айтып түбіне жетпессің. Алға қойған жоспарларымыздың бәрі орындалуына тілектеспін.
Азамат 2017-04-21 13:02:39
Елбасының халыққа арнаған мақаласы көпшіліктің назарын аударды. Оны көпшілік қолдады. Әсере, латын қаріпіне көшуді көпшілік көптен күтті.
Жасұлан 2017-04-21 12:50:42
Расымен де сананың жаңғыруы-ұлттың сапалық жаңаруы

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 3110
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 7894