Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5435 1 пікір 24 Сәуір, 2017 сағат 09:13

Жаман жерден шықпапты, жақсы жерге келіпті

Қазақтың бәрі текті. Қазақстанның барлық жері киелі. Тексіз қазақ жоқ. Киесіз жер жоқ. Сенбесеңіз тойға барыңыз. Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік құдаласып жатса да, Арғынның қызын Адайдың ұлы алса да, Албанның қызы Керейдің ұлына тисе де, еститініміз осы сөз. Айналайындар-ау, ақыр бәріміз текті екенбіз, жеріміз киелі екен, оны қайта-қайта айта беріп не керек?.

Үлкен тойда алғаш болып сөз алған жігіттің кіші шешесі есебіндегі жеңгесі немесе әкесінің ағасы бастайды. Құдаларға сәл кішірейе, сәл ыңырана сөйлеп:

- Қыздарыңыз жаман жерге келген жоқ. Құдая, тәуба, өскен елміз, өнген әулетпіз. Руымыз ұлы жүздің ноқта ағасы. Жер қорғаған бәленше батыр бабамыз бен ел билеген түгенше ағамызды бәріңіз білесіздер. Солар біздің мақтанышымыз. Ал, мына қыздарыңызды алып отырған баламыз университетті қызыл дипломға бітірген. Қазір бәленбай деген компанияда түгенбай деген қызметте (айлығы 220 мың демей тұрғанда тоқтай қалса екен деп тілеп тұрасың) - но то пошло, қыздарыңды алғанына рахмет айтыңдар,-дей жаздап барып тоқтайды-ау.

Келесі кезек қыз жаққа келеді. Ол жақтың да көш бастаған көсемі, сөз бастаған шешені микрофонды қолына алар-алмастан көсіліп те, шешіліп те сала береді. Әуелгі сөз белгілі: «Біздің де қыз жаман жерден шыққан жоқ». Ал, кеп дәлелдейді дейсің. Оооу ғасырдағы бабасы мен кеше ғана аяқ асты байып, ауылға мешіт салған бауырларына жетем дегенше біраз тарих тілге тиек болады. Сөз соңында:

- Айконайдың өзін былай қойғанда, кіші сіңілісінің өзі кіші сіңілісінің өзі «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып жатыр. Келе алмады. Қазір тойдың ортасында ұялы телефонмен хабарласып барлықтарыңыздың көздеріңізше құттықтайды дейді. Сіз тұрасыз бір шетте, біздің Қанат та «болашақпен» кетті ғой деп.

Сөйтіп екі текті әулет тегін түгендеймін дегенше тексіз минуттар тентіреп алып кетеді. Құдай-ау бұл әңгімелер құдалыққа дейінгі әңгіме емес пе еді?. Жалпы реклама деген өтпей тұрған заттарға жасалмай ма. Жақсы нәрсеге ненің жарнамасы керек? Басқасын қойшы, бірін-бірі қалап қосылғаннан екі жасты бір-біріне мақтағаны несі?

Бұл ылғи көретін көрініс. Жаңалық емес. Егер былай болса жаңалық болар еді.

- Сіздермен құда болғалы қатты қуандық. Сіздерден ұялғанымыздан осы тойды жасап жатырмыз. Әйтпесе той жасап жырғайтындай жөніміз жоқ. Өзі үш ұл еді, үлкеніміз кісі пышақтап алты жылға сотталып былтыр ғана шықты. Екінші ұл қаңғып қалада жүр. Тапқанының бір тиын берекесі жоқ. Мына бала да кішкене тупойлау еді, сіздердің қыз қалай тие қойды деп таңғалдық. Махаббат деген осы екен ғой, - десе.

Өліп бара жатсақ демейміз. Жасай берейік. Бөрі арығын білдірмес. Баламыздың тентектігі, қызымыздың еркелігі бар шығар. Бірақ, оның бәрі әншейін нәрсе. Ең бастысы бабамыз текті. Мақтауға түк таппасақ әсем табиғатымыз бар.

Бейбіт Сарыбай

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3582