Сейсенбі, 30 Мамыр 2017
8 Мамыр, 2017 сағат 23:18 Әдебиет 1488 3 пікір

Біздің ауылдың боздақтары

Біздің ауылдан соғысқа 500-ден астам алынып, оның 300-ге жуығы қаза тапқан.

Бұл деректер Тынышбек Дайрабайдың «Сыр перзенттері» кітабынан алынды.

 

Бұл өзі мұңлы тарих көнермеген...
Бұл қазақ бұл ғасырда не көрмеген?
Бұл қазақ бұл ғасырда не көрсе де,
Тірліктің керуенін шөгермеген.

Қаңбақтай жел көтеріп қаңғалаған,
Күн өткен күрсініспен Аллалаған.
Сонда да күдерін еш үзбей кепті,
Үмітін үмітіне жалғап аман.

Ел еді көкіректе көп алаңы,
Жүдетті ақ патшаның зобалаңы.
Советтер деген тағы бір жау шығып,
Көтерсең, басың жерге домалады.

Етті де, астықты да салық қылып,
Қазақты тұралатты, тарықтырып.
«Халықтың жауысың» деп қанын төкті,
Аузынан асын жұлып алып тұрып.

Жік салды ел-жұртыма сынадайын.
Күй кешті әрі-сәрі бұл ағайын.
Байын да, кедейін де жауға санап,
Қазақты қырып салды қынадайын.

Мал баққан еркін елге құлдық ауыр,
Оқсатып талмау тұстан ұрды кәуір.
Ел қалды есеңгіреп, ес жыйа алмай,
Осының көрді бәрін біздің ауыл.

Санаңды үміт сөнсе қамалар мұң,
Түнекті серпіп қайта жаға алар кім?
Бойынан бес қаруын тастамаған,
Арманы осы ма еді бабалардың?!

Бабалар көксеген сол арман қайда?
Омалып орта жолда қалғандай ма?
Ұрпағы жаттың жерін қорғап өлді,
Кешегі әділетсіз қан майданда.

Қан майдан әділетсіз болған ауыр,
Тұрмысы түзелмеген, ол да жауыр...
Соғысқа бес жүз ұлын аттандырып,
Теңселді Мақпалкөлге қонған ауыл.

Сол ауыл біздің ауыл, соры қалың,
Төселген орыс келіп жолына мұң.
Үш жүзі бес жүз ұлдың оралмады,
Аһ ұрып, ақыретте болып ағын.

Қоңыр күй, қоңыр тірлік, қоңыр аймақ,
Тарихта таңбаланды болып айғақ.
Берлинді жеңді Мәскеу ойсыратып,
Жеңілген қазақ болды соры қайнап.

Боздапты тұрақ таппай кешқұрым нар,
Беймезгіл маңырапты ешкі мұндар.
Қалдырған жерді иесіз, елді иесіз,
Сталин мен Гитлер – жексұрындар!

Бір сөзді шемен болған қозғап қалдым,
Еске алар шейіттерін боздап халқым.
Төсенген топырағы торқа болсын,
Иманы жолдас болсын боздақтардың!

Бейбіт күн бақытына оранбаған,
Жар сүйіп, балаға әке бола алмаған,
Еске алып отырайық, дұға қылып,
Ерлерді сұм соғыстан оралмаған!

Нұрлыбек Саматұлы

Abai.kz

3 пікір
Марат 2017-05-12 09:06:00
Біздің ата-бабаларымыз осының бәрін бастан кешті. Ендігі ұрпақ көрмесе екен деп тілейміз. Ұрпағымыз қиындық көрмеуі үшін, бүгінгі біз мықты болуымыз керек. Мықты болу үшін білім керек, кәсіп керек. Сол арқылы қазақ бай болуы керек. Өткен тарихты көркем сөзбен көз алдымызғ әкелген авторға рахмет. Әсерлі жазылған.
Төре 2017-05-09 17:41:45
Нағыз батырлар, жауынгер батыр жауында сыйлаған! Ол соғыс! Соғыс кезінде не болмайды? Ашу-кек жауынгерге не істетпейді, бәрін істетеді. Құдай сақтасын, ондай бола қалса Сіздерде, мына менде қандайда болсын, кісәпір-қатыгездікке барамыз! Ол заңдылық, соғыс заңы. Менің бауырым Төре, Нәдірбайдың Сәдуақасы офицер болған, (жерқабар бермесін?), қырғын шайқастан кейін қолға түскен неміс офицерін "Nein, Nein?" дегеніне қарамай, қазақ сарбазына теріс арқалатып қойып, ішін қанжармен қақ жарып едім ... деп кейде, ішкенде өкінішпен еске алып, ... оныңда бала-шағасы бар шығар, деп отырышы еді... Иманды болғыр?! Осы қырғын соғысқа қатысып "ШЕЙІТ" болған біздің жауларымызда, өзіміздің әке-шеше, бауырларымызда бәрі, бәрі ИМАНДЫ БОЛСЫН!? Әзірше жер бетіндегі Адам-баласы соғыссыз өмір сүре алмайтын сияқты. Ол Құдайдың құлы мына біздерге түсініксіз? Анығын Бір Алла ғана біледі?! Соғытың қоғамға әсірі туралы бір кері ой айтайын, кешірерсіздер? Атың өшкір соғысты, Алла Тағала, жер бетінде тепе-теңдікті сақтау үшін жіберетін болар?... Адам-баласына керек нәрсе болуы керек?... Ол Адам-баласын азып-тозып, азғындаудан сақтайды... Қоғамды тазартып, сабасына түсіріп, тәубаға келтіредің құралы іспетті?! Қараңыздаршы заманымыз қайда кетіп барады...Тойымсыз, тоқтаусыз, ұры-қары, жаппай жалған мақтану, мадақтауға сүйенген, ел басқарушылар, елімізді қайда бастап барады? Бұл ой ғана ... соғысты жармалап, уағыздау емес? Айтылмаған ой жетім?
Марихан 2017-05-09 11:57:33
Жаңа леппен жазылған өлең екен.Қаламың қарымды болсын.Мақпалкөлден ғана емес,бүкіл қазақ даласынан майданға аттанып,оралмаған боздақтарға арналған.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 6372