Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017
Әдебиет 2595 6 пікір 15 Мамыр, 2017 сағат 10:46

Ауған трагедиясының айнасы

(Халед Хоссейни «Желмен жарысқан», роман)

Соңғы жарты ғасырдан астам, бәлкім ежелден үздіксіз, төткүл дүние назарын ұдайы өзіне аударып келе жатқан Ауғанстан жаһандану аталған бүгіндегі таусылып бітпейтін басқосулардың, қаумалаған халықаралық алқалы жиындардың, бәтаусыз пікірталастардың айнымас тақырыбына айналды. Ауғанстанға араласпаған, осынау мәңгілік жұмбақ һәм тәкаппар елге бас сұқпаған, содан тұмсығы тасқа тиіп, беті қайтпаған ел қалмаған шығар сірә..!  Ауған туралы біздің білгеніміз – бір кезде осы елге басып кірген совет әскерлерінің қатарында өзімізбен құрбылас қазақ жігіттерінің болғандығы, кейбірі сол жақтан қайтпай, енді біразы жиырмадан аспай жатып мүгедек күйінде оралғаны; екіншісі, алдымен арғы, бергі беттегі коммунистерден, кейін солардың қанды қолымен жасалған аштықтан бас сауғалаған бауырларымыздың амалы жоқтан ауған жерінде қалып қойғаны. Бұдан өзгесінің бәрі де, әдетте, Ауғанстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сырт, бөтен елдерден тарайтын сансыз ақпарат көздеріндегі бір сарындағы немқұрайды құрғақ жаңалықтар: анда жарды, мұнда қырды, атты, асты...

Сондықтан болар, қазірде әлемге кеңінен танымал ауғандық жазушы Халед Хоссейнидің «Желмен жарысқан», «Таудағы жаңғырық», «Жарқыраған мың күн» деген үш романымен жақын танысқан адамның көз алдына ауған әлемінің мүлде бөлек шындығы, алыс та жақын ауған жұртының боямасыз анық бейнесі, ақиқат болмысы, жаратылыс-бітімінің іштей ерекшелігімен, барша адамзат баласына тән қарапайым жандардың күнделікті тірлік-тіршілігі, уайым-қуанышы, сезім-көңілімен, әлбетте, ауқымды да тұңғиық қайғы-қасіретімен айқара ашылып, ой-санаңның, болмысыңның терең түкпіріне сыналап кете барады. Әрине, әңгіме Ауғанстан туралы болғандықтан, оның күнгейінен көлеңкелі тұсы, қуанышынан көз жасы тым мол екендігі кәміл.

Халықаралық саясаттың азулы өкілдерінің көпірме әңгімесін тыңдасаңыз,  Ауғанстан апатын оның жерінің геосаяси орналасуынан, жұртының ішкі қайшылықтарынан көреді, мәртебелі деп саналатын мәнсіз жиындарда бұл елді, құдды бір баланың сынған ойыншығындай қайта қалпына келтіру - ең басты, ең маңызды тақырып ретінде талқыланып бітпейді, ал оның сол қалпы неге бұзылды, ешқайсысы ешқашан кінәні өздерінен іздемейді. Ақиқатында ше...

Халед Хоссейнидің «Желмен жарысқан» романының өзегін ауғанның екі баласы: Әмір мен Хасеннің тағдыры құрайды. Олардың бірі – Әмір, этникалық пуштун, сүннит, Кабулдың ауқатты, ірі іскер адамының жалғыз ұлы, анасы университет ұстазы, терең білімді жас әйел, оны дүниеге әкелген кезінде қайтыс болады, Әмір Хасеннен бір жас үлкен; екіншісі – Хасен, этникалық хазар, шейіт, мұның шешесі кезінде еркек атаулының аузының суы құрыған сұлу хазар әйел, Хасенді туғаннан кейін бір апта өтпей, қаңғыбастарға қосылып кете барған. Хасен әкесі Әли екеуі Әмір мен оның Бабасының (әкесінің) үй қызметшілері.

Екі түрлі этникалық, әлеуметтік топтың, бір-біріне қарсы екі діни ағымның өкілдері болғанымен, бұлар көздерін ашқалы бірге жүріп, бірге ойнайды, балалық өмірлері әлдебір кедергісіз, алаңсыз қатар жүріп жатқандай. Дегенмен қоғамдағы кереғарлық пен қайшылық бір аулада, бірақ екі үйде тәрбиеленіп өсіп келе жатқан қос баланың арасына әрдайым өз кесегін лақтырып, текетірес пен жанжал ұшқынын тастап отырады. Пуштундар үшін хазар кірме, этникалық азшылық, төмен әлеуметтік топ. Мектепке бара алмайтын Хасен әріп танымайды, сауаты жоқ. Әмір оқу үздігі, кітапқұмар, өзі де жазуға қабілетті. Әйтсе де, Хасен Әмірдің оқып беретін кітаптарының, шығыс поэзиясының әйгілі классиктері, ежелгі таңғажайып қисса-жырлардың әрбір оқиғасын, сөзін қағып алатын зерек, жаны таза, бауырмал бала. Әмірді аға деп сыйлап, оның айтқанын жерде қалдырмайтын, ол десе жанын беруге дайын жанашыр жомарт өспірім.

Әмір Хасеннің оқымаған болса да, ішкі дүниесі бай, адамгершілік, кісілік қасиеттері, пайым-парасаты өзінен жоғары тұрғанын сезінеді, оның үстіне Бабасының да Хасенге өзімен бірдей қарайтындығын аңғарады, әлбетте мұндай ахуал бай баласының тәкаппарлығын қозғамай тұрмайды. Тек қана бүкіл бала атаулыға тән таусылмас ойын қызығы бәрін ұмыттырады, әсіресе ауған балалары үшін дәстүрлі батпырауық ұшыру шайқасының орны бөлек. Құлатылған батпырауыққа бірінші жетуде де желдің аңғарын қапысыз білгендіктен, адаспай жарысатын Хасен алдына жан салмайды.

Осылайша ержетіп келе жатқан екі баланың арасын ақыры ауған қоғамының жанды жарасы - дінаралық, ұлтаралық, әлеуметтік  араздықтан тұтана келе балалардың ортасына дейін жеткен алауыздық туғызған сұмдық қылмыстың жасалуы біржола бөліп жібереді. Жергілікті сұмның бірі, әкесі ауған, шешесі неміс, яғни будан тұқымды Асеф бастаған (Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романындағы будан аралар еске түседі) бұрыннан өштесіп жүрген сотқар топтың жабылып Хасенді зорлауы, мұны Әмірдің көре тұра көмектесуге жігері жетпеген осалдығы, араша түсуге бата алмаған дәрменсіздігі, осы күйіне қорланған шарасыздығы араларындағы бауырмалдықтың ақырына жетеді. Көз алдында жасалып жатқан зұлымдықты көре тұра қорлыққа көнген бейшаралығының тірі куәсіне айналған Хасенді күнде көруге дәті шыдамаған Әмір өтірік жала тауып, Бабасының түпкілікті қарсылығына қарамастан, осы үйде қырық жыл жүрген Әли мен Хасеннің Хазаратқа көшіп кетуіне жеткізеді. Хасенге ара түсе алмаған сорлылығы, ақыры оған жасаған әділетсіздігі өмір бойы Әмірдің қыр соңынан қалмайды, жүрегінде жазылмас жарадай, көкірегіндегі зәрлі запырандай жатып алды.

Дегенмен Әмірдің ұлы жазушы болатындығын айтқан Хасеннен кейін мұның бойының тереңінде булығып жатқан қуатты ерік-жігерді сезінетін, әкесінен таба алмаған мейірімді танытып, қолдап, қайрап келе жатқан тағы бір жан бар ол – Бабасының серігі Рахим-хан.

Арада ұзақ жылдар өткен соң ендігі Америкада тұратын Әмірдің бүкіл өмірінің мән-мағынасын, осы сәтке дейінгі тіршілігінің ағымын өзгерткен жалғыз қоңырауды алыстағы Пәкістаннан шалған да осы Рахим-хан. Сондағы «Сенің қайтадан ізгілік жолына түсуіңе мүмкіндік туды» деген өзегін өртеген өсиетті айтқан да сол.

Иә. Тағдыр талайымен бір кездегі бейбіт те бейқам өмірдің тас талқаны шығып, әлемге тарыдай шашыраған зарлы ауғандықтардың қатарында Әмір де Бабасымен бірге ақыры Америкадан бірақ шыққан. Мұнда оқуын бітіріп, ендігі танымал жазушы атанған, сол жақтағы ауған генералы Тахеридің Сорая сынды сұлу да ерке қызына үйленіп, алайда балалы болу бақыты бұйырмаған Әмірдің Америкадағы бақуатты өмірін тастап, Пәкістан арқылы туған жері, соғыс жалынына оранған Ауғанстанға, сәт сайын өміріне төнген қауіпке қарамастан, қайтадан Кабулге оралуына да себеп болған Рахим-ханның әңгімесі. Өйткені Әмірдің алдында жалғыз ғана таңдау, кеуде-зынданында көмілген удан арылатын соңғы мүмкіндік қалды – күнәсын жуу, немесе ғұмырының соңына дейін сонау бала кезінде жасаған опасыздығының мазақ жүгін арқалап, жалған өмір сүру. Шешімді дереу қабылдымаса бәрі де кеш.

Сөйтсек, Әмірді күтіп тұрған тағдырдың тосын сыйы мол болып шықты. Әсіресе шыбын жанын шыңғыртқан ащы шындық - Хасен екеуі бір әкенің балалары. Бала күнінде марқұм Бабасының өзіне айтатын: «Дүниедегі ең ауыр күнә ол – Ұрлық. Кісі өлтіруші өмірді ұрлайды, әйелдің күйеуде болу қақысын тартып алады, балаларды әкесінен айырады. Өтірікші өзгелердің шындықты білу қақысын аяққа таптайды. Зәлім әділеттілікті ұрлайды» деген қағидасы санасында жатталып қалған Әмірге сол Бабасының өзінің Хасенді әкеліктен, өзін бауырдан айырған әрекеті ақтауға болмайтын ауыр қылмыс ретінде көкірегін жаншып, санасын сансыратты.

Совет әскері кірген күннен бастап сан ғасырлардан бергі тарихи қалыптасқан дәстүрлі өмір ағымынан, ең қасіреті бейбіт ымырашылдықтан айырылған Ауған жұртшылығы сыртқы күштердің толассыз араласуымен топ-топқа, жік-жікке бөлініп өзара қанды қырқысудан көз ашпай келеді. Ең сұмдығы Талибан деп аталатын діни фанаттардың билікке жетіп, бір кезде гүлге оранған Кабулды қара түнекке айналдырғаны. Айналаны ұрлық, зұлымдық пен өлім елесі билеген.

Хасеннің әкесі Әли минаға жарылып өлсе, Рахим-ханның өтінуімен Кабулға оралып, Әмірдің үйін қайта күтімге алған, ақыры соны қорғау жолында Хасеннің өзі мен әйелі де талибтердің қолынан мерт болыпты. Хасеннен бір бала қалған, жетімдер үйінде, есімі Сохраб. Рахим-ханның Әмірге соңғы аманаты да Сохрабты Кабулдан алып шығып, Пәкістандағы америкалықтар ашқан жетімдер үйіне тапсыру.

Пәкістаннан Ауғанстанға көлікпен аттанған Әмір өзінің бала кезіндегі көрінісіне жұрнағы да қалмаған қасіреттің қара таңбасына айналған Кабулдегі жетімдер үйін тапқанымен, Сохраб онда жоқ болып шығады. Өйткені Талиб содырлары жетім балаларды бір-бірлеп алып кетіп, күнделікті ермегіне айналдырады, тірі қайтатындары сирек. Сохраб солардың қолында.

Ойлаған ісін ақырына дейін жеткізуді ғана мақсат еткен Әмір Сохрабты ұстаған Талиб басшыларының мекеніне жалғыз кіреді. Көзілдірігін шешкен талиб басшысынан баяғы зұлым Асефті таниды. Не үшін келгенін айтқан Әмірге кекшіл Асеф жалғыз талабын қойып, кезінде Хасен кедергі болған жекпе-жекке қайта шақырған. Бұл сәтте Әмір бәріне де дайын, алайда өмірінде төбелес атаулыны көрмеген Әмірді Асеф сол баяғы темір құралымен қан-жоса етіп ұрады. Бірақ көзіне қан толған қатыгез Асефтің жойқын соққылары денесін парша-парша етіп жатқан сәтінде Әмір бұған дейін жанын жегідей жеген барша азаптан, бойында жүрген запыран удан арылған рахат күй кешкен. Әкесінен үйренген ашатаяқтың мергені Сохраб Әмірді анық өлтіруге айналған Асефті көзінен дәлдеп атады.

Осылайша басынан небір қатерлі шытырманды өткізген Әмір жалпақ дүниедегі жалғыз туысы, немере інісі Сохрабты оның көмегімен тозақ отынан, ажал аузынан алып шығып, бұдан кейінгі мың-сан кедергілерден өте отырып Америкаға алып келеді.

«Бала көп, бірақ балалық шақ жоқ» Ауғанстанда азап пен мазақ отына күйген Сохрабтың әдеттегі өмірге қайта оралуының өзі мәңгілікке созылғандай.

Халед Хоссейнидің әлем халықтарының  алпысқа жуық тіліне аударылып, жалпы тиражы сексен миллионнан асқан үш романының алғашқысы «Желмен жарысқан» туындысы сонау бір батпырауықтар тәрізді құлдырау мен самғаудың, өшіп барып жанудың, жоғала жаздап жаңғырудың асқақ жыры. Мұнда қылмыс пен жазаның тұтастығы, қиянат пен парасаттың тайталасы, зұлымдық пен ізгіліктің ақтық шайқасының мәні ашылады.

Бір елде дүниеге келіп, бір аулада өскен, тіпті бір әкенің ұрпағы бола тұра тағдыр тәлкегімен екіге айрылған қос жеткіншектің қатпарлы ғұмыры, олардың әрқайсысының жеке тағдар-талайы бүкіл ауған халқының басындағы бүгінгі ахуал ғана емес, анығында әлемнің көз алдында Сирия, Ирақ, Либия, кешегі Балканда, т.б. ондаған елдерде күнделікті қайталанып жатқан, тіпті бақуатты Батыстың өзіне ойыса бастаған барша адамзат қоғамдастықтығының жанды жарасы, өзі тапқан трагедиясының айнытпас ақиқат айнасы дер едік.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

6 пікір
Ғалымбек 2017-05-23 10:23:39
Осы ауғандық байлар, тоқалдыққа жас қыздарды емес, керісінше жас жігіттерді алады. Сол наркобарон сасық "байлар" үшін бұл престиж болып табылады екен!!!! Бұл шын мәніндегі бұл сұмдықтар, жабайылық пен топастықтың да емес АДАМ деген биомақұлықтар жасамайтын дүниелер!!!! Ауғандықтар, Саудиттік арабтар, басқа да сасық пиғыл, (п......страдалецтер мен озобоченный педиктер) мұсылмандардың қазіргі таңда жасап жүргендерін, кешіріңіздер - анау Амазонка өзенінің ну ормандарында (тупойларға - Бразилияда) өмір сүріп жүрген жабайы Пигмейлер де жасамайды!!!!!!! Ол Пигмейлер, пуштундар мен арабтарға қарағанда аса мәдениетті, таза, пасық сезімді емес адамдар!!!!! Осы фактіні ӨМІР бойына ұмытпаңдар, әсіресе тоңқаңдап намаз оқып жүрген, немесе оқиын деп оқталып жүрген қазақтар!!!!!
Бақдаулет 2017-05-16 17:24:56
Ой- сорлары қайнаған мұсылман елдердің ішіндегі Ауғаныстан 5- немесе 6-шы ғой. Осы, мұсылман елдеріндегі келеңсіздіктерге бірінші кезекте түрткі болған - ғылым-білімнің, сауаттылықтың дамымай қалуы. Діни көрсоқырлық, сол сауатсыздық пен надандықтың АЙНАСЫ.. Азиялық Айна деген, шырақтарым осы.........
Салимжан 2017-05-16 17:19:06
Ауғаныстанға қарағанда әйтеуір Мемлекет деген атымыз бар. Колледж, Университеттер бар, орта мектептерде балаларымыз оқуда, моншаларымыз бар, поликлиника, фельдшерлік бекеттер, өртке қарсы депо, Қорғаныс министрлігі, мұнайымыз бен аз да болса газымыз бар. Ал, Ауғаныстан территориясы жағынан басқа жерде орналасса, мысалы: Тыва немесе Бурятия жерінде болса, онда сол Ауғаныстаның тап-қазіргідей бейшара күйде болмас еді. Бұл ТАЗА ШЫНДЫҚТЫ - ешбір тірі пенде жоққа шығара алмайды!!!! Жоққа шығара алмайды, өйткені бұл, "әй - шәй"- ға, "кәңкүр-шүңкірге" қарамайтын Наркескен қылыш сияқты шындық!!!!!!!
Төре 2017-05-16 07:50:43
Ел басқаратын басшылары азғындаған жұртқа, ең жоғарғы Құдіретті күш осындай ашылмас сор "сын" жіберуі һақ? Басшылары азып-тозып, азғындап,тойымсыз елінің байлығын тонап, жалған мақтанышпен, алдаумен қаруланып, кісәпірлер жолын таңдаған ел, иесіз қалады. Кеңес өкіметі осыған дәлел. Ал бізде ше? Сырттан оқып келген жастар, кімнің балалары? Олардың көбісі сол жалғандыққа тәрбиеленген бұрынғы коммунистердің балалары. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың! демей ме біздің халық. Шет елде біздер маман емес, ұры-қары, мемлекетіміздің түбіне жететін жебірлер дайындап алып келіп жатырмыз ба деген ойға амалсыздан келесіз. Мына мен сорлы өз құлағыммен естігем, бұрынғы сенаторрдың әйелі "нечего о народе думать, думай о своем животе" дегенді. Сенатор әкесі осы пасықтықты қолдаған сыңай білдіргенін байқадым. Сол бала "қарнын ойлаймын" деп сотталып кетті? Міне, біздерді кімдер басқарып жатыр? Бізгеде қауіп бар? Ұрлық азаймайды! Қайта күшейе түседі! Бұл тексіздерді төрге шығарудың кеселі? Оларда Ар-Ождан деген қасиет шектеулі ғана, кейбіреулерінде ғана болады. Сорлаған Қазақ, жер байлығымыз өзімізге сор болар ма екен?
Талғат 2017-05-15 21:48:46
Жақсы мақала, оқып шықтым. Енді осы кітаптарды тауып алу мақсат.
Есенгелді 2017-05-15 12:09:18
Әлемдегі небір Сорақылық пен Азғындықтың ҮЛГІСІНЕ айналған, Бетсіздік пен Есуастықтың АЙНАСЫНА айналған Ауғанстан!!!! Соры қайнаған, бейшара, надан( оның үстіне, мұсылманшыл) пуштундар мен тәжіктер. Африканың масайларынан да, сауатсыз, надандықтың жоғары сатысындағы тобыр. АҚШ -тың әскери қару-жарақ сынайтын полигоны. Жер деген планетаның бетіндегі іріңді жара. Бұндай елдер көп,. және шетінен мұсылман елдері. Тізбектеп жатудың қажеті жоқ. Оларды бүткіл әлем біледі. Міне керім деген ислам дінінің "жетістігі". Боқ сасып жатыр. Таза шындыққа қарыс шықпаңдар. Мойындасаңдар да, мойындамасаңдар да ШЫНДЫҚ осы. Осы жер бетінде Қазақтардан басқа да, халықтар бар болар. Міне, солар осын күнделікті өмірлерінде айтып отыр. (шет тілін оқып үйреніңдер).

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5793
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 12095