Бейсенбі, 23 Қараша 2017
Алашорда 1270 3 пікір 15 Мамыр, 2017 сағат 12:26

Тұрсын Жұртбай. «Мен осылай да жаза аламын» (жалғасы)

III.

Қорыта айтқанда, әуел баста автор «Қаралы сұлы» әңгiмесiндегi Қаракөз образы арқылы қазақ әйелiнiң жан сұлулығын, ар тазалығын, рухани берiктiгiн символдық бейнеде поэзия тiлiмен жырлауды ниет еткен. «Кiнәшiл бойжеткендегi» «қазақ қызының» қарама-қарсы тұлғасын сомдап, нағыз идеалды әйел бейнесiн сипаттаған. Қайғыны жеңе бiлетiн әйел қайратының қуатты күшiн, сезiм берiктiгiн сенiмде түрде суреттеуге – өзi көзiнде әзiлдесiп-еркелеп жүрген, жайдары жас келiншектiң араға жылдар салғанда қатайып, өзiне-өзi қатал үкiм айтып, қара киiм жамылып, мақпал қара атқа қара мақпалдан жабу жабып, құйрық-жалын қара шүберекпен түйiп, ол атты көшi-қон кезiнде пәуескенiң жетегiне байлаған «қаралы әйел» болған Мәденнiң тағдыры қозғау салған. Вальтер Скоттың «Рокби» романындағы қара сулық жамылған Матильда сұлу да жазушының бозбала шағындағы көңiл құлаған Вильяминаны алғаш кездестiргендегi сәтiн еске түсiредi екен ғой. Жиырма жастағы Скотт жексенбi күнi шiркеуден қайтып бара жатқан әйелдi көредi. Нөсер құйып, жер лайсаң тартыпты. Жаны ашыған жiгiт жүгiрiп барып қаракөк сулық жамылған әйелдi қолшатырының астына алыпты. Әйелдiң аты – Вильямина Белшес екенiн бiлiп үлгерiптi. Тек қоштасарда бетiн ашып қалғанда, әлгi әйелi үрiп ауызға салғандай он төрт жасар қыз боп шығады. Шашы қара, бұйра, қара көздi, кiрпiгi садақтың жебесiндей перiште екен. Өлiп-өшiп ғашық болған Скотт Вильяминаны алты жыл тосыпты, бiрақ, тағдыр олардың дегенiне жеткiзбептi. Вальтер Скотт өмiр бойы қаракөк сулық жамылған сол бiр жас сұлуды жырлаумен өтiптi. Матильда бейнесi – соның тұлғаланған ұшқыны ғана. Дәлiрек айтсақ, қаракөк сулық киген сұлудың бейнесiн ел жүрегiнде мәңгi қалдыру үшiн «Рокбидi» жазған. Мұхтар да жастық шағындағы жарқын жанның мынау күйiне тебiренiп, кешегi доскөңiлдi Адамжанның аруағын сыйлаған адалдығына сүйiнiп, әрi еркелiктi, қылықты күндердi еске ала отырып, толғануы сыйымды. Көз алдынан керуендей көшкен сол көрiнiстiң көңiлдi қозғап, сөз боп құйылуы да заңды едi. Қазақ әйелiнiң қасиетiн сездiретiн, махаббат тұрақтылығын толғайтын қара сөзбен жазылған жыр едi. Әйелдiң тұла бойын буған өрт сезiмiн өшiргенiне сыбдырлаған тоғай да, сыңғырлаған бұлақ та, таң бұлбұлы да риза боп, «қаралы жалғыздық күйiн қошеметтеген дұғадай сезiлетiн тазалық жырын жырлап тұрды» ғой.

Осындай жансарайы таза әйел туралы дастанның ең ғажайып құдiреттi тұсын неге өзгерттi? Не мәжбүр еттi? Әуелгi автордың концепциясына қарсы шығудың қажеттiлiгi неден туды? Оның себебi екi-ақ түрлi болуы мүмкiн.

Бiрiншi – образдың iшкi психологиялық ықпалының нәтижесiнде, дәл сондай көркемдiк шешiмнiң дiлгiрлiгiнен тууы мүмкiн. «Мың ойланып, жүз толғанған» жазушыға алғашқы нұсқасындағы айтайын деген идеясының ескiргендей немесе тым сенiмсiз көрiнгендей әсер қалдыруы да ғажап емес. Сыртқы күштiң қақпайлауынсыз, таза шығармашылық тұрғыдағы iзденiстiң барысында өзгерiске ұшырауы қаламгерлiк тәжiрибеде жиi кездесетiн құбылыс. Лев Толстой «Соғыс және бейбiтшiлiк» эпопеясының эпиграфына «Жақсылықпен аяқталған да жақсы» – деген сөздi алған алғашқы нұсқасында Андрей Болконский майдан даласында жаралы қалған күйiнде жалғыз өлмейдi. Өзiнiң сүйген қызының құшағында жәнтәсiлiм бередi. Пьер Безухов әуелгi де тек кездейсоқ адам ретiнде ұшырасады. Өңдеу барысында Наташаның күйеуi боп шыққан. Көркемдiк шындық данышпан Толстойға да бағынбаған. Тiптi, кейiпкерiнiң әрекетiн уыстан шығармайтын Достоевский де мойындапты оны. «Нақұрыс» романының бастапқы нысанасы – князь Мышкин арқылы әзәзiл әйел Настасья Филипповнаны ақтап алып, сүйкiмдi сұлуға айналдыруды көздептi. Бiрақ, оқиғаның желiсi ырқына көнбей Мышкиннiң өзi құрбандыққа ұшырайды. Мұхтар да, өзiнiң балаңдау кездегi қаламының батылсыздығын сезiп, қайта қарауы да. Шын талант – өзiнiң осал тұсын жазбай таниды. «Кавказ тұтқынын» – тәмәмдаған соң Пушкин; «менiң тәжiрибемде кездескен ең сәтсiз әрi күштеп қиыннан қиыстырған бейнем – «Кавказ тұтқыны» – дептi. Мұндай мойындаулардан Мұхтар да кенде қалған жоқ. Кейде, сыншылардың пiкiрiнiң келте, қасақана айтылғанын бiле тұра, орынды-орынсыз өзгертулерге барған.

Осыдан келiп, «Қаралы сұлудың» концепциясының өзгеруiнiң екiншi себебi бет көрсетедi. Ол – шығармашылық ерiк-жiгермен емес, сыртқы әсердiң ықпалынан туған өзгертулер. Олар қандай едi және авторға, көркем шығармаға, образ жүйесiне қандай мiн тағылды? Тағылған мiн, шығарылған үкiм көп болды. Автор соның бiреуiн ғана назарға алды. Ол – Қаракөздiң таза, идеалды әйел бейнесiнде суреттелген романтикалық лебiнен бас тартты.

Жазушы ұтты ма, ұтылды ма, басқа әңгiме. Бiрақ өзiнiң алғашқы iлхам нұсқасына қарсы шыққаны анық.

Бiрiншi сын:

«Қаралы сұлудың» жалпы баяндау тәсiлiнен, сөз сарынынан, Қаракөзге деген авторлық iштартуынан, көшпелi өмiрдi суреттеуiнен жат сарын байқалады. Мұнда адамның жан сұлулығы, рухани ерлiктi дәрiптеуi жай ғана сыралғы, көздi сөз зердесi. Оның астарында өтiп кеткен күндi, көшпелi дәуiрдi, соның салт-санасын мадақтау жатыр. Қаракөз пәуескемен көшедi. Жайлауға шыққан адамдардың бәрi көңiлдi. Неге шаттанады. Жарлының көңiлi қашан да мұңлы. Олар неге қуанады. Тоғай iшiндегi сыңғырлай күлген қыз өзiнiң айттырған күйеуi ұрын келгенде неге қуанады. Әйел теңдiгi заманында ол мүмкiн емес. Ол да байдың қызы, жiгiт те мырза. Әуезов сол көшпендi дәуiрдi аңсап отыр. Өзiнiң де пиғылы сол» – деген солақтай, тұрпайы социологияның қатып-семiп қалған, сыңаржақ қағидасына сүйенiп үкiм айтты. Оны сыншылар да, өнер адамдары да, жалпы әдебиет теориясына көзi қанық зиялылар да қостады. Ешкiм де қарсы шықпады. Көңiлдi көш, жасарған, жаңарған дүние, жасанған табиғат басты кейiпкердiң көңiл-күйiне орайластырылған көркемдiк кесте екендiгiне, сол жайнаған өмiрдiң қызығы жас келiншектiң жанын қытықтау үшiн керек болғандығына мән бермедi. Егер де, жазушы нөсерлi, лайсан сұрқай күндi, не түндi суреттеп, оған жүдеу адамдардың зарын қосса, табиғи сезiм мен тiлектiң қызуына өртенген адамнын желiкте бейнесi қисынды шығарма едi! Жоқ, творчествоның төл қасиетiн түсiнбеген сынға Әуезов те келiспедi. Бұл «ақылдың» iзiмен жүрсе бүкiл шығарманың әсерiн жойып алатынын, «Қаралы сұлуды» өз қолымен жерлеп тынатынын бiлдi.

Екiншi сын: бұдан көрi әлеуметтiк «даусы» салмақты, әрi нәзiк өте «оңтайлы», ұрымтал тұсты дәп басқан, жазушының өзiне қаратылған әрекеттi аңғартатын пiкiрге негiзделедi. Қаракөз – бай жердiң келiнi. Өзi де толықсыған тоқ келiншек. Оларға дүниенiң думаны мен сайранынан басқа ләззаттiң керегi не. Менмен әйел. Тiптi, бiр уақ жайлауға шыққанда көңiлi сергiген малшы Болат қарияға: «Болат-ау, сенiң де базарың тарқамағаны ма» – деп қорлайды. Бұл таптық қайшылық. Әуезов соны әдейi айтқызып отыр деп қиғылық салып, тiкелей жазушыға айып тақты. Терiс бағыттағы жазушы деп баға бердi.

«Айтылған сөз – атылған оқ». Мұхтарға ең ауыр тигенi де соңғы соққы болды. Символизм, романтизм, кейiпкер қимылын әсiрелеу (поэтизация) тәрiзді әдеби терминдер өнердiң бағыттарынан сызылып тасталды. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнiм» дегендей, дәл сол мәмiлеге тiрелгенде, шарасыздық биледi. Сондықтан да исi iлхамды идеясынан бас тарта отырып, Қаракөздi Болат шалдың ырқына көндiредi. Бұл өзiн-өзi ақтай алатын әрi батыс әдебиетiнiң ұшқыны түскен сенiмдi көркемдiк шешiм болып шығады.

Бiздiң пайымдауымызша, «Қаралы сұлудың» әуелгi тұспалды нысанасын ауыстыруына соңғы, яғни сыртқы себептiң ықпалы тиген тәрiздi. Осы қалпымен де, классикалық мұраға айналып, рухани өмiрiмiздегi құбылыс ретiнде бағаланып келедi. Алексей Пантиелев: «Қаралы сұлу» 1925 жылы жазылған. Бұл адам табиғатына, әйелдiк, пенделiк ерiк-еркiндiкке деген қатал да мәңгiлiк жас өмiр әнi. Әңгiме Мопассанды еске түсiредi. Әуезовтiң интонациясын, бояуларын салыстырсаң: «Қаралы сұлу» ұлы француздың палитрасы мен интонациясынан бiр де кем емес» деп бағалады. Мүмкiн,  «мен осылай да жаза аламын» – деп мiнез көрсетуi шығар. Әйтеуiр, сол баға өзгермейдi.

Өйткенi ол – уақыт үкiмi, өнер үкiмi.

(жалғасы бар)

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10411
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18633