Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018
Алаш арысы 2201 43 пікір 19 Мамыр, 2017 сағат 10:05

Олжас – Қазақтың Білгесі

Қасиеті мен кепиеті күшті болған ғой аруақты ата-бабаларымыздың.

Олжабай батыр көсемдігіне қоса көреген болса керек. Жетінші ұрпағының білге болатынын болжапты. Батыр да емес, қаған да емес. «Білге» депті. Білекке сүйенген жаугершілік заманда болашақ ұрпағының білімге ұмтылған дәуірде өмір сүретінін болжай білген әз баба.

Бабасының сол болжамы расқа шықты. Олжас білімге құштар болды.

Олжасты сөз құдіреті қызықтырды. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегендей, бүткіл әлем халықтарына ортақ бір тіл болғанын білді. Тіл арқылы тарихты тануға болатынын түйсінді.

Тіл – тарихтың таңбасы. Әр халықтың жүріп өткен жолы өз тілінде ғана емес, өзгенің тілінде де із қалдыратын көрінеді. Тек сол сайрап жатқан із-сөздерді танып, сөйлете біл. «Аз и Я» – сондай талпыныстан туындаған әз дүние.

«Аз и Я» кеңестер дүниесін дүр сілкіндірді. Академиялық атақтардың құны көк тиынға тұрмайтынын алғаш танытқан еңбек осы болды.

Содан кейін-ақ жұрт «адамға Жерді табындырған» ақын Олжасты ғана емес, «түркі-славистиканы» тудырған ғұлама Олжасты да тани бастады. Жаңа ілімді іліп алып, жаңа биіктерге шығарған шәкірттері де пайда болды.

Ойшыл адам азаматтық үнін білдірмей отырмайды, саңлақ ақын саяси сахнаға шықпай қоймайды. Олжастың ядролық сынақтарға қарсы халықтық қозғалысты бастауы қоғамдағы қордаланған мәселелердің түйінін шешу ниетінен туындаған-ды. Қашанда тереңінен ойлайтын ол аталмыш қозғалысты тек Қазақстан аумағымен шектемей, «Невада-Семей» деп атап, халықаралық, әлемдегі деңгейге көтере білді.

Асылы, ақынның ғаламдық ауқымда ой пішуі Олжасты «адамзаттың ойшылы» деп атауға мұрындық болды. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметін атқаратын оның өзі де «Әлем адамы» деген атақтан қашпайды. Десе-дағы, Олжас – Қазақтың Білгесі.

Жүз жасаңыз, Олжас Білге!

Жан ТІЛЕУ

Abai.kz

43 пікір