Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 9370 7 пікір 28 Мамыр, 2017 сағат 12:40

«Үш үлкен тәртіп» пен «Сегіз сақтық» 

 

 

 «Үйімізде, төрімізде,

Портретте тұрған кім?

Кімнің жүзі таныс бізге,

Бізге жақын туған кім?» немесе

 

«Ленин біздің атамыз,

Саясына жатамыз.

Қарсы келген дұшпанды

Қақ жүректен атамыз» - дейтін таңдайдың шаңын қағатын ән мен тақпақты қазақ қоғамы ұмытқалы қашан. Совет өкіметі не істесе, соны айнытпай қайталаған жүңголық коммунистер де кезінде халқққа мына төмендегі жолдарды жатқа айтқызып ығыр етіп еді. Сол дәстүр бүгінгі ҚХР да қайта жолға қойыла бастапты. Алдымен, төңкерістік әскерлерге арналған «Үш үлкен тәртіп» пен «Сегіз сақтықты» оқып алайық:

 

Төңкерістік әскерлер есте сақтаймыз,

«Үш үлкен тәртіп», «Сегіз сақтықты»:

Бірінші, барлық әрекетте қолбасшылыққа бағынамыз,

Аяқ алысты бір келкі тастап, жеңіске жетеміз!

Екінші, бұқараның ине, сабақ жібін алмаймыз,

Бұқараның құлшына қорғауына ие боламыз!

Үшінші, барлық олжаны қазынаға тапсырамыз,

Халықтың ауыртпалығын жеңілдетуге тырысамыз!

 

«Үш үлкен тәртіпке» бойсынып,

«Сегіз сақтықты» ұмытпаймыз:

Бірінші, сөзде сыпайы боламыз,

Бұқараны құрметтейміз, дандайсымаймыз!

Екінші, сауда-саттықта әділ боламыз,

Әділ алып, әділ беріп, озбырлық жасамаймыз!

Үшінші, біреуден қарыз алсақ,

Жоғалnпай, уағында қолма-қол қайтарамыз!

Төртінші, егер де бүлдіріп қойсақ,

Бағасын кемітпей төлеп береміз!

Бесінші, адам ұрмаймыз, инаттамаймыз,

Бұзақылық әдетті батыл жоямыз!

Алтыншы, бұқараның егінін қорғаймыз.

Жорықта, соғыста абай боламыз!

Жетінші, әйелдерге қырындамаймыз.

Бұзақылық әдетті батыл жоямыз!

Сегізінші, тұтқындарды жәбірлемейміз, албаты тінтпейміз.

Тәртіпке саналы бойсұнамыз,

Өзара бақылаймыз, қайшылық етпейміз!!!

 

***

Қытайдың қызыл әскері елге маза, жұртқа тыныштық бермеген соң, қарапайым халыққа жаны ашыған бір иман жүректі азамат осы өлеңді жазып (немесе жаздырып), оған жігерлі ән шығарып (немесе шығартып), оны қызыл жауынгерден бастап, ауылдағы қара халыққа дейін айтқызғанын біз жақсы білеміз. Қытай ұлты ғана емес, сол елде жасайтын 56 ұлттың тілі жаңа шыққан баласынан бастап, қартайған қариясына дейін «Үш үлкен тәртіп» пен «Сегіз сақтықты» шырқағанын көзіміз көрді. Осы күндері Қытайдан Ата жұртқа оралған қандастарымыздың 45-50 жастан жоғарғыларына құлақ қағыс етсең болды, әлгі "халықтық әнұранды"  екі тілдегі мәтінімен құйқылжытып шырқай жөнеледі. Әсіресе, Үрімжі, Бейжің секілді үлкен қалаларда оқыған аға-апайларымыз, тіпті,  жақсы айтады. Себебі, Мау Зыдұң заманында дүниеге келген бұл ән ол елдің азаматтарына ұзақ жыл бойы, күндіз-түні айтқызылды. Обалы не, түкке жарымаған тексіз бен кедейдің ұрпағынан құралған «Қызыл армия» жауынгерлерінің сана-сезіміне «ҮШ ҮЛКЕН ТӘРТІП» пен «СЕГІЗ САҚТЫҚТЫҢ» аздап ықпал еткенін, «бұқараның ине, сабақ жібін алмайтын», «барлық олжаны қазынаға тапсыратын», «адам ұрмайтын, инаттамайтын», «әйелдерге қырындамайтын» жарасымды қоғам қалыптастыруға көп-көрім әсері болғанын айта кетуіміз керек.

Мау Зыдұң өліп, орнына бай баласы, шетелде оқыған Дың Шаупиң билікке келген соң, ол саяси күресті бірден тоқтатып, бүкіл елді экономиканы дамытуға бет алдырды. Рухани жаңғыруды бастады. Қоғамнан ескі-құсқы бұзақыларды аластау үшін, Дың ақсақал өзі бас болып үш дүркін мемлекет көлемінде 1981 жылдан бастап «Тор жайу» операциясын жүргізді. Шарты: тез, ауыр, ашық соттау! «ҮШ ҮЛКЕН ТӘРТІП» пен «СЕГІЗ САҚТЫҚТА» айтылған айуандық әрекеттермен айналысатындардың қарасы өшіп, айналасы екі-үш жылдың көлемінде бүкіл Қытай қоғамында мамыражай тыныштық орнады да қалды. Арада он жылды өткізіп жіберіп, бір екі-дүркін рақымшылық жасады. Жазасы ұзақ жылдарға кесілгендердің бір бөлімі түрмеден босап, ауылға оралғанда, оларға еңбек етуден, сауда-саттықпен айналысудан басқа ештеңе қалмаған  еді. Өйткені, бүкіл халық нарық экономикасының қызығына кіріп кеткен, бай-бақытты тұрмыстың құлағы көріне бастаған болатын. Сөйтіп, Мау Зыдұң заманының кейіп-кеспірін, ондағы қытай әскерінің бүкіл болымысын айпарадай ашып келген «ҮШ ҮЛКЕН ТӘРТІП» пен «СЕГІЗ САҚТЫҚ» өздігінен-ақ жайына қалған-ды. Бірақ, соңғы бір жылдың көлемінде атаңа нәлет сол «ҮШ ҮЛКЕН ТӘРТІП» пен «СЕГІЗ САҚТЫҚ» Шыңжаң өлкесінде қайта айтқызыла бастапты. Онда да қытайларға емес, өзге аз ұлт өкілдеріне, нақтылап айтсақ, қазақтарға!

Сонда, Дың Шаупиң реформасымен жаңғырған қытай ұлттық санасы Си Цзиньпин заманына келгенде қайта баяғы ескі кебін кигені ме?! Жоқ әлде, өзге ұлт өкілдерін қорлау, мазақ ету ме бұл?!! Қалай болғанда күнде де бұны жақсылықтың нышаны дей алмаймыз.

А. Мұқабай

Abai.kz

 

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610