Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7245 28 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 10:56

Ашаршылық һәм Ұлттық кодтың кілті қайда?!

31мамыр-Саяси қуғын-сүргіндер

құрбандарын еске алу күніне

Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» дейді. Ал қазіргі ғасыр ше?

2014 жылы «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің бір топ белсенділері сол кездегі ҚР Премьер Министрі Кәрім Мәсімов мырзамен ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ханымға, «ҚХА жылы» деп айшықталған  2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжілістің тоғыз депутатына, 2016 жылы Бас Мүфтиге хат жолдадық:

«ХХ ғасырда жер бетінде қазақ ұлтындай қасірет шеккен халық болған жоқ! Тарихтың 1918, 1921-22, 1931-32 жылдарында үш рет айналып соққан алапат аштықтан қазақ ұлтының  жетпіс пайызы қырылды. Қолдан ұйымдасырған нәубеттен қазақтың жері бос қалды. Құдайсыз қоғам құруды көздеген қызыл империяның қандықол басшылары қазақ  даласында  көмусіз қалған мүрделердің үстінен Кеңес одағының «халықтар түрмесін» салды.

Солақай саясатқа жақпаған ұлттар топ-тобымен Қазақстанға жер аударылды. Қорлық пен қиянаттың сан түрін көріп қиналып, қасірет шеккен қазақ халқы тағдырдың айдауымен жат жерден қуылып келген ұлттардың ешқайсысын алаламады. Бір үзім нанымен бөлісіп, бауырына тартты. Қасірет атаулының атасы бір.  Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық қасіретін бөліп қарау теріні еттен айырғанмен бірдей. Сондықтан 31 мамырда атап өтілетін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күнін – жазықсыз жапа шегіп, жоқтаусыз кеткен  ашаршылық құрбандары мен сол кезеңде әр қазақтың өміріне араша түскені үшін қуғын-сүргінге ұшырап атылып кеткен қайраткерлеріміздің рухтарына тағзым ететін «Қасірет күні» деп белгілеп, елімізде демалыс  жариялау керек.

Осы күні мемлекетімізде көңіл көтеретін ойын-сауықтар тоқтатылып, туымыз төмен түсіріліп, барлық жерде қаралы  музыка ойналып, бүкіл халық аза тұтып,  құрбандарға арнап Ас беріліп, рухтарына бағышталып Құран оқылып,  тағы да басқа игілікті іс-шаралар өткізілуі тиіс.

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанды мекендеген халықтардың көпшілігі тоталитарлық жүйенің зұлым саясатына ұшырап, бір Алланың жәрдемімен одан аман қалғандардың ұрпақтары. Жаназасы шығарылып, жүздері жасырылмай ит-құсқа жем болған алапат ашаршылықтың құрбандары болған бауырларымыз үшін Алла Тағаладан тілек тілеп, ел болып дұға бағыштайтын бір күн белгілейік. Ата көршіміз алып Қытай елі әр жылдың 4-ші сәуірінің  4-ші жұлдызында «Қабір сыпыру» күнін өткізеді. Бұл күнде мемлекет аумағында демалыс жарияланып, өмірден озғандардың басына барып, өлгендерге құрмет көрсетіледі. Осындай  іс-шаралар өздерін құрмет тұтатын көптеген өркениетті елдерде өтеді.

Жас ұрпақтың бойына имандылық ұрығын сеуіп, отансүйгіштікке баулитын игілікті шара  жүзеге асып жатса – білместіктен асыл дінімізден шығып,  басқа ағымдарға  өтіп жатқан бауырларымызға тосқауыл болары хақ».

Хат жолдаған ҚХА-нан сайланған 9 депутаттың 8-і үнсіз қалды. Тек Мәжіліс депутаты Роман Ухинович Ким: ғана: «...ұсынысыңызды қолдаймын. Бұл еске алудың ізгі дәстүрін салуға мүмкіндік береді. Әрине осы күні әртүрлі ойын-сауық іс-шараларын өткізу күпірлік болар еді. Уақыт – әділдіктің төрешісі. Осы азалы күндер халықтың жадында мәңгі сақталады» деп азаматтық ұстаным танытты.

Халық қайғылы жағдайда, немесе ортақ қайғыны бірігіп еске алғанда бірігеді. Ұлтты ұйыстыратын шараларға биліктің немқұрайды қарауы – жақсылықтың нышаны емес.

Ескендір Мұңшы  бабамыз: «Құран оқылған жерде мен адамның кез келген пендесімен теңмін. Қан төгілген жерде – Тектімін! Ой төгілген жерде – теңізбін!» деген екен.

Президент Н.Назарбаев  Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» дейді.

(1982 жылы Мәскеуде «Советская Энциклопедия» баспасынан шыққан  сөздікте: «Код (франц. Code), совокупность знаков (символов) и система определенных правил, при помощи которых информация может быть представлена (закодирована) в виде набора из таких символов для передачи, обработки и хранения (запоминания). Конечная последовательность кодовых знаков называется словом.  (стр. 603)» делінген.

Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ұлттық таным мен құндылықтарымыз –  қазақ халқының генетикалық  деңгейдегі кодын анықтап, өзін-өзі танудағы басты құрал. Сондықтан «Кім едік, таңдаған бағытымыз қандай, енді не істеу керек?» деген сұрақтардың  жауабын  өткеннен іздеген абзал.

Ерте заманнан жеткен аңыз-әңгімелерде түркілер жауларынан ойсырай жеңіліп, жойылып кету қаупі туады. Сол кезде ұлттың сақталып, ұрпағының жалғасуына қасқырлар себепші болған екен. Бүгінгі түркі тектес халықтар: «Өздерін Көкбөріден тарағанбыз, Көкбөрінің ұрпағымыз» дейді.

Мұндай аңыздардың шығу себебі: «Бабаларымыз болашақ ұрпағы -қасқыр сияқты қайсар мінезді болса екен, ешкімге бас имейтін, әділетсіздікке төзбейтін батыр болып өссе екен» деген арман-қиялынан туған болса керек.

Аң патшасы арыстаннан бастап, барлық аңдар- жолбарыс , пілдерге дейін циркте өнер көрсетеді. Тек қасқыр ғана циркте ойнамайды. Себебі ол – оның ақылының аздығынан емес, туа біткен табиғи болмысын сақтауында, бостандықта өмір сүретін, ешкімге бағынбайтын мінезінің қайсарлығында.

Нағыз көкжал қасқыр – кегін ешкімге жібермейді, ұрпағы мен ұяластарын қорғауда жанпидалыққа барады. Қазақтар ержүрек, намысқой, мінезді жігіттерді  көкжалға теңеген.

Бүгінгі аға буынның мойнындағы басты парыз: Көкбөрінің қасиеттерін негізге ала отырып, тобырға айналып бара жатқан замандастарымыздың намысын оятып, кезінде көрегендікпен әлемді билеген дана бабаларымыздың  қанмен берілетін  тектілігін жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы жаңа ұлт қалыптастыру.

Бабаларымыздың айбынын санамызда жаңғырту – жаһандану дәуірінде Қазақстанды  рухани құлдыраудан сақтап, алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетуден құтқаратын ұлттық идеяның іргетасын қалайды.

Жас ұрпақ ұлттың рухани мәйегімен ауызданса ғана – халықтың санасы жаңғырып, ұлттық кодымыз сақталады! Себебі ұлттық рух- қазақтың эпостық жырларынан, ән-күйлерінен, салт-дәстүрлерінен нәр алады. Сонымен қатар, бағзы заманнан бері ұлтымыздың атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл қасиеті (коды) –бабаларын қастерлеп, өмірден озғандарды құрметтеп құран бағыштау.

Елдің азаттығы мен жердің тұтастығы жолында күресіп шейіт болған арыстарымыз бен атамекеннен таңдайға басар талғажу таппай бастары ауған жаққа босып кетіп аштан қырылған, ашық аспан астында көмусіз қалған бауырларымыздың рухы риза болса, біздің Мәңгілік елге айналу жолындағы ұлттық кодты сақтағанымыз. Ал егер босқа даурығып – бұл шартты тәрік етсек, тарихтан тағылым алмайтын мәңгүрт елге айналғанымыз.

Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ, «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Abai.kz

 

28 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564