Жұма, 29 Наурыз 2024
Арылу 6696 12 пікір 15 Маусым, 2017 сағат 22:46

Қазақтың шипагерлік танымы дінге қайшы емес

Қазақ ұлтының тарихта қалған мұраларының бірі шипагерлік тәжірибе. Тарихпен бірге қалыптасып отырған қазақ болмысының қасиеті де, тұлғалық сипаты да, әлеуметтік мәні де оның шипагерлік тәжірибесімен тығыз байланысты. Ата мекен кеңістігінде туған жердің топырағына аунап өскен қазақ баласы, өмір биіктеріне ширығып бет алатындығы анық. Себебі дала болмысының бейнесін, ұлттық тағамның құнарымен өскен адамның рухына, қасиетіне әсер беретін ұлттың шипагерлік тәжірибесі. Шипагер ойшыл Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінде көрсетілгендей, «Адамзаттын топырақтан жаралғанына сыпат: бала туыла сала сол жердің, туған мекенінің тыныстығымен тыныс алады. Анасының сүтін емеді. Сол баланың тұлғалық бітістік құрандысы сол жердің топырақ құрандысымен тең болмағы шарт»[1. 47 б.]. Қазақ ұлтының туған жердің табиғатын таза ұстап, оның тазалығын арттыратын төрт түлік малдың түрін ғана ұстауының себебі де осыны аңғартса керек. Топырақтың, топырақта өсетін шөптің құрамымен берілетін өнім құнарының қасиетін ата бабаларымыз ерте түсінген. Адам баласының жаратылысымен тағдырлас және тығыз байланысты жер ананың қасиетін ұғынудағы қазақ дүниетанымының негізінде жатқан шипагерлік идея алдымен жеке адамның өмірін, сол арқылы ұлттың өмірін сақтап, мүддесін қорғауға бағытталған.

Жер уланса топырақтың құрамы өзгереді, топырақ өзінің қасиетін жоғалтса, шөптің де онымен азықтанатын төрт түліктің еті мен сүтінің құнары кеми түседі. Ауа мен топырақтың бүлінуі ол алдымен адамның, одан қалды ұлттың өміріне зиянын тигізеді. Сондықтанда шариғаттың қағидасын, өмірдің талабын, табиғаттың мінезін терең біліп, соның негізінде шаруашылық үлгісін дамытып отырған ата бабаларымыз өзінің тәжірибесін табиғат пен адам өміріне ортақ мақсатта қалыптастырып, дамытып отырған. Осыған орай Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегінен мынадай ойларды да кездестіреміз: «Әр қандай байтақтың топырақ құрандысы, топырағының түсі ұқсас болмайды. Топырақтағы құрандылық кемістік адамзатына жан шошырлық түршікпелі кемістік әкеледі» [1. 47 б.]. Шыныменде кешегі кеңестік қоғам тұсындағы қазақ жерлерінде жасалынған ядролық сынақтың зардаптарын ескерсек, сонау ХҮ ғасырда өмір сүрген кемеңгер бабаларымыздың зерттеп жазып кеткен ойларының ақиқаттылығын ұғынамыз, ата бабаларымздың ұлт пен ұрпақ болмысының мінсіздігін қамтамасыз етудегі шипагерлік тәжірибелерінің құндылығын түсінеміз. Қазақ ұлты осындай кемеңгер ойшылдардың, әулие тұлғалардың танымы арқылы рух пен жанды, жан мен тәнді және оны өмір салтпен біріктіретін табиғаттан нәр қуатын ала білген.

Ұлт алдымен рухани қасиеттерімен бірігетін, рухани адамдардың білімі арқылы кемелденетін қаны бір, жаны бір, дәстүрі мен мәдениеті ортақ субъекті. Ұлт қалыптасқанда ол алдымен өзін қорғайтын, рухын күшейтетін  құндылықтарды да қалыптастырады. Оның қалыптасуына себеп болатын ұлттың ішіндегі әулие, нағыз кемеңгер ғалым адамдардың қасиеті, танымы. Ұлтымыздың тарихы тұлғалық құбылыстың нақты мысалдарын айқындап беріп отыр, бұл құбылыс алдыменен рухани адамдардың рухани қасиеттерінің негізінде қалыптасқан құндылықтарды сақтап, ұлттық тәжіриебеге айналуына ықпал етіп отырады. Қазақтың және оның әулие кемеңгер адамдарының ізгілігінің негізінде қалыптасып отыраған мұраларымыз ол шипагерлік таным өрісі, яғни ұлтымыздың сауықтыру тәжіриесінің қалыптасу деңгейі, тектілік идеясы.  Бұл идея қазақтың ежелгі дәуірінен жалғасып отырған. Ұлттың дәстүр тәжірибесінің бір бөлігі ретінде  қалыптасып отырған және ұлттық идеяның тарихи таралымының негізіне айналып отырған қазақтың шипагерлік философиясының ерекшелігі алдыменен халықтың санасы мен рухының қалыптасуына ықпал етіп отыруында.

Қазақ руханиятындағы шипагерлік идеяның негізгі ұстанымы сауықтыру. Сауықтыру көне дәуірден бері адам өмірін сақтаудың, рухты күшейтудің, болмысты нығайтудың идеологиялық қаруына айналған. Ата бабаларымыздың сауықтыру идеясының, осы бағыттағы ұстанымының идеялық және тәжірибелік, ғылыми танымдық мазмұны оның елдің рухани өмірінде әр қырынан танылып қызмет атқарып отыруында. Дүниетаным мен ата дәстүріміздегі, дініміздегі сауықтыру қағидалары мен шипагерлік білім түрлерінің бір- бірімен сәйкес келіп, ел мүддесінің тірегіне айналуы қазақтың шипагерлік даналығын, оның философиясын тереңдете түспек. Халықтың рухын, болмысын сауықтырудағы қазақтың шипагерлік даналығы діни және ғылыми, философиялық, медициналық шеңберде  адамның ағзасына, өміріне, рухына қажет дүниелердің бүгінгі күн талабына сай зерттелуіне ықпал етіп отырғандығы анық.

Сауықтыру дегенімз не нәрсе? Ұлтымыздың шипагерлік даналығының ұлттың сақталуын қамтамасыз етудегі маңыздылығы неде? Қазақ ұлты (ұлтымыздың ата тектері де) елдің тағдыры жеке адамның өміріне тәуелді деп түсінген. Ал жеке адамның өмірі ол алдыменен тәннің саулығы, ағзаның күтімі. Адам өмірге машықтануы үшін оның тәні, организмі машықтануы қажет.  Ол үшін адам өзінің табиғатына жақын, ағзасына қуат беретін ортаны таңдай білуі қажет. Осы мақсатта сонау сақтардың дәуірінің өзінде адамның тәні мен жанына қуат беретін өнімдерді табиғаттан таңдап өндірген. Олар негізінен жылқының еті мен сүті, басқада қазіргі қазақтың төрт түлігінен өндірілетін өнімдер. Отанға, адамның өміріне деген жауапкершілік адалдық арқылы келетіндігін қазіргі қазақ жерінде мекендеген (ұлтымыздың ата тегі саналатын) осы көне дәуір тайпаларының өмір тәжірибесінен байқаймыз. Сол кездегі сауықтырудың мақсаты, басты нышаны елді қорғау, ол алдымен ел адамының денсаулығын, қасиетін қорғау, ал таза өнім, таза өмір алдымен адамды сақтайды, адамның денсаулығын қорғайды. Қанның күштілігі, тәннің саулығы алдыменен адамның жанына әсер етеді. Жан мен тәннің қуатынан адамның ойлау тактикасы, мінезі қалыптасады. Бұл ХХ ғасырдың ғылымында дәлелденген, қоғам алдына қойылған мәселе. Ал сауықтырудың қасиетін ата бабаларымыз қалайша ерте түсінді? Не себептен олар ұлттың тәуелсіздігін оның өмір сүру дәстүрін қадағалап, қорғап отырудан бастаған?

Әлсіреп бара жатқан ұлтының болмысы алаш зиялыларында алаңдатқан. Қоғамның рухани өмірінде ұрпақты дұрыс тәрбиелеп, жаман әдеттерден сақтаудың басты амалдарының бірі рухани сауықтыру принципі болған. Ж. Аймауытов былай деп жазды, «тән қуатты болса, жан қуатты ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мысалы: ойнас, өтірік, өсек, сияқтылар»[2. 116 б.]. Қарапайым өмірдегі мағынасыз проблемалар адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді, ал денсаулық алдымен адамның жанын жоғарылатып немесе тежеп отыратын нәрсе. Ал жанның күйзелісі адамның рухани мүмкіндігін жоғалтады. Рухани мүмкіндігі қашықтаған сайын  адамның рухы да әлсіз болып шығады.

Қазақта сауықтырудың басты шарты тектілік мінез. Тектілік ол керітартпа нәрселерден өзіңді аулақ ұстау, оның бірінші шарты адалдық, қоғамдық ортада таза болу. Тектілік мінез орын алу үшін де қолайлы орта қажет. Адамның жаны мен организміне қолайлы орта қалай қалыптасады? Қолайлы орта адамның дүниетанымы, салт дәстүрі,  әдет ғұрпы, мәдениеті сақталған орта. Қазақтың туысқандығы, бауырмалдығы, қиыншылық сәттерде бір-біріне қол ұшын беру парызы, ұлттық рух, жеті аталық дәстүрі, ырымы, салт жорасы, аруақты құрметтеуі, діні, әдебиеті, өнері бұның барлығы сауықтырудың қасиетін бойына сақтап келген дүниелер. Осы дүниелермен қазақтың ортасы, мәдениеті, рухани өмірі нығайып отырған.

Ата бабаларымыз дүниеден өтсе де олардың адалдығы, тазалығы, әдептілігі, адамгершілігі тектілік бейнесі, идея түрінде тарихта қалды, ұлттық мүдденің қаруына айналды. Соның негізгісі осы сауықтыру тәжірибесі. Бұл ұлттық құндылықтардың басын біріктіріп отырған идея. Осы тәжірибені қайта әкелуге, қайта қазақ қоғамының өміріне жалғастыруға барынша күш салған алаш зиялылары сол кездегі қоғамның проблемаларын, ұлт мүддесіне төніп тұрған қауіптің тарихи себебін нақты түрде көрсетіп, айтып кеткен, Ж. Аймауытов жазғандай, «Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астан кестең қылып, өзді өзімен атыстырып көзі шел қаптады. Күннен күнге өршіген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз міне – осы күнгі.. партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайды сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны одан жаман құрыды. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды....

Енді қазақтың мінезіне (ахлаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық,  жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ. Әрине жақыны досы – жалғыз ғана басы, құлқыны. Сөйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды» [2.117 б.]. Елді ойлайтын адам жанының тазалығын ойлайды, жанның тазалығын күтіп, ізгілігін арттыра білетін адам ол зиялы адам. Жанның тазалығы, амандығы денсаулық, ол халықтың тұрмысы мен тығыз байланысты. Тұрмысы мен болмысы күшті елдің адамының мінезі құлқы да әдепті келеді. Себебі өзінің өміріне сенімді адам өзінің де өзгенің де өміріне биік әрі ашық (таза) санамен қарайды. Таза сана адамның рухани тереңдігі, парасаттылық деңгейі.

Ұлттың әлсіреу себебінің әлеуметтік факторлармен байланыстырылуы қай заманда да қоғам шындығы, өмір шындығын көрсетеді. Себебі әлеуметтік ортадағы адам мінезі мен қоғам шындығы тұтас зерделенбесе ұлттың құндылықтарын сақтап қалу мүмкін емес, алаш зиялыларының халықтың рухын, елдің мәдениеті мен мүддесін қорғаудағы басты принциптерінің мәні осында. Олар шынайы болмаса, шындық, әділдік үшін, ұлт тағдыры үшін күресе алмаса қазақтың мәдениеті де тарихы да жоғалып кетуі мүмкін. Халықтың жан дүниесі, санасы белгілі бір тарихи кезеңде өтпелі өзгермелі қоғамның саяси өмірі тұсында көрінбей де қалады, ал халыққа шынайы жанашыр зиялылардың жазған дүниелері, көтерген мәселелері, көңіл бөлген нәрселері тарихи қызметтері осы халық рухының бет бейнесін ашып, оның даму жолының қайта жалғасыуына дәнекер болатын құбылыс.

Қай уақытта да ұлт мәселесі оның рухы мен санасының мүмкіндігіне тәуелді, ал ұлттың санасы мен рухы оның психологиясына, табиғатына, өміріне тәуелді. Сауықтыру дегеніміз әлеуметтік өмір жағдайында, тарих жағдайында, уақыт жағдайларында адамның, ұлт болмысының  рухани, физиологиялық, биологиялық жағынан оның өмір сүру жолына қажет мүмкіндіктерді иеленіп отыруы, сақтай білу тәртібі. Адам жан мен ағзаның біріккен қызметі арқылы өмір сүреді және оның өмір сүру тәртібі мен тәсілі жаны, рухани қасиеттері, табиғатымен ерекшеленеді, өзінің мәнін қалыптастырып отырады. Сол сияқты ұлттың да өмір сүру мүмкіндігі тұтас ұлттық болмыстың қалыптасуы, оның тарих өрісінде тұлғалық сипат алуы. Ал ұлт болмысының тұлғалық сипат алуы ұлттың рухани және физиологиялық жағынан өмір талаптарына машықтануы. Сол машықтану негізінде тұтас ұлттық психологияның қалыптасуы, оның толықтай ұрпақтың өмір сүру жолына айналуы шипагерлік тәсіл.

Қазақ руханиятындағы сауықтырудың түрлеріне келсек ол барлық жағдайда ұлттың психологиясын сақтауға көңіл бөлген. Себебі адамның  өмір сүру қағидасы ел мен бірге күш алуы қажет. Осыған орай халықтың ырымдары, салт жоралары оның өмірінен тыс жүрмеген. Дәстүрге оралып отыру, адамдардың бір-біріне қамқорлығы, қыйыншылықта күш біріктіру, халықтың ойын сауығы бұның барлығы адамның рухын сақтау тәртібі немесе тәсілі, ұлттық құндылықтар адамды тәрбиелеу үшін де қолданысқа түсіп отырған. Осы себептен халықтың сауықтыру дәстүріндегі түрлі құбылыстардың тарихи бейнесін, дүниетанымдық белгілерді, сауықтырушы тұлғалардың феномендерін халық руханиятының бойынан табамыз. Бұл алдымен ұлттың өмір сүру ерекшеліктерін, оның психологиясының терең қырларын негіздейді.

Қазақтың сауықтыру дәстүріндегі шипагерлік таным халықтың ырымдарында. Қазақтың ырымдары, тыйым салып отырған нәрселері, салт жоралары алдымен оның мәнін көрсетеді. Халық ырымдарының басты принциптері, сауықтыру мәні, шипагерлік қызметі алдымен оның қалыптасып, мәңгі халық мұрасына айналуына ықпал еткен жеке адамның ерекше табиғатында жатыр.  Ал ерекше табиғат дегеніміз халық ішінде дүниеге келіп, көзқарасы, әулиелік қасиетімен, шипагерлік тәжірибесі арқылы халық ішінен шығып, оның болмысына қызмет етететін адам болмысы. Жүсіп Баласағұн шипагер халық емшілерінің бейнесін тарихта былай деп айтып кеткен:

Емшілер бар ел ішінен тарайтын,

Ауру-сырқат – барлығын да қарайтын.

 

Керек олар – сіз аралас боларсыз,

Өмір ісі оңбас, сірә, оларсыз...

 

Керек адам: жақын тұтып, бақ тағын,

Еңбек, ісін, үлес-хақын ақтағын! [3. 348 б.]. Халықтың шипагер адамдары бойларына қабілет пен білім қоса дарыған, халықтың өмірінің алдындағы өзінің жауапкершілігін терең түсініп, сол жолда білімін жетілдіріп халық сеніміне ие болған адамдар.

Халық ырымдары халықтың тұтас дүниетанымын, ұрпақтың өмір сүруін қамтып отыратын қазына. Нағыз ырым ол тек қана адамның саулығын, тазалығын, әдептілігін қамтып отырады, ол ұлттың өмір тәжірибесінен туындап ұрпақтың рухани қазынасына айналған дүние.  Ол текқана халықтың ізгілігін, игілігін көздейді. Мәселен қазақтың ырымдарында отбасы, мал мен жанның амандығы, денсаулық, жаман әдеттерден қорғану, ата баба рухын құрметтеу, жерді бүлдірмеу, шаңырақты таза ұстау, үлкенді сыйлау, баланы құрметтеу, ұрпақты қадірлеу, үйдің ырысын, берекетін келтіретін нәрселерді қадірлеу, ысырап етпеу сынды әдеп үлгілері халықтың ұғымына айналды. Бұл ұлттың дұрыс өмір сүруін бейнелейтін көзқарас. Осындай интеллектуалдық деңгейде қалыптасып, қызметін атқарып отырған рухани қазыналарымыз әркез ата бабаларымыздың  елдің рухын сақтауға негізделген өмір сүрудің бағытын иеленгендігін айғақтайды.

Ата салт пен халық мәдениетінің тұтқасына айналған түрлі салт жоралардың тәжірибелерін иелене алған  ұлтымыздың болмысы, тазалығы, рухы дінімізге қайшы келген жоқ.  Керісінше  оған бейімделіп ұлттық мәдениеттің дамуына ислам дінінің ықпалын кеңейте түсті. Сондықтанда халық ырымы дегеніміз ислам дініне дейінгі кезеңде  ата бабаларымыздың қасиетімен келген, ата бабаларымыздың рухани деңгейімен қалыптасып, игеріліп отырған ұлтты, отанды, ұрпақты қорғаудың, оның өмірін сақтаудың ережесі деп айтуымызға болады. Әрине кез-келген халық мұрасының бойында адамның ерекше табиғаты мен феноменін және зиялы адамдарды ерекше жарататын Жаратушы құдіретінің рухын дәлелдейтін ақиқат жатыр. Халық мұрасының жоғалмау себебі де осында жатса керек.

Қоғамда әдептілік орын алса, ел ішінде, әр бір шаңырақтың аясында, әр бір адамның бойында тазалық болса, адамгершілік діттеген ортада барлық нәрсенің де өрісі кеңейеді. оның өміріне ізгілік әкелетін нәрселер орын алады.

Қазақтың сауықтыру дәстүріндегі шипагерлік танымның тарихи формасы ата бабаларымыздың «адалдық», «тазалық» жөніндегі түсінігімен тығыз байланысты. Адалдық адамның тән саулығын, жан тазалығын қамтамасыз етіп отыратын ұғым.

Адамның интеллектуалдық қуаты оның өміріне, организміне қажет нәрселерді тани білуінде жатса, Жаратушы иеміз адам баласын жаратқанда оның өміріне қажет денсаулығын қамтамасыз ететін организміне қажет нәрселерді қоса жаратқан. Адамның тазалығы оның өзіне қажет мүмкіндікті дұрыс танып, дұрыс игеріп, иеленіп отыруында.  Адам баласына өмірдің қоятын талабы жан мен тән саулығы және рух тазалығы, ұрпақтың денсаулығы.

Қазақтың өмірінде адамның денсаулығы, қайраттылығы, күштілігі болашақ үшін қажет. Себебі жаугершілік заманда адамның шығыны көп, соғыста жараланған адам организмінің күштілігімен жазылып кетуі тиіс. Ол үшін не істеу қажет, денені машықтандыру, аттың үстінде ширығып өсу, күні бұрын құнарлы тағамдарды қолдану, соның ішінде адамның еті мен сүйегіне аса қажет дәрумендерге толы ет пен жылқының сүтін, яғни шұбат пен қымызды қорек ету. Бұл тарихтағы қазақтың шипагерлігінің басты тәсілі. Мәселен қазақтың қолбасшы батырлары, хандары жорыққа аттанғанда өздерімен бірге көбіне алып шығатын тағамдары жылқының сүр еті, қымыз және сиырдың немесе қойдың сүтінен алынатын сүзбе, құрт өнімдері болған. Осыған орай қазақтың руханиятында ұлттық тағамның қуатына байланысты түрлі мақал мәтелдерде қалыптасқан: «Ат – адамның қанаты, Ас – адамның қуаты», Жан – денеге қонақ, Денені демеген – тамақ», «Қырықтан артық жас жоқ, Қымыздан артық ас жоқ», «Жусансыз  жерді от деме, Көжесіз елді тоқ деме», «Арамдық қып ішкен ас, ішіңе барып, болар тас», «Жылқы еті жесең, тісіңе, жемесең, түсіңе кіреді»[4. 318-322 бб]. Бұл мақал-мәтелдер ұлтымыздың өмір тәжірибесінен өткен ұғымдар, олардың әр қайсысында танымдық шындық мол.

Қазақ ұлтының адамның жаны мен тәнінің саулығына тәрбиелеудегі философиясы оның бесігінде, киіз үйінде. Еңсені биік ұстап өмір сүруді, шаңырақтың қасиетін түсінуге жетелейтін қазақтың рухты сауықтыру тәрбиесінің мәні бесік пен шаңырақтың қасиетінде. «Ел болам десең бесігіңді түзе» - деген бабалар өсиеті осыдан қалса керек. Қазақ өмірінде, бабалар ұғымында бесік қасиетті зат, шаңырақ киелі нәрсе. Бұлар адамға тазалықты, адалдықты, адамгершілікті, мейірімді, кеңдікті үйретеді және ұрпақтан осыны талап етіп отырады. Дүниеге келген қазақ баласы, яғни сәби алдыменен тәрбиені бесік арқылы алады,  бесіктің тербелісі, ананың немесе әженің ұяң үнімен берілетін бесік жыры баланың жан дүниесіне әсер береді, ананың мейірімі баланың сезімін оятады, ана мен баланың, қарияның арасындағы жақындық осы бесік арқылы беріледі.  Ананың балаға деген мейірімі, тазалығы баланы өзінің шаңырағына, сол арқылы еліне деген сезімін оятады.

Ата бабаларымыздың өмір мәндік түсінігінен бастау алып, елдігімен жалғасып отыратын бала тәрбиесі, адам тәрбиесі, ұрпақты өмірге бағыттау принциптері осылайша бесіктегі бала тәрбиесінен, ана мен әкенің, қариялардың еңбегінен бастау алады. Бір шаңырақтың аясындағы өтіп жатқан қазақтың тарихи өміріндегі ата-ана, ата мен әже, туыс, бауырлық қатынас, оның мәдениеті, қазақы өмір мәдениетінен туындап отырған ұлттың рухы ұрпақтың жан дүниесіне өмірдің шуағын ұялатады.

Жаратушы иеміз өзінің пендесі адам баласын жаратқанда оған жан беріп қана қойған жоқ, оның өмір сүруіне, дұрыс өмір сүруіне, із қалдыруына, ұлтын, ұрпағын қорғауға, оның мүддесін сақтауға да көптеген мүмкіндіктер берген. Оның кілті дін, ғылым, білім және осы кілтті ашуға, дұрыс пайдалануға адамды жеткізетін даналық пен ақыл. Даналық халықтың кемелденген ақылы, ал осы кемел мұраның тәжірибесін игеріп, білімін иелену үшін жеке адамдық ақыл қажет. Сондықтанда шипагерлік, ата бабаларымыздың  өмір тағылымын үйретіп отыруындағы ең басты сауықтыру ол тәрбие, ақыл және білім.

Әдебиет:

  1. Тілеуқабылұлы Ө. «Шпагерлік баян» араб қарпінен көшіргендер – К. Елемес, Д. Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996. – 464 бет,
  2.  Жүсіпбек Аймауытов, Бес томдық шығармалар жинағы. 5- том. Алматы, «Ғылым», 1999 ж.
  3. Баласағұн Ж. Құтты білік. / Көне түркі тілінен аударған Асқар Егеубай. Алматы- «Өлке»,2006.- 640 бет.
  4. Қазақ мақал-мәтелдерінің АЛТЫН КІТАБЫ (8675 мақал-мәтел).-Алматы: «Аруна» баспасы.-632 бет.

Үмбетхан Сәрсембин, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік – саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3611