Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
Мәңгілік ел 11721 31 пікір 16 Маусым, 2017 сағат 09:50

Ауыт Мұқибекке Елбасы дән риза!

Қандастарымыздың көші-қон мәселесінің түйткілді түйінін шешу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибекке ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ризашылығын білдіріп, арнайы сәлем жолдапты. Бұл туралы ақынның өзі Abai.kz ақпараттық порталына хабарласып, сүйінші сұрады.

Кеше Қазақстан Республикасы Президент кеңсесінің басшысы Махмут Қасымбековтің көмекшісі Ауыт Мұқибекке хабарласып, Елбасы ақынның Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған «ЭКСПОҒА» КЕЛІҢДЕР, ҚАНДАСТАРЫМ!» атты өлеңін оқып риза болғанын, ақынға арнайы өз сәлемін жеткізуді тапсырғанын айтқан.

Қош!

Бұл – Ауыт Мұқибек үшін де, біздің портал үшін де қуанышты оқиға. Себебі, қазақ мемлекеті бүкіл әлемді Елордасына шақырып, халықаралық көрме өткізіп жатқан тарихи сәтте шеттегі ағайынды ұмыт қалдырмағанымыз дұрыс! Көрме Қазақстанды дүние жүзіне танытып қана қоймайды, шеттегі ағайынның еңсесінің көтерілуіне де өз септігін тигізеді.

Тарихи Отаны бес құрлықтың бүйірін қыздырып жатқанда жүрегі қазақ деп лүпілдейтін әр азамат Астанаға асығары сөзсіз. Ақын Ауыт Мұқибектің жыры Атажұтқа алып-ұшқан көңілге қанат, жүрекке қуаныш бітіріп, қаншама қандасымыздың елімізге келуіне ықпал етерін Елбасы толық түсінген болуы керек. Түсінгендіктен де риза болып, арнайы сәлем жолдап отыр деп ойлаймыз.

 

«Болды ұқсаса қазаққа шын есімің,

Пәтер біткен ашқалы тұр есігін.

Тіршіліктің байланбай күйбеңіне,

Өзгелерден бұрын кел бір-екі күн!

 

Қалды алыста замандар желі басым,

Ел таныған салтың бар беріп асын.

«Экспоның» тартылған кермесіне,

Бірінші боп байлансын сенің атың!

 

Берсін Есіл мәңгілік тұнық аға,

Куә болып сымбатың, сырыңа да...

Сендерменен көрікті Қазақстан,

Сендерменен айбатты Ұлы Дала!» деп, түйіндейді ақын өз өлеңін.

Шынымен де Тәуелсіз Қазақстанның әр жетістігі ең алдымен, басқа емес, ҚАЗАҚ үшін қуаныш! ҚАЗАҚ үшін мәртебе!! ҚАЗАҚ үшін жеңіс!!!

Қазір Қазақстан Жазушылар одағының азуын айға білеген сегіз жүзден аса мүшесі бар. Оған Одаққа мүше емес мыңдаған ақынды және қосыңыз. «ЭКСПО-2017» көрмесі сынды әлемдік деңгейдегі тарихи маңызы төтенше зор шара өзге емес, өзіміздің төл Астанамызда өтіп жатқанда сол қаламгерлердің  біреуін де шеттегі қандастарымызды елге шақырудың дәл осы өлеңдегідей үлгісін таба алған жоқ. Ауыт Мұқибек секілді ақындығымен елге пайдалы іс жасай алған кімі бар солардың бүгін? Бұл сұраққа жауап беру әзірге қиын.

Ауыт Мұқибек шеттегі қазақты елге әкелу жолында мың ұйымның жасайтын ісін жалғыз өзі атқарып жүрген тұлға. Атан түйеге жүк болар ауыр міндетті қиналмай көтеріп жүрген ақынға басқа емес, Елбасының өзі ризашылығын білдіруі асқақ шабыт сыйлары хақ.

Өлеңнің өміршеңдігі сол, біздің порталда осы өлең жариялана салысымен оны ел іші-сыртындағы бүкіл қазақ басылымдары көшіріп басты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «ЭКСПОҒА» КЕЛІҢДЕР, ҚАНДАСТАРЫМ!» жарық көрген басты басылымдардың интернет әлемінен көзіміз шалған бір топ сілтемесін ұсына кетуді жөн санап отырмыз.

http://abai.kz/  (Қазақстан Республикасы);

https://baq.kz/ (Қазақстан Республикасы);

https://egemen.kz/  (Қазақстан Республикасы);

xalhar.net (Қытай қазақтарының сайты);

http://kyzyk.times. (Қазақстан Республикасы);

http://arman-ako.com/ (Қазақстан Республикасы);

http://www.abdulvahapkara.net/ (Түркия қазақтарының сайты);

http://kaznews.mn/ (Маңғолия қазақтарының сайты);

http://adebiportal.kz/kz/news/view/3272 (Қазақстан Республикасы);

«Atatek» үнхат текшесі (Қытай қазақтарының сайты);

http://www.dalanews.kz/26005 (Қазақстан Республикасы);

http://chyndyk.kg/ (Қырғыз Респуликасының сайты);

http://argument.kg/ (Қырғыз Респуликасының сайты);

http://qasym.kz/ (Қазақстан Республикасы);

http://cbsorda.kz/ (Қазақстан Республикасы);

http://www.akjolgazet.kz/ (Қазақстан Республикасы) ;

https://www.facebook.com/...

 

Сонымен, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін біздің порталымызда жарық көрген ақынның өлеңін оқыды. Ертең әр мақаласын назарда ұстайтын болады. Ауыт Мұқибек айтса елдің жайын, шеттегі ағайынның мұңын айтады. Ол мәселенің бәрін президент біліп отырар болса, қазаққа олжа емес пе?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

31 пікір