Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
EXPO - 2017 4963 0 пікір 11 Шілде, 2017 сағат 10:00

«ЭКСПО-ға «Сүгірдің» сәлемін алып барамыз»

«Қазақ әндері мен иірімдеріне жететін дүние жоқ» Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Содан болар, күйдің күмбіріне құлақ түрмейтін жан жоқ. Тамаша әуенде өзгеше бір әлем, өмір бар. Әдемілік пен сұлулықты сезінесің. Рухтанасың, қанаттанып, жігерленесің. Бүгінде төл өнерге сүбелі үлес қосып жүргендер аз емес. Солардың бірі – Нұрсәт Бейсеқожаев. Арманын күйден іздеген оның өнерге іңкәрлігі ерекше. Ол небәрі 3-4 сыныпта алғашқы күйін шығарады. Бірақ шығарма көңіл түкпірінде сақталады. Назарларыңызға облыстық Ш. Қалдаяқов атындағы филармонияның директоры Нұрсәт Бейсеқожаевпен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Нұрсәт, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен шығармашылық кешіңізді бердіңіз. Жалпы осы кеш туралы айтып берсеңіз. Неге концерт атын «Нұрлы жол» деп атадыңыз?

– Шығармашылық кешке бір айға жуық дайындалдық. Концертте «Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірімен» бірге және менің інім Ғаламаттың жеке туындылары орындалды. Ал концерттің «Нұрлы жол» деп аталуының себебі бар. Менің «Нұрлы жол» атты күй-поэмам бар. Бұл шығарма, Тәуелсіздік алған жылдары Елбасымыздың жасаған жұмыстары мен еліміздің бастан кешкен ширек ғасырлық тарихын күй арқылы суреттейді.

– Филармонияға басшылыққа келгеніңізге көп болған жоқ. Оңтүстікке келгенде қандай әсерде болдыңыз?

– Оңтүстiк ежелден дарабоз күйші Сүгірмен танылған өңір. Мұнда шертпе күйдің негізі қаланған. Майлықожа, Мәделі жыраулардың өсиетін жырлаған жастар көп. Басқа аймақпен салыстырғанда облыс өнерімен, мәдениетімен көш ілгері тұр.

Оңтүстіктің өнері жайлы сөз қозғалғанда алғаш боп ойға оралатын орда – Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония. Ертеден-ақ  есімі елге мәлім таланттарды тәрбиелеп шығарған филармонияның екінші жаңғыруы – 2010 жылы Елбасының қолдауымен жаңа ғимаратқа көшуі еді. Сол жылдың 19-наурызында бұрынғы «Эластик» тоқыма фабрикасының ғимаратында отырған өнер ұжыммына бұл үлкен тарту болды. Сол сәттен бастап-ақ өнерпаздары елге маңызы бар барлық шараның басы-қасынан табылып, Облыстық, Республикалық, Халықаралық байқауларда топ жарып, елге мереке сыйлаудан бір сәтте жалыққан емес. Облыс төңірегінде ғана емес, өнерпаздары республика, алыс-жақын шетелдерге де танымал бұл ұжымда Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі, «Тұмар», «Қазына» би ансамблдерімен қатар орыс халық аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар оркестрі және скрипкашылар ансамблі, сонымен қатар 40-қа жуық Республикалық, Халықаралық байқаулардың лауреаттары яғни кәсіби, білікті әншілер тобы қызмет атқарады. Қаншама жылдан бері өнерге деген өлшеусіз еңбектері бар мәдениет майталмандарының бұл ұжымда қызмет жасап, кейінгі жастарға үлгі болып келе жатқаны-біз үшін үлкен мақтаныш. ҚР еңбегі сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев, ҚР еңбегі сіңген қызметкері Нышан Төлегенов, ҚР еңбегі сіңірген қайраткері Сәбира Әбдірайымова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Гүлбала Әбуова, Айжан Тәженова, Ғалия Жомартова, Сүндет Миралиев, Зәуре Әжібекова және Халықаралық, Республикалық байқаулардың жүлдегерлері қай кезеңде де филармония тарихына есімдері алтын әріптермен жазылар өнер тұлғалары.

.Мені қуантқаны, мұнда заманауи жабдықталған керектінің бәрі бар. Ұжымдағы әншілердің де кәсібилік деңгейі мықты. Көп дауыста ән орындау стилі жолға қойылған. Қандай іс-шара болсын әншілеріміз ортасында жүреді. Жетістігі де жетерлік. Облыс әкімі Жансеіт Түймебаевтың  тікелей өнерге қолдауы ерекше. Мұндай қамқорлық өзге облыстарда жоқ.

– Нұрсәт, қазақ халқы өнерді жоғары бағалайды. Әсіресе ұлттық өнерге ықыласы ерекше. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Мен Алматы қаласында туып өстім. Бірақ жастық шағым ауылда өтті. Шымкентте жүріп, Алматыны емес, ауылды сағынамын. Ал ата-анамның музыкаға әуестігі жоқ. Әкем шаруа адамы. Бірақ өнерге деген іңкәрлік тегімізде бар. Ахмет Жұбанов Жетісу күй мектебінің атасына балаған Байсеркенің ұрпағымын. Сондықтан болар, алғашқы күйімді 3-4 сыныпта оқып жүргенімде жаздым. Бірақ үлкендерге көрсетуге ұялдым. Көңіл түкпірінде сақтадым. Ес кіріп, оң солымды тани бастағанда, анамның өмірден өтуі жаныма батты. Анаға деген сағыныш саз өнерінің сахнасына әкелді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын композитор мамандығы бойынша аяқтадым. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрімен жұмыс істедім.

– Күйшілік дәстүріміздің бүгінгі деңгейі қалай? Болашағы жайында не айтасыз?

Қазақтың күйі – бабадан келе жатқан төл өнер. Рас, бір кездері үзіліп те кете жаздады. Бірақ жоғалған жоқ. Әрбір аймақта төл өнердің ұлттық мектебі бар. Еуропалық классикалық музыканың дәуірі Бах, Бетховендер кезеңі 15-ғасырдан басталады. Ал Қорқыттың «Қоңыр» күйі – 7-8 ғасырлардың туындысы. Демек ұлттық өнеріміз өміршең. Қазақ күйлері экзотика емес, ғаламдық жауһарлардың қатарынан орын алса деп армандаймын. Ол үшін 70-ші жылдары Дәулеткерейдің «Құдаша думанын», Дайрабайдың «Дайрабайын» симфониялық оркестрге орындатқан Еркеғали Рахмадиевтің бастамасын жалғастыруымыз керек. Өкінішке қарай, төл өнеріміз күйдің насихаты аздау.

 – Бүгінгі филармонияның тыныс-тіршілігі қандай? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Елімізде өтіп жатқан "ЭКСПО-2017" және "Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы екені мәлім. Осыған орай, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық - аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешовпен меморандумға қол қойдық. Жуырда Оңтүстік өңіріне Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрі гастрольдік сапармен келеді. Екі ұжымның басты мақсаты -оркестр мүшелерінің тәжірибесін жандандыру, ұлт аспаптар оркестрі арасындағы әріптестік байланысты арттыру. Сондай-ақ филармония ЭКСПО көрмесіне барып, концерт беруді жоспарлап отыр. Дәстүрлі төл өнер қазақтығымыздың, тарихымыздың күретамыры ғой. Биыл филармонияның жанынан құрылған Сүгір атындағы ұлттық аспаптар ансамбліне 15 жыл. Оркестр құрамында 50-ге жуық кәсіби музыкант бар. Мерейтой қарсаңында оркестр Батыс Қазақстан, Атырау, Орал қалаларына барып, өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы" аясында шілде айында Шымкент пен Түркістанда жыр-термешілердің қатысуымен «Ұлы Дала сазы» фестивалі өтеді.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мұқағали Кежетайұлы

Abai.kz

 

0 пікір