Сәрсенбі, 20 Қыркүйек 2017
Сұхбаттар 2346 5 пікір 10 Шілде, 2017 сағат 07:30

Билікті басқаруда түбегейлі өзгеріс керек

Біз қайда бара жатырмыз? Әлемдік өркениет деген ұлы көштің қай жеріндеміз? Еліміздедемократиялық жүйе орнады ма? Орнай ма? Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, экономика ғылымының докторы, профессор Оразалы СӘБДЕНМЕН әңгімеміз осы сұрақтардан басталды.

– Статистикаға жүгінсек, жылда өтетін Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың мүшкіл екенін көруге болады, – дейді Оразалы Сәбденұлы. – Глобалды бәсекелестік индексі бойынша Қазақстан 53-ші орында тұр. Ал тереңірек қарасақ, 2016-2017 жылдардағы көрсеткіштер бойынша денсаулық сақтау және бастапқы білім беруден 94-орында, қаржы жүйесінен 104-орында, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан 97-орындамыз т.б. Бұл келешекке үрдіс беретін салалардан: ғылым, білім және жаңа технологиядан көп артта қалып келеміз.

Қазір дүниежүзінің дамыған мемлекеттері VI технологиялық укладты (қалыпты) қалыптастыруда. Олар: нано-биотехнология, генинженерия, информациялық-коммуникациялық технология, ғарыштық технология. Бұл салаларда біздің үлесіміз жоқтың қасы. Жалпы, біз технологиялық укладтан 50-60 жыл артта қалып отырмыз. Біз түгіл, Ресейдің өзінің әлемдегі үлесі 2-3 пайыз ғана.

Сонда біз қалай дамыған 30 елдің қатарына қосылмақшымыз?

Әрине, қосыламыз, егер басқа мемлекеттер осы уақыттарда ұйықтап жатса... Басқа елдер де аламан бәйгеге шыққандай жарыс үстінде болады ғой. Қазір біздегі кезек күттірмейтін мәселе – осы салаларды дамыту. Ол үшін, бір жағынан, технологиялар трансферт жолын пайдаланып, ал, екінші жағынан, өзіміздің ғылыми-техникалық потенциалымызды қолдана отырып жаңа зауыт, фабрикалар салу қажет. «Өзіміз өндірмей, өзіміз өспейміз» деген қағиданы ұстанған жөн. Әрине, ондай жағдайда үлкен инвестиция – қаражат керек, әсіресе ғылым мен техниканы қолдау арқылы инновациялық процестерді өндіріске ендіру – кезек күттірмейтін міндет. Себебі жаңа технологияға байланысты ғылымның басымдылығы дүниежүзінде 4-5 жылда бір өзгеріп тұрады. Біз осы өзгерістерге ілесе отырып, бастаған істі өзіміздің менталитетімізге, қазақтың ұқыптылығына, алғырлығына, білімділігіне сай етіп жасауымыз керек. «Шетелдік ғалымдардың айтқаны дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па?» деп біздің ғалымдардан сұрап жатқан адам бар ма?

– Бізде индустриалды-инновациялық талай мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осылардың нәтижелері қалай?

– Өкінішке қарай, өте нашар. Егер көрсеткіштермен салыстырсақ, бағдарламалар жарым-жартылай іске асуда. Үкіметтің президентке жазған хатында бағдарламада бекітілген көрсеткіштерді өзгертуін сұрап жазған. Мысалы, бізде әрбір 100 кәсіпорынның тек 7-8 пайызы ғана инновациялық қызметпен айналысатын болса, шетелде 60-70 пайызға дейін, оның ішінде Германияда – 82,5, Швецияда 75 пайызды құрайды екен. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу арқылы инновацияны көтеру керек. Бұларды өндіріс, өнеркәсіп орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары бірігіп жасағаны жөн. Ғылымның жетістігін нақты өндіріске енгізу тетіктері мемлекетімізде әлі дамымаған.

– Инновацияны көтеру үшін инженер мамандардың әлеуетін арттыру қажет қой...

– Әрине, экономикамыздың инженерлік жүйесі ерекше көңіл аударуды қажет етеді, өйткені инновация – тек ғылыми қызмет емес, сонымен қатар көбіне инженерлік сала. Амал не, бізде өндіріске инженерлер даярлау саласы артта қалды. Мен 70-жылдардың басында Шымкент қорғасын зауытында агломерациялық, қорыту цехтарында алдымен слесарь, соңынан инженер болып істедім. Сонда противогаз киіп жұмыс істейтінбіз. Цехта 6-разряды бар слесарь мамандығы жағынан өте жоғары бағаланатын. Қазір мұндай мамандарды іздеп таба алмайсың. Оларды даярлау керек-ақ. Өкініштісі, сол Қазақстанда жоғары технологиядан қанша инженер даярлау керек екенін білмейміз. Ал Ресей жоғары технологиядан 600 мың инженер маман даярлау керек екенін есептеп айтып отыр, іске де кірісті. Бұл саладағы жоғары оқу орындарының инженерлер даярлау деңгейі бізде сын көтермейді. Бұрынғыдай студенттерді 1-2 жыл зауытқа жіберіп, тәжірибеден өткізу ісі тіпті тоқтаған. Қазір кәсіби-техникалық білімнің аздығынан өндірісте істейтін инженер, шебер, бригадир жетіспейді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы, қазақ-қытай мұнай-газ құбырлары сияқты халықаралық жобаларда шетелдіктер емес, негізінен, қазақ маман инженерлері, техниктері жұмыс істегені дұрыс. Біздің ел жаңа технологияны меңгермей және информациялық білімін көтермей, өндірістің инновациялық пәрменділігін дамыта алмайды. Керісінше, ғылыми-техникалық прогресті және интеллектуалдық дамуды тежейді. Ал әлем көп алға кетіп қалды. Оны ескеруіміз керек. Қазіргі әлем – информация: компьютер, адам, бизнес, заңдар, саясат, қауіпсіздік, экономика, қаржы, технология, мәдениет т.б. Бұл – адамзат дамуының бір сатысы ретінде жаңа информациялық қоғам пайда болады деген сөз.

– Инновациямен қатар, біздің қай салада алға шығатын мүмкіндіктеріміз бар?

– Бүгінде біз түркітілдес елдердің басын қосып, олардың дамуына серпіліс беру арқылы ең дамыған елдермен бәсекеге түсуіміз керек. Шамамен 2030-2040 жылдары дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып тұрып алуы тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған елдер бізді бөліп-бөліп, өркениет жолынан ығыстырып шығарады. Тек осылай «амбициялық мақсатты» қойып шеше білсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың орны өзгеше. Менің ойымша, Түркі әлемі елдеріне XXI ғасырдың цивилизациялық пойызының соңғы вагонына міну үшін бізге үдемелі дамудан басқа жол жоқ. Ол үшін түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Біз жаһандану процесінде әлемдік цивилизацияны алып қарасақ, оның ішінде G8 мемлекеттерінің дамыған жолын ескере келе, біз олармен экономика, жаңа технология, экология, қауіпсіздік, ғарышты игеру салаларынан бәсекелестікке түсе алмаймыз және біз көп арттамыз. Мысалы, ғылыми техникалық прогрестен, технологиялық укладтарды игеруден, оның ішінде 6-ТУ игеруден көп артта қалдық.
Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір-ақ қана жолы бар, ол– рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту.

Біздің түркітілдес мемлекеттер әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл – біздің генетикалық тегіміз. Уақтысында ататегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихқа екінші рет толыққанды кіруімізге әбден болады.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір Түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған әсіресе ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білек сыбанып тұрып атсалысуы керек.

Менің ойымша, осы идеяны іске асыру үшін халықаралық деңгейде, 200 млн-нан астам адам потенциалы бар, бүкіл түркі елдерінің ғалымдарына және бизнес өкілдеріне жүктейтін халықаралық мегажоба қажет. Ол – «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» жобасы.

Бұл жобаны іске асырудың қысқаша тетігін айтсам, бірінші кезекте түркі елдерінің үкімет басшылары бұл мәселені концептуалды талқылап, ғалымдар мен бизнес өкілдері біріккен жұмысшы тобын құрып, оларға мемлекеттік тапсырыс беру керек. Тиісті гранттық қаржыландыру арқылы тез арада осы жобаны дайындау үшін ғылыми ізденістер жүргізу қажет.

Бұл жобаға халықаралық резонанс беру үшін түркі елдерінің президенттері «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» меморандумын қабылдап, бекіткені жөн. Мұндай XXI ғасырдағы тың идеяға Түркі әлемінің халықтарынан қолдау алған жөн.

– Осы орайда, Қытай лидері Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолында экономикалық белдеу құру мәселесін көтерген еді. Осы идеяға байланысты біздің тарапымыздан Ұлы Жібек жолында қандай істі бастаған жөн болар еді?

– Бұл жобаны қолдап, Путин де талай рет айтты. Бұл біздің президенттің де Еуразиялық идеясының аясында. Қытай, әрине, бұл идеяны іс жүзінде төрт-бес тармақпен іске асыруда. Керек болса, Африкадан да жер сатып алуда т.б.

Осы орайда, Түркістанды рухани орталыққа айналдыру жобасы ұсынылған болатын. Түркітілдес халықтар қазақ жеріндегі Түркістанды атажұрт, рухани астанамыз, екінші Мекке деп ағылып келіп, киелі мекеніне тағзым етіп жатыр. Біз Түркістанның рухани және экономикалық әлеуетін пайдалана алмай келеміз. Бұл аймаққа тек туристік нысан ретінде қарау мүлдем дұрыс емес. Түркі әлемінің тірегі, талбесігі болатындай тарихи тереңдігі бар Түркістан аймағын рухани, экономикалық, технологиялық дамыту арқылы жаңа белеске көтеруге болады.

Осы орайда, Түркістанды рухани астанаға айналдыру ұлттық идеясын алға тартпақшымын. Қысқаша айтсақ, бұл мегажобаның аты – «Түркістан өңірі» рухани-жаңа технологиялық кластерін құру – Қазақстан қоғамын ізгілендіру туралы». Мегажобаның негізгі мақсаты – Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа (мегаполиске) айналдыру. Біз рухани элита құрмай, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз екіталай, ал оның негізі – Түркістанды рухани дамыту арқылы Қазақстанды рухани көтеру.
Жоба алты кластерді қамтиды: рухани, технологиялық, жаңа ауыл, туризм, логистика және инфрақұрылым кластерлері. Жоба 8 млрд доллардан астам инвестицияны қажет етеді.

– Әрине, 1,5 млрд халқы бар Қытайдың үлкен мүмкіндіктері бар. Ал біз аз халықпыз. Не істеуіміз керек?

– Біз өте аз халықпыз, бірақ қазба байлық жағынан дүниежүзінде ең бай елдер қатарындамыз. Бәсекелес болу үшін біздің тек жаңа білім, ғылым, технология, рухани жаңғырту арқылы мүмкіндігіміз бар. Осылай жасамасақ, онда шығыста Қытай 1,5 млрд-қа жуық, солтүстікте Ресей 150 млн, оңтүстікте өзбек 33 млн, одан әрі Үндістан 1 млрд-тан астам, жұтылып кетеміз бе деген қауіп те бар. Ұлттық мүдде, рухани құндылықтар бәрінен де жоғары тұруы керек.

Мысалы, Ресей халқының азайып бара жатқанын сезіп, жаңа туған балаға ана капиталы ретінде 10 мың доллар береді. Белорустар да осылай жасады. Саны аз халық бізге неге осылай жасамасқа?! Осы орайда, халық санын көтеру мақсатында Қазақстанда «демографиялық қор» құру керек. Халықтың саны өсу үшін Ұлттық қордан қомақты мөлшерде қаражат бөліп отыру керек.
Елімізде қазақ халқы бүгінде 70 пайызға жақын, егер санымызды көбейтуге ерекше мән берсек, 2030 жылдары 90 пайыз болады деген болжам бар. Осылай шешілу үшін «Қазақстанда 2030 жылдарға дейінгі мемлекеттік демографиялық бағдарлама» қабылдап, оны тиісті қаражат және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету керек.

– Енді саясатқа келейік. Президент түбегейлі реформалар жасауды жылдың басында ұсынды. Олар: биліктің үш тармағын тепе-теңдікте ұстау, саяси, әлеуметтік-экономикалық проблемаларға конституциялық өзгерістер енгізу, Қазақстанды рухани жаңғырту және үкіметке 2025 жылға дейін Қазақстанды үшінші модернизациялау мемлекеттік бағдарламасы т.б. Осы орайда, президенттің бұдан біраз жыл «экономика – бірінші, саясат пен қалғандары екінші орында» деп айтқан қағидатына қалай қарайсыз?

– Мен бұдан біраз жыл бұрын осы мәселе көтерілгенде өз еңбектерімде «саясат пен экономика қатар жүруі керек» деген болатынмын. Және өз мақалаларымда демократиялық процестің жүру жолдары көрсетілген еді. Бірақ тындар құлақ болмады. Бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Осы сұрақтарыңызға өз ой-тұжырымдарымды айтсам. Жаңа қоғам интегралды инновациялық қоғам болмақшы. Осындай күрделі өзгерістерде билік қоғамның білікті күштеріне сүйене білгені дұрыс.

Мен кәсіби маман ретінде билікті соны өзгерістерге баруға шақырамын. Ең алдымен биліктің үш тармағының құзырын тепе-тең бөлгенде, халық білу керек, біз өзі қандай қоғам орнатудамыз, өмір сүруіміздің негізі етіп қай жүйені аламыз? Шындығына келсек, демократиялық қоғам орнатамыз деп біз бір бюрократиялық-олигархиялық капитализм жолына түскен сияқтымыз. Алдымен осы теріс жолдан ақылмен шығып алу қажет.

– Онда қалай демократиялық жүйе орнатамыз?

– Менің ойымша, біз әлемдік өркениеттің аясында интегралды-инновациялық қоғам орнатуымыз керек. Мұндай стратегиялық мақсатқа жету үшін, менің ойымша, конституциялық реформаны екі кезеңмен жүргізу керек.
Бірінші кезең 2025 жылға дейін созылуы мүмкін. Себебі экономикалық дағдарыс жалғасады, ал әлем біраз жылдар толқуда болады. Қай уақытта 6-технологиялық укладтың (нано-биотехнология, ақпараттық-коммуникациялық технология, генді инженерия, ғарыш технологиясы) жалпы ішкі өнімдегі үлесі жоғары болады, сол уақыттарда ғылыми-техникалық прогресс қатты дамып, әлем үдемелі алға дамиды. Міне, сол уақыттарда белгілі болады: біз әрі қарай парламенттік-президенттік басқару жүйесімен жүреміз бе, жоқ әлде жаңа жүйеге – тек парламенттік басқару жүйесіне көшеміз бе? Оны уақыт көрсетеді.

Менің ойымша, Қазақстан қоғамы билікті басқару жүйесінен жақын арада үлкен өзгерісті күтуде. Осы жағдай келе қалған сәтте абдырап қалмау үшін, теріс күштерге жол бермеу үшін, қарапайым халықты күйзелтпеу үшін өзіміз тез арада соны өзгерістерге баруымыз қажет.

– Ол үшін не істеу қажет?

– Қазақстанда саяси және экономикалық реформалар жасау үшін төмендегідей қадамдар жасау қажет. Ең алдымен социалистік жоспарлы экономика мен капиталистік нарық жүйесінің негізінде «2025 жылға дейін саяси реформаның бағдарламасын» және 2025 жылға дейін экономикалық реформаның Қазақстанды дамытудағы стратегиялық жоспарын жасау.
Сосын осы екі түбегейлі саяси-экономикалық бағдарламалардың іске асырылуы үшін мен жаңа жоба ұсынамын. Оның аты: «Мемлекетті 4-тік спиральмен басқарудың жаңа парадигмасы». Ол мемлекет, ғылым, бизнес және қоғамның (үйдің төрт қабырғасы сияқты) бәрі бірігіп, Қазақстан деген мемлекетті (үйді) жаңаша дамытуға атсалысу. Бұл жоба президентке, үкіметке, парламентке уақтысында жіберілді және де бұл жоба кітапша болып басылып шықты. Жақында Алматыда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның шешімімен билікке екінші рет жіберілді.
Саяси және экономикалық реформалар қатар жүруі керек, елімізде демократиялық процестерді тездету қажет. Мемлекеттің саяси мүддесі, мақсаты нақты, халыққа сенімді, болжамды болуы керек. Ол үшін тез арада жаңа, демократиялық парламенттік сайлау өткізу керек. Парламентке ел сеніміне ие болатын депутаттар келуі керек. Көппартиялы парламенттің 50 пайызы партиялардан, 50 пайызы бір мандатты мажоритарлық округтардан елге белгілі маман, қайраткерлер сайлансын. Депутаттар қазіргідей жергілікті халық мүддесінен алыстамауы керек. Партиялардың парламентке өту межесі 3-5 пайыздан аспасын. Түбінде біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық парламентке өтуіміз қажет.

Коррупциямен аяусыз күрес, барлық деңгейде мемлекеттік басқару аппаратын 20-30 пайызға қысқарту, жылда миллиардтап игерілмей жатқан мемлекеттік шығындарды 15-20 пайызға қысқартып, үнемделген қаражатты әлеуметтік салаға, халыққа салу.

Қаржы-салық жүйесін жаңаша реттеу, байларға салықты еселеп көбейтіп, ал кіші кәсіпке салықты жеңілдету. Кіші кәсіпті экономиканың өзегі ету арқылы орта тапты дайындау мемлекетті күшейтеді.

Кенжелеп қалған рухани құндылықтарымыз, мәдениет, моралымызды жандандыру. Көрінбей қалған, еленбей жүрген тұлға-таланттарымыздың бетін ашу керек. Ұлтты оятатын тұлғаларын, зиялыларын, ғалымдарын халық көрмей қалды. Ондай зиялылары жоқ халық – піспеген халық, түбегейлі реформаларға даяр болмауы мүмкін. Бірақ бармыз деп ойлаймын, тек шығара білуде.

Дәл қазір өте қажет деп қаржының ұлттық ішкі өнімге шаққанда 2 пайызын ғылымға, 6 пайызын білімге, 6 пайызын денсаулыққа, 4 пайызын мәдениетке салу керек. Сонда ғана инновациялық даму арқылы жаңа біліммен ақылды халық болып бәсекелестікке түсе аламыз. Мұны жасамасақ, тіпті қалып қоямыз.

Ұлттық қоғамдық-бақылау палатасын құру туралы арнайы заң қабылдап, барлық деңгейде қоғамдық бақылауды күшейту қажет.

Халықтың сеніміне ие болып, республикамызда халық бірлігін сақтап, олардың мұң-мұқтажын қамтамасыз ету үшін қоғамдық және саяси дамуда ұлттық мүдделерді анықтап, түрлі саяси партиялар арасында ұлттық келісімге келу керек.

Осылар қолға алынған кезде ғана бізде халықтың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты артып, әлемдік өркениетте бәсекеге қабілетті бола алатын экономика құру арқылы тұрақты экономикалық өсу болады және де болашақ ұрпақ алдындағы, ата-бабамыз аманаттап қалдырған парызымызды адал өткерген болар едік. Жоба авторы ретінде осы идеяларға бейжай қарамай, еліміздің жарқын болашағы үшін, өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниені бірлесіп іске асыруға шақырамын.

– Сіз Қазақстан үшін өте түбегейлі реформаны ұсынып отырсыз. Билік осыған бара қояды дегенге күмән көп...

– Менің де күмәнім бар. Егемендік алған 1990 жылдан бастап 2017 жылға дейін президент пен үкіметке 30-дан астам ұсынысхаттар жібердім. Оның бір бөлігі іске асырылды, ал екінші бөлігі өз кезегін күтуде. Бірақ қазіргі заман басқа. Әлем күрт өзгеруде. Кейде ертең не боларын болжау қиын. ХХІ ғасырдың «вызовына» жауап беру үшін біз әлеуметтік капитал жинауымыз керек. Бұған көзі ашық, көп оқыған, дүниежүзілік өркениеттің дамуын ізденген жастарымыздың шығып, өз жауабын берер деген сенімдемін.

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

Жас Алаш №54 (16240)   6 шілде, бейсенбі 2017

 

5 пікір
adamfeigelesfirm 2017-07-13 06:37:43
= Міндетті емес, егер сіз өзіңізге ұнайтын болсаңыз, онда сіз өзіңізге қажетті ақпараттарға ие боласыз. Puedo pedir préstamos € 1,000-ден 80 000 000,00 евроға дейін. Мәселен, 3% -дан астамы өздеріне арналған, тәуелсіздік туралы шешім қабылдады. 1-30 аптаға дейінгі аралықта сіздермен бірге жұмыс істеуге болады. Әуесқойлыққа қатысты хипотекариялар, инверсияларға арналған преамбулалар, автомагистральдарға арналған преамбулалар, жеке тұлғалар туралы престаттар, жеке тұлғалар туралы ақпарат, тіркелу және тіркелу, сондай-ақ, кез-келген сайтқа кіруге bболады. Артықшылығы жоқ, ешкімнің қолы жетіспейді. Dïgale-дің бастамасы бойынша, ол тек қана жеке-дара емес. электрондық пошта: Adamfeigelesfirm@yahoo.com Клиенттердің ешқайсысы жоқ
Асан 2017-07-10 17:49:57
Бәрі билікке байланысты. Парасатты билік елмен бірге өзінің де атақ- даңқын аспандатады. Керісінше ел тығырыққа тіреліп, биліктің масқарасы шығады.
БАҒЫС 2017-07-10 16:54:49
АБДИЛДИН МЕН САБДЕНГЕ6 ҚАЖЫГЕЛДИНМЕН МЕН АБЛЯЗОВҚА ЖАУАП БЕРЕ АЛМАҒАН ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВТЕН НЕ ҮМІТ, НЕ ҚАЙЫР?, АКАДЕМИК САҒАДИЕВ ОДАН ДА МЫҚТЫСЫ МЫРЗАТАЙ НЕГЕ КӨМЕК БЕРМЕЙДІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЙТҚАНДАРЫНЫҢ БӘРІ ӨТІРІК. ҚАШАНҒЫ АЛДАНА БЕРЕМІ? ҚОНАЕВҚА ЖАСАҒАН САТҚЫНДЫҒЫН БЕТІНЕ БАСЫП НЕГЕ БСРОЧНЫЙ КӨШЕГЕ ШЫҚПАЙМЫЭ? НЕГЕ ҚАНДЕН ҚҰСАП БОСҚА ҮРЕ БЕРЕМІЗ?
Бәукен Әмірен. 2017-07-10 15:52:02
АЙТЫЛУЫ АЙТЫЛДЫ, АЗ АЙТЫЛЫП ТА ЖАТҚАН ЖОҚ, "АЛҒА!" ДЕП ҰРАН САЛАМЫЗ - ЕЛДЕ НЕГІЗІНЕН ЖҰМЫС ЖОҚ, РАСЫ КЕРЕК. бҮГІН МЕНЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУҒА ТІРУЕУГЕ БІР КЕЛІНШЕК КЕЛДІ, АЙ САЙЫН 1400 ТЕҢГЕ ТӨЛЕП ТҰРАСЫҢ ДЕЙДІ. НЕМДІ ТӨЛЕЙМІН..?
маке 2017-07-10 09:07:18
Ұмытпасам осы кісі кезінде Түркістандағы А.Яссави атындағы халықаралық университеттің жұмысын жүргізе алмаған сияқты еді жемқорлықтың әсерінен енді неге ақыл айтып отыр екен?Сол кезде елбасының болуы мүмкін арқасында аман қалған деп айтушы еді халық.Сенбеймін бұл кісіге.Әлде мен дұрыс айтпай отырмын ба?

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5693
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 11913