Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9998 12 пікір 12 Шілде, 2017 сағат 08:25

Бекмахановты қуғындаған Храмков  

ХХ ғасырдың 50-жылдары қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымов басқарған ұлт-азаттық көтеріліске арналған зерттеулері және «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты еңбегі феодал, қазақ халқының қас жауы сұлтан Кенесарыны дәріптеді, «ұлтшылдық» негізде, «аға ұлтқа қарсы»  жазылған деген желеумен қазақтан шыққан көрнекті тарихшы ғалым Е.Бекмаханов қатты сынға ұшырады. Ғалымды 50-жылдарың басында орын алған қуғын-сүргіннің үшінші толқыны айналып өтпеді.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары ғылым мен мәдениетті саясиландыруға барынша күш жұмсалды. 50-жылдары республикада «буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы» қарсы науқан өріс алды. Бұқаралық ақпарат беттерінде қазақ интеллигенциясы өкілдерін айыптаған «Қазақстан тарихындағы буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы», «Ұлтшылдықтың, ескіліктің шырмауында», «Қазақ әдебиеті тарихындағы Кенесары Қасымов қозғалысын зерттеушілерге қарсы», «Тарихи шындық бұрмаланбасын» т.б. сарындағы мақалалар жарық көрді. Республиканың идеологиялық кеңесінде Кенесары Қасымов қозғалысының, Алашорда қайраткерлерінің ақталмайтындығы туралы үзілді-кесілді айтылды (Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты, 708-қор, 35-тізбе, 1293-іс). Зиялы қауым арасында күдіктілік пен үрей орын алды.

Сол жылдардағы мұрағат құжаттарынан Қазақстандағы бұл саяси науқанда «қызыл идеолог» И.П.Храмковтың әсіре белсенділігін аңғаруға болатындығы. Қазақстан ғалымдарының «ашық аспанына бұлт үйірген, қара түнек орнатқан» бұл бейбақ кім еді деген заңды сұрақ туындайды.

Иван Петрович Храмков 1905 жылы Калуга облысы, Полотнянный завод селосында дүниеге келген. Әр жылдары слесарь, заводта партия ұйымының хатшысы, аудандық комсомол ұйымының хатшысы, Калуга губерниялық комсомол ұйымының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Москва облысында партия ұйымының хатшысы, Қарашай автономия облыстық комитетінің екінші хатшысы, Ставрополь аудандық комитетінің үгіт жұмыстары бойынша хатшысы, Пятигорск қалалық БКП(б) комитетінің бірінші хатшысы   қызметтерін атқарған (Костанайская область. Энциклопедия. – Алматы: Издательств «Арыс», 2006. с. 689). Партиялық жұмыста болған И.П.Храмков 1948 жылы Жоғары партия мектебін сырттай аяқтаған соң, БК(б)П Орталық Комитеті идеологиялық жұмыстар деңгейін көтеруге жәрдемдеседі деген желеумен Қазақстанға жіберген. Мәскеудің жолдамасымен келген «іскер» кадр Қазақстан К(б)П ОК-нің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Қытымыр партия қызметкері, шовинст  И.П.Храмков қоғамдағы объективтік жағдайға байланысты ұлттық интеллигенцияның ұлттың сана-сезімін қалыптастыруда белсенді рөл атқаратындығын жақсы түсінген.

...1950 жылдың шілде айында Қазақ КСР ІІМ Мұрағат басқармасының бастығы И.З.Чумак БК(б)П Орталық Комитетіне жіберген құпия хатында Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі И.П.Храмковтың тапсырмасы бойынша мұрағат басқармасының 1949 жылы шығарған «Алма-Ата в период октября и в годы гражданской войны»(Летопись событий) атты кітабын талқылап және көпшілік пайдаланудан алып тастауға тапсырма берілгендігін баяндаған (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 544-қор, 1-тізбе, 1455-іс). Кітапта жіберілген нақты кемшіліктер туралы Қазақстан К(б)П ОК-ті тарапынан ешқандай ескерту берілмегенін және олардың өздері де білмейтіндігін жаза келіп, сол күні партия қатарындағы тарихшыларға кітаптағы кемшіліктерді табуға және кітапты айналымнан алып тастауға тапсырма берілгендігін жазды. Бұл тапсырма республика партия комитеті қызметкерлері тарапынан тікелей БК(б)П ОК-нің директивасы ретінде қабылданатындығы сөзсіз еді. Осындай жағдайда бұл кітапты қорғайтын тұлғаның табылуы да екіталай еді.

27 шілде күні И.З.Чумакты И.П.Храмковтың тікелей тапсырмасы бойынша орынбасары Иванов шақырып КСРО ІІМ мұрағат Бас басқармасына кітаптың баспадан шығуы туралы түсінік жазу қажеттігін ескертеді. Бөлімге төмендегі екі сұраққа түсініктеме беруді талап етеді. Біріншісі, кітапты дайындау барысында БК(б)П ОК-нің жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Ленинград қалалық комитеті жанындағы партия тарихы институты шығарған «Большевики в период подготовки и проведение Великой Октябрьской социалистический революций» (Хроника событий в Петрограде) атты кітаптағы деректер пайдаланылған. Екінші, неліктен жарық көрген кітапта БК(б)П ОК-ті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының рұқсатынсыз «История гражданской войны в СССР» атты 2 томдыққа сілтеме жасалады. Қойылған сұрақтарға берген жауабында И.З.Чумак «Хроника событий в Петрограде» атты кітаптың айналымнан 1950 жылдың 30 наурызында алынғандығын, басқарма тарапынан жарыққа шыққан кітап 1948 жылдың тамыз айында баспадан шыққандығын және аталған кітапқа 1947 жылы «Большевик» журналының №21, «Партийная жизнь» журналының №18 сандарында жарияланған оң пікірлер назарға алынғанымен түсіндіреді. Марксизм-ленинизм институтымен келісу туралы нұсқаудың болмағандығын назарға береді.

Қазақстан К(б)П ОК-ті өз тарапынан кітапта «елеулі кемшіліктердің» барлығын мұрағат басқармасына ескертеді. Атап айтсақ, кітаптың бірінші тарауында революция жылдарында бұқара халықты ұйымдастыру және мобилизациялау шараларында негізінен контрреволюциялық күштердің құжаттары енгізіліп, көп орын берілгендігі ерекше назарда ұсталды. Кітапқа бұл құжаттардың енгізілуіне байланысты З.И.Чумак өз көзқарасын төмендегіше білдіреді. Контрреволюциялық күштердің құжаттарын пайдалана отырып, олардың келісімпаздық, буржуазиялық, контрреволюциялық іс әрекеттерін әшкерелейтін қажетті құжаттардың енгізілуі себептерінің бірі сол тұстағы жергілікті большевиктік ұйымдардың құжаттарының сақталмауына байланысты, «жау лагерьдегі» элементтердің құжаттарын пайдалануға мәжбүр болғандықтарын ескере кетеді. Жарық көрген «жылнама» партиялық тұрғыда жазылғандығы туралы 1950 жылдың «Большевик Казахстана» журналының №3 және «Казахстанская правда» газетінің 9 сәуірдегі сандарында оң пікір жазылған. Назар аударатын жағдай И.З.Чумак бұл істі қолдан ұйымдастырып отырғандар барлығын ашына айта келіп, аталған мәселені кейбір тарихшылар мен КСРО ІІМ мұрағат Бас басқармасындағы бірлі-жарымды қызметкерлердің мемлекеттік мұрағат қорларындағы материалдарды пайдалануды жете бағаламайтын көзқарастарын таңуға пайдаланатындығы туралы пікірін ашық айтты.

...Айтылған пікірді өмірдің өзі дәлелдеп бергені сол, іле-шала 1950 жылдың желтоқсан айында тарихшы-ғалым Е.Бекмахановқа қарсы баспасөз бетінде «шабуыл» басталды.

И.З.Чумакпен әңгіме барысында И.П.Храмков мұрағат органдары тарихи материалдар жинағын шығару, өзінің «партиялық» көзқарасы бойынша мемлекеттік мұрағаттар ісі еместігін айтады.

Бұл кезеңдерде мемлекеттік мұрағат қорын пайдаланудың нәтижесінде тарихи құжаттарға сыни көзқараспен қараған зерттеушілер қудалауға түсе бастады. Ленинград пен Москвада «Ленинград ісі», «Дәрігерлер ісі» дейтін саяси науқандар қызу жүріп жатқан кезде Қазақстанда «Бекмаханов ісі» дейтін іс қолдан жасалды. Е.Бекмаханов 1943 жылы Алматыда мұрағат деректері бойынша жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты күрделі еңбектің негізгі авторларының бірі болды. Бұл еңбекті жазуға үлкен авторлар ұжымы, оның ішінде соғыс жылдарында Алматыға көшіп келген белгілі кеңес тарихшылары А.М.Панкратова, Б.Д.Греков, И.М.Дружинин, А.П.Кучкин т.б. қатысқан болатын.

1950 жылғы желтоқсанның 26-сында «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақала  жарияланып, Е.Бекмаханов қатты сынға алынды. Ол еңбектің 14 тарауында К.Қасымовтың басшылығымен болған көтеріліс тарихын жазған болатын.  Бұл кітаптың кейбір сыншылары оны орысқа қарсы жазылған және онда Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістер дәріптелген деген айыптар тақты.

1951-1953 жылдардағы қуғын-сүргінге күні бүгінгі дейін саяси баға беріліп, жазықсыз жазаланғандардың тізімі жарияланған жоқ. Қазақ ғалымдары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов, Ә.Қоңыратбаев т.б. қудалауға ұшырады.

Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісті реакциялық-монархиялық деп жариялау туралы ой И.П.Храмковтан өрбіген. Жазушы М.Сәрсекенің жазуынша бұл мәселе бойынша қозғаушы болатын мақаланы жергілікті тарихшылардың көмегімен және «Правда» газетінің тілшілері А.Черниченко мен В.Озеровтің қатысуымен бөлім меңгерушіснің кабинетінде даярланды (М.Сарсеке Ермұхан Бекмаханов. Ғұмырнама. –Астана: Фолиант, 2010 жыл). Бұл мақалаға респбулика  партия ұйымының бірінші хатшысы қол қояды деп күтілді.

Бірақ Қазақстан КП(б) бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Бекмаханов ісіне» байланысты «Соғыс күндерінде қазақ жауынгерлеріне жазған үндеу хатта «Кенесары мен Наурызбай батырлардың рухы жебеуші болсын!» деген сөзімнен қалайша танамын?» деп үзілді-кесілді бас тартқан соң, И.П.Храмков жергілікті тарихшылар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев және А.Якунинге қол қойдырған. Алайда қазақстандық қол қойған үш тарихшының іс-әрекеті амалсыздан болған шара болғанымен, ар алдында, ғылымға деген адалдықтан аттағандарын жоққа шығаруға болмас.

Е.Бекмахановтың сыншылары қазақтар мемлекеттілікті тек Қазан төңкерісінен кейін ғана алды деп данагөйлекке салынып, қазақ халқының тарихында мемлекеттілік болып көрмеген деген сандырыққа дейін барды.

Қуғын-сүргін науқанының дем берушісі И.П.Храмков пен жандайшаптары ойлаған мақсаттарына жетті. Айыпталған Е.Бекмаханов 1951 жылы партия қатарынан шығарылып, ғылыми атақ дәрежелерінен айырылып, «қоғамға зиянды элемент» ретінде оқытушылық жұмыстан алыстатылды. 1952 жылы күзде тұтқынға алынып, «әділ кеңестік» сот үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Сібірдегі Бодайбо қаласындағы тұтқындар лагеріне айдалды.

Қазақ тарихшысын қудалаудың бастамашысы болған И.П.Храмков 1954 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшы болып тағайындалған. Ол науқанға мұрындық болып, жау элементтерді топтап әшкерлеген табанды жұмысы мен идеологиялық майдандағы жетістіктері бағаланып 1956, 1957 жылдары Ленин орденімен марапатталды. Бірақ сан-салалы шаруашылығы бар облысты басқара алмай, 1959 жылы Н.С.Хрущевтің қаһарына ілігіп, орынынан босатылып, Москвадағы «Колос» баспасында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан.

Тарих тек ғылым үшін ғана зерттелмейтіндігі белгілі. Ол, ең алдымен, өткен тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі. Қазақтың көрнекті тарихшысының басынан өткен тауқымет төл тарихымызды бұрмалаушыларға сабақ болуға тиісті деген ойдамыз.

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2282
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618