Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ақмылтық 5799 6 пікір 20 Шілде, 2017 сағат 09:45

Ұлтын сатқандар мінбеде жүр...

Ұлтты қасіреттен құтқарар Толағай текті бір ұлды Құдайдан сұрайтын халықпыз. Аспаннан аяғы салбырап, бүкіл жұрттың мұңын арқалар Алып Тұлға туа қалса дейміз. Содан шығар, ананы да, мынаны да қазақтың қамын жеген періште текті ПЕНДЕ етіп, анаушыл-мынаушыл болып, қызылкеңірдек болып жатқанымыз. Бұл қандай психология? Бұл қандай қалып?

Пенде қателесуге құқылы... Бірақ, дәл қазақтай қателесе беретін халықты өз басым көрген емеспін. Мәселен, бүгінгіндей алдың жар, артың құзға айналған дәуірде халықты қара тобыр деп танып, сол тобырды бастайтын серке іздеу – ұлтты қорлау деп білемін. Қой бастайтын сақалды серкелер отардың берекесін алып бітпейтін бе еді? Қазақ қой емес, бізге серкенің де қажеті шамалы. Әркім, әркезде болып жатқан жағдаятқа қатысты өз арасынан батыр да табады, ақын да табады. Ел іші – алтынның кеніші. Тот баспаған алмас қылыш көп. Оның бәрін ұлттық тұлғаға айналдыру да дұрыс емес. Ұлтың үшін орайы келіп, атқа қондың ба, сосын түс. Сол бір сәттік батырлығыңды малданып, өмір бойы бәлсіну, ерлігіңді бұлдану ешкімге де опа әпермейді.

Қазір қазақтың басына күн туа қалса, «ана көкем не дейді?» екен деп сілекейіміз шұбырып ойдан жасап алған «геройымыздың» аузына телміре қаламыз.

Орайын дөп пайдаланып, жау кеткен соң, пышағын тасқа шауып, батыр бола қалуды кәсіп еткен о пақыр дәл Сіз сияқты қауқарсыз пенде емес пе? Не дей қоюы мүмкін?

Мысалы, бір ғана типтік бейнені көз алдыңызға елестетіңізші.

Елдегі жемқорлыққа ләм дәп ауыз ашпаған бір көкеміз аяқ асты «91» деген топтың ұлттық мәдениетімізге төндірген қаупіне шыр ете түседі . Жер дауы кезінде тілін тістеп, «құйрығын қысып» отырған о пәтшағар қыздардың басындағы хиджапқа келгенде жалаңтөс батырға айналып шыға келеді.

Жалпылама алғанда біз осындай қалыптағы адамдарды батыр етіп жүргенімізді білеміз бе?

Ол нені өзгертеді?

Қазір ұлтын сатқандар, дінін сатқандар, тінін сатқандар мінбеде жүр... Біз суық торғайдай қалтыраған оларды Толағайға айналдырып алдық.

Бізге жалпы осындай Ұлттық Тұлға қажет пе еді?

Желтоқсан көтерілісінің мыңдаған батырларын көзге ілмей, шейіт болған бірді-екілі боздағымызды ғана батыр жасап алғанымыз кеше ғана. Билік мыңның мысынан қорыққан шығар! Ал, біз неге «бірге» табынуға құмармыз?

Мен осыны түсінбей-ақ қойдым.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

6 пікір