Бейсенбі, 17 Тамыз 2017
Алашорда 1332 0 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 08:18

Айбатқа мінген момын жұрт

«Алаш жолы» рисәләсі жайында

Алаш қозғалысының жеңісті шыңы Алашордаға бір ғасыр толатын биылғы мерейлі дата қарсаңында неше алуан зерттеулер, ғылыми еңбектер мен тарихи-танымды шығармалар жарық көріп жатқаны мəлім. Солардың ішінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Алаш жолы» рисəлəсі бар. Тарихи деректерді көркемдік тəсілдермен оқырман алдына ұтымды жайып салатын бұл рисəлə Алаш қозғалысының бастауын арқау еткен. Онда Ресей империясының отарына айналған қазақ елінде бостандық үшін жаңа тұрпатты күреске бет бұрған XX ғасырдың басындағы кезең суреттеледі. Қазақ даласындағы маусымдық ірі сауда-саттық орындарының бірі Қоянды жəрмеңкесіне 1905 жылғы маусымда келген халық іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің көзін ашқан болатын.

Жəрмеңкеге жиналып жатқан жұрт ішінен Еркіндік есімді жасамыс кісіні де кезіктіреміз. Ол отаршыл өкімет қазақ елін душар еткен қиындықтарды қаршадайынан бастан кешіп келе жатқан қарт еді. Империяның қилы жолмен қазақ жеріне сұғынуы елді ұлттық езгіге, əлеуметтік күйзеліске ұшыратқан. Сонда Еркіндік ауыр тұрмыс ашындырған жұрт ішінен өкіметке қарсы қол бастап ереуілдеп, сол үшін каторгаға айдалған болатын. Каторгадан бірінші орыс революциясы оқиғалары кезінде қашып шығып, елге келген беті еді. Айдауда жүрген қартты революция жаңа күреске жігерлендірген-ді, алайда оның тағы да елді көтерсем деген құлшынысын аймақтың бас адамдары құптамайды. Олар орыс оқуын тауысқан балаларына сенім білдіретіндей. Ал оқыған жастар жəрмеңкеге жиналып, үкіметке арнайы тілекхат жазуды қолға алған. Қарт каторожник олардың ниетін ə дегенде қабыл алмай, біртіндеп қана бет бұрады. Бұған ереуіл кезінде жазалаушы жасақ қолынан қаза тапқан жауынгер серігінің ұлы, өзінің баласы іспетті Өтеміс есімді жас жігіт ықпал етеді. Өмірге, əсемдікке ғашық бұл жасөспірім жəрмеңкеге келе жатқан (Əлихан Бөкейхановтың жас кезін елестететін) оқымыстының əңгімесін тыңдау барысында, сол таңдағы азаттық қозғалысы жайында алғашқы мағлұмат алған-тын. Албырт бозбала жəрмеңкедегі күндерде аңсаулы өзгеріс рухына өзі бейімделіп қана қоймай, Еркіндік көкесіне де ықпал етеді. Оның жаңаша күресу жолына түскен жас зиялыларды қоштауына қол жеткізеді. Қарт көтерілісшінің үкіметке петиция дайындау жəне оған қол қою үдерісі кезінде оларды қоштағаны сондай, ақыры, патша үкіметіне жазылған ұжымдық хатты Қарқаралы поштасы империя астанасына жіберуге қабылдамағанда, оны Дала өлкесінен тысқары, ішкі Ресей қалаларының біріне жеткізіп, поштаға салуды өз міндетіне алады.

Қарт Еркіндік қазақ даласына отарлық дəуірдің орнығуына тікелей куə. Жастайынан кеудесіне кек байланған болатын. Жеткіншек шағында отаршыл атты əскер құм ішіндегі ауылды шапқан. Олардың шаңырақты үй ортасына түсіріп ойрандағаны, өзінің тал шыбықтай бұралған тете əпкесін қылышын жалаңдатқан жас зұлымның қорлағаны ешқашан көкейінен кеткен емес. Сондағы əке-шешеден, туыстарынан айырып, өз тағдырын күрт өзгерткен нақты жауын ол ондаған жылдардан соң осы жəрмеңкеде көреді. Байырғы қаскүнем – түбіт мұрт əскери жігіт бұл кезде қалтаңдаған шалға айналған, осындағы үлкен ұлықтың əкесі екен. Еркіндік одан, өзінің жеке дұшпанынан өш алуға ниеттенеді. Алайда нағыз жеңіске жету үшін бұл аздық етер еді. Қарт соны түйсінеді. Дұшпанды шындап жеңу үшін күллі көзі ашық жұрт иық тіресіп көтерілуге тиіс. Озбыр отаршыл өкіметпен ел болып күресу керек, бəрінен осы маңызды. Осындай ойға ұйыған қарт та, оның баласы сынды Өтеміс те сол жылғы жаз соңында тарихи тұлғалармен бірге Нижний Новгородқа барады. Ока өзені айдынында қалқыған откеме (пароход) үстінде өткен мұсылмандар съезіне қатысады. Одан, 1905 жылғы күздің ақырғы айында оларды Қарқаралы өңіріндегі ел басқарудың республикалық режиміне бет бұрған оқиғалар ішінен көреміз. Ал қыс түсе олар Нілді кенішінде шетел капиталистеріне қарсы қазақ-орыс одағын құрып, күресуге бел буған жұмысшылар толқуына, жыл соңына қарай Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясын құрушылар құрылтайына қатысушылар ішінде жүреді. Бұлармен бірге Қоянды жəрмеңкесінде тосын революциялық көзқарасымен ерекшеленген Жасай атты оқыған жігіт бейнесі ерекше есте қалады. Оның билік өкілдерімен жəне империяшыл құрдастарымен, одан, Оралда құрылмақ саяси партия белсенділерімен қақтығысы алғашқы орыс революциясы жылдарындағы жаңаша қалыптасуға бет алған ұлттық қозғалыс реңктерін əр қырынан тануға жəрдемдеседі.

Ел ішіндегі белгілі тарихи тұлғалармен қоян-қолтық əрекет еткен осындай типтік бейнелерді сомдай отырып, автор азаттық қозғалысының бастауында тұрған аға ұрпақтың іс-əрекеттерін көркемдік зерттеуінің нысанасы етіп алған. Баршамыз білетіндей, халқымыздың саяси тұрғыда оянуын, қаз тұрып, мақсатын айқындауын мүмкін еткен азаттық жолындағы қозғалысы өткен жүзжылдық табалдырығынан аттай бере туған. Содан көп ұзамай, «халықтар түрмесін» қаусатуды көздеген жалпыимпериялық революциялық қозғалыстың қуатты толқынына толқын болып қосылған. Б.Қойшыбаев империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен астаса өрістеген Алаш қозғалысы сынды ерен де ерек құбылысты бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тəуелсіздігіміздің іргетасына балайды. Кітабының алғысөзінде рисəлəні құрайтын туындыларды қандай да бір əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санайтынын жазыпты. Жəне топтамасына «ортаазиялық шығыс прозасының ортағасырлық жанрын айшықтайтын бөрік кигізгенді» қош көргенін, сол бөрікті рисəлə деп атағанын, өйткені өзіне оның түпкі мағынасы ұнайтынын айтқан. «Рисəлə тұңғыш рет өмірге, сол заманғы қолданылу ретіне сай, жолдау деген мағынамен келген, біртіндеп араб, парсы, түркі қарасөзінің өзіндік жанрының атауына айналған болатын», – дейді ол. Өзінің ойына алған мақсатына қызмет етеді деген сеніммен, сол атауды жаңғыртуға бел байлапты. Автордың ойынша, тамыры ғасырларға кететін ұлттық қозғалысты бейнелейтін «Алаш жолы» рисəлəсі бүгінгі ұрпаққа тарихтан сабақ бере отырып, оларды тарих арқылы тəрбиелеуге қызмет етпек.

Рисəлə жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін тарихи-танымды он этюдтен тұрады. Біз шолу жасап отырған кітапқа солардың үшеуі енген. Жоғарыда, негізгі кейіпкерлерді таныстыру орайында айтқанымыздай, Алаш саяси ойы əлемін көрсететін рисəлəнің «Аңсау» атты алғашқы бөлігі ұлттық қозғалыс өмірге келген шақтағы отарлық ахуал мен саяси-əлеуметтік тыныс-тіршілікті суреттеп, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы патша үкіметіне жазылған петиция жайын əңгімелейді. «Тамырда» жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, қазақ қайраткерлерінің қатысуымен ашық əрекетке шығуы сөз болады. Жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін күресу барысында қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы нобайлары (прообраздары) қалай туғаны «Айбат» бөлімінде көрсетіледі. Рисəлəнің аталған бөлімдерінен оқырмандар Əлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серəлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Əлимардан Топчибашев, Əбдірəшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды бірқатар тарихи тұлғалардың бейнелерімен, олардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады.

Автор Алаш қозғалысының тарихы отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін – 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді қамтиды деп санайды. Тиісінше, оның «Алаш жолы» рисəлəсі 1905 жылғы петиция науқанынан бастау алып, 1917 жылы Алаш үкіметін құру жолымен жеңісті шыңына шығуын суреттеуді мақсат етеді. Осы уақыт бойы дамыған қазақтың жаңа тұрпатты азаттық қозғалысы мен сол жолдағы маңызды оқиғалар жайынан сыр шертеді. Алаш эпопеясының бүгінгі ұрпаққа тағылымды түрлі кезеңін бейнелейді. Отар еліміздің империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен, мұсылман қозғалысымен астаса дамыған ұлт-азаттық қозғалысын, сол орайдағы қазақ қоғамдық-саяси ойының даму тарихын алға тартады. Сол арқылы біздің бүгінгі тыныс-тіршілігімізге қуат беретін ұлттық қозғалыс əлемін жаңғыртады. Сөйтіп, белгілі бір тарихи кезеңді бейнелейтін Алаш дəуірнамасы секілді аталмыш рисəлə барша оқырманды, жастарды тарих арқылы тəрбиелеу ісіне атсалысуды мұрат етеді. Қаламгер рисəлəнің алғысөзінде осындай үмітін аян етіпті, біз де сондай үмітпен, рисəлəнің жекелеген басылымдарда жарық көрген басқа бөліктерінің де тезірек өз «бөрігін» киіп, оқырман қолына тиюін асыға күтетінімізді айта кеткіміз келеді.

Қысқасын айтқанда, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Алаш жолы» рисəлəсі, сөз жоқ, руханият игілігіне айналып, азаматтарды тарихпен тəрбиелеу ісіне қалтқысыз қызмет көрсете алады. Кітапта суреттелген тəуелділік дəуірдегі аға ұрпақтың, өмір ағысын өзгертуге елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалардың бейнелері, тіпті, мұндағы тарихи оқиғалардың өрнектелу əдістері де оқырмандар мен зерттеушілер назарынан тыс қалмауға тиіс деп ойлаймыз. Өйткені оларды түйсініп оқу да, əділ талдау да, жаңғыртылған кезеңдердің елеулі жаңалықтарын ажырата білу де, тарихи адамдардың тағдырлары мен олар бастан кешкен белестерді көрсетудегі көркемдік ізденістерді байыппен пайымдау да біздің бүгінгі ойлау дəрежемізге кəдімгідей сын болмақ.

Балжан ХАБДИНА, баспа жəне полиграфия ісінің қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 2885
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 7458