Сейсенбі, 17 Қазан 2017
Әдебиет 1395 2 пікір 2 Тамыз, 2017 сағат 07:17

Халықтық таланттардың бірі Ғали Орманов еді

Қазақ әдебиетіндегі орны мен халық жүрегіндегі орнын қатар тауып, сол халықтың байсалды жыршысы болып, онымен ұзақ жолын, ақындық жолын бірге кешкен нағыз халықтық таланттардың бірі - Ғали Орманов еді. Биыл Ғ.Ормановтың туғанына 110 жыл толып отыр.

Ғали Орманов 1907 жылы, Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ешкіөлмес тауының етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса- дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.

Жылдар өте, Алматыдағы қазақтың халық ағарту институтын бітіреді. Біраз жыл мұғалім болып істейді, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады, Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болады. «Майдан» атты альманахтың редакторы, «Әдебиет және исскуство» журналының жауапты редакторы, қазақтың мемлекеттік көркем әдебиеті баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық салада өнімді еңбек етті.

Ақынның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие. Лирикалық кейіпкердің жан тебіренісі мен ой-арманын таныта білген ақынның сыршыл өлеңдері қазақ поэзиясының деңгейін көтере түсті. Ғали ақын шығармашылық қызметін бастаған жиырмасыншы жылдар ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болатын. Заман талабына сәйкес тақырыптардың барлығы сюжетке, сезімге құрылған сыршылдығымен, аз сөзді, көп мағналылығымен, бейнелілігімен Ғалидың ақындық шеберлігін танытты. Ақын эпикалық жанрға да үлес қосты, әңгіме, очерк жанрында да қолтаңбасы бар, орыстың, шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да біршама үлес қосып, ірі істер атқарды.

Ғабит Мүсірепов Ғали ақынның ерекше қасиеттерін былай деп суреттейді. "Ол әртүрлі сәтті кезеңді тосып, дәл кезін құр өткізбей үн қосып қана қоймай, ойы-қыры, қысы-жазы, қуанышы-мұңы бар үлкен өмірде солардың бірі мен бірінің байланысы-шиелінісі барын білетін, алманың өзімен бірге ағашын да, ағашымен бірге тамырын да бірге суаруын ойлана жүретін ақын еді. Ол айтайын дегенін құлағына емес, жүрегіне айтатын еді. Сөзбен емес, бейнелеу, суреттеумен айтатын".

Жамиға Ғалиқызы Орманова әкесі туралы былай дейді. "Әкемнің бір ерекше қасиеті тез ұғып алатын, ойда сақтау қабілеті өте күшті еді. Қазақстан Жазушылар одағында хатшы болып жүріп, шетелдің делегациясын қабылдағанда ол жат жұрттықтардың тілін, сөздерін тез ұғатын. Бір жылы делегациямен Румынияға барған ғой, сонда румын тілін тез үйреніп келді. Өзі өте бала жан еді. Балаларының білімді болғанын жақсы көретін. Бізге «Кітап көп оқыңдар» деп үйрететін. Бала кезімде бір кітап оқып, соның мазмұнын айтып отыр едім, әкем:

- Бұл кітаптың авторы кім?-деді.

- Білмеймін.

- Есінде болсын, адам кітапты қолға алғанда бірінші кім жазғанын білу керек, қарау керек, - дегені әлі есімде. Сосын бізге «Газет оқыңдар, әлемнің тыныс-тіршілігін біліп отырасыңдар, көздерің ашық, сауатты боласыңдар, газет оқымасаңдар болмайды» дейтін. Арынды ақын Ілияс Жансүгіров әкемді өте жақсы көрді. Өзі аядай бір бөлмелі үйде тұрса да, әкем мен шешем үйленгенде, сол бөлменің ортасын шымылдықпен бөліп, бөлменің бір жағына ата-анамды тұрғызыпты. Талайлардың есіне алатын, Ғали Ормановтың бойындағы жақсы қасиеттердің біразы сол Ілияс ағасынан ауысса керек".

Суреткердің екі өмірі бар. Бірі - өзінің, екіншісі - шығармашылығының өмірі. Шығармасының шоқтығы неғұрлым кең болған сайын оның өз өмірі де соғұрлым ұзара бермек. Бүгінгі күні ақынның есімі мәңгі ел есінде, әсіресе келешек ұрпақтың аузында қалсын деген мақсатпен Қапал ауылында орналасқан Ақын Сараның мемориалды музейінің қызметкерлері, Ғ.Ормановтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Ғали Орманов майталман лирик ақын» атты мерекелік іс-шара өткізді. Музей кешінде Ғ.Орманов атындағы орта мектептің 5-ші, 8-ші сынып оқушыларының қатысуымен, майталман суреткер ақынның өлеңдері оқылып, өмір және өнер жолы баяндалды. Музей қызметкерлері келген қонақтарды мерекеге арналған «Табиғаттан туған тарлан» атты арнайы құрылған көрмемен таныстырды. Ғ.Орманов атындағы орта мектептің музыка пән мұғалімі Кенжехан Керейбаев Ғали ақынның «Ана қарызы», «Шәкірт алғысы» атты өлеңдеріне ән жазып, оқушылармен бірге орындап берді. Іс шараға келген қонақтар: Қапал ауылының ақсақалдары, мекеме басшылары, мұғалімдер мен Қапал ауылының әкімшілік өкілдері ақынның өмірі туралы «Ғали ғибраты» атты деректі фильмді тамашалады, ұйымдастырылған мерекеге көңілдері толып, ұстаздар мен белсене қатысқан оқушыларға алғысын, музей ұжымына ризашылықтарын білдірді.

Қалса өлеңім көңілде жаққан шамдай

Ойлар мені ел-жұртым естен алмай,

Көкейінде көп жылдар сақталармын,

Жолаушылап бір жаққа кеткен жандай, - деп Ғали Орманов жазып кеткендей, әрдайым ақындарымызды ойымызда сақтап, есімізге алып жүрейік, ағайын.

Айгүл Әлімбаева

Abai.kz

2 пікір
Фазылбек 2017-08-02 15:54:19
"Арынды ақын Ілияс Жансүгіров әкемді өте жақсы көрді. Өзі аядай бір бөлмелі үйде тұрса да, әкем мен шешем үйленгенде, сол бөлменің ортасын шымылдықпен бөліп, бөлменің бір жағына ата-анамды тұрғызыпты." Осындай мысалдарды жинап, мектеп, ЖОО бағдарламасына енгізсе, арман-ай!
Жемісбек 2017-08-02 12:14:33
Ғали Орманов кеңкілдеген лирик ақын. 1965 жылы Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдық тойында, қазіргі Ойтоған ауылында, Ғали Ормановтың: "Нұр болсын Жемісбекке, әлі талай көріспекке", - деген қолтаңбасымен кітабын алып, өзін алғаш көрген едім. Ғали Ормановтың көкейінде көптеген сыр мен жыр кетті. Көп сөйлемей, өзін сақ ұстайтын. Мүмкін жазған естеліктері қалған шығар. Ғали ақынның бажасы Байысқақ ақсақал болып еді. Ол Ғали туралы білуші еді. Оның туысы Балташ есімді аға бар. Талдықорғанда. Мүмкін оның есінде қалғандары, айтары бар болуы тиіс. Айгүл сол ағаға жолықсаң болар еді. Сарат Беков есімді ақсақал Ғалидың балалық шағын жақсы біледі. Ол ақсақал да Талдықорғанда тұрады. Жасы Тоқсанға тақап қалды. Әлі тың. Айгүл сол ақсақалға да жолықсаң болады ғой. Ақсақал Ғали ақын өскен ауылдан болады. Сарытау бөктерінен. Есімінің өзі айтып тұр ғой.

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 7520
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 14700