Жұма, 29 Наурыз 2024
Қайнайды қаның... 7701 8 пікір 2 Тамыз, 2017 сағат 09:40

Қазақ Абайды таныған да, мойындаған да емес!

Осы арада бірден басын ашып алатын мәселе, бұл еңбегімнің – данышпан Абайдың соңында қалған ұлы мұраларына талдау, түсінік жасау емес екенін баса көрсеткім келеді. Қазақ үшін Абай – Абай! Қазақ тарихында Қазақта Абайдай ақын, ойшыл бұрын да болмаған, бүгін де жоқ, әй, болашақта да болмайтын шығар.

Абай мен Қазақты ешқашан да бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Абай десең, көз алдыңда - Қазақ тұрады, Қазақ десең, көз алдыңда - Абай тұрады.

Бұдан бұрынғы «Бүгінгі Қазақ кім?» деген мақаламда (бұл мақала өзімнің фейсбуктегі парақшамда, өзім басқаратын www.tanym.tv және тағы басқа сайттарда жарияланған) данышпан ақынның «Қалың елім, Қазағым, қайран жұртым» атты әйгілі өлеңіне тереңірек тоқталған болатынмын. Онда осыдан екі жүз жылдай бұрынғы Абай заманындағы Қазақ пен мына ХХІ ғасырдағы Қазақтың арасында айырмашылық бар-жоқтығы туралы ғана сөз еткен болатынмын.

Бұл жолы тілге тиек етейін деп отырғаным – Абай мен Қазақ.

Сонымен біздің Қазақтар бүгінге дейін өзінің Абайын толық танып, мойындады ма деген сұрақ төңірегінде ғана ой қозғамақпын.

Бірден ашығын айтуымыз керек, жоқ! Қазақ Абайды таныған да емес, мойындаған да емес!

Әсіресе, қазақ тілді бастауыш және орта білім және жоғары білім беретін оқу орындарындағы оқулықтарында Абай бабамыздың данышпандығы туралы күні бүгінге дейін жібі түзу бірде-бір бағдарлама жарық көрген емес. Бар еңбектердің өзінде өзіміздің Абайымызды тек сырттай ғана тамашалау, ұлы тұлғаның ұлы шығармаларына өтірік болса да жалған тамсану, жасанды таңқалу ғана басым орын алған. Жасандылық орын алған жерде – шынайылық болмайды. Шынайылық болмаған жерде – таза білім мен білікке орын жоқ!

Біздің Абайымызға ең алдымен филолог ғалымдар емес, тарихшыларымыз сындарлы баға беру керек. Өкінішке орай, ана біз келмеске кетті деп жүрген кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде де, мына өзіміз «алдық» деп жүрген Қазақстан тәуелсіздігі кезінде де Абай бабамызға біздің тарихшыларымыз жібі түзу, сарабдал баға беріп көрген емес. Тәуелсіздік кезеңінде «Қазақ тарихы» оқулықтарын кешегі лениншіл комсомолдар мен партшколдардан шыққан қып-қызыл коммунист ғалымдар ғана жазды. Олар «Қазақ тарихын» емес, қызыл интернационалдық ұстанымдағы «Қазақстан тарихы» деген оқулықтар жазды. Ол оқулықсымақтарда «ұлттар достығы» - басты ұстанымда болды. Данышпан Абайымыз жайына қалды. Ол оқулықтарды кешегі лениншіл комсомолдан шыққан Бүркіт Аяған сияқты ғалымдар ғана жазды. Сол Бүркіт қазақ тілінің шекесін қыздырмаса да, оқулық жазу құқығына ие болған. Содан кейін мұндай оқулықтар оңушы ма еді.

Сөйтіп, «Қазақстан тарихы» оқулықтарындағы Абайымызға энциклопедиялық және интернационалшылдық тұрғысынан ғана баға берілумен шектелді. Мына соңғы 23 жылда жарық көрген оқулықсымақтардың ешқайсысында да Абай бабамызға нақты ғылыми баға берілмеген.

Оқулықтарымыздың сыйқы анандай болса, жас ұрпаққа: «сендер, Абайды білмейсіңдер!» деп ұрса аламыз ба? Жоқ, бііздің олай деуге адами құқымыз жоқ!

Міне, біздің Қазақтың тереңдете Абайды танымауының басты себебі осында жатыр.

 Жұмаш КЕНЕБАЙ

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577