Бейсенбі, 19 Қазан 2017
Алашорда 1888 0 пікір 4 Тамыз, 2017 сағат 08:30

Репрессия құрбаны - Хансұлтан

«Аза Маскасы» («Маска Скорби») – саяси репрессия құрбандарына Магаданда қойылған мемориал. 12.06.1996 ж. ашылған. Мүсінші Э. Неизвестный, сәулетші К. Казаев.

Совет өкіметі халықты тоз-тоз қылған саяси науқандарының мызғымас тұғырын таптық көзқарастан, үстем тапқа жатқызылатындарды жек көрушілік  сезімнен қалағаны мәлім. Қазақстандағы билік жүргізген саясат үшін де ел ішіндегі бұрынғы бас адамдар мен зиялылардың бәрі тап жауы, кедей-кепшіктер өкіметінің дұшпаны санатында-тын. Қара халық, әдетте, өкімет сойылын соғуға бейім келеді емес пе. Сондай ахуал қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы аумағында өмір сүрген, кеңес билігіне дейін ел ішінде қадірлі болған Қарпық бидің әулеті басына да түседі. Сонда, саяси түртпекке шыдамаған оның балаларының бірі, «Кіші жүз Қаракесек руының Есенгелді Байысы Қарпық бидің бел баласы» Оспанғали «тігулі ақбоз үйін жасау-жабдығымен тастап, анасы Ханбибі мен қарындасы Әнузаны ат-арбаға отырғызып, шағын дүниесімен, бір-екі бас малымен бір түнде» ата қонысынан үдере көшеді.  Қызылорда облысына кетіпті, сөйтіп сол жақта, «Қазалы ауданындағы нағашы жұртын паналаған көрінеді». Әкесінің жаңа мекенінде дүниеге келген, бүгінде зейнеткер, медицина саласының ардагері Орындық Оспанғалиқызы Қарпық осылай дейді. Ол әулетінің бастан кешкен қиындықтарын зерттеуге жасөспірім шағынан кіріскен екен. Әуелде, ыңғайы, жеке басқа табыну әшкереленіп, саяси репрессияға ұшырағандардың алғашқы легі ақталған «жылымық» жылдар болуға керек, әкесі Оспанғалидан оның немере інісі Хансұлтан Сүйінішәлиннің Ағарту халық комиссары болғаны, өзінің сол шақта оның Алматыдағы үйіне барғаны жайында анда-санда еске алғанын еститін. (Хансұлтанның әкесі Сүйінішәлі Оспанғалидың әкесі Қарпықтың туған інісі). Бірақ, балалығынан ғой, сұрастырып, әңгімені одан әрі өрбітіп  көрмеген. Әкесінің айтқандарына тек, есейе келе, 1960 жылы, жоғары сыныпта оқып жүргенінде мән беріп, республика бас прокуратурасына саяси репрессия құрбаны болған немере ағасының дерегін іздестірген хат жолдайды. Содан бірер ай өткенде, «ондай кісінің фамилиясы тізімде жоқ» деген жауап алады.

Халком Хансұлтан Сүйінішәлин

Х. Сүйінішәлиннің зайыбы Қатира, ұлы Болат

Х. Сүйінішәлиннің қарындасы Орындық Қарпық

Саяси қуғын-сүргін жан-жаққа шашыратқан әулет мүшелерін іздестіруді Орындық Оспанғалиқызы 1961 жылы Алматы медицина училищесіне оқуға түскеннен кейін жалғастырады. Ақтөбелік курстастары арқылы сұрастырып жүріп, әкесінің туған ағасы Мұхамбетқали Қарпықовтың ұлы Қалқоразды отбасымен табады. Нәтижесінде жайсыз саясат ажыратқан бауырлар 35 жылдан кейін қауышады. «Қарпықов Қалқораз ағайым «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы іздеу салып, 1973 жылдары Сүйінішәлин Хансұлтан көкемнен қалған жалғыз тұяқ Болат ағаны, Қатира жеңгемізді тауып, дидарласып, қатысып» барып дүниеден өтті деп жазады Орындық Оспанғалиқызы. Ал әкесі Оспанғали  «інісінің ақталғанын, одан жалғыз тұяқ қалып, адам болғанын» білмеген қалпы 1972 жылы қайтыс болған екен. Түрлі жағдайға байланысты көп жылдар бойы Хансұлтан көкесінің отбасымен Орындықтың өзі де қатыса алмаған көрінеді. Мұның реті 1992 жылы келеді. Сол жылы Қызылордадан шығып, немере ағасы Хансұлтанның зайыбын Алматыға арнайы іздеп барады. Табады, Қатира жеңгесіне сәлем береді. Алғаш көргеннен-ақ жатырқамай: «Ағаңа көздерің ұқсайды екен», – деп, жылы қарсы алған жеңгесі оған басынан кешкендерінен сыр шертеді.

Нарком Хансұлтан Сүйінішәлинді Алматының Фурманов көшесіндегі 120-үйде 1938 жылғы 8 тамыз күні тұтқындапты. Ол мұнда отбасымен (26 жасар әйелі Қатира Махмұтқызы, екі жасар ұлы Болат, бір айлық қызы Шолпан, тоғыз жасар қарындасы Шәмсия Омарғалиевамен) бірге тұратын.  «Халық жауына» айналған үкімет мүшесінің әйелі мен бала-шағасы артынша үйден қуылып, әлдебір жертөлеге ұйлығады. Күзді күні жендеттер «отанын сатқан опасыз отбасының мүшесі» ретінде Хансұлтанның жеткіншек қарындасын балалар үйіне әкетеді, зайыбын, сәбилердің қызылша шығып қатты ауырып жатқанына байланысты ғана кідіріп, ертеңіне қамамақ болады. Мұны естіген жездесі Қатираны сырқат балаларымен ат-арбасына отырғызып алып, түнделетіп Ұйғыр ауданына алып кетеді.  Қатира Сүйінішәлина айдалудан сөйтіп құтылады, содан бері тағдыр басқа салған небір қиыншылықтарға төзіп, илалап күнін көріп жүреді. Қызы қызылшадан шетінеп кеткен, ұлын, азаматының аманатын, ел-жұрттың арқасында, әйтеуір, аман-есен өсіреді. Жеке басқа табыну әшкереленген шақта, қазақтың ақын қызы Мәриям Хәкімжанованың жол сілтеп көмектесуі арқасында, құзырлы органдарға хат жазып, жазықсыз жазаланған күйеуін іздестіреді. Ізденісі нәтижелі болады. Совет Одағы Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қылмыс құрамы дәлелденбеген деп тауып, Хансұлтан Сүйінішәлинді 1955 жылғы 7 қыркүйекте ақтайды. Осылай, тағылған айыптың негізсіз болуына байланысты, КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) жанындағы Ерекше Мәжілістің 1940 жылғы 11 маусымдағы қаулысының күші жойылады.  Жазықсыз жазаланған қуғын-сүргін құрбанының отбасына Алматыдан Коммунист даңғылы бойындағы үйлердің бірінен пәтер беріледі. Сол пәтерде тұрып Хансұлтанның ұлы Болат ауылшаруашылық институтын бітіреді де, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында агроном болып еңбек етеді. Ал азаматының аманатын аман-есен өсіріп жеткізген жары Қатира Махмұтқызы екі немере сүйіп, сол пәтерде 1993 жылы дүние салады.

Орындық апай өзінің саяси қуғын-сүргін құрбаны болған немере ағасының қасірет шеккен отбасы жөнінде әңгімелей отырып, оның өмірдерегін қалай іздестіргенін  айтып берді. «Менің қолыма 2001 жылы шыққан «Қазақстан Республикасының Білім министрлері» деген кітап тиді. Ондағы бар-жоғы алты жол дерекнамада «қуғын-сүргінге ұшыраған. Ақталғаны туралы еш дерек табылмады» деп жазылыпты.  Осы сөздер жаныма қатты батты. Ақталмағаны қалай? Артында қалған жалғыз тұяғы Болат ағаны іздеп, тағы да Алматыға сапар шектім, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген кентінде тұратын ағайдың қолындағы деректерді алдым. Қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі, Алматыдағы департаменттеріне бардым. 2004 жылы  Алматы  қалалық департаменті маған өздерінде бар мәліметтер мен құжаттардың көшірмелерін, Хансұлтан көкемнің паспортын, әскери билетін, кәсіподақ билетін, Ленинградтағы Бүкілодақтық коммунистік университетте оқығаны туралы куәліктің түпнұсқаларын жолдады. Сонда мен сталиндік репрессия құрбаны болған бауырым тіріліп келгендей әсерде болдым», – деді. Алматы  қалалық прокуратурасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау  туралы 1993 жылғы 14  сәуірдегі (2000 жылғы 30 қарашада толықтырулар енгізілген) ҚР Заңы негізінде 2005 жылғы 1 наурызда Сүйінішәлин Хансұлтанның ісін қайта қарап, (1955 жылғы КСРО ЖС Қылмыстық істер алқасынан кейін араға қырық шақты жыл салып барып, екінші рет) ақтаған екен. Қолына жаңа шешім тиген соң Орындық апай ері Орынбор Жұбаниязовпен бірге ағасының өмір жолын жаңғыртқан және өзінің ізденістері кезінде жәрдем берген мекемелер мен азаматтарға алғысын білдіріп,  мақалалар жазады. Жазғандары республикалық «Егемен Қазақстан», Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеттерінде жарияланады. Қызылорда облыстық «Қоғам ТВ» телеарнасы арнайы хабар береді. Көңілін қанағаттанғандық сезім билейді: «Атпал азамат, мемлекеттік дәрежедегі тұлға Сүйінішәлин Хансұлтан көкемнің рухы пәк, ары таза күйінде қазақ халқына, еліне, жеріне, ұрпағына қайта оралды».

Енді біз де оның өмір жолына құжаттарға сүйене отырып көз жүгіртейік. Халықаралық «Мемориал» қоғамы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы бойынша Департаментінің хабарына сүйеніп, деректер базасында жария еткен қысқаша мәліметте ол (Суюнчалин Хансултан) 1905 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы  Ырғызда дүниеге келді, «білімі бастауыш, халық комиссары» деп көрсетілген. Мұны Орындық Оспанғалиқызының қолындағы деректермен былай толықтырып: Хансұлтан Сүйінішәліұлы 1905 жылғы тамызда Ақтөбе губерниясының Ырғыз ауданындағы Ақтоғай елді мекенінде (1937 жылы толтырылған тұтқын анкетасындағы дерек бойынша – № 9 ауылда) туған деп нақтылауға болады (2004 жылы жарық көрген «Қазақстанның халық комиссарлары. 1920–1946» өмірбаяндық анықтамалығында: «Сүйінішәлин Сұлтан (Хансұлтан) Сүйінішәлиұлы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында мал өсіруші отбасында туған» делінеді). Хансұлтан жеті жасқа келгенде анасы дүние салады, сосын әкесі Сүйінішәлі отбасы қамымен 1912 жылы Шалқар қаласына қоныс аударады. Сонда бес жылдай тұрғандарында  ұлы мектепте оқып, орысша 2 кластық, мұсылманша 3 кластық білім алған. 1917 жылғы Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісі Хансұлтанның Шалқарда өткізген жеткіншек шағына тура келіпті. 1918 жылы олар туған ауылына қайта оралады. Сол жылы, 13 жасында,  Хансұлтан әкесінен айрылған. Содан үш жылдай, оның ішінде 1919–1921 жылдарғы елді жайлаған ашаршылық кезеңде, ағайындарының арасында мал бағып, ауыл шаруашылығының түрлі жұмысына қолғабысын тигізіп жүреді де,  1921 жылы қайтадан Шалқарға барады. Мұнда жасөспірім Хансұлтан әртүрлі жалдамалы жұмысқа жегіледі. Анықтамалықтардан мәлім деректерге қарағанда: 1921–1923 жылдары пошта тасушы,  қалалық милиция қызметкері болған.  Орындық Оспанғалиқызының анықтап нақтылауы бойынша: пошта-телеграф конторының хат тасушысы кезінде комсомолға өтіп, Шалқар теміржол мектебінде оқиды, одан  Шалқар милиция бөлімінде жорналшы болып істейді.  Одан кейінгі өмір жолы партия-комсомол тұрмысымен тығыз байланыста өрбиді.

Атап айтқанда, 1924–1925 жылдары – Ақтөбе кеңес-партия мектебінің тыңдаушысы, сонда оқып жүргенінде, 1924 жылы, Коммунистік партияның мүшелігіне кандидаттыққа қабылданып, 1925 жылы мүшесі болады. Сол жылы әуелі Шалқар үйездік комсомол комитеті саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі, сосын хатшысы болып істейді. 1926–1927 жылдары Қарсақпай үйездік комсомол комитетінің хатшысы болып, 1928 жылы Қостанайға ауысады. Мұнда алдымен округтік комсомол комитетінде тарату бөлімінің меңгерушісі, одан округтік партия комитетінде көшпелі партия мектебінің жетекшісі және үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары боп істейді. Содан соң И.В. Сталин атындағы Бүкілодақтық коммунистік университетке түсіп,  Ленинградта үш жыл оқиды да, 1932 жылы «Прибалхашстрой» аупарткомы мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне келеді. Сосын 1933 жылдың сәуірінен Алматы облыстық парткомында екі айдай насихат секторының меңгерушісі, 1933–1936 жылдары Риддер қалалық парткомында мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі, хатшының орынбасары, екінші хатшы болады. 1936–1937 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінде оқып келеді де, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі, 1937 жылдың желтоқсанынан 1938 жылдың маусымына дейін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Халық ағарту халкомы лауазымында істейді.

Сосын Қазақстанның халық комиссары, яғни республика үкіметінің мүшесі дәрежесіндегі айтулы азамат Хансұлтан Сүйінішәліұлы өмірінің қасіретті беттері басталады. 1938 жылғы маусым айында «қырағы» коммунистер оны «ұлтшыл-фашистермен байланыста болғаны үшін» партиядан шығарады. (Нақты қай «ұлтшыл-фашиспен»? Бәлкім, ақпанда атылып кеткен, өзіне дейін халық ағарту наркомы болған Темірбек Жүргеновпен байланысы болды дер? Екеуі жерлес екен деп пәле жабулары да ықтимал ғой). Араға бір айдан сәл астам уақыт салып, тамыздың 8-і күні Хансұлтанды НКВД-нің Алматы қаласы бойынша басқармасы тұтқынға алады. Содан екі жылға жуық, қисынсыз жаланың қиюын құпия қызмет еш келтіре алмағандықтан болуға керек,  үкім шығарылмай, сарылып түрмеде жатады. Ақыры, 1940 жылғы 11 маусымда КСРО  Ішкі істер халық комиссариаты жанындағы Ерекше Мәжіліс: «Суюнчалин Хансултан антисоветтік ұлтшылдық ұйымға қатысқаны үшін еңбекпен түзеу лагеріне бес жыл мерзімге қамалсын, мерзім 1938 жылғы 8 тамыздан саналсын», – деген қаулы алады.

«Мемориал» жариялаған анықтамаға қарағанда, Хансұлтан Сүйінішәліұлына Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-ші бабының төрт тармағы бойынша айып тағылған. 2-тармақ: қарулы көтеріліс немесе билікті басып алу мақсатымен басып кіру; 7-тармақ: мемлекеттік өнеркәсіпті, транспортты, сауданы, ақша айналымын немесе несие жүйесін, сондай-ақ кооперацияны мекемелер мен кәсіпорындарды контрреволюциялық мақсаттарда тиісінше пайдалану немесе олардың қалыпты жұмысына қарсы әрекет ету жолымен бұрынғы меншік иелерінің немесе мүдделі капиталистік ұйымдардың пайдасы үшін ақсату, яғни өнеркәсіптік саботаж; 8-тармақ: совет өкіметінің өкілдеріне немесе революцияшыл жұмысшы және шаруа ұйымдарының қайраткерлеріне қарсы террорлық актілер; 11-тармақ: осы тарауда ескерілген қылмыстарды даярлауға немесе жасауға бағытталған кез келген ұйымдық қызмет оларды жүзеге асырғанға тең саналады... 58-бабтың аталған тармақтарында көзделген қылмыс түрлерінің бәрінің жазасы атып тастау деп көрсетілген. Алайда НКВД-нің Ерекше Мәжілісі Алматыдағы басқармасының Сүйінішәлинге екі жыл бойы нақты айып таға алмағанын ескергендіктен жеңілдету шарасын қолданса керек, тұтқынды шамалы мерзімге еркінен айырумен шектеледі де, еңбекпен түзетіп алу үшін Магадандағы «халық жауларын» «қайта құйып-соғу, қайта тағалау, қайта шыңдау майданына» жібереді.

Магадан қаласы Совет Одағының солтүстік-шығысындағы табиғи байлықтарды игеруге орай, атап айтқанда, Колыма өзені аңғарынан алтын өндірісін ашуға кіріскендіктен, 1929 жылы салына бастаған. Жалпы, сол өлкедегі ең бірінші алтынды патша өкіметі тұсында, 1915 жылы,  Колыманың Среднекан деген саласынан жеке-дара алтын іздеуші Бари Шафигулин деген татар жігіті тапқан болатын. Алайда революциялық оқиғалар салдарынан бұл дерек ұзақ уақыт назардан тыс қалып келді де, кеңес өкіметінің 1926,  1928 және 1930  жылдарғы экспедициялары өлкенің осы бағалы металға бай екенін және оның жатқан аудандарын айқындады. Содан соң барып оны саяси репрессияға іліккендердің күшімен кең көлемде өндіру қолға алынды. 1932 жылы, яғни бұдан 85 жыл бұрын, Магаданда НКВД-нің ГУЛАГ жүйесіне кіретін Севвостлаг – Солтүстік-Шығыс еңбекпен түзеу лагері (ИТЛ) құрылды. Хансұлтан Сүйінішәлинге 1940 жылғы 11 маусымда үкім кескен НКВД жанындағы Ерекше Мәжілістің қаулысынан жасалған көшірменің астына қолмен «Севвостлаг – Каз.ССР, № 9/13/46775  23/VI–40 г.» деген жазу түсіріліпті. Бұл жазуды тұтқынның 1940 жылғы 23 маусымда Қазақстаннан Солтүстік-Шығыс лагеріне жөнелтілгенін көрсетеді деп ұғуға болар. Сөйтіп, Хансұлтан жазасын өтеу үшін Кеңестер Одағының табиғаты аса қатал, мәңгі тоң басқан Терістік Қиырындағы еңбекпен түзеу лагерінде жазалаушы-айдауылдардың қадағалауымен тәулігіне он алты сағат бойы алтын мен қалайы өндіру мақсатында ауыр да азапты  жұмыс істеуге мәжбүр болғандар арасына түседі...

Қатира Сүйінішәлинаға ері 1955 жылы ақталғаннан кейін, 1956 жылғы 16 ақпанда оның өлімі туралы анықтама берілген екен, сол анықтамада Хансұлтан Сүйінішәлин Магадан облысындағы Сусуман поселкесінде 1941 жылғы 3 қаңтарда жүрегінің сал ауруына ұшырауынан (паралич сердца) қайтыс болды делініпті. Магадан тозағын бастан кешіп келген жазушы Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелерін» оқығанда, сталиндік замандағы лагерь тұрмысының сау адамды жып-жылдам қатардан шығарып тастап тұрғанына көзіміз жетеді. Дегенмен, «жылымық» жылдары берілген жоғарыдағыдай анықтамаларда шындықты әдейі бұрмалап көрсету әдетке айналғанын естен шығара алмаймыз, бұл бүгінде құпия емес. Сондықтан, Сүйінішәлиннің Магаданда бар болғаны жарты жыл ішінде тапқан «жүрек параличінің» астарында Севвостлагта қолданылып тұрған атып тастау секілді репрессиялық шара жатуы да мүмкін екені ешқандай күмән туғызбайды.

Қалай болғанда да, мемлекет қайраткері Хансұлтан Сүйінішәліұлы саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. Рас, сталинизм әшкереленісімен ақталды. Бірақ ол шын мәнінде реабилитацияланған тұлға қатарына жата қояр ма екен... Реабилитацияның түпкі мәні қазақша «ақтау» термині беретін ұғымнан гөрі кеңірек, ол құрбанның жазықсыз жазаланғанын мойындау ғана емес, оған тағылған айыптарды алып тастап, оның бұрынғы құқтарын ресми түрде толық қалпына келтіру, масқараланған тұлғаның өзіне жабылған жалаға дейінгі ештеңемен былғанбаған ар-ожданы мен беделін қалпына келтіру, тұлғаның заңсыз жауапқа тартылуы салдарынан жоғалтқан құқтары мен жетістіктерін өзіне қайтару болса керек. Алайда өмірде жоқ жандарға қатысты бұларды жүзеге асыру мүмкін емес екені белгілі. Ендеше, сталинизм құрбаны  Хансұлтан Сүйінішәлиннің адал есімін ардақтаудың келтірілген ұғымдарға парапар келетін басқа жолдарын ойластырған жөн болар еді. Айталық, оның бірден-бір іздеушісі Орындық Оспанғалиқызы айтып жүргендей, туып-өскен, қызмет еткен өңірлеріндегі қала не басқа елді мекеннен бір көшеге яки мектепке атын беру мәселесін қарастырған дұрыс. Егер осыны ретімен шешсек, мұның елі үшін аянбай еңбек еткен, белсенді қызметі озбырлықпен үзіліп,  арманда кеткен боздақты лайықты ұлықтайтын, әрі ұрпақ тәрбиесіне пайдалы, абыройлы іс болары сөзсіз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 7676
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 14919