Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5152 6 пікір 9 Тамыз, 2017 сағат 11:43

Телевизия саласы журналистика мамандығын жұлмалап жатыр

 

"Хабар" агенттігі кезекті бір бағдарламасының түсіріліміне шақырған соң барғанбыз. Сонда, байқалғаны - телевизия саласы журналистика мамандығын әркімнің талауына беріп, әбден жұлмалап, ит терісін басына қаптап-ақ жатыр екен, түбі тыныш болсын. Телехабарға қатысатын 7 адамға 3 тележүргізуші тағайындапты. Әлгі үшеуі де журналист емес, бірі - актриса, екеуі - бизнес саласының өкілдері. Ал, тақырып - білім. Оның өзінде орта мектепте жалпы білім беру мәселесі. 7 қонақтың ішінде үшеуіміз ЖОО-да сабақ бергеніміз болмаса, орта мектепке қатысымыз жоқ адамдармыз. Мейлі, "сөйлеп үйренген ауыздар ғой, жыбырлағанын қоймас, бірдеме айтар" дегендері шығар.
Хош, сонымен түсірілімді бастап кеп жіберсін. Үш жүргізушіміздің де беттері жылтырап, киім киіс, жүріс-тұрыстары мен көріктері көз тартып тұрғанымен сөздері сүріндіре бастады. Телехабарды бастау үшін суфлердегі мәтіннен бизнесмен жүргізушіміз бақандай 5 рет жаңылып, қайталады да соңғы реткісі мәтінді ежектеп оқығандай үзіп-үзіп айтса да "болды" дестік. Келесі жүргізуші жігіт те қатырмады. Өзі де тым момақан бала екен, қайталап жүріп, міңгірлеп бірдемелерді зорға жеткізген болды. Ал, бәріміз үміт артқан актрисаның әрекеті ана екеуінен де сорақы болды. Театрда арнайы қойылған дауыспен суфлердегі мәтінді судыртып оқып шықпақшы болған, обалы нешік. Қырсық шалғанда сала құлаш құрамалас сабақтас сөйлемдерге демі жетпей орта жолда тұншығып қалды. Ол да бірнеше рет қайталап оқуына тура келді. Жүргізушілермен салыстырғанда, қанша дегенмен аудиторияда сабақ беріп жүрген ұстаздар емес пе, қонақтар қамшы салдырмады. Сөздерін жік-жігімен тастап, ойларын тәуір-ақ жеткізіп жатыр. Бірақ, режиссерден "жарлық" түсіп оларды да қайталап сөйлетуге тура келді. Себебі, техникалық ақау шыққан, микрофон істемей қалған тағы бірдеме. Арасында жүргізушілер бізге сұрақ қойып алады да жауабын толық тыңдамастан орта жолдан үзіп әкетіп, әлде бір сюжет көрсете салады. Сюжеті сюжет-ақ екен. Айтып сөз шығындауға тұрмайтын, сын көтермейтін нәрсеге бас қатырмай-ақ қойдық. Онда да кәсіби журналистер емес, өзге саланың мамандары сұхбат жүргізіп отырғаны тіпті таңданыс тудырды. Мұғалімдер отбасынан түсірілген бір сюжетте философ ғалым стенд-апқа шығып, кейіпкерлерін әңгімеге тартып отыр. Келесі сюжетте бизнесмен жігіт ауыл мектебінен репортаж жүргізіп тұр. Сонда, бұл жігіттерде журналистикадан өзге айналысатын шаруа қалмаған ба? Әлде, журналист мамандардың бәрі елде қалмай ғарышқа ұшып ғайып боп кеткен бе?
Осылайша, бірнеше сағат уақытымызды зая кетіріп, бір бағдарламаға қатысқан болдық. Оның не болып шығатынын кезінде көре жатармыз. Айтайын дегенім, "шымшық сойса да қасапшы сойсын" дейтін халық едік қой. Телеэфирді қашанғы бейкәсіби жандарға ойрандатып, көрерменді үркіте береміз? Айналайын, редактор әріптестер! Телевизия мәтініне құрмалас сабақтас сөйлем қолданылмайтын әлемдік стандарт қайда?! Мейлінше, ауыз екі тілге жақындау қысқа да нұсқа жай сөйлемдер жазылуы қажет екенін шынымен де білмейсіздер ме? Телемәтін - қарапайым болуы керек, бірақ, қарабайыр емес.Алайда, бұған бас қатыратын тірі жан телевизия ауылынан табыла қоймайды-ау!

Қуандық Шамахайұлының

Facebook-тегі парақшасынан алынды

 

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610