Дүйсенбі, 21 Тамыз 2017
Дабыл 1050 1 пікір 10 Тамыз, 2017 сағат 07:32

Жер сілкінді... Менің жағдайым сізге де сабақ болар...

Сайт пен әлеуметтік желілерді қарап отырсам, тек Алматы мен Алматы облысында тұратын адамдар бүгінгі жер сілкінісінен кейінгі үрей құшағына оранған сезімдерімен бөлісіп жатыр. Біреу «бісмілләсін» айтып, «Құдай сақтасын» деп жатыр. Екіншісі, «өмірімде бірінші рет осындай қорқынышты сәтті бастан кешіп отырмын» депті. Бірақ дәл осы уақытта Астанада болған жер сілкінісі туралы ақпаратты көзім шалмады.

Таңғы 5-тен өте таң намазын өтеп, қайтадан жата бергеніміз сол еді, аспашам сықырлап, Тілендиева көшесіндегі №36-ыншы 14 қабатты үй кәдімгідей теңселді, тербелді. Аспашамға қарап, 2-3 балл бар-ау деп шамаладық. Бейнекамераға түсіру былай тұрсын, сықырлаған шамға қараудың өзі қорқынышты. Тіл кәлима-шәһадат айтудан (оған да шүкір) тынбады: «Әшһәду әнлә илаһә иллалла уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһу (Алладан басқа ғибадат етуге лайықты Жаратушының жоқтығына және Мұхаммед Оның соңғы пайғамбары екендігіне шәһәдат (куәлік) етемін).

Бір кезде тоқтағандай болды, бірер секундтан кейін аспашам тағы сықырлап, бойы сорайған сары үй теңселіп қоя берді. Ой деген жүйрік емес пе, шіркін?! «Балаларды далаға алып шығайын ба? Бірақ лезде 12-інші қабаттан бірден қайда шығып үлгерем?... Үлкен бағанның астына тығылайық па? Одан аман қалуымызға кім кепіл? Алланың өзі жарылқасын! Намаз оқылды, дәрет бар... Құдайдан үміт бар», – деген ойлардан кейін шарасыз жағдайымызды Жаратушының өзіне тапсырдық.

Тәубемізге келтірген таңғы жер сілкінісі ұйқымызды қашырып, біраз ойландырып тастады:

- Алланың сынағынан кейін ең әуелі Оның өзінен ғана пана сұрауды ұмытып кетеді екенбіз. Өзіңше құтылудың жолын «қарастырасың...» Бірақ қолыңнан түк келмейтінін амалсыз мойындайсың.

- Болмашы қас қағым сәтте осы күнге дейін жіберіп алған кемшіліктерің мен қателіктерің, одан қалды күнәларың көз алдыңнан алма-кезек өтеді екен. Соны қатты уайымдап кетесің.

- Қоғамда күнәлі істер көбейсе, Алланың біз өлшеп, болжап біле бермейтін үлкенді-кіші азабы жететінін түсінесің. Кезінде қиын күйге душар болған қауымдарды еріксіз еске түсіріп, олардан ғибрат аласың.

- Көп жағдайда таң қылау берген сәтте жер дүмпулері тіркеледі. Бұл уақытта қаншама пенде шырт ұйқыда жатады. Құлдың осы бір өте әлсіз, бейшара хәлдегі көрінісін елестетіп көріңіз. Таң намазын жіберіп алған кездерді еске алғанда одан сайын өкінесің.

- Жер сілкінісі ақтық сапарға қаншалықты дайын екендігіңді алдын ала сынап көретіндей. Мұндайда бала-шаға, ағайын-туыс, мал-мүлік, жұмыс бәрін сырып қойып, имани хәліңмен жалғыз қаласың... Ойланатын оқиға...

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Abai.kz

 

1 пікір
Қазақ әйелі 2017-08-10 10:20:44
Алла бізді азабынан сақтасын! Жер бетінде жақсы адамдар да, азғын адамдар да жеткілікті. Бірақ адамзаттың күнәсы көбейгенде Алланың жіберетін жазасының қандай болатынын елестетудің өзі қиын. Бұл дүниеде ешнәрсе артық жаратылмаған. Бәрінің өз орны бар. Ал адамдар Алланы ұмытып азғындап барады. Сондықтан Алла адамдарды тәубесіне келтіргенді қалайтын шығар. Кім біліпті? Не боларын? Әйтеуір Алладан адал, момын қазақты сақтай көр, деп тілеймін. Ей, адамдар! Алланы ұмытпаңдар!

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 3194
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 8021