Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жөн-ақ 5311 10 пікір 10 Тамыз, 2017 сағат 17:31

Рухани жаңғыру «Нұр Отанның» назарында

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды кеңінен насихаттауға арналған тың жобалар ұсынылғаны белгілі. Солардың тиімді жүзеге асуы мен орындалуы «Нұр Отан» партиясының тікелей бақылауында. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысына арнайы барып, өңір басшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде болды және ортағасырлық Сығанақ қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Облыстағы тарихи-мәдени жәдігерлердің ең бірегейі «Қорқыт ата» мемориалды кешені ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясындағы туристік нысандардың тізіміне енгізілген. Ұлы ойшылға арналған бұл тарихи ескерткішке қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2014 жылы кешен қайта жаңғыртылды. Сапар аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған мемориалды кешен, музей және осы маңда орналасқан этноауылда болып, мұндай тарихи орындардың отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайтуда маңызды рөлге ие екенін айтты.

«Тәуелсіз еліміз ширек ғасыр ішінде қарыштап дамып, Қазақстан әлем таныған абыройлы мемлекетке айналғанда Елбасымыз рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Оның мақсаты жас ұрпақты бабалар тарихынан тағылым алған елін, жерін сүйетін отаншыл рухта тәрбиелеу. Сондықтан «Нұр Отан» ұлт руханиятын түлетуге арналған Елбасы тапсырмасының еліміздің барлық өңірлерінде ойдағыдай жүзеге асуын ерекше назарда ұстайтын болады», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед Сыр өңіріндегі республикалық маңызға ие тағы бір тарихи жәдігер ортағасырлық Сығанақ қаласына арнайы ат басын бұрды. Тарих тұңған бұл жәдігерді тыңғылықты зерттеу жұмыстары тек 2003 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында ғана қолға алынды. Бүгінде археолог-ғалымдар бір кездері ірі шаһар болған орынның қираған үйіндісін асқан ыждаһаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қорған қабырғаны, үйлерді және мешіт-медресені қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – ортағасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыру.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Сыр өңіріне жасаған сапары барысында Кіші Аралды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Одан бөлек, облыстағы ауыл шаруашылығының даму барысына да назар аударып, асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысатын «РЗА» акционерлік қоғамында болды.

Мемлекет басшысының ұлттық кодты сақтап, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған бастамасын қолдап қана қоймай, оның жүзеге асуын өз бақылауына алған "Нұр Отан" партиясының бұл бастамасы толығымен құптарлық іс екені сөзсіз. Оның үстіне ұзақ жыл Мәдениет министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де бұл салаға жақын екені белгілі. Сондықтан партияның бұл бастамасы оң нәтиже береді деп сенеміз.

Abai.kz

10 пікір