Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 4935 0 пікір 22 Тамыз, 2017 сағат 09:35

Құпия еркіндікті аңсау

Сыйысу, осы бір ұғым оның санасын қаншама күннен бері жаулап алды. Бір үйде тұрса да,  ұзақ уақыт өзара сөйлеспеуге үйренген. Дастархан басында еңсені басқан мазасыздықтан бір сәт арылғысы келгенімен санасына әбден сіңген менмендіктен арылғысы жоқ. Жанарлары тоғыса қалса «ішімдегіні өзің біл» дегендей ұзақ уақыт сазарып отырады да қояды. Айтарға сөз таппағандықтан емес, ішкі эгосынан  тұрмыстық биліктің басым түсуі артқа қарайлауға ыңғай бермейтін.

Асқар Сүлейменовтың «Ситуация» деп аталатын шығармасындағы  екі кейіпкердің кейпіндегі көзбен ғана тілдесетін.  Арасында үйде емес, өзге ортада кездесе қалса, танымайтын адамдардай өте шығатын. Осылай мысықша аңдысып бір шаңырақта  өмір сүріп келе жатқандарына 11 жыл. Осы жылдар аралығында талай бұрқасын мен дауылды, көзден ағар жаңбырдың тамшысын екеуінің үнсіздігі ғана кері қайтарған еді.

Бүгінде кешкі серуеннен келе сала екеуі де үнсіз терезеге қарап ойлана шай ішті. Он екінші қабаттан қарағанда айналасындағы әлем, құзар шың секілді көрінетін. Бұл жолы айналаға да, үй ішіне де көз салуға мидағы арпалыс мүмкіндік бермеді. Тыныш қана үй ішіне киетін кебісін аяғына іле жазу үстеліне отырды.  Бағанадан бері шабыты тасыңқырып, қазір ананы жазам, мынаны жазам, осыдан қара да тұр. Мен әлемде әлі күнге дейін ешкім жазбаған, ешкім ойламаған сезім туралы  том-том кітапты жарыққа шығарам деп ойлаған. Бірақ, жазуға отырған сәтте басындағы сан мың тіркестер, дәрет суымен жерге шашылып түскендей.

Есалаң адамдай бірде күлді, бірде өз-өзімен сөйлесті. Бір ойы әттең мына ғаламдағы адамдар тура мен секілді ойлап, мен секілді өмір сүретін болса ғой деп арман қанатына да мінді. Дегенмен, түннің бір уақытына дейін отырса да түк жаза алмады. Қасындағы жолдасына қараса шырт ұйқыда жатыр. Неге құдай мені осылар сияқты мұңсыз етіп жаратпадың?  Неге мені ешкім түсінбейді? Әлде, мен қарғыс атқан адаммын ба, деген ойлардан басы қатты.

Қоғамдық жұмыстардан тыйылып жазушылыққа толықтай бет бұрса тағы болмайды. Өмір сүру керек. Қолға қарап отырған бала бар дегендей, сананы тұрмыс билейді деген осы. Іштей қынжылса да тәуекелге бел бууға тура келеді. Осыдан  он шақты жыл бұрынғы өмірі есіне түссе іші удай ашиды. Ыстықтан талмаусырып ұйықтап бара жатса да белгісіз біреу өлтіріп кете ме, деп көлеңкесінің өзінен қорқумен болады. Түсінде ылғи да туған жерін, қарт әкесін көреді. Мұнда келгелі біраз уақыт болды демесең көзі үйренгенмен, көңілі бірқалыпқа түспеген.  Ылғи да өз үйінде бөтендікті сезінеді. Балалары өз қаны болса да, жат көрінеді.  «Сен кімсің» деген сыңаймен қарайтындай сезіледі де т ұрады.

Жас кезінде Мәскеуде оқып, 7 жыл қатарынан елге ат ізін салмағандықтан ба, өскен ортасының болмысын ан жиіркенетін. Қазақ  болмысының  жай нәрсеге «ұят болады» деп ынжықтық танытатынына қайран қалады.  Осыдан біршама уақыт бұрын Джек Лондон, Лев Толстойдың, Де Мопассанның, қазақ жазушысы А.Сүлейменовтың шығармаларын оқып, олардың ішкі жалғыздығына күле қарайтын еді. Ал, қазір.... Ішкі күйігін, алабұртқан асау толқынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әдебиет тарихында  орындарын ойып қалап кеткен ойшылдардың  тірлігі өз басына түскеніне түсінбей әлек. Сыртқа шықса да, ішке кірсе де белгісіз құпия еркіндікті аңсайды. Өз-өзіне жынды адамдай есеп беруге кейде шамасы да келмей қалады. Арпалыс пен жеті қат көктің арасында е мұнда, е анда жоқ тірі өліктей сезінеді. Осылай оймен қарусыз соғысып  базар маңына қалай жеткенін де байқамай   қалды. Еріксіз ет сатып тұрған әйелге көзі түсті.  Бір асым ет алайындеп қалтасын қағып, сатушыға жақындады.

  • - Сәлеметсіз бе, етіңіздің келісі қанша тұрады?
  • - Бар-жоғы 2000 теңге.
  • - Қалай сонда, оның сүйегі көп, еті әбден сылынып алынғаны көрініп тұр. Неге қымбат?
  • - Біз қазір етсіз де, бетсіз де болып кеткенбіз. Мұндай жауап күтпеген ол есеңгірей теріс бұрылды. Жазушы  жүрегі мына сөзге қарсы «антивирус» орнатқандай  болды. Жылдам басып  жүгіре жөнелді.  Оқыс қимылға шыдамай тәлтіректеп жерге құлады. Сонда да болса, денсаулығын ойламай шығармашылық тұлғаларға тән құпия еркіндікті аңсады. Ешкім көрмейтін, білмейтін, беймәлім кеңістікке асықты.

 Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ

Abai.kz

 

0 пікір