Жұма, 29 Наурыз 2024
Айбын 12112 4 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 10:02

«Парасатты полицей» байқауы мәреге жетті

Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен «Парасатты полицей» дәстүрлі сегізінші республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. 

Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізілген байқаудың мақсаты – ішкі істер органдарында тіл саясатын насихаттау, полицейлерді Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, тілге деген құрметін арттыру, қызметте және үйде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ полиция мамандығының мәртебесін көтеру болып табылады. 

Биыл «Парасатты полицей» байқауына әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 95 полиция қызметкері қатысты. Қазақстанның барлық облысынан жиналған 19 команда байқауда түрлі творчестволық тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің алғырлықтарын, актерлік қабілеттерін,  шеберліктерін паш етті. Кәсіби терминдер, мемлекеттік тілде сөйлемдерді дұрыс әрі әдемі құрау бойынша біліктіліктерін сынға салу кезінде командалар өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсете білді.

«Парасатты полицей» байқауының қорытындысында Әділ қазылар алқасының шешімімен бірінші орын алған Ақтөбе облысы ІІД-нің «Серт береміз» командасы үздік танылды. Екінші орынды Ақмола облысы ІІД-нің  «Көкше сақшылары» мен Жамбыл облысы ІІД-нің «Тараз қырандары» командалары өзара бөлісті, ал үшінші орын Маңғыстау облысы ІІД-нің «Каспий» және ҚР ІІМ Қостанай академиясының «Қабылбаев ұрпақтары» командаларына бұйырды.

Бұған қоса, 5 номинация бойынша келесі командалар жеңімпаз танылды:
-«Көрермен көзайымы» номинациясында - Алматы облысы ІІД-нің «Мәңгілік ел» және Қарағанды облысы ІІД-нің «Алаш айбыны» командалары;
-«Ұйымшыл команда» номинациясында - Астана қаласы ІІД-нің «Елорда» командасы;
-«Өнерлі команда» номинациясында - ҚР ІІМ Қарағанды академиясының «Сақшылар ордасы» командасы;
-«Тілегі мен тілі бір» - номинациясында - Қызылорда облысы ІІД-нің «Сыр сақшылары» командасы;
«Актерлік шеберлігі үшін» номинациясында - Ақмола облысы ІІД командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Байқаудың жабылу салтанатында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов барлық жеңімпаздарды құттықтап, арнайы диполмдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Марат Демеуов өзінің құттықтау сөзінде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру – полиция қызметкерлерінің кәсіби ортасын нығайтып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеп, өздерінің мамандығына деген мақтаныш сезімін қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен бірге қазақстандық полицияның 25 жылдығы аясында көліктегі ішкі істер департаменті, өңірлердегі ішкі істер департаменттері арасында айтулы мерекеге арналған іс-шаралар туралы бейнероликтер байқауы өткізілген болатын. Үздік бейнеролик үшін І дәрежелі дипломмен Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті, ІІ дәрежелі дипломдармен Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменттері, ІІІ дәрежелі дипломдармен Астана қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменттері марапатталды. Сондай-ақ үздік клип үшін Маңғыстау облысы ІІД арнайы дипломды қанжығасына байлады.

Ілияс Ақбай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559