Сәрсенбі, 20 Қыркүйек 2017
Әдебиет 1204 1 пікір 29 Тамыз, 2017 сағат 10:53

Ақылбек Шаяхмет. Иманды жырлар

Жолаушымыз ішінде бір кеменің,

Сауап болар көптің қамын жегенін.

Бірақ, менің миыма еш қонбайды

«Бар күнәні кешіреді!» – дегенің.

 

Садақаны көп бергендер күнәні

Шаяды деп айтушы да кінәлі.

Кей дүмшенің жасағаны көзбояу,

Айтқан сөзі өтірік болып шығады.

 

Кедей айтып тауысады қай мұңын,

Құрбан шалса, түгел жұмсар айлығын.

Таныстарын жинап алып, ас беріп,

Байпатшалар көрсетеді байлығын.

 

Тойындырсаң – көзіңді сал аштарға,

Қайырым қыл халі мүшкіл достарға.

Ас берсең де, «көп бердім» – деп сөз қылма,

Күнәлі деп айтып жатса, жасқанба.

 

Үстіңдегі көрпең жетсе басқа әрең,

Келер күннен үмітіңді тос дер ем.

Жуылмайды күнә деген аспенен,

Қуылмайды киім және ақшамен.

 

*     *     *

Теріс көрген істерін қате десе,

Жақсылыққа тек қана жетелесе,

Бағыт берсе шындық пен тура жолға,

Көкірегін  біржола бітемесе,

Ақыл менен көңілдің нұры болған,

Рақат қой Алланың  құлы болған.

 

Бір атадан таратып адамзатты,

Жаратпа деп үйретсе жаман затты,

Аттатпаса адамды ала жіптен,

Жасатпаса адалға арам затты.

Ақыл менен көңілдің нұры болған,

Рақат қой Алланың  құлы болған.

 

Жағынады көп адам патшаға да,

Бағынады мүлік пен ақшаға да,

Нағыз пенде Аллаға бас иеді,

Мағынаны  иманнан тапса ғана.

Ақыл менен көңілдің нұры болған,

Рақат қой Алланың  құлы болған.

 

*     *     *

Екі көз бен екі қолдың арасын

Өлшей білсең – таба аласың жарасым.

 

Екі жақ пен екі аяқтың арасын

Ұстай білсең – абыройлы  боласың.

 

Екі ерін мен отыз тістің арасын

Жұмсай білсең – халық берер бағасын.

 

Екі қолдың қосып көрсең арасын,

«Әумин!» – дегін.

Жақсы бата аласың.

 

*     *     *

 

Аң мен құсты адамдарға азық қып,

Тауды жерге қағып қойған қазық қып,

Құдіреттің қайран қылған қауымды

Қасиетін неге біздер аз ұқтық?!

 

Малдың жүнін, аң терісін киім қып,

Сүтін ішіп, етін жедік, сүйіндік.

Неге сонша қызығамыз ендеше

Боқтышаққа небәрі бір тиындық.

 

Жоғалтпаған ешқашан да сенімін,

Пайғамбардың  зерттеп көрші өмірін.

Жайламаған тәкәппарлық  көңілін,

Таңдамаған  жұмыстың  да жеңілін.

 

Алла біреу, пайғамбар шын, ол рас,

Сенбеген жұрт жалғанда да жарымас.

Құдай бар деп шын көңілден зар қылсаң,

Тоның тозып, мінген атың арымас.

 

 

*     *     *

 

Бажайлап, жіті қара жан-жағыңа,

Кір емес, сия жұқсын бармағыңа.

Құлақ сал Ыбырай, Ахмет сөздеріне:

«Аллалап!» ал кітапты қолдарыңа.

 

Кітаптың бетін ашсаң «Бісімілла!» – деп,

Жол болып, миың толып, ісің өңбек.

Өтетін дариядан құстай ұшып,

Көзі ашық білімді адам бәрін жеңбек.

 

 

*    *    *

 

Үлкендердің  кейбірі  дал қып көпті,

Дәстүрімді «күні өткен қалдық» – депті.

Жас кезінде үлкенсіп жүретіндер

Жасы келмей қартайып алжып кетті.

 

Шалдың көбі сөзінде пәтуа жоқ,

Шыға кепті құдайшыл, тақуа боп.

Сахна бар – ойлайтын адамы жоқ,

Адамы бар – ойнайтын сахна жоқ.

 

Молданы да мақтаса ысылған деп,

Момынмын деп айтуға қысылған көп.

Мұсылман бар – кіретін мешіті жоқ,

Мешіті бар – кіретін мұсылман жоқ.

 

Қыңыр шалдан не пайда жата берер,

Бұл сөзімді шауқандар қата көрер.

Етті жейтін ауыздар көбейсе де,

Аз қалыпты ақсақал бата берер.

 

 

*     *     *

 

Қой – жәннаттың малы екені белгілі,

Жылқы – елшінің пырағы, Һәм дүлдүлі.

Сиыр сүтін қанып ішкен пайғамбар

Түйе мініп жүргендігі белгілі.

 

Тыңдағандар уәжіме қосылар,

Дос көбейтер сүйіп жейтін асы бар.

Сүт пен айран, қымыз, шұбат, ірімшік –

Мұсылманның адал асы осылар.

 

*    *    *

 

Берілгенде күдік пенен күмәнға,

Қайта-қайта үнілемін Құранға.

Удан,

судан,

қудан сақта,

о,Алла,

Сөзден,

көзден,

безден сақта,

о, Алла!

 

Ордан,

тордан,

сордан сақта,

о,Алла,

Оттан,

оқтан,

соттан сақта,

о, Алла!

Таңға қарай періште кеп оятты:

«Сақтанып жүр, – деді ол, – жолға шығарда».

*     *     *

 

«Құлағына шалынсын, – деп, – Алланың»,–

Кейде сөзін сөйлейміз біз жалғанның.

Періштенің құлағына естілсе,

Алдағы істің Алла білер қалғанын.

 

«Көзі түзу болсын дейміз Алланың!»

Бұл сөздің де сезінбейміз салмағын.

Түзу іске Алла тура қарайды,

Түсіндіріп жатпасақ та ар жағын.

 

Ескі айға да есірке деп жатамыз,

Жаңа айға да жарылқа деп жатамыз.

Есіркейтін, жарылқайтын бір Алла,

Бүгінгі күн түзететін қатамыз.

 

Анық-қанық айтылған жай Құранда:

Адассаң да қараңғыда, тұманда,

Тазалайтын,

Өсіретін бір Алла!

Жазалайтын,

Кешіретін бір Алла!

 

 

*     *     *

 

Мекке менен  Мәдинаға жол салған,

Сахабалар, мухаджирлар, аңсарлар.

Шейіт болып дін  ислам жолында,

Алла бір деп  жаҺанға олар жар салған.

 

Жатқа біліп, дәріптеген Құранды,

Іс жасаған мұсылманға ұнамды.

Әбубәкір, Омар, Оспан және Әли

Хақ жолында болған құлдар шыдамды.

 

Миыңдағы қыртысыңды жаза алар,

Хазіреттер, имамдар мен қожалар

Аяттар мен сүрелерге сүйеніп,

Насихатпен іштің дертін тазалар.

 

Құл Қожахмет өткен өмір сынағын,

Тапқан ақыр мінәжаттан мұрадын.

Алла  деген аз болмаған ақындар,

Ал, әлеумет, соларға бір дұға қыл!

 

*     *     *

 

Адам болсаң парасатты, байыпты,

Алла жолы адалдарға лайықты.

Арғы бетке өткел таппай қиналса,

Жаратушы жібереді қайықты.

 

Алға бастап қанағатшыл қауымын,

Ұсынғанда көлігі мен сауынын,

Қара жердің кетсе беті жарылып,

Әмірімен жібереді  жауынын.

 

Адал дос па, ғашық жар ма аңсаған,

Жарық шам ба көшелерде самсаған.

Түйір дән бе, тілім нан ба, сусын ба,

Бәрін, бәрін жібереді ол саған.

 

Жаратқанда он сегіз мың ғаламды,

Барлығынан артық қылған адамды.

Мойыныңды кезек бұрып, сәлем қыл,

Шайтан билеп кетпеуі үшін санаңды.

 

*     *     *

 

Ата-бабам жаралғаннан мұсылман,

Бақыт құсын қолдарынан ұшырған.

Дұға жасап, бет сипаймын әлбетте,

Өткен кезде мазарлардың тұсынан.

 

Амал жоқтан өткен күнге кінә арттық,

Таусылмайтын  уәдені  ұзарттық.

Кім біледі, қашан, қайда, қай жерде

Сол сенімді қалай, қайтіп жоғалттық?!

 

Адамзаттың атасы деп маймылды,

Босқа өткізген Алла берген ай, күнді,

Ақ-қараны ажырата алмаған

Әлі күнге әспеттейміз Дарвинді.

 

Құдай жоқ деп тәрік қылған сенімді,

Құдайсызға қарық қылған елімді,

Қолын созған ескерткішін пұт қылып,

Әлі күнге дәріптейміз Ленинді.

 

Албасты мен Ібіліске құрметті

Көрсеткендер елді де әбден індетті.

Мінін айтпай, қалай ғана жүреміз

Қырын қарап, қап-қара қып бір бетті.

 

Құдайсыздар жайлап алған жер-көкті,

Қашан болсын елге теңдік бермепті.

Қалай жуып тазартамын, білмеймін,

Ұн жақса да ағармайтын сол бетті.

 

*     *     *

 Белді будың, мақсат қудың, көкседің,

Жидың-тердің, күйдің, түйдің, екшедің,

Жетпей қалған ойың емес тек сенің!

 

Құрмет көрдің, басты мұжып, жамбас жеп,

Бата да алдың еш жамандық болмас деп.

Өткен күннің орны толық толмас тек.

 

Тұнық судан, кәусар, зәмзәм, шәрбаттан,

Кезің болған шөлің қанып, дәм татқан.

Тірлігіңе болмас, бірақ, ол мақтан.

 

Ойлап қара, қандай едің сен кеше,

Түнде ұйқың, күндіз күлкің келмесе,

Жүрегіңде ауыр мұң бар ендеше.

 

Бұл фәниде басылса да желігің,

Қанша қызық болса-дағы өмірің,

Келешекке жетелейді сенімің.

 

*     *     *

 

Айтар сыры мәлім болған хатынан,

Адамдар бар ат үркетін атынан,

Жамандар бар жалмауыздай жабысып,

Айырылмайтын ұсақ-түйек затынан.

 

Ес кірмесе естияр боп жүргенше,

Сескенбесе мүлде тамұқ отынан,

Өтірікке әбден еті үйренсе,

Өте алар ма қияметтің сотынан?!

 

*     *     *

 

Ұйқы қашты, басты келіп албасты,

Күдік-күмән жағама кеп жармасты.

Бұл жалғанда көп керек пе адамға,

Сақтау үшін, ақтау үшін бір басты.

 

Жастық дәурен құйрығындай түлкінің

Бір-ақ сәтте көтерілген кірпігің,

Көз алдыңнан жай отындай жалт етіп,

Жоқ болмай ма талындай боп шырпының.

 

Өткен өмір қызып жатқан қырмандай,

Қызық бітпей мәңгі-бақи тұрғандай.

Бағалап та үлгермейсің сен оны,

Қас-қағым сәт көзіңді ашып-жұмғандай.

 

*     *     *

 

Осы неге құмармыз біз егеске,

Бас қой дейміз сақтау үшін ел есте.

Алма-кезек алмаспаса тіршілік,

Шыға алатын адам бар ма белеске.

Айдың соңы айдың басы емес пе,

Айдың басы айдың соңы емес пе?!

 

Жақсы-жаман, адал-арам арбасар,

Досың көп пе жан сырыңды дәл басар.

Жолдың ұшы шорт қиылмас, сау болсаң,

Жолдың басы жол шетіне жалғасар.

Тығырыққа тірелдім деп тұрғанда,

Жол шегінен  соны  соқпақ алға асар.

 

Адамның да басы менен аяғы

Бір денеге қызмет қылса жарады.

Олай болса, бас болғанды бос мақтап,

Көңіліңді көтерме құр жоғары.

Бас шалқайып, аяқ жатса еңкейіп,

Қатар жүрер обалы мен сауабы.

 

 

*     *     *

 

Құдық қазып, үй салып, дән еккен де,

Кеудесінде жандары бөлек пенде.

Алдан тосып тұратын жақсылығы

Даяр бола бермейді дәметкенге.

 

Бітсе мұрын сорайып көз қасына,

Мұрны барда сіңбірген аз ба, сірә?!

Болмай қоймас дейтұғын жамандық та

Сақтана алсаң, жоламас өз басыңа.

 

Қолдан келсе, басатын қонышынан,

Жалғасатын немесе жең ұшынан,

«Астым-тастым, байлықты шаштым» десе,

Құтыла алмас, бәрібір, борышынан.

 

Мал мен дәулет, бақ тайса, құралмаған,

Жақсылық пен кеңшілік бір Алладан.

Құдайға да келеді кінә артқысы

Тау басына талпынып шыға алмаған.

 

 

*    *    *

 

Кедей жүр бағым жанса бай болам деп,

Байлар жүр Құдайға да сай болам деп,

Тұқым жоқ, тұқым болса, күтімі жоқ,

Жер үшін жаға жыртар байбалам көп.

 

Шамасы аз болса да егін сеппек,

Қазақты кім айтады еріншек деп?!

Қалтада  ақшасы бар, басқасы бар,

Жеріңді  игермей ме келімсек кеп.

 

Қара жер қазына ғой баға жетпес,

Жер үшін төккен терің текке кетпес.

Сол жерді ту-талақай қылғандарға

Қанша айқай салсаң-дағы, сөзің өтпес.

 

Менің де басылмайтын бар-ау шөлім,

Даламның ұлымын деп санаушы едім.

Саудагер бидай сатқан толып жатыр,

Алқаптың кім жұлады арам шөбін?!

 

Жайқалған гүлдері де, орманы да,

Жеміс пен жусаны да, қаңбағы да,

Жас күннен көзге жылы ұшырайтын

Жер бізге бабамыздан қалған мұра.

 

Өмірдің құжынаған илеуіндей,

Тірліктің шеше алмайсың күрмеуін кей.

Қарағым!

Қара жерді жамандама,

Қадірін түсінбейсің көрге кірмей...

Abai.kz

 

 

1 пікір
Құлалла Құдайберген 2017-08-30 21:02:17
Керемет екен!!!

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5712
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 11940