Сәрсенбі, 20 Қыркүйек 2017
Әне, көрдің бе? 357 1 пікір 11 Қыркүйек, 2017 сағат 09:36

Мүгедектердің басқа қоғам мүшелерінен еш айырмашылығы жоқ

 

Әлемдегі мүгедектер құқын айқындаған халықаралық құжат,  Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылдаған Мүгедектер құқықтары туралы Конвенция және бұл, 21-ші ғасырда қабылданған алғашқы адам құқы туралы декларация.

«Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» 2015 жылғы 20 ақпандағы № 288-V Қазақстан Республикасының Заңынан кейін, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бапына сай, Конвенция заңнамамыздың  бөлімі болғанын және осы баптың үшінші тармағында «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады», - деп жазылған.  Бұл маңызды жәйт.

Конвенцияны ратификациялауға байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, № 433-V, 2015 жылғы 3 желтоқсанда қабылданды. Осы заңнама бойынша еліміздің 20 заңы мен  4 кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

БҰҰ мүгедектер құқықтары туралы Конвенция       

1-бапта,  Конвенцияның мақсаты барша мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең дәрежеде іске асыруын көтермелеу, қорғауда және қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуді көтермелеу болып табылады, - делінсе. Осы мақсаттарға жету үшін Конвенцияның 3-бапында, барлық ұғыным-ережелер негізделетін, жалпы қағидаттар бекітілген.

Негізгілері:

  • қоғамға толық және тиімді тарту және қосу;
  •  мүмкіндіктер теңдігі;
  •  кемсітпеушілік;
  •  қолжетімділік.

Аталған қағидалар логикалық тұрғыдан бірімен бірі тізбектеліп тұр. Мүгедек жандарды  қоғамға тиімді тартып, толық қосылып араласуы үшін (инклюзия), олар басқа адамдармен бірдей тең мүмкіндіктерге ие болулары керек. Ол үшін мүгедектер  кемсітушілікке ұшырамаулары қажет.  Ал, мүгедектерді кемсітушілікті жоюдың  негізгі  тәсілі инфрақұрылымдар ортасын қолжетімділікпен қамтамасыз ету.  Айтылған қағидалар ұғынымын  жүйелі және кешенді түрде, қолжетімділік шараларын қалыптастыру кезеңінде  іс жүзінде орындай алсақ, Еліміздегі мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз.

Атқарылып жатқан іс-шаралар туралы

Осы бағытта Қазақстан республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің үйлестіруімен «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға арналған іс-шараларының»  жүріп жатқанын,  бұл 670 мыңдай мүгелек жандардың үміт артып отырған ең үлкен іс-шара екенін айтып өтсек.

Бағдарламадан  күтілетін негізгі болжал:

Біріншіден, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру арқылы мүгедек жандардың оңалту тиімділігін, еңбек нарқында бәсекеге жарамдылық деңгейін, тұрмыс сапалықтарын арттыру;

Екішіден, барлық деңгейдегі мүгедектер және мүгедектік проблемаларын  шешуге, жүйеленген әдістемелер енгізу арқылы бюджет шығындарының нәтижелілігі мен тиімділігін арттыру;

Үшіншіден, мүгедектерге арналған қызметтер мен тауарлар өндіруге инвестициялық тартылымдықты арттыру, тауар өндірісін дамыту және олар өндіретін тауарлар мен қызметтердің бәсекеге жарамдылығын көтеру;

Төртіншіден, жеке бизнесті және қоғамдық ұйымдарды тартып, Еліміздегі кешенді қолжетімді орта қалыптастыру үдерісінің қарқындылығын арттыру.

 «Осы болжалдар орындалады ма?»,- деген сауалға жауап іздеп, ақпарат материалдарынан жасаған қорытындымыз:

  • 2012-2014 жылдарға созылған бірінші кезеңнің сәтсіз орындалғаны;
  • 2014-2016 жылдарғы, екінші кезіңніңде қорытындысы қанағатсыз деп бағаланғаны.

Сонымен, 2016-2018 жылдарға есептелген үшінші кезеңді сараптап, олқылықтарын, оның себептерін және қорытынды ұсыныстарымызды айтып өтсек.

Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңін (2016 – 2018 жылдар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 сәуірдегі № 213 қаулысы бойынша  2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізді.  Ескерту. Іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңіне өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2017 № 169 қаулысымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

Қазақстанда мүгедектер жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. «Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7%) төлқұжат алса, оның 17 мың 506 нысаны (62,9%) бейімделуге тиесілі болды. Бұлардың 11 мың 212 нысаны (64%) қажет деңгейде икемделді», - деген, БАҚ ақпаратының  статистикалық көрсеткіштеріне сенуіміз екіталай.

Осы іс-шара аясында, қазіргі іс жүзінде атқарылып жатқан  "Қазақстанда нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде төлқұжаттандыру» жұмысы, әу басынан озық шет елдеріндей дұрыс жүргізілінгенде,  кешенді қолжетімді орта құрудың ең тиімді әдістемесі болар еді. Өкініштісі, солай деп, айта алмаймыз.

Еліміздегі «Төлқұжаттандыру» әдістемесінде, өңірлеріміз бен қалаларымызда жасалған қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы «Жол карталарымызда»,  «қызмет қолжетімділігі», - деген ұғыным, мүлде ескерілмеген. Бұл,  үлкен олқылық.

Ал, « Қазақстан 2050» Стратегия бойынша жетуге ұмтылып отырған 30 елдердің  төлқұжаттау әдістемеліктерінде:

  • Төлқұжаттау нысандардағы көрсетілетін қызметтер қолжетімділігін (құжатта арнайы бөлім қаралған) қамтамасыз  етумен, мекемеде   «Сапалы қызметтер қолжетімдігін қамтамасыз ету және мамандарды жағдаятты көмек беруге даярлау» стандарттарын  жасаудан басталатынын  және бұл жалпы міндеттілік екенін көреміз.
  • Әр-бір әлеуметтік инфрақұрылым нысаны,  қоғам мүшелері арасындағы әлеуметтік қашықтықты жақындататын, әлеуметтік қарым-қатынас орны деп бағаланатыны.
  • Қызмет қолжетімділігі, нысан қолжетімділігімен салыстырғанда (сәулет және құрылыс, ақпараттық) басымшылыққа ие, және бұл нысанды кешенді қолжетімділікке сай қалыптастыруда 30% -ға дейін қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік беретінін.

Қазіргі басты жүйелі кемшіліктер:

  • Әлеуметтік нысандар мен нысандарда көрсетілетін қызметтердің қолжетімдігін төлқұжаттау шараларына қатысушылар арасында даярланған маман-сарапшылар жоқтығы;
  • Пайдаланудағы нысандар мен ғимараттарды қимылы шектеулі жандарға бейімдеу жұмыстарында, Конвенциядағы «Саналы бейімдеушілік» ұғынымын түсінбегендіктен,  тек ғана құрылыс нормативтеріне (СНиП)  жүгінушілік (қомақты шығындар әкелуде);
  • Жаңадан салынатын, күрделі жөндеу жұргізілетін немесе қайта құру құрылыс жұмыстары (реконструкциялау) қаралған ғимараттар мен нысандарды қабылдау кезінде, 2015 жылы 1-ші шілдеден бастап өзектілігі арттырылған «СН РК 3.06-01-2011 және СП РК 3.06-02-2012» нормативтерінің  қатаң сақталу міндеттілігінің орындалмайтыны және жауапкершілік жоқтығы.

Бұл кемшіліктер, Конвенцияда ұсынылған «Саналы бейімдеушілік» және «Универсалды-Жалпыға ортақ дизайн»  ұғыным талаптарын, қоғам мүшелерінің арсындағы әлеуметтік ара қатынасты жақындататын, қоғамды «ізгілендірулікке –рухани жаңғыртуға» бағыталған идеологиялық үдеріс құралы екенін түсінбеушіліктен туып отыр. Осы олқылықтарды таяу арада жоймасақ, қазіргі текке жұмсалып жатқан қаржылар  көлемі еселеніп миллиарддаған шығындарға жол береміз.

Мысалдар:

Астана. №26 мектеп. Тексеру комиссиясы төлқұжатта көрсеткендіктен, амалсыздан айыппұл төлемеу үшін аулаға, кіре-беріске және бірінші қабаттағы едендерге көзі көрмейтін мүгедек оқушыларға арнап тактильді бағыттағыштар жапсыруға мәжбүр болды. Мектепте мүгедек оқушылар  жоқ. Барлық оқушыларға, еден жуатындарға қолдан жасалған кедергі.  Осындай перзентхана, зерттеу институты, емдеу орындары және «Астана циркіде» сыяқты, ондаған нысандарды атап өтуге болады. Текке кеткен жүздеген миллион қаржылар. Ешкім тексермейді, ешкім жауап бермейді. Астанамызда нысандаарды бейімдеу саласында оншақты ЖШС жұмыс істеуде. Олардың атқарған жұмыстарына, бейтарап мониторинг жүргізіліп,  сараптамалық баға берілсе. Бұл халықаралық тәжірибе.

Жалпы нысандарды жөндеуде, оның ішінде оқу және жоғарғы  білім беру орындары да бар, ғимараттың ішкі едендерін көздері нашар көретін мүгедек жандар үшін тактильді бағыттағыштармен жабдықтау үлкен қателік.

Біріншіден: Халықаралық статистика бойынша, соқыр жандар саны, көзі нашар көретін мүгедектердің 10%-ын  құрайды. Бұрынғы кеңес елдерінде мүгедек оқушылар мен студенттер саны 1% - дан төмен. Сонда тактилді бағыттағыштар тек барлық оқушылар мен студенттердің 0,01% - на қажет, ал қалған 99,99% - на және оқытушылар мен басқа қызметкерлерге кедергі.

Екіншіден: Оқу орны ғимараттары заманауи технологияларды тиімді қолданудың үлгі ортасы болуы керек.  Қазір көзі көрмейтін жандарға  арналған электронды  жүйелі ақпараттау және бағдарлау (кедергілерде арнайы дыбысты ақпараттауыш  маяктар мен қосымша бағдарламалар смартфондарға, аудиогиддер т.б. ГЛОНАСС арқылы)  сыяқты баламалы технологиялар баршылық.

Үшіншіден: Конституцияның 4-ші бапының 3-ші тармағында «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады»,- деп жазылғанын ескермеушілік.

Осындай іс- шараларды тоқтата алмасақ, «сарғыш жапон жарылысы»,- деген атпен, дамыған Елдер бас тартқан «жұқпалы індет»,  еліміздің барлық оқу орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына таралып кету төніп бар. Ал бұл, бекерге шашылатын миллиарддаған  халық қаржысы.

Көршіміз туралы ақпараттар:

Бүкіл Ресей халық майданы (ОРНФ)  сарапшылар жұмыс тобы зерттеулер жүргізіп, «Ресейде қолжетімді орта қалыптастыруға  ең кемі 10 триллион рубль керек»,- деп ұйғарды, сондықтан Үкімет 40 жылға есептелген бағдарлама-жоспар қабылдады. -*Барлық өңірлер мен қалалар «Жайлы қала-жайлы орта»  стратегиялық бағдарламаларын даярлап (сайттарында жарияланған), кірісіп кетті.

*Қолжетімді қызмет туралы заңда қабылданып,барлық министрліктер өз салаларында «Қолжетімді қызмет сапалығы және қызметкерлерді мүгедектерге жағдаятты көмек беруге даярлау» Стандарттарын жасап, барлық өңірлерге таратылып, бұл үлкен мемлекеттік шара да басталып кетті.

Шолуымыздың қорытындысы және ұсыныстар

Еліміздегі «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018-ші  жылдарға арналған іс-шаралар»  жоспарының, «қолжетімді орта» - «кедергісіз келешек» қалыптастыру бағытындағы жіберіліп отырған жүйелі кемшіліктерді түзету туралы ұсыныстарымыз:

Батыс елдерінің осы бағыттағы 30 жылдан астам іс-шаралар тәжірибесі, қазіргі, Еліміздегі орын алған «қолжетімді дизайнның» көлеңкелі жағынан бас тартып, кең үгіт-ағартушылық жұмыстарын  жүргізіп,  Конвенциядағы «универсалды - жалпыға ортақ дизайн» қағидаларын жүзеге асыруға жедел кірісу қажеттілігін және бұл шараларды «Инклюзиялы дизайнды кеңістік» орнату жолындағы өтпелі кезеңі есебінде қабылдауымыз керектігін көрсетеді. Сондықтан,  Конвенцияны осы мақсаттарға жету жолында қолданатын  құқықтық әдістеме  құралы  есебінде  бағалап, инклюзиялы,  «Жалпыға ортақ дизайнды» әлеуметтік қоғам ортасын тиімділікпен қалыптастыру үшін:

Қазақстан Үкіметі жанынан, осы мәселелердің ерекше  маңыздығын  түсінетін,  жауапкершіліктерді  өздеріне жүктей алатын,  барлық министрліктердегі мүгедектер мәселесі  бағытындағы  жоспарланған іс-шараларға  жедел кәсіби сараптама жасап,  басынан қателіктерге жол бермеу үшін кеңестер беріп, жаңа өзгерістер мен мемлекеттік деңгейдегі инновациялық жобалар ұсына алатын мамандардан,  жұмыс тобы,  құрылғаны  дұрыс болар еді.

Бұл жұмыс тобының қысқаша атқарар міндеттері мынандай болса:

  • Мүгедектерге қатысты мемлекеттік саясат  жүргізудің әдістерін,  тәртіптері мен жүзеге асыру кезеңдерін белгілеу және іс жүзінде атқару ұсыныстарын даярлау;
  • МШЖ конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыруда басқа азаматтармен бірдей мүмкіндіктерге ие болу үшін,  ҚР заңнамаларының соңғы жылдарғы  іс жүзінде қолдану тәжірибелерін саралап , ҚР заңдарын жетілдіру үшін заманауи ұсыныстар даярлау;
  • Мүгедектік және мүгедектер мәселесіне қатысты  Үкімет ұсыныстарын алдын-ала талқылау;
  • 2012-2018 жылдарғы іс-шараның  кезеңдеріне   сарапамалық талдау жасап, қолжетімді орта құрудағы жіберілген жүйелік қателіктерді, алдағы атқарылатын жұмыстарда ескеріп, жол бермеу үшін ұсыныстар даярлау;
  • Нысандар мен ашық қоғамдық кеңістіктерді, жол көлік инфрақұрылымдарын «кедергісіз жобалаудағы» дамығын шет елдерінің нақты тәжірибелерінің озық әдістемелерін  іс-жүзінде пайдалану;
  • «Универсалды-жалпыға ортақ дизайн» қағидаларына сай жоба жасайтын сәулетшілер мен құрылысшыларды ынталандырудың заманауи  әдістемеліктерін енгізу;
  • «БҰҰ мүгедектер құқықтары  Конвенциясын ратификациялау  туралы ҚР заңы» бекітілгендіктен, 2050 Стратегиялық Концепциямыздың «Инклюзиялы қоғам құру» мақсаты мен «Универсалды-Жалпыға ортақ дизайн» қағидаларына сай, «Кедергісіз келешек –Инклюзиялы дизайнды қоғам» қалыптастыру - ұзақ мерзімді, басымдылық бағыттары айқындалған,  стратегиялық Ұлттық жоба даярлау.

Қазір, Ата Заңымыз бен «Мәңгілік Елі» - Жалпыұлттық идеямыздың, «Қазақстан-2050» Стратегиясының және  БҰҰ Конвенция қағидаларын жүзеге асырудағы қойған мақсаттарымыз, ислам дінінің  мақсаты - иманды ізгілікті қоғам ортасын тәрбиелеуімен үндесіп, «рухани жаңғыруымызға»  ерекше мүмкіндіктер  мен жауапкершіліктер туған кезеңде өмір сүрудеміз!

«Инклюзиялы қоғам» құру, 21 ғасырда жалғасын тапқан «Әлемдік этикалық революцияның» - мақсаты!

Сондықтан,  Елімізде әлеуметтік қоғам мүшелері арасында  адамдардың денсаулық ерекшеліктерін елемей құрметтейтін рухани қажеттілік уәждемесіне негізделген  «Инклюзиялы қоғам» – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» қалыптастыру,  оның іс-жүзіндгі тиімді әдістемелері «Саналы бейімдеушілік» және «Жалпыға ортақ дизайн» қағидаттарына сай инфрақұрылымдар құру, ұзақ мерзімді Ұлттық инвестициялық жоба,  және оны, мемлекет  және жекеменшілік серіктестігі аясындағы әлеуметтік кәсіпкерлік есебінде атқарғанымыз дұрыс болар еді.

Сонда ғана, Еліміздегі мүгедек жандардың хал-ахуалдарын жақсартуға  мүмкіндік беретін  «Кедергісіз келешекке» - «Инклюзивті қоғамға»,   айқын жолды саралаймыз.

Жадрасын Садуақасов 

 

Abai.kz

1 пікір
Қанат Жанашұлы 2017-09-11 15:01:14
Айтуларың дұрыс қой. Бірақ...мүгедекке көзқарас бұрынғы кеңес кезіндегіден де нашар ма деп қалдым. Мен бала жастан мүгедекпін. Мұнайлы облыста тұрамын. 50 жыл еңбек өтіліме қарамастан..жаңа еңбек кодексін пайдаланып жұмыстан шығарып тастады. Мекемеде басқалар пайдаланып жатқан барлық жеңілдіктен айырды. Шығарып тастады деп өкпе ететін себебім - отбасымда табыс тауып, еңбек ететін жалғыз өзім едім. Сол мекемемде өз орныма, не басқадай жұмысқа қалдырып кетуге жоғарғы білімді , еңбекке жарамды ұл қызымның бірде-бірін алмағанын немен түсіндіруге болады. Бұл - қатыгездік . Табыс салығында ешқандай жеңілдік болған жоқ. Үкімет жұмыс жасайтын мүгедектерге де азын аулақ мүгедектігі үшін жәрдемақы төлеп келсе, екінші жағынан 100 пайыз табыс салығымен ол жеңілдігін мен сияқтылардан қағып алып отырды. Яки мүгедек дегенімен мен де көптің бірімін. Қайдағы қамқорлық ! Қайдағы жеңілдік ! Бұл басқа емес, жағдайы жақсы "Қазмұнайгаз" БӨ тегі менің халім. Қазір де ешкім емеспін. Жұмысқа алып жатыр, ал балаларыма жұмыс жоқ. "Ембімұнайгаз" өзінің 90 жылдығын жасады. Біздерді елеген жоқ, уәде еткен жұмысын берген жоқ.

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5712
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 11940