Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017
776 0 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 10:22

Қырғыз журналисі ұлтараздықты қоздырды деген айыппен 4 жылға сотталды

Бішкектің Бірінші май аудандық сотының шешімімен журналист Зұлпықар Сапанов ұлтараздықты қоздырды деген айыппен төрт жылға сотталып, сот залында қамауға алынды. Бұл жөнінде оның әйелі Гүлбаршын Ибраева хабарлады.

Сот отырысы 5 шілдеде басталған. Мемлекеттік айыптаушы журналисті алты жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Гүлбаршын Ибраева сот шешіміне келіспейтінін, Бішкек қалалық сотына шағымданатынын айтты.

2016 жылы Сапанов "Қыдыр санжырасы" деген кітап шығарған. Осыдан кейін әртүрлі діни бірлестік елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданып, Сапановқа қатысты шара қолдануын талап еткен.

“Акыл эс, Ыйман” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дүйшен Абдылдаев, теолог Кадыр Маликов, экс-депутат Тұрсынбай Бәкірұлы 2016 жылдың ақпан айында баспасөз мәслихатын өткізген кезде, журналистің шығарған кітабы ұлтараздықты қоздырады деп мәлімдеген. Олар мұның артында қандай күштің тұрғанын анықтау керек деген.

Кітап авторының өзі мазмұнында ешқандай алауыздық туғызатын элементтер жоқ екенін айтады. Оның сөздерінше, кітапқа қатысты тәуелсіз сарапшылар әлі баға берген жоқ.

Abai.kz

0 пікір