Бейсенбі, 23 Қараша 2017
Көкжиек 1310 1 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 12:42

Мен білетін - Абдолла

Өткен XX ғасырдың 60-70 жылдары, қазақ елінің өнердегі шырқау дәуірі десек, ешбір артық айтқандық болмас. Өнердің қай саласын алсақ та, ол театр өнері болсын, опера өнері болсын (балет), тіпті эстрада өнері де, шарықтау биігіне ұмтылуда еді. Оған дәлел театрға көрермендер билет іздеп кіре алмай сыртта тұрса, кіргендері орын таба алмай сіресіп тұратын. «Ана –жер Ана», «Қобыланды батыр», «Қан мен тер», «Бөлтірік бөрік астында», «Қозы мен Баян», «Еңлік пен Кебек»... бұл тізімді одан әрі тізе беруге болар еді. Эстрада өнеріне келсек сол жылдар елімізге жарық жұлдыздай жарқ етіп келген «Гүлдер», «Дос - Мұқасан» - ансамбльдері, Алматының «Жас балеті» - халқымыздың атын одаққа, одан әрі шет елдерге паш ете бастаған болатын.

Осы өнерлердің ішінде кенжелеу қалып, баяу дамыса да енді-енді қаз-қаз тұрып келе жатқан өнердің ішіндегі ең маңыздысы кино өнері де, еңсесін көтеріп, қазақ елінің атынан сөйлей бастаған еді. Кино өнерінің тұсау кесерін 1965 жылы шыққан «Менің атым - Қожа», кескен еді.Қазақ кино тарихында алғаш рет әлемдік додаға қатысып, Франция елінің Канн қаласындағы кинофестивалде кіші алтын медальді жеңіп алған болатын. Осы фестивальде балаларға арналған фильмдердің ең үздігі деп танылған еді. Осыдан кейін бұл фильм Кенес өкіметінің атынан әлемді аралап кете барды. Көп уақыт кешігіп барып өз тілімізге аударылып дубляж жасады. Қош деңіз. Осы алғашқы қазақ фильмінің авторлары кім деген заңды сұрақ туары сөзсіз емес пе? Кинофильмнің көп алдында, балалар әдебиетінің классигі атанған талантты ағамыз Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас өмір баяндық повесі дүниеге келген еді. Сол кітаптың желісі бойынша Бердібек ағамыз сценарий жазып, оны кино тілінде экранға шығарған қазақ киноөнерінің бірден-бір дарынды тұлғасы Абдолла Қарсақбаев болатын.

Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында малшының отбасында дүниеге келіпті. Отбасындағы кенжесі Абдолланың анасы оған дейін 15 құрсақ көтерген екен, көбі ауырып, аштыққа ұрынып дүниеден өтсе, ал, соңғы  екеуі  соғыстан  оралмапты.  Соғыс  басталған  1941 жылы Жамбыл ауданынан Алматыға көшіп келеді. Оған дейін әкеci де дүние салады. Сол жылы қазақтың болашақ ұлы кинорежиссері Абдолла Қарсақбаев 14 жасқа толады. Буыны қатпаған жас баланың алдындағы өмірі әлі белгісіз бұлыңғыр еді. Кенет, 1943 жылы Алматыға бүкіл "Мосфильм", "Ленфильмдер" көшіп келгеннен кейін, баланың көңілі кино деген таңғажайып әлемге ауады да кетеді.

Көп ұзамай Алматыда Киноактерлер мектебі ашылады да, Абдолла бала соған оқуға түседі. Сол жылдар орыстың ұлы режиссер, актерлерін көріп,киноға деген құлшыныс жас баланың өмірін шешіп бepeді.

Киноактерлер курсын ойдағыдай бітipiп, 1950 жылы Бүкіл Одактық кинематография институтының (ВГИК) режиссерлық факультетіне Иван Пырьев пен Михаил Чаурелидің шеберханасына оқуға түседі. 1956 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, Алматыға "Қазақфильм" киностудиясына режиссерлық жұмысқа келеді. Алғашқы жылдар жас режиссер деректіфильмдер түсіреді. Кез келген сюжеттегі киножурналдарға араласып, кейін әйтeyip табылған жұмыстың бәрін істейді. Ол жылдар студияда қойылатын киноның аздығынан болар, режиссер Абдолла өзінің жұлдызды жылын табаны күректей жеті жыл күтеді. 1963 жылы алғашқы қойылымы жарты әлемді аралаған "Менің атым Қожа" фильмі қоюға мүмкіндік алады. Содан кейінгі фильмі "Қилы кезең" (1966 жылы), 1968 жылы түсірген "Балалық шаққа саяхат" фильмі сценариын жазған тағы да Бердібек Соқпақбаев ағамыз. 1971 жылы Faни Мұратбаевтың өміріне арналған "Біздің Ғани" фильмі Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болған болатын. 1974 жылы түcipгeн "Жүйрік болсаң, озып көр" фильмі, 1977 жылы "Алпамыс мектепке барады" фильмі де Ригада өткен фестивальда балалар фильмдері арасында бас жүлдеге ие болады. Бұл фильмдердің қай-қайсы болмасын балалар тақырыбына арналған фильмдер еді. Режиссер Абдолланы басқа бip қырынан көрсеткен фильм, ол "Даладағы қуғын" ("Погоня в степи") 1979 жылы түсірілген. Бұл фильм 1981 жылы Душанбеде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде арнайы жылдың ең үздік әpтiсi деген құрметке ие болған. Басты рөлде ол кездегі жас әртіс, қазіргі, Қазақстанның халық әpтiсi Досхан Жолжақсынов және ол кезде мектеп қабырғасында оқып жүрген қазір белгілі актриса Гүлнар Досматова болатын. Бұл жерде тағы бip айта кететін нәрсе Абдолла ағамыздың әртic таңдаудағы көріпкелдігін де атап өткен дұрыс және әр фильмдерінде жаңа тұлға, жаңа талантқа жол ашып отыру оған парыз сияқты eді. Керек кезінде өзінің ойын толық жеткізе алатын, айтқанынан қайтпайтын өткір де қайсар мінезге бай еді. Кейде сол қайсар мінез көп жағдайларда билік басында отырған әлде кімдерге ұнамай, әрқашан өзіне тиесілі заңды сыбағасын ала алмай жүретін сәттері де болған. Кейін ойлап қарасам Абдолла режиссер түсірген фильмдердің кез келгені әр жылдарда өткен жарыстардан құр алақан қайтпаған екен. Бірақ сол фильмдердің қызығын кім көрді, атағына кімдер ие болды, ол өз алдына бөлек әңгіме. "Даладағы қуғын" фильмнен соң араға 5 жыл салып тағы да балалар тақырыбына арналған "Балалық шақтың кермек дәмі", фильмін түсіреді. Мұнда да қазақтың біртуар дарынды режиссерінің әрбір түсірген киносы қазақ кинематографиясының алтын қорына айналады. Абдолла Қарсақбаев өмірінің соңы көбіне айтыс-тартыс, кедергісі көп қайшылықтардан тұрған. Ал, Абдолланың өмірде қандай адам болғанын бір Алланын өзі ғана біледі. Бұл сұраққа жауап беру, Абдолламен бірге жұмыс істеген, әрі жете таныс болған азаматтардың адамгершілік парызы болуға тиіс. Абекең секілді кез келген өнердің ірі тұлғаларының өмірі, қалай аяқталғанын қатыгез XX ғасыр жақсы біледі. Бұрын "Менің атым Қожа", "Балалық шаққа саяхат" фильмдернен бастап білетін бұл кинорежиссермен танысудың сәті 1974 жылы түскен еді. Осы жылы Әбекең оқыған кино институтының, орыстың әйгілі кино актері "Чапаев" фильмімен аты әлемге әйгілі болган Борис Бабочкиннің шеберханасынан бітіріп келген жас актерлермен кездесу жасап (кино үйінде) бәрімізге табыс тілеп, өзінің кезекті фильмінің алғашқы байқау түсірліміне шақырғаны есімде. Сол жылы біз Қазақстанның әр түкпірінен жиналған 13 қыз-бозбала бітіріп келген едік. Бұл фильмге біздің ішімізден кімдер түскені анық есімде жоқ. Есімдегісі - қазақтың ұлы әртістері Кененбай Қожабеков пен Қаныбек Байсейітов. Ал, Абдолла ағамен етене жақын танысқаным 1978 жылы киностудияның дубляж залында болатын. Ұмытпасам түскі сағат екілер шамасында Әбекең қолында дорбасы, аузында темекісі, аса бір жақсы көңілде екен, келіп әлдекімдерді іздедіОйлаған адамдарын таба алмады-ау деймін кенет маған карап:

Әй, сары бала неғып отырсың, қауырт жұмысың болмаса менімен жүрсеңші деді де зытып ала жөнелді. Мынадай ұлы адамның өзі шақырып тұрғанда, бармай жын ұрып па, артынан тұра жүгірдім. Қасымда менімен бірге оқыған Бақыт Сейітов деген жігіт те бар. Әбекең сол сәтте-ақ төмен түсіп үлгеріпті. "Қазақфильм" киностудиясы ол кезде 8-март көшесімен Комсомол көшесінің қиылысында болатын. Әбекең жеткізер емес, не тоқтамайды, бет алысы Горький паркі. Бір кезде тоқтап, темекісін тастап, тағы бір темекіні тұтатып жатқанда Бакыт екеуміз де қуып жеттік-ау әйтәуір.Барысымен:

— Ассалаумалейкүм, Әб-аға дейік екеуміз екі жақтан, "Уағалейкум, жүріңдер", — деді парк жақты нұсқап. Сол кезде байқадым аяғында етік, үстінде бір көнетоз терітон киіп алыпты, жүрісі өте шапшаң. Парктің ішінде бір үлкен сыраханаға келіп жайғастық. Күн керемет боп тұр, адам өте көп екен. Ағамыз:

— Ал, әртістер, бүгін біржақсылап дем алайық, — деді кезек-кезек қарап. Қолындағы дорбадан бір-екі қатқан балық және сүрленген қол басындай қазыны алып үстелдің үстіне қойды да 3 графин сыраға сұраныс берді. Сыра келді. бірнеше стаканды кезек-кезек тастап жіберіп:

— Шөлдеп қалыппын ғой, — деп рахаттанып темекісін тұтата бастады. Сол кездесу мен үшін осы күнге дейін ойдан кетпес ерекше кездесудің сәтіндей көрінеді. Құдай қаласа тағы бірүлкен фильм алғанын, соны түсіру үшін көп жерлерді аралап көріп жүргенін, осы жолы Талдықорған облысын аралап қайтқанын, әрі керекті нысананы таба алмай жүргенін айтты. Ол, фильмнің аты "Бандыны қуған Хамит" болатынын сол жолы естіп едім.

Әбекеңнің бүнгі көңіл күйін байқап, осындай бір ашық-жарқын отырысты пайдаланып жақын танысқым келіп өзімнің қайдан екенімді, шыққан тегімді айта бастадым. Абдолла аға сөзімді бөлмей өте бір мейірбандықпен тыңдап, кенет:

— Шаяхмет, сен маған ұнап отырсың, бұдан кейін маған хабарласып тұр. Маған іні боласын, — деп еді.Осы жолы Алматы облысының Кеген ауданында "Көлсай" деген көл бар екенін, біздің ауыл жақтың табиғаты өте тамаша және кино түсіруге әбден лайықты екенін, Шарын деген өзенде "Көртоғай" деген тоғайлы сай барын айтып, "түсіретін жерді сол жақтан іздемейсіз бе?" деп бар сырымды жайып салдым. Саты деген ауылда туып өскенімді, сол ауылда әке-шешем тұратынын айтып қонаққа шакырдым. Әбекең өте риза болып келісімін бергендей болды. Көп ұзамай Әбекеңді ертіп мен өз ауылыма келдім. Бұл бір ұмытылмас күндер еді. Менің әкем Имашпен екеуі түйдей құрдас болып шыкты. Әкем ауылға ғана емес ауданға, қала берді облысқа белгілі ұстаз болатын. Қазір ойласам сол жылы екеуі де елудегі жігіт ағалары екен ғой. Әдеттегідей қонақкәде жасап қой сойылды, ұлы режиссердің құрметіне арналып қонақ шақырылды. Кішігірім той болды. Неше түрлі әзіл-қалжыңдар айтылып, арты күйге айналып, аяғы кездесуге ұласты. Әбекеңе ауыл мұғалімдері, менің туған-туыстарым, ағаларым неше түрлі сұрақтар қойып атын тек сырттай ғана еститін атақты режиссердің қолын алып жақын танысқанына мәз болысқан еді. Сол кеш түн ауа бітіп, ертесі сол тобымен киностудияның “Уазик” машинасымен “Көлсай” көліне жүріп кеттік. Байқаймын екі құрдастың әңгімелері жарасып, бір-бірімен еркін сөйлесіп отыр. Өзеннің басында да кешке дейін дем алып, балық аулап, бір керемет күнді өткізіп қайтқанбыз. Абдолла аға табиғатқа тамсана қарап, менің әкеме қалжындап келесі киномды осында түсірем Имеке, құдай қаласа бір рөлді саған берем деп құрдасын мәз еткені әлі есімде. Менің әкем сол күндерді есіне алып, айтылған сол сөзді әлі күнге ұмытқам жоқ деп отырады. Екі күнге созылған демалыстан кейін біздің аудан орталығымыз Кеген арқылы біраз жерлерді аралап Алматыға оралдық. “Көртоғай” шатқалын көріп кейін арнайы оператор және суретшілермен келем деп белгіге алып қойды. Айтқанындай, көп кешікпей “Даладағы қуғын” фильмі менің елімде, қазіргі әлемге әйгілі болып отырған Шарын шатқалында түсірілген еді. Осы фильмде мен де шағын бір рөл ойнағанмын. Уақыт өте, келесі фильмге дейін 2-3 жыл өтті-ау деймін, Әбекен тағы бір кино қойылым алды. Уәде бойынша інісі болған маған да бір үлкендеу рөл тиді. Ұмытпасам бұл фильмнің аты “Қасқалдақтың қаны” болатын. Бұл жолғы кинотүсіру тобы, осы Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты “Кетпен” деген елді мекенге аттандық. Бұл фильмнің басты рөлдерінде елімізге танымал әртістер: Құман Тастанбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, т.б. бар еді. Әдетте кино түсірушілер толық келген кезде тұсау кесер той жасалатын әдет бар. Бір күні қой сойып әбден тойлап, сөз арасында Әбекең сол киноға қатысатын барлық адамдарға табыс тіледі. Сонымен кино түсірілім басталып кетті. Тағы да банды, атыс-шабыс, таңның атысы күннің батысына дейін қызу жұмыс. Кешкісін той. Сөйтіп, бір айдай уақыт өтті. Әбекең маған бір күні мынандай тапсырма берді, сол күні сәл өзі көңілсіздеу екен. Маған: “Шаяхмет машинаға мін де, ана колхоздағы өзіңе таныс ағаңнан бір жақсы қой әкел, бүгін бір тойлаймыз” деді. Сол күнгі не той екені есімде жоқ. Мүмкін Әбекеңнің туған күні ме? Мен колхоз бастығымыз – С.Әшімбаевқа барып қой сұрауға кеттім. Мен кеткеннен кейін киностудиядан біраз бастықсымақтар келіп тексеріп, киноны түсіруді тоқтатады да, түсірілген материалдарды алып Алматыға тайып тұрады. Мен келген кезде бәрі де дел-сал болып мені асыға күтіп отыр екен. Не істеу керек, болары болды, қой келді, ал кеп тойлайық...

Осы жолғы соққы, Әбекең үшін өміріндегі көп соққылардың ең қаттысы болды-ау деп ойладым. Кейін білдім, сол тұс Әбекеңнің артынан шырақ алып түскендердің құдайы берген тұс екен. Соған сылтау іздеп адамды қаралаудың ең шарықтау шегі болса керек. Сонымен кинотоп тарады. Бірнеше ай істелген еңбек зая кетті. Көп қаражат босқа шашылды, Әбекеңнің дұшпаңдарының құдайы берді. Табиғатында тұйық адам, Әбекең көпке дейін бізге көрінген жоқ. Сол фильм кейін басқа режиссерге беріліп, басқа атпен, жәй, ортақол ғана кино болып шықты. Сол оқиғаны қолдан жасағандар әлі күнге кино саласында қызмет жасап жүр. Талантты олар басқа жақтан, батыстан, Америкадан іздейді. Ұлттық киноның мақтанышы болған Абдолла режиссердің қысқа өмірі де өзі түсірген киноларындай шым-шытырық еді. Өзі айтқандай әрбір киносы кинофестивальдерде жүлде алса да режиссерсіз яғни Әбекеңнің қатысуынсыз өтетін еді. Ол да бір қолдан жасалған саясат шығар. Фестивальге Абдолланьң фильмі өтеді, өзі жоқ, не қатты ауырып жатыр немесе таба алмадық деген сылтаулар үнемі оның жолын кес-кестеп жүретін. Қайбір сәттерде тіпті Әбекең бұл дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен деген де хабарлар таратқан екен. Оны өзі бірде: — Мені бұлар талай рет өлтірді де ғой, — дейтін. Бір жылы Әбекең Алланың қолдауымен алғаш рет Ташкенде өтетін “Азия және Латын Америкасы” кинофестиваліне қонақ ретінде қатысып, (қай жылы екені есімде жоқ) бір шаттанып, қанаттанып келгені әлі күнге көз алдымда. Қолында “Жаңа фильм” журналы, сол журналды фестиваль күндерінен жазылған мақалалар мен фотосуреттер бар екен. Сол нөмірде Әбекеңнің Индияның атақты актері әрі режиссері Радж Капур екеуінің суретін басқан мақала жазылған екен. Екеуі құшақтасып мәз-мәйрәм болып отыр. Екеуі де қап-қара мұртты, міне, ұқсастық, міне, кездесу, Абдоллаға ол кісі сол кездесуде:

— Сіз туралы мен жақсы білем, “Менің атым — Қожа” фильмін көрген соң-ақ сізді көргім келіп іздестіріп, сізбен танысқым келген, бірақ сізді бұл дүниеде жоқ деген хабар алғам. Ол, қалай? Міне, қызық, міне, өмір, сіз көп жасайды екенсіз, — деді.

Екі елдің ұлы режиссерлері осылай танысып, дос болған еді. Не туралы сөйлескендері, не жайлы келіскендері бір Аллаға ғана аян. Абдолла өзінің қысқа деуге болмас, орташа ғана саналы өмірін қазақ балалар киносының сара жолын салып кетуге арналған бірден-бір ірі режиссер. Өмірінің көбі тартыспен, айтыспен, қылышынан қан тамған кеңес дәуірінің қыспағында өтсе де өзінің суреткерлік ойын түсірген әр фильмде дәлелдей алған ұлы тұлға. Әбекеңнің артында қалдырған кино туындыларымен әлі талай ұрпақтардың сана- сезімін, ой-жүйесін тәрбиелей беретіні сөзсіз.

Шаяхмет Имашұлы, ҚР кино қайраткері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10407
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18631