Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 3389 2 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 11:59

Жастарға қарап қартаймаңыз

Қандайда да бір ұлттың рухани құндылықтарының  айталық, мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің және спорты сынды дүниелерінің көш басында жастар жүруге тиіс. Жастар тез қабылдағыш және өздеріне тән шапшандықпен алда жүруі заңдылық. Дей тұрсақ та, біздің жағдайымызда рухани дүмпулер жасауды былай қойғанда, қарапайым жайлардың өзінде жастарымыздың қайда жүргенін білмей қаласыз.

Кезінде Толстой әдебиетке есіктен емес, терезеден кірген деген әңгіме бар. Яғни мұндай құбылыс тек жастыққа тән құрбандыққа бара алатындай намыс пен рухты, жігерді еске салады.

Жастар дегенде, ойға ең алдымен сол жас буынның бүгінгі таңдағы әлеуметтік белсенділігінің тым төмендігі оралады. Кейде осы келер ұрпақ өте ұсақ-түйек тірліктің төңірегінде шиырлап қалып бара жатқандай көрінеді. Мәселені жеке шешуге деген бастамашыл батыл талпынысты байқай бермейсіз. Алайда, дәл қазіргі қазақ ұлтының бар болмысы мен болашағын айқындайтын барометр — жастар. Себебі, аға буынға салмақ арта алмайсыз. Уақыт өзгерді. Заман ауысты, заң да қайта түзілуде. Яғни, ұрпақ алмасатын кезіңіз келді! Ал ол ұрпағыңыз, қазақтың бүгінгі жастары жайында кереметтей пікір айту қиындау. Осы ретте дәлел үшін бір ғана жайтты алға тартайық.

Кезінде той мәселесіне қазақ үлкен мән беріп, тәрбиелік маңызы бар шара ретінде қарастырған ба деп ойлайсың. Қыз қуу, теңге ілу, күреске түсу сынды ұлттық ойындар арқылы азаматын таныған.

Тойға жастар ішіп-жем үшін ғана емес, үлкен жауапкершілікпен барған. Дайындығы болмаса, тайсақтаған. Осы жерден келіп намыс деген мәселеңіз қылаң береді. Ал бүгінгі жастар тойға ішіп-жейтін, көңіл көтеретін орын ретінде ғана қарайтыны белгілі. Алайда, бұл ешкімді ойлантып отырған жоқ. Мүмкін, міндетті де емес шығар, бірақ «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тұрғыдан келгенде қазақтың жас-кәрісінің ойланатын жәйттарының» бірі екені анық.

Қысқасы өмірінің көбі кетіп, азы қалған адамдар кінәмшіл келетіндіктен үлкендердің жастарға өкпесі орынды. Дегенмен өкініштісі сол, керісінше жастарымыз көп ретте кінәмшілдікке салынатыны бар.

Әкелер мен балалар:  кім-кімге өкпелі?

«Әкелер мен балалар» проблемасының өтпелі кезеңде өмір сүріп отырған елдер үшін өзіндік ерекшелігі болатындығы бір бізде ғана емес. Орталық және Шығыс Еуропаның 27 мемлекетінде және тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы елдерде де байқалып отыратын көрінеді. Бұл не ерекшелік дегеннен бұрын, осыншама елдердің тағдырын ортақтастырған бұл не ұқсастық деген сауалдың жауабы оңайырақ. Ол аталған елдердегі «темір қорған» құлағаннан кейінгі нарықтық және демократиялық реформаларды әр ұрпақтың стихиялы қабылдауы. Ерекшелік  дегенге   келсек, өтпелі уақыттағы дәстүр мен қоғамдық нормалар бір ұрпақтан екіншісіне ауысарда бұзылып, тіпті жойылып, содан қайта қалпына келіп, қысқасы ит-жығыс күйді кешіп жататын көрінеді. Мұны нақ бастан өткеріп отырғандардың бірі біз. Кім кінәлі? Аға ұрпақ пен жас буынның арасын жалғайтын дәнекер жіп неге сонша бос?

Иә, бізде «егделер мәселесі» емес, «жастар мәселесі» бар. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері жағымыз бір талмай «жастар бұзылды, жастар үйтті-бүйтті» дегенді жиі айтамыз. Себебі түсінікті, салдарына үңіліп көрейікші.

«Кеңес» атты казармадан босаған аға ұрпақ жоғарыда айтқандай өзіндік дәстүр мен қоғамдық нормаларды жас буынға табыстарда қатты қателескен сынды. Мүмкін бұлайша жаза басуға сол қайшылықты жүйенің де үлесі үлкен әсер еткен шығар. Батыстың «әні мен сәнінен» қанша қақпайлап ұстағанмен тордағы тоты құсыңыз темір құрсаудан құтылған сәтте-ақ басқаша сайрап шыға келді. Нашақорыңыз да, жезөкшеңіз де, жұмыссызыңыз да т.б. жастар. Көбісі «бұғаудан босағанмен» не істерін, қайда барарын   білмей, аңырып тұрып қалды. Көзді жұмып, тұспалдап тартты сосын. Қайда барса да қиын, өте қиын еді. Қалаға барса оқу оңай емес, жұмыс табу одан да қиын дегендей...

Ендеше

Өзіңе сенетін уақыт

Заманның жастарға деген сыңайын байқадық. Қатқыл. Содан ба, әлемдік қоғамдық-саяси үрдістер мен елімізде жүріп жатқан саяси-экономикалық реформаларға жас буынның, әсіресе қазақтілді жастардың кірігуі енжар. Бұл бәрінен бұрын шын талап пен үлкен еңбектің кемшіндігінен бе дейсің.

Реті келгенде өзім куә болған жайтты айтайын. Бір кездері «Сорос-Қазақстан» қоры шығармалышықпен айналысып жүрген жастарға арнап, жазғы мектеп жұмысына қатысуға бәйге жариялады. Оған қатысуға мен де ниет білдірдім. Он күнге созылған жазғы мектеп жұмысының әсері ерекше еді. Әр сала бойынша еліміздің және шет елдерден арнайы шақыртумен келген лекторлар дәріс оқыды. Ал ең соңында үздік
танылған талантты жастар әлемнің мықты деген оқу орындарына білімін тереңдетуге гранттар алса, қайбірі көрмелерге, фестивальдарға, т.б. қатысу жолдамасын еншіледі. Өкініштісі сол, осындай мүмкіндігі мол шаралардан қазақ тілді жастардың тым қалыс қалатыны. Сонда біз қайда қарап жүретініміз түсініксіз. Көзі ашық жасқа күнделікті жаңалықтарды шолып шығу мен компьютерді игеріп, Интернетті қарап отыру сонша қиын шаруа емес қой. (Шындап іздесеңіз, шетелде оқу, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін басқа да сандаған қорлар арқылы табасыз). Иә, Сұлтанмахмұттың «Ана қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр...» деген өкініші әлі сол күйінде қалып қойған сыңайлы. Бұдан қазақтың кешегі жасынан көзі ашық бүгінгі жасы айтарлықтай алға кетті деп айту қиын. Осы салғырттықтың, осы енжарлықтың салдарынан есеміз кетіп, есебімізді түгелдей алмай жүргендей жай бар. Оны шебер пайдалана білетін билік те, аға ұрпақ та жастарды қай кезден-ақ қолбала, саясаттың ұртоқпағына айналдырып келді. Бір ғана жүйеміз «жаңылысып», жастар қайрат көрсеткен кез 1986 жылдың желтоқсан кезіндегі оқиға еді. Міне, жастардың он ойланып, күрт оянған және тізе қосып біріккен тұсындағы бұла бұлқыныс. Осы оқиғаны өз көзімен көріп тұрып, бір жазушы ағамыз: «Біздің ұлт, әсіресе, жастарымыз сапалық тұрғыдан бұрын соңды болмаған құбылыстарды енді бастан өткере бастайды» деп дәмеленгенін жасыра алмаған. Алайда, сол серпілістерді көре алмадық. Қайта содан жасып, жасқаншақ болып қалғаннан ба, қазіргі жасыңызда ортақ мүдде үшін бірігу, «Қазақстанның  болашағы үшін!» алға ұмтылу жағынан көз жазып қалды. Ешкімге өкпе арта алмайсыз. Мүмкін, қателік билікпен де, аға ұрпақпен де шынайы диалог құра алмай жүрген жас буынның өзінде шығар. Билік анда-санда съезд, конгресс т.б. өткізіп жұбатқандай болады. Аға үрпағыңыз «бәрі жақсы болады» деп алдарқатқандай сыңайда. Ал, жастар өздерімен де, өздерінен жоғарыдағылармен де «тіл табыса» алмай жүр. Қысқасы, бәріміз де үлкен балалар секілдіміз.

Болатбек Төлепберген

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604