Сейсенбі, 19 Желтоқсан 2017
Әдебиет 2264 14 пікір 20 Қыркүйек, 2017 сағат 08:36

Мырзан Кенжебай. Біз  күткен бақыт басқа еді

Білмегесін бақыт деген не екенін 

                              

“Көңіл қалды жақыннан да, жаттан да,

Көңіл қалды кәріден де, жастан да.

Бір түкіріп, кетейікші дүниеден”, –

Деп жүрегім аттан салып жатқанда,

 

Сені берді Жарылқаушым – бір Алла,

(Тұтқын едім тастай қалың тұманға)

Алла берді

Нәжім деген атың да,

Жазулы тұр қасиетті Құранда.

 

Айтпасам да ешкімде есем кетті деп,

Тағдыр мені тастаған ғой тепкілеп,

Сәл ауырсаң, зәре-құтым қалмайды,

Жарығымды аман қылшы деп тілеп.

 

Жарығым-ау, жарығым-ау, жарығым!

Бұл әкеңе бәрі қайғы,бәрі мұң.

Ішкізіп ап, тағы отырам түнеріп,

Залалы мен зәрін ойлап дәрінің.

 

Қайдан ғана көрсетіп ем, шиенің

Жұтып қойып жүрмесе екен сүйегін.

Орындықтан құлап кетсе қайтемін,

Аламын деп домбыраның тиегін?

 

Жұрт айтатын мені батыл, албырт деп,

Ит өмірден қорқақ болып қалдым тек.

Анаңа да сенбей, өзім тексерем

Айраныңды жылы, әлде салқын деп.

 

Ойнамады бұл бала деп ертелі,

Қызуыңды екі-үш өлшеп ең кемі,

Ұйықтатқан соң анаңа да байқатпай,

Жабам әкеп тағы да бір көрпені.

 

Мейлі бұл жұрт сенбесе де, сенсе де.

Шошып кетем арқаң шып-шып терлесе.

Түніменен кірпік ілмей, төрт рет

Көйлегіңді алмастырдым мен кеше.

 

Шаңырағыма сен келгесін, жарығым,

Бұл өмірдің тәтті екенін таныдым.

Шемішкенің аршып қоям әр дәнін,

Жұтып қойып жүрмегей деп қабығын.

 

Шайыр Құлжан, Нұрмағанбет, Нұртуған

Атаң Сахи байлық емес, жыр қуған.

Текті ұрпақсың,

Сәйкес болғай соларға

Ақыл-ойың, парасатың, түр-тұлғаң.

 

Білмеген соң бақыт деген не екенін,

Деуші едім-ау: “Соны іздеп не етемін?!”.

Сен туған күн сол бақыттың өзі кеп,

Біздің үйден тапты тұрақ-мекенін.

 

Көзі – ойлы, ажары – Ай, жүзі – Күн,

Бірде жуас, бірде тентек бұзығым,

Алла сенің аман қылсын жаныңды,

Сонда менің таусылмайды қызығым.

 

 

Диуананың  «фәлсафасы»

 

Әй, фақырлар! Әй, пенделер, жарандар!

Әй, бай-мырза! Жомарттар мен сараңдар»

Талқы шайды талмап жұтқан жарлылар!

Бірің қалмай, кәне, маған қараңдар!

 

Бірің жылап «ақша жетпей жатыр» - деп,

Бірің күйіп «патша кетпей отыр» - деп,

Ақымақ жұрт! Бәріңнің де басыңда

Қарап тұрсам, мидан гөрі қоқым көп!

 

Қара маған! Киім де жоқ, үй де жоқ,

Көңілім, нәпсім осы жадау күйге тоқ

Қобызымның бір қылына татымас

Сендер жиған мал-мүкәммал, дүние боқ!

 

Біле тұра сұм жалғанның сайқалын

Неге керек шалабыңды шайқауың?!

Алдап, жалдап, жылдап жиған-тергенің

Боқ екенін қиын болды-ау байқауың.

 

Жаныңды жеп, жігеріңді жебелеп,

Малың өлсе маңдайыңды төбелеп

«Еңбек-рахат» деп алдайсың балаңды

Еңсеңді езер еңбек, мехнат не керек?

 

Еңбек емес, ақша жинау – ең түпкі ой,

Бұл алдамшы айлаңды да білдік қой,

Диуананы дым білмес деп ойлама–

Біле білсең, еңбек деген құлдық қой!

 

Кеп қалғандай бір алапат дауыл шын

Байимын деп бәрін сатқан қауымсың

Көргенсізді көсем қылған қасқалар,

Алдыңда әлі ең қиын, ең ауыр сын!

 

Күнәңді де «тіршіліктің қамы» - деп,

Әділетті іздейсіңдер тағы кеп.

Сондықтанда ешқашанда бұл елде

Гүлдемейді Әділеттің бағы тек!

 

Алдыңда тұр бұлдыр қоғам, бұлдыр ел,

Бірақ соны кім түсінер, кім білер?

Ойын қойып, ойға алғанын істеп жүр

Кілең қоян, кілең тазы, түлкілер!

 

Білмейсіңдер кімде Намыс-Ар барын,

Ал мен жеті жұртты жаяу шарладым!

Шарладым да ойға қалдым «жетер" деп

Әуретімді жауып тұрса дамбалым!»

 

 

Өзіме ақыл айту

 

Тұлабойың қырық жамау, жүз кетік

Қаңғы қиял ноқтасы жоқ құр аттай,

Өтті өмір,

Беймәлімнен із кесіп,

Сахарадан су табатын мұраптай.

 

Өмірді әлі сүйесің-ау, жарқыным,

Жүрегіңе тырнап жазған жазуын,

Дөңгеленіп батқан сайын әр күнің.

Ажал құрдас ақситады азуын

 

Салдауыры суға кеткен кемеше

Таппасаң да айдынның бір тұрағын

Ит-өмірге құрып сонша емешең,

Неге ғашық болдың Мырзан шырағым?

 

Мына жұртың азғынын да асыл деп,

Айырмаса ағыменен қарасын,

Жер бетінде не досың, не қасың жоқ

Енді кіммен табам дейсің, жарасым

 

Бар мінімнің табамын деу күнде емін

Қате екен ғой, (кештеу болды-ау білгенім!)

Адамдарға ортақ ақымақтықты

Ойлаппын ау, мінім ғой деп бір менің.

 

Кеш те болса өз құныңды біл енді,

Қан құстырған көп қатеңді түсін де,

Жүрмін деп біл қисабы жоқ кілең бір

Шуылдаған байғұстардың ішінде.

 

Қош айтысты әлдеқашан балаң жыр,

(Саған бауыр басқан мұңға не дерсің?!)

Бүкіл пенде сіңіп кеткен сонау бір,

Көк түнекке сен де бір күн кетерсің.

 

Бір халық бар

 

Білігі жоқ біреуі таққа мінсе,

Тайпаласы түгелдей атқа мінген,

Қарашасы қайыршы күй кешсе де

Бір халық бар қарамас бапқа мүлдем.

 

Ес қалар ма есірсе ондайда адам –

Ең ержүрек шығады сол тайпадан.

Сол тайпадан шыққан ер аман болса,

Арқа, Ақтау, Атырау, Алтай да аман.

 

Су сұраса сүт беріп сүйген жатты

Талғамайды бұл халық Күй мен Бапты

Өлеңшілер жыр жазады байды мақтап,

Жүлде қылып алғанша Қи мен Қапты.

 

Өнбес дауды даулаумен құр жырлаған

Осыны ойлап отырса құрғыр балаң,

«Бисмиллаһны» білмейтін бейшарасы

Ағылшынша, орысша былдырлаған.

 

Арна жолдан айырмай соқпақтарын

Ұлтым деген ұл-қыздың боқтап бәрін,

Үлестіреді ұрпақтың қазынасын

Мыстан елмен мақтан қып достасқанын.

 

Дей беріңдер десеңдер: «Отта, бала!»

Жағылғасын жар салам аққа қара,

Айқай салам «Ақи-қа-а-ат қайдасың?»-деп,

"Қайдасың", - деп "Әді-ле-ет сот-төраға?".

 

БIЗ КҮТКЕН БАҚЫТ БҰЛ ЕМЕС

 

Азаттық таңы атқанда,

Алдымнан шығып кіл егес,

Алақан жайып аспанға,

Біз күткен бақыт бұл емес.

 

Есті алып ерге қондырған,

Еркіндік деген бір елес,

Қолдағы барды қор қылған,

Біз күткен бақыт бұл емес.

 

Жырлап еді еркін болдым деп,

Құм қауып қалды-ау көмейім,

Жұрқаны кидім торғын деп,

Қатемді кімнен көрейін?!

 

Жаба алман жанға жаламды,

(Қасқа да айтам, досқа айтам)

Әжуалап әулие бабамды,

Басыма шықты-ау көп шайтан.

 

Жұлығы жыртық құлыным,

Ертеңін іздеп шет елден,

Сұмырай болды сұлуым

Көрпесін әркім көтерген.

 

Сөйлесем ата тілімен,

Сөзімді шонжар ұқпайды.

“Колаға” толған күбіден

Шұбаттың иісі шықпайды.

 

Аруанам қайып айырдан,

Майыма тойып мас бөрі,

Жайлауыма доңыз жайылған,

Біз  күткен бақыт басқа еді.

 

Қараймын оңға, солға да:

Бұл ма, – деп,– бүкіл келешек.

Біз күткен бақыт, сонда да,

Дәл мына бақыт емес ед.

 

АЗА

Жалауын желкілдетіп майдандаған,

Талайдың тарпаңдығын тайраңдаған.

Өткізіп бір басыңнан қиналдың-ау,

Азабы арылмаған қайран далам!

 

«Күн жоқ, - деп, шаңырағым шайқалмаған»,

Азамат ашу-ыза айта алмаған,

тұғырлар тұлпар болып бәйгі алып

басынан бақ-бұлбұлы тайған далам.

 

Тұрғанда жер де аман, аспан да аман,

Жыласа жанарында жас қалмаған,

Лайлап арыңды да, барыңды да,

Әркім кеп зорлап төсін ашқан далам.

 

Құя алмай көлге бұлақ жүгенделді,

(үздік қой Аралдан да күдерді енді)

Тарылып кең өрісің тулақтай боп,

Тағдыры тұлпарыңның шідерленді.

 

Тоқтатып бұлбұлың да төккен үнін,

Күңгірттеу жылтыраса көкте күнің,

Арқада ақ селеуің солғаннан соң

Не қылам есерліктің екпе гүлін!

 

Тап болып көп бөрінің тырнағына,

Зар болып өткеніңнің жұрнағына,

Телміріп, тіл байланып көкке қарап,

Налисың намысы жоқ ұлдарыңа.

 

Біреуге «желі азбандай азынаған»,

Жер жетпес менің сендей қазынама

Жарадан іріп тұрған мына тәнің,

Білмеймін, енді қайтып жазыла ма?!

Abai.kz

 

14 пікір