Сейсенбі, 19 Желтоқсан 2017
Әдебиет 1992 1 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 10:10

Әзәзіл

 

"Мен сізге айтам, кімде-кім әйелге телміріп, тесіліп, көзін сатып қараған болса, ол жүрегімен де қылмыс жасап қойды дей беріңіз. Егер оң көзің жолдан тайдырса, ойып лақтырып таста оны, өйткені тамұқ отына түгел шыжғырылғанша, бір мүшеңді садақа қылғаның артық. Егер оң қолың жолдан тайдырса, шауып лақтырып таста оны, өйткені тамұқ отына түгел шыжғырылғанша, бір мүшеңді садақа қылғаның артық".

(Матфейдін, V, 28, 29, 30).

I

Евгений Иртеневті үлкен мансап күтіп түр еді. Бұл үшін төрт құбыласы сай болатын. Үйде алған тамаша тәрбие, Петербор университетінің заң факультетін үздік бітіру, таяуда ғана дүние салған әкесінің жоғары қауымдағы таныс қасқа мен жайсаңдары, тіпті министрліктегі министрдің өзінің қолтығында жүріп қызмет істей бастау. Мұның үстіне байлық, мол байлық бар, бірақ күдікті байлық: әкесі шетелде және Петерборда тұрған, Евгений мен атты әскер қатарында жүрген үлкен ұлы Андрейге алты мыңнан берген-ді, шешелерімен де талайды сапырған болатын. Ол жазда ғана екі ай өз иелігіне келетін, бірақ шаруашылықпен айналыспайтын, барлық тізгінді қоңданып кеткен меңгерушіге беріп қойған еді, бұл шөп басын сындырмағанмен шүбәсіз сенімге ие. Әкелері көз жұмған соң, ағайынды жігіттер енші бөлісе бастағанда, қарыз деген шаш етектен екен, тіпті, меңгеруші иелікті жүз мың сомға бағалап, өз атына көшіру ниетін білдіріп, мұрадан бас тартуды ұсынды. Иртенев шалмен сыбайлас, ілік-шатыс орайында Петерборға барып жүрген көрші помещик қарыз атаулыға қарамастан істі қайта дұрыстауға, баюға болатынын айтты. Тоғайды, игерілмеген өңірді сатып жіберіп, алтын аймақ - төрт мың десятина майы шыққан қара топырақты жері, қант зауыты, екі жүз десятина жайқалған шабындығы бар Семеновскіні уыстан шығармай, деревняға орын теуіп, есеппен, ақылмен кіріссе бітті. Сөйтіп, Евгений көктемде (әкесі қараөзек шақта қайтыс болған) ата мекеніне барып, бәрін көріп, салмақтап қайтқаннан кейін қызметті тастап, шешесімен деревняға кетіп, шаруаға қарауға, қайтсе де меншікті иелікті сақтап қалуға бел буды. Ол дегенде бауыры елжіреп тұрмайтын ағасымен былай келісті: не жыл сайын төрт мың береді, не бірден сексен мың береді, анау еншіден бас тартты. Осылай жасады да, шешесімен үлкен үйге кіріп алып, жастық жалынмен, бірақ сақ қимылмен шаруаға ден қойды. Тегінде шалдар - ескішіл, жастар - жаңашыл деп ойлайды. Бұл шүбәсіз шындық емес. Нағыз ескішіл - жастар. Тірлікке құштар жастардың қалай өмір сүруді кесіп-пішіп жатуға мұршасы жоқ, сондықтан олар бағзы соқпаққа түсе салады. Евгенийдің де күні осы еді. Деревняға орналасқаннан кейінгі арман - мұраты жаман қожайын болған әкесінің кезіндегі емес, бабасының уақытындағы өмірді қалпына келтіру. Енді үйде де, бақта да, шаруашылықта да заман әкелген кейбір өзгерістері мен баба өмірі рухын барлық жерде кең қолтық аршынды, тоқмейілдікті, тәртіпті, қолайлылықты қалпына келтіруге тырысып бақты, мұның бәрін тындыру үшін қам-қарекет аз еместі: жер сату үшін, қарыз мерзімін шегеру үшін борыш бергендер мен банктердің талабын қанағаттандыру қажет еді, қырық мың десятина жері қант зауыты бар Семеновскідегі ұланғайыр шаруашылықты жалдандыларға, өз жұмыскерлеріне істету үшін ақша табу қажет еді, үйде де, бақта да жүдеу, құлдырау қалпын көрсетпеудің амалын істеу қажет еді. Жұмыс бастан асып жатты, бірақ Евгенийдің де бұл нағыз дер шағы еді. Оның жасы жиырма алтыда болатын, орта бойлы, бұлшық еттері сыртқа тепкен, қызыл шырайлы, қағылез, тістері маржандай, сұйық, жұмсақ, бұйра шашты жігіт. Тал бойындағы жалғыз міні - алыстан нашар көреді, оны көзілдірік кием деп жүріп асқындыртып алған, қазір пенснесіз жүре алмайды, содан түскен мұрын қырында сызық бар. Сырт мүсіні осындай болса, ішкі сарайы танысқан адамды ынтықтырардай еді. Әрқашан өзге ешкімге теңгермей, жанындай жақсы көретін шешесі күйеуінің өлімінен кейін бар мейірін ғана емес, бүкіл өмірін бағыштады. Оны осылай тек анасы ғана сүймеуші еді. Гимназиядағы, университеттегі достары сүйіп қана қоймай, әрқашан құрметтейтін. Сырт жұртқа да әрқашан қалдырар әсері осындай. Иман жүзіне, әсіресе көзіне қарап оның сөзіне күдік келтіру, алдайды - ау, өтірік айтады - ау деу мүмкін емес. Жалпы оның тұлғасы көп істеріне шарапатын тигізуші еді. Басқаны маңына жуытпас кредитор бұған сөз айтпайды. Приказчик, староста, мұжық өзге біреуді басқа теуіп, жер соқтырып кетсе, мұның игі түсіне разы болып жаман ойдан аулақ болады.

Мамыр айының соңы. Евгений игерілмеген жерді саудагерге сатуға байланысты шаруасын тындырып, аттарды, өгіздерді, арба саймандарын ауыстыру үшін одан ақша алды. Ең бастысы хуторды қайта салу керек еді. Іс оңғарылып келе жатты. Ағаш тасылып, балташылар жұмысқа кірісті, сексен ат-арба жолға шықты, сонда да бәрі әлі қыл үстінде тұрғандай еді.

II

Осындай қарбалас шақта мәнсіз болса да Евгенийді әурелеген бір мазасыз жайт тап келді. Ол жастық күндерін өзі сияқты әулетті, бойдақ жігіттерше әртүрлі әйелдермен істес болып өткізіп жатқан. Бұзылып кетпеген, бірақ өзі айтқандай, монах та емес-ті. Өзі айтқандай нәпсі құмарын таратқанша, көңіл еркіндігі үшін бір сәт беріліп кетер еді. Он алты жасында ауызданған. Содан бәрі сәтті. Сәтті дейтіні бұзылып кеткен жоқ, соңына да беріле түспеді, бір рет те ауырған жоқ. Петерборда әуелі көңілдес болған бірі тігінші әйел теріс жолға бет бұрған соң-ақ одан құтылып тынды. Ың-шыңсыз біткен іске қиналған бұл жоқ. Деревняда тұрғанына екі айдан асып барады, бір амалын таппай дел-сал. Өзін-өзі тежей -тежей мазасы кетті. Осы үшін ғана қалаға бармақ па? Сонда қайда? Қалай? Евгений Ивановичтің мүлде зықысы шықты, мұның әбден қажет екендігін көңілі айтып тұр; расында да әбден қажет еді, еркінен айрылып, әрбір жас әйелге көзін сатып, қарай бастағанын аңғармайды. Өз деревнясындағы әйелмен немесе қызбен ашына болуды қаламайды. Ел аузындағы сөзге қарағанда, әкесі де, атасы да кезіндегі басқа помещиктерге ұқсап қол астындағы қатын-қалашпен былықпаған, бұл да осылай етпек; бірте-бірте табаны тайғанап, қаладағыға сенер - сенбесін білмей, қазір крепостнойлық жоғын еске алып, осында да қимылдаса болар деп түйді. Бірақ жан сезбеуге тиіс, бүл бұзылғандық емес, денсаулыққа қажет нәрсе деп өзін-өзі жұбатты. Осы байламға келген соң көңілі бұрынғыдан бетер алабұртып алды: старостамен сөйлессе де, мұжықтармен сөйлессе де, балташымен сөйлессе де әңгімені әйелдерге қарай еріксіз бұрады, егер әйелдер жайлы сөз шықса, сол төңіректі қазбалай түседі. Әйелдерге сұқтанған үстіне сүқтана береді.

IІІ

Мұны көңілде шешу - бір нәрсе де, іске асыру - екінші нәрсе еді. Өз тарапынан әйелге сөз салу мүмкін емес. Кімге? Қайда? Көлденең адам арқылы қимылдау шарт, бірақ кім арқылы? Бір күні орман ішіндегі қарауыл үйінен су ішті. Күзетші бұрын әкесінің аңшысы еді. Евгений Иванович онымен ұзын сүре әңгімеге кірісті, күзетші аңшылық тарихының бағзы шытырмандарын айта бастады. Көкейдегісін осында, қарауыл үйшігінде, орман ішінде іске асырса деген ой Евгений Ивановичтың басына сап ете түсті. Қалай тындырмақ, кәрі Данила мойынына ала қояр ма екен ондай істі. "Мүмкін бүл сөзден ат-тонын ала қашар, масқара болам ғой, мүмкін, келісе салар". Данила әңгімесін тыңдай отырып, ол осыны ойлады. Данила дьяк әйелі үйінің жанында қалай тұрғандарын, алаңқайға Пряничниковқа әйелді қалай әкелгенін айтты. "Болады", - деп ойлады Евгений. - Сіздің әкеңіз, иманды болғыр, ондай былықпен айналысқан жоқ. "Болмайды", - деп ойлады Евгений, бірақ сынай түскісі келіп: - Қалай сондай жаман нәрсеге қолыңды былғадың? - деді. - А, онда тұрған не бар? Әйел де разы, менің Федор Захарычым да мұртынан күлді. Маған бір сом. Енді қайтпек? Тірі жан ғой ол дағы. Ол да шарап ішсін. "Ә, болады айтуға", - деп ойлап Евгений қолма-қол іске кірісті. - Сеземісің, ә? - ананың күрең тартып кеткенін көріп тұр, - сеземісің, Данила, титықтадым ғой. — Данила күліп жіберді. - Мен қайтсе де монах емеспін, - бой үйреніп кеткен нәрсе. Айтқан сөзінің ақымақшылық екенін сезгенмен, Данила құптаған соң қуанып кетті. - Ойбай-ау, баяғыда емеурін білдірмейсіз бе, оп - оңай, - деді ол - Айтыңыз, қандайы керек. - Әй, маған бәрібір. Әрине сиықсыз емес, дені сауы. - Ұқтым! - деп кесіп тастады Данила. Ойланып тұр. - Ох, жүзік көзінен өткендей біреу бар, - деп бастады, Евгений тағы қызарып кетті. - Жүзік көзінен өткендей. Көресіз бе, күзде ұзатқан өзін, - Данила сыбырға көшті, - күйеуі қауқарсыз. Аңшы қызығар дүние. Евгений ұялғаннан қабағын түйді. - Жоқ, жоқ, - деді ол - Маған керегі мүлде ол емес. Маған қайта басқа (қандай басқа болуы мүмкін?). Маған қайта дені сау болса, көп әуреленбейтін бірдеңе болса - солдат әйелі ме, басқа ма... - Ұқтым. Сізге Степаниданы жеткізем. Күйеуі қалада, солдат әйелі десе де болғандай. Жақсы қатын, таза. Көңіліңіз толады. Менің өзім иек қақсам болды - ол.. - Ал, сонда қашан? - Тіпті ертең болсын. Мен қазір темекіге барғанда кіре шығармын, түсте осында яки бақша сыртындағы моншаға келіңіз. Ешкім жоқ. Әрі түсте жұрттың бәрі ұйықтап қалады. - Ал, жақсы. Евгений үйге қайтқанда үлкен толқын құшағында еді. "Не болады енді? Қандай шаруа әйелі екен? Сиықсыз, сүйкімсіз біреу ме әлде? Жоқ, олар сұлу, - деді, ойына, көзіне түскендер оралып. - Не айтам, не істеймін?" Күн ұзақ бойын билей алмай жүрді. Ертеңіне сағат он екіде қарауыл үйіне тартты. Есік алдында тұрған Данила үнсіз орманға қарай масаттана бас изеді. Евгений жүрегінің дүрс-дүрс соғып бара жатқанын сезді, бақшаға қарай жүрді. Ешкім жоқ. Моншаға келді. Ешкім жоқ. Ішке кіріп, шығып сынған бұтақ дыбысын естіді. Жалт қараса, әйел қалтарыста тұр екен. Мынау жырадан қарғи ұмтылды. Жырада қалақай барлығын да аңғармады. Сүрініп кетіп пенснесін түсіріп алып, қарсы бетке көтерілді. Ақ кестесі бар күлгін көйлекті, шымқай қызыл орамалды, жалаң аяқ жап-жас, қайратты, сұлу әйел сынық күліп тұр. - Толған соқпақ, айналып өтпей, - деді ол - Біз келгелі көп болды. Евгений оған таяп келіп, көз тастады да бауырына тартты. Біраз уақыттан кейін әрқайсысы өз жөніне кетті, Евгений пенснесін тауып алды, "Тақымыңыз толды ма, мырза" деген Данила сұрауына жауап орнына бір сом берді де, үйіне қайтты. Әбден тояттаған еді. Ұят әуелде ғана қысқан. Артынан бәрі айықты. Айнала жайнап сала берді. Ең бастысы көңіл орнықты, енді жеңіл тыныш, рақат. Әйелді жақсылап қарай да алмады. Таза, жас, сұлу, қарапайым, қиқаңдауды білмейтіндігі ғана есінде. "Кімнің әйелі еді? - деді өзіне - өзі. - Печниковтың деп пе еді? Қайдағы Печников? Екі үй ғой олар. Михаил шалдың келіні болды онда. Иә, дәл солай. Оның ұлы Мәскеуде тұрады ғой, Даниладан сұрармын бір. Осыдан бастап деревня өмірінің қолайсыз нәрсесі - еріксіз тежелу тыйылды. Евгенийдің көңілі бөлінбейтін болды, қалағанынша жұмыспен айналыса береді. Евгений мойнына алған шаруа зіл батпан еді. Кей сәттерде шыдай алмайтындай, иелік сатылып, барлық еңбек зая кетердей, мұрттай ұшардай көрінеді. Жанына бататыны осы. Бір тесікті бітесе, күтпеген, ойламаған жерден, екіншісі үңірейіп шыға келеді. Осы уақытта әкесінің белгісіз борыштары үсті-үстіне құйылып жатыр. Өмірінің соңғы күндерінде әкесі кез-келген жерде қарызға бата берген. Мамыр айындағы бөліс кезінде Евгений соның ұштығына жетермін деп еді. Аяқ астынан жаз ортасында хат келді -Есиповтың жесіріне он екі мың қарыздар. Векселі жоқ, сондықтан іс жүргізуші айтқандай қолхатқа күдікпен қарауға болатын. Күдікті құжат үшін әкесінің анық қарызын төлемеу деген ой Евгенийдің басына келген жоқ. Сонда да анық-қанығын білмек болып: - Мама! Есипова Калерия Владимировна кім? - деп сұрады шешесінен түстікке отырған кезде. - Есипова? А, ол атаңның шәкірті. Е, немене? - Евгений шешесіне хат жайын айтты. - Таңым бар, қалай ұялмайды өзі. Әкең қанша беріп еді оған. - Қарыздармыз ба біз бәрібір? - Қалай айтсам екен? Қарыз емеспіз, бірақ әкең көңілшектікпен... - Иә, әкем оны қарыз деп есептеді ғой. - Айта алмаймын мен саған. Білмеймін. Онсыз да жетісіп жүрмегеніңді білем. Қалай қинаса да шешесі Марья Павловна не деудің ретін таба алмай қойды. - Тоқ етері төлеу керектігін ұқтым, - деді ұлы. - Ертең оған барып, күте түру жайын сөйлесем. - Түу, қиналдың - ау. Тосқаны дұрыс, әрине, айт оған, - деді Марья Павловна ұлының шешімінен тыныштық тауып, мақтаныш еткендей. Бірге тұратын шешесінің жағдайды мүлде ұқпауы Евгенийді қинай түсті. Өмірбақи шашып-төгіп үйренген әйел баласының қазіргі халін, қыл көпірден тайып кетсе - ақ болды қара жерге отырып қалатынын, қолда барды түгел сатып, зорлағанда екі мың сом ақша алатын қызметпен тамақ асырарын түсінбейді. Тығырықтан шығар жол - шығын атаулыны азайтып, бақшашы, атшы, қызметші тіпті тамаққа кететін тиын-тебеннің өзін тірнектеп санау екені миға мүлде қонбайды. Көптеген жесір әйелдер секілді, бұл да көзі тірісіндегі сыйластыққа ұқсамайтын елжіреумен марқұмның аруағының алдына бас иді, сондықтан күйеуі істеген нәрседе кемшілік, олқылық бар-ау, оны өзгертуге болады - ау деген пікір үш ұйықтаса ойына кірмейді. Евгений екі қызметші қарайтын бақшаны, оранжереяны, екі атшы бар ат қораны әрең ұстап тұрды. Марья Павловна шал пісіретін тамақты қомсынбауын, бақтағы жолдардың түгел аршылмауына, қызметші орнына бала жүргендігіне өкпе айтпауын ұлым үшін жоқшылыққа көнгенім деп есептеді. Жоқ жерде пайда болған жаңа қарызды Евгений тұқыртып кетер соңғы соққы деп ұқса, Мария Павловна Евгенийдің жомарттығын көрсетер жайт деп қана түйді. Қаржы жағын Марья Павловнаның ойламауының тағы бір себебі: Евгений қалталы жерден қыз алып, жағдайын оп-оңай түзейді деген ішкі есеп. Расында да ол қалағанына үйлене алар еді. Ұлына қыздарын қуана - қуана берер ондаған отбасын біледі. Марья Павловна осы ниетін тезірек іске асыруға асықты.

IV

Евгенийдің өзі де үйленуді арман ететін, шеше ойынан бөлек арман, үйленуді кенеуі кеткен істерін аяғынан тұрғызудың амалына айналдыру пиғылынан жүрегі айниды. Адал махаббатпен үйленгісі келеді. Танитын, білетін қыздарын көкейінде топшылап көрсе де, тағдыр жазбады. Бірақ мүлде тоспаған жайт - Степанидамен арадағы қатынас жалғасын тауып, үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналып кетті. Нәпсіқұмарлықтан аулақ болатын, ұрлық жүріс - жанына батты, тұңғыш жолығысқаннан кейін Степаниданы көрмей қойғысы келді; аз уақыттан соң тағы да көңілі бұзыла бастады. Белгісіз сурет емес, жарқыраған қара көздер, сыңғыр үн, таза, жұпар иіс, шілтерді көтерген биік кеуде, жарық сәуле құйылған қалың ағаш арасы елестей береді. Ұялса да тағы Данилаға өтініш етті. Тағы да тал түс, тоғай іші. Бұл жолы Евгений әбден көз тоқтатып қарады, нағыз сұлу. Бірталай сөйлесті, күйеуі жайлы сұрады. Шынында ол Михаилдың ұлы екен, Мәскеуде атшы болып істейтін көрінеді. - Ал, енді, мынауың қалай... - Евгенийдің - күйеуінің көзіне неге шөп саласың дегенді сұрағысы келді. – Ой-бүй, - деп Степанида күле сөйлей жөнелді. - Ол ана жақта дүниені сапырып жүргенде, маған не жоқ? Ол өзін-өзі пысық, ашық - тесік етіп көрсететін сияқты. Бұл Евгенийге ұнады. Сонда да кездесер күнді айтқан жоқ. Даниланы суқаны сүймейтінін білдіріп, онсыз-ақ кездессек қайтеді дегеніне Евгений келіспеді. Осы соңғы кездесу деп түйді жігіт. Әйел ұнады. Мұндай жалғасу қажет, онда тұрған бұзылғандық жоқ дейді көкірегі, бірақ іштей басқа қатал сот мұны құптамады, жаз осылай өтіп жатты. Даниланың жеңгетайлығымен он шақты рет жолығысты. Бір рет ол күйеуінің келуіне байланысты шыға алмай қалып, Данила басқа әйелді ұсынды. Евгений одан жиренішпен бас тартты. Күйеуі кетісімен кездесулер бұрынғыша Даниланың селбестігімен жалғаса берді, тіпті Евгенийдің өзі дәл мезгілін айтатын болды, әйелдің жалғыз жүруі сөлекет көрінетіндіктен Степанида Прохорова дейтін қатынды ертіп келуші еді. Тағы бірде, серттескен сәтте Марья Павловна қызына құда түсіп жүрген адамдар келіп қалып, Евгений шыға алмады. Қолы босай бере Евгений үкідей ұшып отырып тоғайдағы уәделі алаңқайға тартты. Ол жоқ еді. Қол жетер жердегі бұта сабақтары, ағаш бұтақтары түгел сындырылған: Степанида тосып - тосып толқын күйге қатты қапаланып, ашуланып ойнап тұрып қалдырған белгісі мынау. Евгений тұрып-тұрып, ертең шақыр деп айтпақшы болып Данилаға барды. Степанида тостырған жоқ, сол баяғы қалпы. Сөйтіп жүріп жаз таусылды. Кездесу ылғи тоғайда өтуші еді, бір-ақ рет күзге қарай қорада бастары қосылған. Бұл суық жүрістің қара басына тигізер зияны бар деген ой Евгенийдің көңіліне келіп көрген жоқ. Степанида туралы мүлде ойламайтын. Оған бар болғаны ақша беруші еді. Мұны бүкіл деревня сөз қылатынын, кейбіреулердің қызғанатынын, үй-ішінің қисық жолмен тапқан ақшасын ұстайтынын, осыны жөн көретінін, соның арасында тіпті Степаниданың күнәдан қорқу сезіміне адал болғанын Евгений білмейтін. Ал Степанидаға жұрт қызғанышы жасап жүрген ісін жақсы етіп көрсеткендей болатын. "Денсаулыққа керек қой, - деп ойлады Евгений. - Жарайды, дұрыс емес делік, айқайлап айтпаса да бірталай жұрт біледі. Еріп келіп жүретін қатын біледі. Талайға жайған да шығар. Не істеу керек сонда? Масқара мұным, - деп ойлады Евгений, - не істеймін сонда, созылмас ұзаққа". Евгений ең әуелі Степаниданың күйеуінен қысылушы еді. Неге екені белгісіз, күйеуі сұмпайы біреу шығар деп ойлап, сонымен кей ретте өзін-өзі ақтап жүрді. Күйеуін көргенде жағасын ұстады. Ол сылқылдаған сері жігіт екен, өзінен артық болмаса кем емес. Кездескен бетте Евгений күйеуін көргендігін, оның нағыз сұлу екенін айтқанда, Степанида: - Деревняда оған жетер ешкім жоқ, - деп мақтаныш ете сөйледі. Бұл Евгенийді таң қалдырды. Степаниданың күйеуі туралы ой бұрынғыдан бетер мазалайтын болды. Бірде Данила: - Михаилдың ұлы менің әйеліммен ойнас дейді, рас па деп сұрады. Мен білмеймін дедім. Болған күнде мұжықтың қасына жатқанша, қожайынның қасына жатқан артық емес пе, -дедім. - Ештеңе де емес: сөздің түбіне жетейін, көрсетем мен оған дейді. "Әрине, күйеуі қайтып оралса, мен тастар едім", - деп ойлады Евгений. Бірақ күйеуі қалада тұра берді, қатыннан бұрынғыша "Қажет болғанда тыйылам, бәрі ұмытылады" деп ойлады. Ала жаздай жаңа хутор орнатудың неше түрлі құрылыс жұмыстары, қарыздарды төлеу, игерілмеген жерді сату секілді толып жатқан істерден қолы босамағандықтан бұл оп-оңай көрінді. Мұның бәрі оның есіл-дертін алып кеткен, жатса - тұрса ойынан бір елі шықпайтын нәрселер. Степанидамен байланыс - өзі мұны ашыналық деп есептемеді, -көңіл бөлуге тұрмайтын дүние сияқты. Рас, құштарлық оты бойды билеген кезде оның басқа бірдеңені ойлауға мұршасы жоқ, бұл хал ұзаққа созылмайды, кездесудің қызу сәтінен соң, қайтадан апталап, кейде айлап ұмытады. Күзде Евгений қалаға жиі барғыштап жүріп, Анненскийлер отбасымен жақындасып кетті. Анненскийлердің таяуда ғана оқу бітірген қыздары бар еді. Мария Павловнаның үлкен өкінішіне қарай, ол айтқандай, Евгений өз құнын өзі түсіріп Лиза Анненскаяга ғашық болып, сөз айтты. Содан бастап Степанидамен арадағы қатынас тиылды. Еркектің басқаға қарамай, дәл осы әйелді неге таңдағанын кесіп айту мүмкін еместігі секілді, Евгенийдің Лиза Анненскаяға біржолата құлауын түсіндіру қиын еді. Мұның қилы - қиян себептері бар-ды. Шешесінің көкейін тесіп жүргендей жуан жерден шықпауы, пәк көңіл балалығы да сонау айтқан сұлу болмаса да көріктілігі де әсер етті. Ең бастысы Евгений үйленуге бел буған шақта танысқан еді. Ол үйленетінін күні - бұрын білгендіктен ынтық болды. Лиза Анненская әуелде Евгенийге аздап ұнаған, осы қыз әйелім болар деген байлам жасағанда ыстық сезім толқыны бойын билеп, ғашық күйге түсті. Лиза талдырмаш, сида. Оның барлық мүшесі ашаң болатын: беті де, қыр мұрыны да, саусақтары да, нәзік жаралған аққұба жүзінде болар-болмас қызыл - шырайы бар, ұзын, жұмсақ күміс шашы бұйралана біткен, әдемі тұңғиық көздері кісіге сенгіштікпен қарайтын қыз. Евгенийдің жүрегіне от тастаған әсіресе осы көздер. Лиза туралы ойлағанда әрқашан осы әдемі, тұңғиық, сенгіш көздер елестейді. Лизаның сырт келбеті осындай еді, Евгений оның ішкі сарайынан бейхабар, білетіні осы көздер ғана. Осы көздер талай жайтпен хабар береді. Көздер шертер сырлар мынау. Институт қабырғасынан, он бес жасынан бастап Лиза бәденді еркектерге үнемі ынтық болып жүретін сондай сәттерде ғана өзін көңілді, бақытты сезінуші еді. Оқуын тамамдағаннан соң кездескен талай жас жігіттерге де осылай құштарлықпен қарады. Евгениймен таныса сала оған да көңілі ауды. Евгенийді тұтқын еткен сол ынтызар сезімнің жанып тұрған көздегі оттары еді. Дәл осы қыста, бір мезгілде Лиза екі жігітке қатарынан құлады, олар үйге кіргенде ғана емес, тіпті әлгілердің есімдері ауызға алынса, қызарып, берекесінен айрыла бастайтын. Шешесі Иртеневтің шын ойы бар сияқты деген емеурін білдірісімен, Лизаның Евгенийге ғашықтығы күшейіп, анау екеуіне қолма-қол суып сала берді, Иртенев балға, қонаққа келуін жиілетіп, қыздың сүйер - сүймесін білмек ниетпен басқаларға қарағанда, мұнымен көбірек билеген сайын Лизаның бұған деген ғашықтығы дерт сияқты бір нәрсеге айналды, ұйықтаса түсінен шықпайды, күндіз маза жоқ, басқалар мүлде ұмытылған. Евгений сөз салып, ата-ана рұқсат еткен соң бірі - күйеу, бірі - қалыңдық өбісіп тұрғанда Лизаның көңілінде бөтен ой, мәңгі бірге болудан, оны сүюден, өзі сүйікті болудан басқа ой жоқ-ты. Лиза оны мақтан тұтты, тебіреніп, толқып, құштарлықпен өртене түсті. Бауырласа келе жігіт сезімі де кемерінен асып төгіліп жатты. Евгений мұндай махаббат кездестірем деп әсте ойламаған еді. Сондықтан бүл іңкәрлік көңіл күйін қанаттандырып жіберді.

VI

Евгений жазғытұрым шаруашылық қам-қаракетін жасап, той жабдығын көріп қайту үшін Семеновскіге келді. Мария Павловна ұлының шешіміне разы емес, әлдеқайда қордалы жерден қыз алуға болатын еді, болашақ құдағиы Варвара Алексеевнаны да суқаны сүймейді. Сабаз ба, көк бет пе, ол арасын әзір білмейді, бірақ тәрбиелі леди еместігін алғаш кездесуде - ақ түйіп еді, соған іші күйеді. Тәрбиелі әйелдерді сыйлау - Марья Павловнаның ежелгі дағдысы, Евгенийде де осы мінез бар, сондықтан ұлының бұл орайда қабақ шытарын шешесі күні бұрын сезген. Қызды жаратты. Ең бастысы Евгенийге ұнағандықтан жаратты. Лизаны әлпештеу қажет. Марья Павловна оған шын жүректен дайын еді. Евгений шешесінің қуанышты, разы сәтіне тап келді. Марья Павловна үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп, ұлы келінін әкеп түсірген бойда аттанып кетуге әзір отырған, Евгений қал деп қолқалады. Әлі соңғы байлау белгісіз. Кешкі шайдан кейін әдеттегідей Марья Павловна қолына карта алды. Евгений де ойынға кірісті. Бұл әңгіме-дүкен қыза түсер шақ. Бір мәрте ойынды аяқтап, екіншісін бастап жатып Марья Павловна ұлының жүзіне көз тастап, күмілжи тіл қатты. - Бірдеңе айтқым келіп еді, Женя. Анау-мынауыңды біле қоймаймын ғой, бірақ үйленер алдындағы қылтың-сылтың атаулыны түгел тастау керек, өзіңді, әйеліңді әбігерге салудан құдай сақтасын де. Не дегенімді ұғып тұрмысың? Бұл емеурін күзде тыйылған Степанидамен арадағы қатынас екенін, жесір әйелдерге тән мінезбен шешесінің соны дабырайтып отырғанын Евгенийдің іші сезе қойды. Ұялудан емес, ыңғайсыздықтан, анасының өзі білмейтін, ұқпайтын нәрсеге қол сұғуынан, сүйгендіктен қол сұғуынан Евгений қып-қызыл болып кетті. Бүркеп жасыратындай ештеңе жоқтығын, әсте үйленуіне кедергі болар іс жасамағанын айтты. - Бәрекелді, жаным. Ұлым, Женя, өкпелеме маған, - деді Марья Павловна әбігерленіп. Ұлы шешесінің ойындағысын түгел айтып бітірмегенін біліп отырды. Өзі де солай болды. Сәлден кейін Марья Павловна Евгений жоқта... Пчельниковтардың кішкентайын шоқындырғанын айта бастады. Бұл сәт Евгений ыңғайсыздықтан да емес, ұяттан да емес, қазір айтылар сөздің салмағынан туатын ерекше бір сезімнен, санасынан тыс қат-қабат сезімнен алабұртып бара жатты. Марья Павловна ашық-тесік сөйлеп отырған болып, биыл ылғи ұл туды, соғыстың ырымы шығар деді, Васин, Пчельников жас келіндерінің тұңғыштары да ұл Марья Павловна мұны сөз арасында мән бермей айтайын деп еді, бірақ ұлының қызарып кетіп, пенснесін жалма - жан қолына алып, айналдырып, асығыс шылым тартқанын көргенде жаман ұялды. Үнсіз қалды. Евгений де тіс жармайды, бұл халден қайтсе құтылудың амалы да белгісіз, бірін-бірі ұққанын екеуі де түсініп отыр. - Жә, ең дұрысы сенің анау ағайыңдағы секілді нақсүйерлер болмас үшін, деревняға әділет керек. - Маматай - ау, - деді кенет Евгений, - нені айтпағыңызды білем. Бекер қауіптенесіз. Менің болашақ отбасылық өмірім қылау түсірмес ең қымбатты дүнием. Бойдақ күндегі сыбай-салтаң жүріс бітті. Менің ешқашан басым байланған жоқ, ешкімнің менде шаруасы жоқ. - Е, қуаныштымын ендеше, - деді шешесі. - Мен сенің естілігіңді білем ғой. Анасының бұл сөздерін Евгений болашаққа өсиет ретінде қабылдап, үнсіз қалды. Келесі күні таңертең қалыңдығын, дүние жайын ойлап, Степаниданы қаперіне де ілмей, Евгений қалаға аттанып кетті. Есіне әдейі бірдеңе түсіргісі келгендей шіркеуге кіріп, шығып жатқан көп халыққа қарап тұрды. Семен мен Матвей шалды, жігіттерді, жас қыздарды көрді, бірі егде тартқан, бірі салтанатты ашық қызыл көйлек киген таныс екі әйел келе жатыр. Әйел аяғын ширақ басады, қолында - бала. Евгений қатарласа бергенде, үлкені тоқтап, бұрынғыларша сәлем берді, ал балалы жас әйел басын ғана изеді, желегінің астынан таныс, ойнақы күлімкөздер жарқ ете түсті. "Иә, бұл сол, соның өзі, бітті ғой бәрі, несіне қараймын енді. Бала да менікі шығар - ау, мүмкін, - деген ой сап ете қалды. - Жоқ, бәтір - ау, қайдан. Күйеуі бар, жатып жүрді". Ол қазбаламады. Денсаулық үшін қажет нәрсе деп ойлаған, ақшасын төлеп тұрды, - бітті, екеуінің арасында ешқандай бауырластық болған жоқ, болмайды, болуы мүмкін емес. Ол ардың үнін тұмшалап тастаған жоқ еді, жоқ, ары бүлк етпей жатқан. Шешесімен арадағы әңгімеден кейін, өзімен кездескеннен соң ол туралы еске де алған жоқ. Содан былай өзін де жолықтырмады. Көп ұзамай қалада Евгенийдің некесі қиылып, ол жас әйелін алып деревняға жүріп кетті. Үй жас жұбайларға лайықталып жиналған болатын. Марья Павловна бұларды оңаша тастамақ болған, Евгений, әсіресе Лиза қолқалап жібермей қойды. Бірақ Марья Павловна флигельде тұратын болды. Сөйтіп Евгений үшін жаңа өмір басталды. Отбасылық өмірдің бірінші жылы Евгенийге өте ауыр болды. Құдалық кезінде кейінге қалдырып жүрген шаруа атаулы түгел келіп басына қотарылды. Қарыз шырмауынан құтылу құдайдың пәлесі екен. Саяжай сатылды, кеңірдектен алатын қарыздар төленді, бірақ әлі де қыруар борыш бар еді, ақша жоқ. Иелік көп пайда түсірді, ағасына жіберу, той шығындары қосылып кетіп қаржы тақырланып, еріксіз зауыт қаңқиып бос тұрып қалды. Тұзақтан әйелінің ақшасын ұстап құтылуға болатын еді. Күйеуінің жағдайын ұғынған Лизаның өзі осыны талап етті. Евгений иеліктің жартысын әйелінің атына көшіріп, бұған келісті. Солай істеді. Бұл Лизаның көңіліне келсе де, енесі үшін әдейі осылай жасады. Бір тұрып, бір сүрінген сан алуан қам-қарекет Евгенийдің алғашқы жылғы өміріне зәрін төкті. Екінші жағынан әйелі сырқаттанды. Осы жылы, үйленгеннен жеті айдан кейін, күзде Лиза басына бір пәлекет келіп еді. Қаладан қайтқан күйеуін қарсы алу үшін Лиза алдынан шыққан болатын, жарау аттың ала қашқанынан қорқып, секіріп түседі. Сәтін салмағанда, арба дөңгелегіне оралып қалар еді, Лизаның аяғы ауыр болатын, сол түні толғақ қысып, түсік тастады. Осыдан кейін мүлде оңала алмай жүрді. Күтіп жүрген баладан аяқ астында айрылып қалу, әйелінің ауруына байланысты мазасыздану, бастысы қызы ауырғанын естісімен салып ұрып енесінің жетіп келуі, Евгений үшін жыл салмағын зіл батпан етіп жіберді. Ауыр жағдайларға қарамастан Евгений жыл соңында өзін жақсы сезінді. Ең әуелі құлдыраған шаруашылықты қаз тұрғызу, жаңа бітімде баба өмірін қалпына келтіру арманы көп қиындықпен болса да ептеп іске аса бастады. Енді қарыз үшін бүкіл иелікті сату деген сөз жоқ. Иелік әйелінің атына көшірілсе де аман қалды, қызылша бітік өсіп, нарық тәуірленсе келер жылы шырмаудан аяқ-қол босап, баюға айналады - бұл бір. Екіншіден, әйелінің бойынан өзі мүлде күтпеген ерекше қасиет тапты. Өліп-өшу, тамсана -таңдану емес, көңілді, баянды сезім хәлі бар, өмір сүрудің өзі қуаныш секілді. Евгений мұның себебін білмейді, дән разы. Неке қиылғаннан кейін Лиза жер үстіндегі жұмыр басты пендеде Евгений Иртеневтен өткен есті, пәк, ардақты жан бар деп ойламаған, басқалардың міндеті Евгенийге қызмет ету, жақсылық жасау деп түйген-ді. Жұрттың бәрін бұған көндіру мүмкін болмағандықтан өзі қолдан келгенін аямау керек. Сөйтті де, күйеуі нені ұнатып, нені сүйді - соны тапқанша тынбайды, біліп алып ол қандай қиын, ауыр нәрсе болса да іске асыруға жанын салып кіріседі. Лизаның бойында беріле сүйген әйелге тән асыл қасиет бар еді, ол күйеуінің көңіл күйін терең түсінетін. Ішкі сарайын, Евгенийдің сезім құбылыстарын, тіпті оның өзінен артық білетін, қас-қабақтан танитын да, түс шайғызбай, күні бұрын алдына түсіп, жақсысын асырып, жаманын жасырушы еді. Лиза күйеуімен сезім, ой бөлісіп қойған жоқ. Шаруашылыққа, зауытқа, адамдарды бағалауға байланысты көп жайттерді қолма-қол шолып, әңгімеге дереу араласып, Евгенийдің өзі айтқандай, пайдалы, сарабдал кеңес те береді. Дүниеге, адамдарға, күллі әлемге Лиза күйеуінің ғана көзімен қарайды. Өз шешесін сүюші еді, бірақ оның бұлардың өміріне кимелей араласуын Евгенийдің жаратпайтынын байқай сала, күйеуін қолдап шыға келді. Мұның үстіне Лиза жөн-жоралғы, әдеп атаулыны бес саусағындай жақсы біледі. Мұның бәрін дабыраламай, байқатпай істейді, жемісі ғана көрінеді: тазалық, тәртіп, сыпайыгершілік. Лиза күйеуінің өмірден не тілейтінін тез ұғынып, шаруа жайында, үй ішінде не қалайтынын айтқызбай өзі жасап тұрды. Әзірге бала жоқ, бірақ үміт алда еді. Қыста Петерборға барып, дәрігерге көрінгенде ол сары уайымға түсудің жөні жоқтығын, нәресте сүйетіндерін айтты. Бұл арман да орындалды. Жыл аяғына қарай Лиза тағы да жүкті болды. Олардың бақытына у құйып қана қоймай, қатер төндірер нәрсе - Лизаның байқатпағанымен - үнемі азап шегер сезімі қызғаныш еді. Евгенийге лайық жер үстінде жан тумағандықтан ол ешбір әйелді сүйе алмақ емес (өзім Евгенийге лайықпын ба, лайық емеспін бе деген сауалды Лиза ешқашан ойлап көрген жоқ), сондықтан ешбір әйел де Евгенийді сүйе алмақ емес. Өмір бір қалыпта өтіп жатты. Евгений әдеттегісіндей ерте тұрып, шаруашылық аралайды, зауыт жұмыстарын көреді, кейде егіс даласына тартады. Сағат ондарда үйге оралады, Марья Павловна, бұлардың қолдарында тұратын ағасы, Лиза - бәрі есік алдында кофе ішеді. Кофе үстінде маздаған әңгімеден соң түстікке дейін әркім өз жайына кетеді. Сағат екіде тамақ ішіледі. Бұдан кейін қыдырып, не атқа мініп дем алады. Күн бата Евгений оралған соң кештетіп шай ішеді, ол дауыстап кітап оқыса, Лиза шаруаға қарайды, үйде қонақ бар кездерде көңілді әуенге басады, яки әңгіме шертеді. Жұмыс бабымен жолаушы кеткенде Евгений өзі де күнде хат жазатын, әйелінен де күнде хат алатын. Лизаның кейде бірге еріп жүргені көңіліне майдай жағушы еді. Екеуінің туған күндеріне жиналған адамдардың ойындағысын Лизаның айтпай табуы да Евгенийге үлкен қуаныш әкелетін. Жас, сүйкімді келіншектің жақсы қылығымен жұрт аузына ілінуі күйеуінің оған деген махаббатын күшейте түсті. Бәрі тамаша. Аяғы ауыр Лиза өзін жақсы сезінді, болашақ сәбилерін қалай тәрбиелеу жөнінде сенімсіз түрде болса да екеуара шүйіркелесіп қояды. Нені үйретіп, неге баулуды Евгений айтпақ, Лиза соны бас изеп іске асырушы. Толып жатқаны медициналық кітаптарды ақтарып шыққан Евгений баласын ғылымның тарау -тармағы бойынша тәрбиелемек. Лиза бұған сөзсіз бойсұнып, күні бұрын әбігерленіп, оны -мұнысын әзірлеп жатыр. Осылай бұлардың ерлі-зайыпты өмірлерінің екінші жылы, екінші көктемі басталған. Бұл троица күнінің қарсаңында болған еді. Күтініп жүрген Лиза бойында бес айлық баласы барлығына қарамастан көңілді, ширақ. Екі ана: бірі - шеше, бірі - ене оны бағып-қағумен отыр, кейде тым өбектеп кетулерімен мазасын алады. Евгений шаруашылықпен айналысып, қант қызылшасын үлкен атырапта жаңаша өңдеу ісімен мұрнынан шаншылып жүр. Троица күні алдында Лиза талайдан қаралмай кеткен үй ішін ретке келтіріп, еденді, терезелерді жуып, орындықтарды сүртіп, кілемдерді қағып, тыстарды кигізу үшін қызметшіге көмекке екі қатынды шақыртты. Қатындар ертемен келіп, қазанға су құйып, жұмысқа кірісіп кетті. Әйелдің бірі баласын жақында ғана емшектен шығарып жіберіп, кеңсешіден еден жуу жұмысын жалынып сұрап алған Степанида болатын. Оның Лизаны жақсылап көруге емешесі құрыған. Степанида баяғыша күйеуінсіз ойына келгенін істеп жалғыз тұрушы еді, бұрын отын әкеле жатқанда ұстап алған Данила шалмен, одан Евгениймен қалай ойнас болса, қазір жас кеңсешімен солай ойнас. Евгенийді есіне алмайды. "Қазір оның әйелі бар, - деп ойлайды. - Үй-ішін тап – тұйнақтай етіп қояды дейді, көрсе шіркін". Баласымен көргеннен соң Евгений оны кездестірген жоқ. Кішкентайлы болғандықтан күнделікті жұмысқа шықпайды. Евгений деревняны сирек аралайды. Бұл ертеңгілікте, троица күні қарсаңында. Евгений алакөбеден, сағат бесте тұрып, қатындар пеш маңында қазанмен күйбеңдеп, әлі үйге кірмеген кезде фосфорит шашатын егіс даласына кетіп қалған еді. Көңілді, разы күйде, қарны әбден ашып, Евгений таңертеңгі асқа бір-ақ келді. Албар қасында аттан түсіп, оны өтіп бара жатқан бақшашыға бере салып, бойлап өскен көкті қамшысымен үйіріп бір сөзін қайталай үйге беттеді. "Фосфориттер ақтайды", - деп қайталайды. Кімнің алдында - мұны білген де жоқ, ойлаған да жоқ. Көгалда кілем қағылып жатқан. Жиһаздар сыртқа шығарылған. "Көкем - ау, Лиза бәрін тазалатпақ па! Фосфориттер ақтайды. Міне, үй иесі. Үй иесі? - Иә, үй иесі, - деді ол өзіне-өзі кіршіксіз киімді, қараған кезде қуаныштан үнемі жайраң қағып тұратын әйелін көз алдына келтіріп. Иә, етікті ауыстыру керек, әйтпесе фосфориттер ақтайды, яғни көк иісі шығады, оның қазіргі жағдайында. Неге қазіргі жағдайында? Иә, кішкентай, басқа Иртенев өсіп келеді, - деп ойлады. - Иә, фосфориттер ақтайды". Өз ойларына өзі күліп, бөлмесінің есігін тық еткізді. Тұтқаны тартып үлгермей есік өзі ашылып, білегін сыбанып алған, жалаңаяқ қатын әкеле жатқан шелекпен тұмсық жаласып қалды. Бұл қатынды өткізіп жіберу үшін шегіне берді, сулы қолымен қисайып кеткен орамалын түзеп, анау да бұрылып барады. - Өт, өт, мен тоса тұрам, егер сіз, - деп бастап келе жатып, кенет Евгений тани кетті де, қалт тоқтай қалды. Степанида көзі күлім қағып, Евгенийге жалт қарады. Көйлегін көлбең еткізіп, тез басып далаға шығып кетті. "Не пәле бұл?.. Не бұл?.. Мүмкін емес", - деді Евгений қабағын түйіп, шыбын жасқағандай қолын сермеп, ананы көргеніне разы болмай. Степаниданы көргеніне разы болмаса да, оның жұтынып тұрған сұлу қимылды денесінен, жалаңаш аяғынан, қолдарынан, иығынан, аяқ балтырына дөңгелене көмкеріліп түскен көйлегінен көзін айыра алмай қалды. "Несіне телмірем, - дейді өзіне-өзі, оны көрмес үшін көзін тайдырып әкетіп. - Үйге кіру керек, етік ауыстыруға". Бөлмесіне енді, бес қадам аттамай жатып, кімнің бұйрығымен екені белгісіз, тағы ананы бір көрсем деп бұрылып қарады. Ол да үйге кірген, осы сәт жалт қарады. "Ойбай-ау, не істеп тұрмын, - деп селт ете түсті іштей. - Ол ойлап қалар. Ендігі мүмкін ойлап қалған да шығар". Евгений өзінің әлі жиналмаған бөлмесіне кірді. Арық, кәрі қатын еден жуып жатқан. Евгений иірім - иірім судан бақайының ұшымен жүріп өтіп, қабырғада ілулі тұрған етігіне беттеді, ана қатын шығып бара жатқанда, бірге шықпақшы болды. "Мынау кетті, қазір анау кірді. Степанида - жалғыз", - деп іштей біреу ойлай бастады. "Құдайым - ау! Не ойлап тұрмын, не істеп тұрмын!" Евгений етігімен есік алдына жүгіре шығып, сонда киінді, үсті-басын қағып террасқа келсе, шешесі мен енесі кофе ішіп отыр. Лиза мұны күткен болса керек, осы сәт басқа есіктен ол да кірді. "Құдайым - ау, мені пәк, адал, күнәсыз деп ойлайтын Лиза білсе ғой осыны", - деп ойлады Евгений. Лиза әдеттегісінше жарқын жүзбен қарсы алды. Бірақ бұл жолы ол Евгенийге тіпті қуарыңқы, сида, әлсіз болып көрінді.

X

Кофе үстінде жиі кездесетін іштей байланысы жоқ болса да, арқауы үзілмей жалғаса беретін әйелдердің бір - алуан пыш-пыш сөзі өрістеді. Екі әйел тәжікелесіп отыр, Лиза солардың ортасынан кезек ыңғай табады. - Сен келгенше бөлмеңді жуып үлгермегендеріне ренжіп отырмын, - деді Лиза күйеуіне. -Бәрін де қайта жиғым келеді. - Қалай, менен кейін көзің ілінді ме? - Иә, ұйықтадым, көңіл күйім жақсы. - Осындай өртеніп тұрған аптапта, терезелер күнге қарап тұрғанда екі қабат әйелдің көңіл күйі қайдан жақсы болсын, - деді шешесі Варвара Алексеевна. - Терезе қақпақсыз, пердесіз. Біздің үйде қақпақ үнемі жабулы тұрады. - Мұнда сағат оннан бастап көлеңке түседі ғой, - деді Марья Павловна. - Содан ыстығы көтеріліп қалтырайды. Дымқылдан, - деді Варвара Алексеевна жаңа ғана айтқанына кереғар қайшы келіп отырғанын сезбей. - Менің дәрігерім әр уақытта сырқаттың мінезін білмей тұрып, ауруды анықтау мүмкін емес дейтін. Ал ол біледі, өйткені бірінші дәрігер, біз оған жүз сом төлейміз. Күйеуім марқұм дәрігер атаулыны көзге ілмейтін, бірақ мен үшін ол ешқашан ешнәрсені аянып көрген жоқ. - Еркек қалай тартынып қалады әйел үшін, әйелдің өмірі, баланың өмірі үшін, егер... - Иә, қаржысы барда әйел еркекке тәуелді болмаса да болады. Жақсы әйел күйеуіне бағынады, - деді Варвара Алексеевна, - бірақ Лиза аурудан кейін әлі оңалып кеткен жоқ. - Жоқ, мама, мен өзімді жақсы сезінем. Сізге жылы қаймақ бермегені несі? - Керегі жоқ. Сыр да жарап жатыр. - Қажетсінбеді. Варвара Алексеевнадан сұрап едім, - деді Марья Павловна ақталғандай. - Жоқ, қазір керек емес. - Қолайсыз әңгімені доғарғысы келгендей, әрі кешіріммен қарағандай болып Варвара Алексеевна Евгенийге бұрылды. - Қалай, фосфорит төктіңдер ме? Лиза қаймақ әкелуге жүгіріп кетті. - Өй, мен жемеймін, жемеймін. - Лиза! Ақырын Лиза, - деді Марья Павловна. - Бұлай оқыс қозғалуға болмайды. - Түк те етпейді, жанына тыныштық берсе, - деді Варвара Алексеевна бір нәрсеге емеурін білдіргендей, бірақ ондай түйткілдің жоқтығын өзі жақсы біледі. Лиза қаймақ алып келді. Евгений кофе ішіп тұнжырап, тыңдап отыр. Оның мұндай әңгімеге еті үйренген, бірақ дәл осы жолғы бос сөз ішін кептірді, болған жайтты ой елегінен өткізейін десе, мына сыпсың бөгет. Кофені тоя ішіп алған Варвара Алексеевна көңілсіз күйде шығып кетті. Лиза, Евгений және Марья Павловна үшеуі оңаша қалды. Кәдімгі, жағымды әңгіме басталды. Сезімтал Лиза Евгенийдің әлденеге қиналып отырғанын қолма-қол аңғара қойып, қолайсыз бірнәрсе болды ма деп сұрады. Ол мұны күтпеген еді, ондай себеп жоқтығын бөгеліп барып айтты. Бүл жауап Лизаны бұрынғыдан бетер ойландыра түсті. Бір нәрсенің Евгений жанын мазалап, керемет қинап отырғаны, бірақ мұны айтпай отырғаны, Лизаға сүтке түскен шыбын қандай анық болса, сондай анық еді.

XI

Тамақтан кейін бәрі тарады. Евгений белгілі дағдысы бойынша өз бөлмесіне келді. Ол ештеңе де оқыған жоқ, хат та жазған жоқ, ойға батып, дамылсыз темекі тартып отыр. Үйленгелі құтылдым деп жүрген сұмдық сезімнің аяқ астынан тағы бас көтеруі таң қалдырып, зәресін алды. Өз әйелі болмаса, бөгде жанға - бұрынғы ойнасына да, басқа ұрғашыға да қарауды қойған. Іштей сол еркіндігіне қуанып жүретін, енді, міне, көзге ілместей кездейсоқ нәрсе шырмаудан әлі құтылмағанын көрсетті. Евгенийді қинаған нәпсіге берілу, ойнасына құмарлық емес, - мұны ойлағысы да келген жоқ, - сол пәле отының сөнбегендігі, соған қарсы тұру керектігі. Бұл құмарлықты тұншықтырып тастайтынына іштей күмәнсыз. Жауап берілмеген хат және жазатын бір қағазы бар еді. Үстелге отырып жұмысқа кірісті. Шаруасын тындырып, мазасын алған жайтты мүлде ұмытып, атқораға бармақ болып сыртқа шықты. Тағы да, әлде жаман жоралғы ма, әлде жолсыз кездейсоқтық па, әлде әдейі ме, әйтеуір есік алдына енді шыққанында бұрыштан қызыл көйлекті, қызыл орамалды ашынасы қолын бұлғап, бөксесі дөңгеленіп өте берді. Ол аздай, кетіп бара жатқан әйелді қылымси жүгіріп қуып жетті. Тағы да Евгенийдің көз алдына шаңқай түс, қалақай, Данила күркесінің арт жағындағы ағаш көлеңкесінде жапырақ тістеп, күліп тұрған ойнасының жүзі елестеп кетті. "Жоқ, мұны бұлай қалдыруға болмайды", - деді өзіне - өзі, әйелдер көзден таса болған соң барып, кеңсеге кірді. Түс кезі, приказчик орнынан табылды. Жаңа оянған приказчик керіліп-созылып, есінеп, өзіне бірдеңе айтып жатқан малшыға қарап тұр. - Василий Николаевич! - Не бұйырасыз? - Сөйлескім келеді сізбен. - Не бұйырасыз? - Шаруаны бітіріңіз. - Әкелмейсің бе? - деді Василий Николаевич малшыға. - Ауыр, Василий Николаевич. - Ол не? - деп сұрады Евгений. - Ә, сиыр далада бұзаулап қалған. Жарайды, ат жексін дейін қазір. Николайға айт, Марқасқаны жексін де, сөйт. Малшы кетті. - Мынау әлгі, - деп бастады қызарып кеткен Евгений, оны сезіп тұрып. - Мынау әлгі, Василий Николаевич. Осында, бойдақ жүргенімде күнәға батып ем... Мүмкін естіген де шығарсыз... Василий Николаевичтің көзі күліп түр, Евгенийге жаны ашығандай болып: - Бұл Степашка туралы ма? - деді. - Әрине. Айтайын дегенім, құдай жолыңызды қылсын, соны күнделікті үй жұмысына алмасаңыз, түсінемісіз, маған ыңғайсыз бір түрлі... - Сірә, кеңсеші Ваня жіберген шығар. - Құдай ақына. Қалай енді, жер-көкке жайылып кетеді ғой, - деді Евгений, мазадан айрылғанын жасырмақ болып. - Қазір барам, міне. Іс солай тынды. Ойнасын бір жыл көрмей қалай өмір сүрсе, алда да солай болады деген сеніммен Евгений көңілі жай тапты. "Оның үстіне Василий кеңсеші Иванға айтады, Иван оған айтады, менің ашыналықты қаламайтынымды түсінер", - деді Евгений өзіне-өзі, қанша қиын болса да тайсақтамай Василийге білдіргеніне қуанды. "Бұл күдіктен гөрі, бұл ұяттан гөрі тәуір ғой, тәуір ғой". Евгений ойындағы күнәқарлығы есіне түсіп кетсе, қалтырап қоя береді.

XII

Ұяттан аттап өтіп Василий Николаевичқа сырын айту, Евгенийдің көңілін орнықтырған. Енді бәрі біткен секілді. Оның тыныш тапқанын, тіпті әдеттегіден қунақ жүргенін Лиза бірден аңғарды. "Шешелер арасындағы кикілжің қаяу салған ғой. Мұндай сезімтал, ақ жүрек адамға қияс сөздерді, жөнсіз емеурінді тыңдау азап әрине", - деп ойлады Лиза. Келесі күн троица күні еді. Табиғат маужырап тұр, әдеттегідей орманға барып, сыпырғы кесер алдында қатындар Евгений үйінің алдына келіп, ән салып, билей бастады. Сәнді көйлектерін киген Марья Павловна мен Варвара Васильевна қолдарына шатыр ұстап, сауықшыл топқа қосылды. Бұлармен бірге жазды осы үйде өткізіп жатқан тұрақсыз, әрі маскүнем ағайын да бар еді, үстінде қытай көйлегі. Қашанғыдай дәл ортада қызылды-жасылды жайнаған жас келіншектер мен қыздар тобы, олардан біресе үзіліп кетіп, біресе қайта қосылып планеталар, жер серігіндей шыр айналған шыт жаңа көйлектері судырап, қол ұстасып алған бойжеткендер, танауларын тартып, әрлі-берлі шапқылаған бала-шаға, көк - қара шалбарлы, картузды, қара көйлекті, шекілдеуік қабығын дамылсыз бұрқыратқан жігіттер, сауықшыл топқа алыстан көзін сата қараған қызметшілер мен сырт адамдар. Екі әйел, олардың ізін ала көк көйлекті, басында сондай лентасы бар, мол жеңінен ұзын, ақ, ашаң қолдары айқын көрініп, Лиза келіп, думанды топқа қосылды. Евгенийдің зауқы жоқ еді, бірақ шықпай, бұғып қалу ыңғайсыз болатын. Темекісін тістеп есік алдына шығып, жігіттерге, мұжықтарға бас изеп, біреуімен әңгімелесіп тұрды. Бұл кезде әйелдер гөй-гөйге басып, алақан соғып, жер бүйірін солқылдата билеп кеткен. - Әйеліңіз шақырады, - деді біреу, Лизаның дауысын сети алмай қалған Евгенийге. Өзін таңырқатқан бишіні көруге шақырған еді. Ол Степашка болатын. Жасыл желбегей, шолақ жең, жібек орамал қылаң ұрып, бұралып, оттай жайнап тұр. Тамаша билеген секілді. Ол көрген жоқ. - Иә, иә, — деді Евгений пенснесін бір алып, бір киіп. - Иә, иә, - деді ол "Е, бұдан құтыла алмайтын шығармыз" деп ойлады. Евгений оған қараған жоқ, сиқыр сұлулығынан зәресі ұшты, сондықтан көз қиығын тастағанның өзінен әдемі болып көрінді. Жарқ еткен жанарынан Степаниданың өзін көріп тұрғанын, тамашалап тұрғанын сезгенін аңғарды. Евгений ыңғайсыз болмас үшін аз аялдады да, Варвара Алексеевнаның Степаниданы қасына шақырып оны жаным деп, бірдеңелерді жалған, ебедейсіз айтып тұрғанын көріп, бұрылып жүре берді. Үйге келді. Степаниданы көрмес үшін кетті. Жоғары қабатқа көтерілісімен неге екенін өзі де аңғармай терезе алдына барды, бұрынғы ойнасынан көз алмай, аузынан суы құрып қызықтап қарады да тұрды. Әзір ешкім көрмеген кезде жүгіріп шығып, ақырын басып балконға келіп, сонда шылым шекті де, қыдырған кісі секілденіп, бақ ішімен ашынасы кеткен жаққа тартты. Серуен бақта екі аттамай жатып ағаш арасынан шолақ жең, жасыл желбегей, қызыл орамал көлбең ете түсті. "Бір қатынға кетіп барады. Бұлар қайда барады екен, ә?" Кенет өрт жалын нәпсі буынына түсіп кеткендей болды. Өзіне бағынбас, құдіретті күш әсер еткендей. Евгений жалт бұрылып, Степанидаға қарай ентелей жөнелді. - Евгений Иваныч, Евгений Иваныч! Құзырыңызға құлдық, - деген арт жақтан естілген дауысқа қараса, құдық қазып жүрген Самохин шал екен. Евгений теріс айналып кетті. Шалмен сөйлесіп қырындай тұрып, ана екеуінің төмен түскенін, құдыққа барғанын, яки соны сылтауратқандай болып сол жерде аз-кем кідіріп, думан ішіне қайта жүгіріп кіргенін көрді. XIII

Самохинмен сөйлескеннен кейін Евгений қылмыс жасаған кісідей болып, салы суға кетіп үйіне қайтты. Біріншіден, Степанида мұның көргісі келетінін, құшқысы келетінін ұқты. Екіншіден, ана қатын - Анна Прохорова да мұны білетін секілді. Ең бастысы, өзінің жеңілгендігін, еріксіздігін, басқа бір күштің жетегінде кете беретінін сезді, бүгін сәті түсіп қана құтылғанын, ертең, бүрсігүні бәрібір құритынын ұқты. "Иә, құриды, - басқаша ұғу мүмкін емес, - сүйікті, жас әйелінің көзіне шөп салып, айдай әлемге жария етіп, деревняда қатынмен ойнас жасау, бұл құрдым түбіне кету, масқара болу ғой, осыдан кейін өмір сүру мүмкін бе? Жоқ, амалын табу керек, табу керек". "Тәңірім-ау, тәңірім-ау! Не істемекпін? Осылай құрып - ақ кетпекпін бе? - деді өзіне-өзі. -Амалын табуға болмас па? Бірдеңе істеу керек қайтсе де. Ол туралы ойлама, - деп өзіне-өзі бұйрық берді. - Ойлама!" - Ашынасы туралы ойлай бастады, ол көз алдына келді, ағаш көлеңкесі көз алдына келді. Ауруын емдеу үшін әйелдің денесіне қолын апарудан жүрегі шайлыққан шалдың бір қолын қызған отқа салып, саусақтарын күйдіріп алғаны жайлы оқиға Евгенийдің есіне түсті. "Иә, құрып кеткенше, саусақтарымды беруге мен де әзірмін". Бөлмеде ешкім жоғын көріп, сіріңке жақты да, саусағын отқа ұстады. "Ал, ойла енді ол туралы", - деді өзін-өзі мысқылдап. Жанына бата бастады, қақталған саусағын жұлып алып, сіріңкені лақтырып жіберді. Өзіне-өзі күліп отыр. "Неткен әбестік. Бұлай етуге болмайды. Оны көрмеудің ретін табу керек, не өзім кетем, не оны кетіру. Иә, оны кетіру. Қалаға яки басқа ауылға кетсін, күйеуіне ақша беру қажет. Жұрт біліп, өсекке таңады ғой оны. Мына сұмдықтан артық әйтеуір ол. Иә, байлам осы, -деп өзіне-өзі ашынасынан көзін алмай қарап тұрған. "Қайда кетті?" - деп сұрады кенет өзінен-өзі. Мұны терезе алдынан көріп, жалт етіп қарап, бір қатынмен қолтықтасып, баққа қарай қолын көңілді сермей кетіп бара жатқан сияқтанды. Неге екенін білмей, сол арпалыс ойдың әлегімен кеңсеге келді. Жуынып - қырынған, сәнді көйлек киген Василий Николаевич әйелімен, орамалды қонақпен шай ішіп отыр. - Василий Николаевич, сізбен қалай сөйлессем екен. - Сөйлесейін, кәне. Ішіп біттік. - Жоқ, одан да оңаша шығыңыз. - Қазір, картузымды алуға мұрсат бер. Сен, Таня, самауырды жаба сал, - деді Василий Николаевич көңілді шығып бара жатып. Евгенийге ол қызу көрінді, не істеу керек, қайта осы күйде мұның жайын жақсырақ түсінер болар. - Мен, Василий Николаевич, тағы да анау туралы, - деді Евгений, - анау әйел туралы, -деді Евгений, - анау әйел туралы. - Е, немене. Жұмысқа алмаңдар деп бұйырғам. - Жо-жоқ, жалпы мен не ойлаймын, сізбен ақылдасайын дегенім мынау еді. Оларды көшіріп жіберуге болмас па екен, бүкіл отбасымен көшіруге. - Қайда жібересің оларды? - деді Василий, Евгенийге жақтырмағандай, мысқылдағандай көрінді. - Ақша, тіпті Колтовскіден жер берсем деп едім, анау кетсе. - Қалай кетіресің? Түп - тұқиянынан қайда барады? Сізге соның қажеті не? Оның сізге бөгеті бар ма? - Шіркін, Василий Николаевич, мұны есту әйеліме сұмдық болады ғой. - А, кім айтады оған? - Осы қорқынышпен қалай күн көрерсің? А, жалпы бұл зілбатпан пәле. - Несіне әбігерленесің, жарқыным-ау? Кешегіні шулатқанның көзі шықсын. Құдайға күнәсыз, патшаға кінәсыз емес пе, ә? - Сонда да кетірсе жақсы-ақ болар еді. Сіз күйеуімен сөйлесе алмайсыз ба? - А, сөйлесетін түк те жоқ. Е - ей, Евгений Иванович, мұныңыз не сіздің? Бәрі өтті - бітті. Не болмайды, өмірде? А, сіз туралы жаманатқа кімнің аузы барады? Сіз көшелі кісісіз. - Бәрібір айтыңызшы. - Жақсы, сөйлесейік. Бұдан ештеңе шықпайтынын күні бұрын білсе де, бұл әңгіме Евгенийді аздап сабасына түсірді. Ең бастысы, толқу үстінде қауіпті тым өсіріп жібергенін сезді. Ашынасымен кездесуге бара жатты ма? Бұл мүмкін де емес. Евгений бақ ішін аралап өтпек еді, анау аяқ астынан тап болды.

XIV

Сол троица күні, түстіктен кейін бақ ішінде қыдырып жүрген Лиза күйеуі жоңышқаны көрсетпек болған соң шалғынға шығып бара жатып, кішкентай арықтан өте бере, тайып кетіп құлап қалды. Бүйірімен ақырын жығылды, бірақ қатты дауыс шықты, күйеуі жүзінен үрейді ғана емес, жанға батқандықты аңғарды. Көтеріп алам дегеніне әйелі қолын қақты. - Жоқ, сәл тұра тұр, Евгений, - деді болар-болмас жымиып, бейне кінәлы адамша қарап. -Аяғым тайып кеткен ғой. - Міне, ылғи айтам мен, - дей жөнелді Варвара Алексеевна, - осындай жағдайдағы адам арықтан секіре ме? - Жоқ-жоқ, мама, түкте етпейді. Қазір тұрам. Күйеуінің демеуімен тұрған сәтінде бозарып кетті, жүзінде үрей. - Иә, хәлім жақсы емес, - деп, шешесінің құлағына бірдеңе сыбырлады. - Ай, құдайым-ай, не істедіңдер! Жүрме деп қақсап едім мен! - Варвара Алексеевна айқайға басты. - Тоқтаңдар, кісі жіберейін. Оған жүруге болмайды. Оны көтеріп әкету керек. - Сен қорықпаймысың, Лиза? Мен сені көтеріп әкетейін, - деді Евгений оны сол қолымен қаусыра бастап. - Мойнымнан құшақтап ал. Дәл осылай. Еңкейіп, оң қолын аяқ астына жіберіп, Лизаны көтеріп алды. Евгений Лиза жүзіндегі осы сәттегі бір азап, бір ризалық сезімін бұдан кейін еш уақытта ұмыта алмады. - Ауыр ғой саған, жаным, - деді күлімсіреп. - Мамам жүгіріп барады, айт оған! Лиза жабыса түсіп күйеуін сүйіп алды. Евгенийдің қалай көтеріп әкеле жатқанын шешем де көрсе екен дейтін секілді. Евгений дауыстап Варвара Алексеевнаның асықпауын, өзі-ақ жеткізетінін айтты. Варвара Алексеевна тоқтай қалып, бұрынғыдан бетер аттанға басты. - Сен түсіріп аласың, сөзсіз түсіріп аласың. Оның көзін жойғың келеді. Ар жоқ сенде. - Ал мен жақсы көтеріп келем. - Менің қызымды қалай құртқаныңды көргім келмейді, көре алмаймын. - Варвара Алексеевна серуен бақтың пұшпағына жүгіріп кетті. - Түк етпейді, бұл басылады, - деді Лиза күлімсіреп. - Әйтеуір анадағыдай насырға шаппаса - ақ болар еді. - Жоқ, мен ол туралы емес. Түк етпейді, әй, мамам - ай, шаршадың, дем алшы. Қары талса да Евгений Лизаны үйге дейін мақтанышпен көтеріп келді. Варвара Алексеевна алдарынан жіберген қызметші мен аспазға бермей, жатар бөлмеге әкеп, төсекке салды. - Ал, сен бар, - деді Лиза, өзіне қарай тартып қолынан сүйді. - Аннушка екеуміз бірдеңе етерміз. Флигельден Марья Павловна жүгіріп жетті. Лизаны шешіндіріп жатқызды. Евгений қолына кітап ұстап, қонақ үйде тосып отыр. Өтіп бара жатып Варвара Алексеевнаның ішіп-жеп, жек көре қарағаны қабырғасын қайыстырды. - Не бұл? - Не? Неге сұрайсың? Әйеліңді жырадан секірткенде ойлағаның іске асқан секілді. - Варвара Алексеевна! - деп Евгений айқайлап жіберді. - Шыдау мүмкін емес бұған. Егер сіз жұртты азаптап, олардың өмірін улағыңыз келсе - басқа бір жаққа көзіңізді жоғалтыңыз дегісі келді де, іркіп қалды. - Жаныңызға батпай ма осы? - Кеш енді. Жеңімпаздай танауын көтеріп, есікке кірді. Лиза жаман құлаған еді. Аяғы оқыс тайып кеткен, тағы түсік тастау қаупі бар. Тып-тыныш жатудан басқа ешнәрсе жасауға болмайтынын бәрі де біле тұрып, ақыры дәрігер шақыртуға келісті. "Аса қадірменді, Николай Семенович, - деп жазды Евгений дәрігерге, - сіздің бізге деген әрқашан қайырымды жүрегіңіз менің әйеліме көмекке келуден тартынбайды деп сенем. Оның жағдайы... т.б." Хатты жазып бітіп, көлікпен кісі жайын реттемек үшін атқораға кетті. Істі түгел өзі тындырып, көшірді жіберіп, сағат онға айналғанда үйге келді. Әйелі еш жерім ауырмайды, хәлім жақсы деп жатыр. Лизадан нотамен қалқаланған шам қасында үлкен қызыл көрпеше тоқып отырған Варвара Алексеевнаның түрі мынау оқиғадан кейін дүние тәрк дегенді тайсалмай айтып тұр. "Кім не істесе де, мен өз міндетімді атқардым". Евгений мұны көрді, бірақ аңғармаған кісі секілденіп, көңілді, қамсыз кейіппен ат жеккенін, Кавушка деген биенің сол жақ қосақта жақсы жүріп кеткенін айта бастады. - Иә, әрине, көмек керек болған шақ, жылқыны үйрететін мезгіл Дәрігерді де жарға жығатын шығар, - деді Варвара Алексеевна пенсненің астынан қарап, тоқымасын шамның дәл астына апарып. - Біреуін жіберу қажет болды ғой. Қолайлысын жасадым. - Ә, сендердің аттарың мені пойыздың астына қалай ала қашқанын жақсы білем. Бұл оның баяғыда ойдан шығарған өтірігі еді. Евгений қазір олай болмағанын байқамай айтып тастады. - Мен ылғи текке айтпаймын, өтірікші, жалған адамдармен өмір сүруден қиын ешнәрсе жоқ деп князьға да талай рет айтушы едім; мен бәрін көтерем, бірақ мұны емес. - Біреудің жанына қатты батып отырса, ол менің жаныма, - деді Евгений. - Ә, ол көрініп тұр. - Не? - Түкке емес, мен шілтер санап отырмын. Евгений осы сәт төсек қасында тұрған. Лиза оған қарап, көрпе үстінде жатқан тершіген қолымен қолын алып, қысып қойды. "Мен үшін оны көтере салшы. Бір-бірімізді сүюге ол қырсық жасай алмайды да". - Өйтпеймін. Бұл жай, - деп сыбырлады Евгений әйелінің терлеген салалы саусақтарын, жұмулы жатқан әдемі көздерін сүйіп. - Шынымен тағы анау ма? - деді ол. - Қалай? - Қателеспеу қиын әрине, бірақ бойымдағы тірі секілді, өмір сүретін секілді, - деді Лиза өз ішіне қарап. - Ах, ойлаудың өзі сұмдық, сұмдық. Орныңа барып жат дегеніне қарамастан, Евгений қызмет қылуға әзір күйде түнді әйелінің жанында өткізді. Лиза жайлы жатты, дәрігерге кісі жібермегенде, мүмкін тұрып та кететін еді. Түске қарай дәрігер келді, әрине, ауру қайталанып отырғандықтан қауіп ойлатуы мүмкін, бірақ бір есептен оның белгісі жоқ, құлан-таза сауығып кетпегендіктен де тағы бір есептен екінші жағын да ескеру керектігін мәслихат етті. Сондықтан да жату керек, мұны қайтсе де орындасын демейді, бәрібір құлақ асып жатқан абзал. Мұның үстіне дәрігер Варвара Алексеевнаға адамның дене мүшелері жайлы көп әңгіме айтты. Варвара Алексеевна басын маңғазси шұлғып отырды. Қолқайыр алып, оны әдеттегідей алақаны нық май шеттігіне қысып дәрігер кетті, бір жұма төсек тартып жатпақ болып сырқат қалды. Уақытының көбін Евгений әйелінің қасында өткізді, қызмет қылды, әңгімелесті, бірігіп кітап оқыды, ең қиыны Варвара Алексеевнаның жөн-жосықсыз шаптыққанын көтерді, тіпті оны әзілге айналдырып, жайма - шуақтады. Бірақ ол үйде отыра алмады. Біріншіден, үнемі жанында омала берсе ауырып қалатынын ескертіп, сыртқа шық деді әйелі, екіншіден, шаруашылық аттап басқан жерде мұны керек қылып тұрды. Евгений үйде құйрық басып отыра алмады, ылғи егіс даласында, тоғайда, бақта, көп ішінде жүрді, қайда болсын құр ой емес, Степаниданың тірі бейнесі қыр соңынан қалмай қойды, жадынан, тіпті сирек шығады. Бұл да ештеңе етпес еді; әлгі сезімді жеңген де болар ма еді, ең сұмдығы бұрын ашынасын айлар бойы көрмесе, енді үнемі көріп, ылғи кездесіп қалып жүреді. Ол шамасы, мұның бұрынғы қатынасты жаңғыртқысы келетінін сезіп әдейі жолығып қалатын сияқты. Бұл да, ол да тіс жарып ешнәрсе айтқан жоқ, сондықтан бүл да, ол да сертпен келмейтін, жолығып қалуға тырысатын. Ұшырасып қалатын жер - қатындар қаппен сиырға шөп алуға баратын орман іші. Және Евгений мұны жақсы біледі, осы себепті күнде сол маңды торып жүр. Күн сайын беттемеске өзіне-өзі серт береді, бірақ әр күн оның орманға барып, дауыс -дабырға құлақ түріп, бұта арасынан баспалап қарап, жүрегі тайша тулап, ашынасын іздеуімен аяқталатын. Көңілдесі ме, басқа ма - мұны білудің оған қажеті қанша еді? Өзі де білмейді. Бұл ашынасы болса да, тіпті жалғыз болса да бармас еді - осылай деп ойлайды, - тайып берер еді, алайда көруге құштар. Бір рет ұшырасып қалды: бұл тоғайға ене бергенде, анау арқасында шөп салған ауыр қабы бар, қасындағы екі қатынмен шығып бара жатты. Сәл ертерек қимылдағанында орманда кездесердей екен. Әрине анау қатындардың көзінше кері оралып келе алмайды. Мүмкін емесін біле тұра, қатындар көріп қояды деп қаймықпай-ақ, Евгений бұта жанында қарап тұрды. Ашынасы келген жоқ, әрине, бірақ ол бұл жерде көп айналсоқтады. Құдайым - ау, қиялында қандай ғажаптанып барады. Бұл бір рет емес, бесінші, алтыншы рет. Үсті - үстіне меңдей түскендей. Ешқашан мұндай сұлу көрінбеген. Сиқыр сұлулығы өз алдына, мұндай бұлтартпас тылсым күшпен әсте шырмап алмаған-ды. Еркінен айрылып, есі кеткендей хәлін сезінеді. Өзіне деген қатал талабы бір мысқал да кеміген жоқ; нәпсі тілегі, мынау қылмыс жанын түршіктіреді, тоғайды торып жүру қылмыс болатын. Ашынасымен жақын, қалтарыста кездессе, бассалары хақ. Жұрт алдындағы, оның алдындағы, өз ұяты ғана ұстап тұрғанын біледі. Бұл ұяттан аттап өтердей көз көрмес қараңғылық яки бәрін ұмыттырар дүлей құштарлық ыңғайын іздейтінін және біледі. Ботташық қылмыскер екенін танып, өзін-өзі жек көріп, безініп кетті. Әлі берілмегені үшін де жек көреді. Медет бер, құтқар деп күнде құдайға тауап етеді, енді аттап баспаймын, оның бетіне қарамаймын деп күнде іштей байлам жасайды. Күнде әзәзіл ниеттен құтылудың амалын ойлап тауып, соны қолданады. Бірақ бәрі әурешілік еді. Бір амал күнделікті іс болатын; екінші амал - маңдай терін төге қимылдап, бой тарту болатын; үшіншісі - әйелі, енесі, жұрт - бәрі мына сұмдықты білгенде айрандай төгілер ұяттан қорқу болатын. Ол осының бәрін де істеді, жеңетіндей секілденетін, бірақ талма -түс кезінде, баяғы жолығысулар сәтінде, шөп арасында табысқан шақта, орманға қарай кетіп бара жатады. Осылай азапты бес күн өтті. Евгений ашынасын көз ұшынан көріп қалып жүрді, алайда бір ретте түйіскен жоқ. XVI

Лиза ептеп оңала бастады, күйеуінің басындағы өзгеріс, өзіне түсініксіз өзгеріс қабырғасына батып, мазасын алады. Варвара Алексеевна аз уақытқа кеткен болатын, бөтеннен тек анау ағайын бар. Марья Павловна әдеттегідей үйде. Маусым айындағы найзағайдан кейін жиі құйып беретін ақ жауын, екі күнге созылған жауыннан кейін Евгенийдің басы қатып жүрген еді. Жаңбыр жұмыс атаулыны доғарып тастады. Көксоқта кесірінен көң де тасылмай қалды. Жұрт екі қолын алдына салып үйде отыр. Бақташылар әбден сілікпелері шығып, әрең дегенде малдарды қайырып әкеледі. Сиырлар мен қойлар бытырай қашады. Жалаң аяқ, бастарына орамал байлай салған қатындар батпаққа малтығып, сиырларын іздеп жүр. Жол бойы сарқыраған тарам-тарам жылға, шөп - жапырақты су алып кеткен. Жайылымға қарай коп арна тынымсыз саулайды. Евгений бүгін іш пыстырар көңілсіз күйдегі әйелінің қасында үйде отыр. Лиза қайта -қайта Евгенийдің салқын себебін тергейді. Күйеуі ештеңе болмағанын айтып, қынжыла жауап береді. Ол сұрауын тоқтатты, бірақ ренжіп қалды. Таңертеңгі тамақтан кейін қонақүйге жайғасқан. Ағайыны өзінің үлкен қауымдағы таныстары жайлы ойдан шығарған өтірігін жүзінші рет айтып отыр. Кеудеше тоқып жатқан Лиза күн райының бұзылғандығына, белінің ауырғанына кейіс білдіріп күрсініп қояды. Ағайын оған жантаюға кеңес беріп, өзі шарап сұрады. Евгенийдің керемет іші пысты. Бәрі сұрқай, сүреңсіз. Ол кітап оқып, темекі тартып отыр, бірақ басына түк кірмейді. - Барып сүргілерді көру керек, кеше әкелген, - деп тұрды да жүре берді. - Шатыр алсаңшы. - Жоқ, үстімде киімім бар. Алысқа бармаймын ғой және. Етігін, су өтпейтін пальтосын киіп зауытқа қарай тартты, жиырма қадам аттамай жатып, қарсы алдынан бөксесі дөңгеленіп бір әйел шыға келді. Басына, иығына жамылған орамалын қолымен түзей береді. - Мұның не? - деді Евгений, ә дегенде оны танымай қалып. Анау тоқтай қалып, күлімсіреп, Евгенийдің бетіне ұзақ көз тастады. - Бұзау іздеп жүрмін. Мынадай көксоқтада қайда бармақсыз? - деді Степанида Евгениймен бейне күнде кездесіп жүрген кісідей. - Күркеге кел, - деді кенет Евгений, қалай айтқанын өзі де білмей қалып. Басқа біреу айтқан сияқты. Орамалын тістеп, көзі жалт етіп, бара жатқан жағына - баққа, күркеге қарай жүгіре жөнелді, Евгений бұта айналып, сонда бармақ. - Мырза, - деген арт жақтан дауыс естілді. - Бір минутқа кіріп кетсін деп зайыбыңыз шақырады. Бұл өздерінің қызметшісі Миша еді. "Құдайым - ау, екінші рет сен мені құтқарып отырсың", - деп ойлаған Евгений, дереу кері қайтты. Лиза оның ауру әйелге түсте дәрі апарып берем деген уәдесін есіне салды, соны ала кетуін өтінді. Дәріні әзірлегенше бес минут өтті. Оны алып шыққан бойда күркеге тартуға үйдегілер көріп қояр деп жүрексінді. Көзден тасалана бере, жалт бұрылып, күркеге жүгірді. Күрке ортасында жымия күліп тұрған ашынасын елестетіп те келеді; ол жоқ еді, күркеде болғанын айтарлықтай да еш белгі жоқ. Айтқан сөзін естімеген шығар, ұқпаған шығар, сондықтан келмеген шығар деп ойлады. Ойнасы осыны естіп қояр деп қорыққандай танауының астынан міңгірледі. "Әлде, мүмкін кездескісі келмеген шығар? Оның бұған ындыны құрып тұр дегенді қайдан ойлап тапты осы. Өзінің басыбайлы күйеуі бар; жақсы әйелі бола тұра басқаның соңынан салпақтайтын жалғыз сүмелек мен ғана". Төбесінен саламы салбырап, суы сорғалаған жыртық күркеде отырып осыны ойлады. "Ол келгенде қандай рахат болатын еді. Мына жаңбырда оңаша, жапа - жалғыз. Тағы бір рет те болса бауырға басса, одан кейін ақыр заман орнаса да көріп алдым. Иә, иә, - деп есіне түсірді, -келсе, ізінен табуға болады! Күркенің іргесін көмген топыраққа, шөп басып үлгермеген соқпаққа қарап, жалаңаяқтың әлі мөлдіреп жатқан ізіне көзі түсті. Иә, ол болған екен. Енді бітті. Қай жерде көрсем, сол жерде бас салам. Түн ішінде барам". Евгений күрке ішінде ұзақ отырып, езіліп, сүлесоқтанып шықты. Дәріні апарып үйге қайтты, түстікті күтіп, өз бөлмесінде жатып қалды.

XVII

Түстік алдында Лиза күйеуінің қасына келді, оның көңілсіздігінің себебін ойлай тұрып. Мәскеуге босану үшін апаратынына мұның кейістікпен қарайтынынан қорқатынын, осында қалуға бел буғанын айта бастады. Не қылса да Мәскеуге бармайды. Лизаның толғақтан әлжуаз бала табудан сескеніп, ат-тонын ала қашып тұрғанымен, күйеуіне деген махаббат жолында бәрін оп-оңай құрбан еткенін білді. Үй ішінде бәрі тап - тұйнақтай, таза, кіршіксіз, Евгений көңілі қараңғы, әлем-тапырық, былапыт. Өз әлсіздігін қанша жек көрсе де, енді қайталамасқа бел буса да, ертең бүгінгі әбілет тағы басарын біліп, Евгений кеш бойы көк терге түсіп, азапқа батты. - Жоқ, бұл мүмкін емес, - деді өзіне-өзі бөлме ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп. - Бұған қарсы ем болу керек қой қайтсе де. Құдайым - ау, не істедім?! Шетелдік мәнермен біреу есік тықылдатты. Ағайыны екенін жазбай таныды. - Кіріңіз, - деді Евгений. Ағайын өзі тіленіп Лизаның елшісі болып келген. - Бойыңдағы өзгерісті байқағанымды сен сеземісің, - деді ол - Бұл Лизаны да қандай азапқа түсіріп жүргенін білем. Басталған тамаша істерді аяғына жеткізбей тастаудың саған ауыр екенін мен білем. Сапарға шық дер едім. Сенің де, оның да көңілдерің орнығады. Қырымға тарт дер едім. Шипалы табиғаты қандай, оның үстіне жүзім піскен шаққа дөп түсесіңдер. - Аға, - деді кенет Евгений, - менің сырымды, сұмдық сырымды, масқара сырымды тісіңізден шығармай ұстай аласыз ба? - Ойбай-ау, маған шәк келтіремісің? - Ағатай! Сіз маған қол ұшын бере аласыз. Тіпті құтқара аласыз, - деді Евгений. Қадір тұтпайтын ағайынға шешілем, оның көзіне жаман қырымнан көрінем, жер болам деген ой Евгенийдің жанына жағып кетті. Өзін - өзі қор, күнәлы сезініп, жаза шеккісі келді. - Айт, жарқыным, өзіңді қалай жақсы көріп кеткенімді білесің ғой, - деді ағайын сыр ашыларына, сұмдық сыр ашыларына, ол өзіне пайдалы боларына разы секілденіп. - Ең алдымен сілімтік, сүмелек екенімді, қылмыскер, күнәкар екенімді айтуым керек. - Қой, оның не? - деді ағайы тамағын кенеп. - Қалайша сілімтік болмаймын, мен, Лизаның күйеуі, Лизаның тазалығын, махаббатын біле тұрып, - мен, оның күйеуі басқа қатынның қойнына барғым келеді? - Яғни неліктен аңсарың ауады? Сен әйеліңнің көзіне шөп салған жоқсың ба? - Иә, бірақ алдағанмен бірдей, өйткені менің еркіме илікпейтін нәрсе бұл. Мен тіленіп тұрғм. Маған бөгет жасады, әйтпесе қазір мен... қазір... Не істеп тастағанымды білмес ем. - Жә, сабыр, түсіндірші маған... - Ол, былай енді. Бойдақ күнімде ақымақтық жасап бір қатынмен ойнас болдым, осы өз деревнямыздікі. Тоғайда, далада түйісіп жүрдік. - Әдемі ме өзі? - деді ағайын. Бұл сұрақтан Евгений тіксініп қалды, бірақ оған алдарқату секілді бір нәрсе керек еді, сондықтан әлгіні естімегенсіп, сөзін жалғай берді. - Оп-оңай тыйылармын, бәрі бітер деп ойлағам. Үйленуге дейін тастағам, бір жыл көргем де, ойлағам да жоқ оны, - өзін тыңдау, өз хәлін сипаттауды тыңдау Евгенийге бір түрлі еді, - рас, кейде жораға сенесің, оны көрдім де, жүрегіме құрт түсті - кеміріп жеп жатыр. Қылығымның сұмдығын сезініп, әр минутта істей алатын, соған тіленіп жүрген, құдай сақтап қана жасай алмай жүрген қылмысымның масқаралығын ұғынып, өзіме - өзім ұрсам. Кеше мені Лиза шақырғанда, соған кетіп бара жаттым. - Қалай, жауында ма? - Иә, ағатай, әбден сілікпем шықты, сізге шынымды ақтарып, көмек сұрағым келді. - Иә, әрине өз иелігіңе бұл жақсы емес. Жайылып кетеді. Лизаның дімкәс екенін мен білем, оны аяу керек, оз иелігінде мұндайдың қажеті не? Тағы да Евгений бұларды құлағына ілгісі келмеді, істің тоқ етеріне көшті. - Сіз мені менің өзімнен құтқарыңыз. Тілейтінім осы сізден. Бүгін маған кездейсоқ бөгет жасады, ертең, басқа бір күні бөгет жасай алмайды. Ол да біледі қазір. Мені жалғыз жібермеңіз. - Жарайды, сөйтелік - ақ, - деді ағайын. - Сен соншалық ғашықсың ба? - Жо - оқ, мүлде басқа нәрсе. Басқа нәрсе, әлдеқандай тылсым күш қысып алған, босатпайды. Не істерімді білмеймін. Мүмкін оңалармын, сонда... - Міне, енді менің айтқаным болып шықты, - деді ағайын. - Қырымға тартайық та. - Иә, иә, тартайық, әзірге сіздің қасыңызда болам. Сізге айтам.

XVIII

Евгенийдің ағайынына сырын айтуы, ең бастысы сол бір жаңбырлы күннен кейін жанын жегідей жеген ар мен ұят азабы оны айықтырғандай еді. Ялтаға бір жұмадан соң жүрмекші болды. Бұл жұманың ішінде Евгений жолға ақша қарастыру үшін қалаға барды, үйде, кеңседе отырып шаруашылық істерін тындырды, әйеліне көңілі жібіп, оң қабағын берді, ішкі сарайы түлегендей еді. Сөйтіп, сонау жаңбырлы күннен кейін Степаниданы бір де бір рет көрместен әйелімен Қырымға сапар шегіп кетті. Олар Қырымда екі ай рақат кешті. Соны әсердің көп болғаны соншалық, Евгенийге бұрынғының бәрі естен шығып кеткендей көрінді. Қырымда ескі көздерді жолықтырып, олармен бұрынғыдан да бауырласып кетті, мұның үстіне жаңа адамдармен танысты. Мұндағы өмір Евгений үшін базары тарқамас мерекедей еді, мұның үстіне мән-мағыналы әрі пайдалы болды. Губернияларының бұрынғы басшысымен де сонда танысты, ақылды, иліккіш бұл адам Евгенийді ұнатып, сыр бөлісіп жақын тартты. Тамыздың аяғында Лиза үріп ауызға салғандай, жұтынып тұрған қыз тапты. Кенеттен оп-оңай босанды. Қыркүйекте Иртеневтер жас сәби, Лиза жарытпаған соң, қастарында бала емізетін әйел бар - төртеу болып үйге қайтты. Бұрынғы азапты қиналыстан сергіген Евгений жаңа, бақытты адам кейпінде оралған. Еркектердің толғақ кезіндегі халін бұл да бастан кешіріп, әйелін бұрынғыдан да жақсы көріп кетті. Кішкентайын қолға алғанда қызық, жаңа, жағымды қытықты бір сезім бойын билейді. Шаруашылықпен айналысу үстіне Думчинмен (бұрынғы губерния басшысы) танысу арқасында оның өміріне жаңа бір ынта, земство істеріне қызығушылық, бір жағынан шенқұмарлық, бір жағынан жауапкершілік пайда болды. Қазанда мұны сайлайтын сырттай жиналыс ашылмақ. Үйге келісімен бір рет қалаға, бір рет Думчинге барды. Нәпсі азабы, онымен арпалыс жайын ойлауды ұмытқан, әрең дегенде есіне түсіреді. Ол өзі тап болған, оқта-текте бір ұстап қалған талма ауру сияқты ғана көрінеді. Өзін ондай күйден азат сезінгендігі соншалық бір кездескенде, оңаша қалғанда қызметшіден сұраудан тайынған жоқ. Бұл туралы бұрын да сөйлескендіктен қысылмады. - Ал, қалай, Пчельников, Сидор әлі үйінде тұрмай ма? - Жоқ, әлі қалада. - Қатыны ше? - Әй бір түбі түскен қатын! Қазір Зиновеймен шатасып жүр. Әбден қағынып кетті. "Е - е - тіпті тамаша, - деп ойлады Евгений. - Селт етпейтінім, осынша өзгергенім қандай керемет".

XIX

Евгенийдің тілегі түгел іске асты. Иелік жанына қалды, зауыт жүріп тұр, қызылша жақсы шықты, мал пайда түсірмек; әйелі аман - есен босанды, енесі де кетті, өзін бір - ауыздан сайлады. Сайланғаннан кейін Евгений қаладан үйіне қайтты. Жұрт құттықтап жатты, өзі де ризалық білдіреді. Түстік жеп, бес бокал шампан ішті. Өмірдің жаңа мақсаттары төбе көрсетеді. Үйге қайтып келе жатып, солар жайлы тебіренеді. Сарша жаз. Әдемі жол шағырмақ күн. Үйіне тақай бере Евгений осы сайлануы арқылы ел ішінде өзі әрқашан арман еткен жағдайға, жұмыс беретін өндірісімен ғана қызмет қылмай, беделімен де, билік жүргізетін жағдайға ие боларын ойлады. Үш жылдан соң өз шаруалары, басқа шаруалар не дейтінін бағдарлады. "Міне мынау", - деп ойлады, деревнядан өтіп бара жатқанда қарсы кездескен бірдеңелері бар мұжық пен әйелді көріп, олар бөгеліп, тарантасты өткізіп жіберді, мұжық Пчельников шал әйел Степанида еді. Евгений оған көз тастады, таныды, өзінің толқып кетпей салқын қалғанын қуанышпен сезінді. Ол бұрынғысынша жайнап тұрғанмен әсер ете алған жоқ. Евгений үйіне келді. Әйелі есік алдында қарсы алды. Ғажап кеш еді. - Ал, қалай құттықтаймыз ба? - деді ағайын. - Иә, сайлады. - Е, тамаша. Жуу керек. Ертеңіне Евгений талайдан қарамай кеткен шаруашылыққа тартты. Хуторда жаңа молотилка істейді. Соның жұмысын көріп жүріп Евгений әйелдердің арасымен өтті, сабан тасыған Степаниданың қара көзі мен қызыл орамалына екі рет еріксіз назар аударды. Екі рет телміріп қарап қалды, тағы да бір нәрсе болғанын сезгенмен, не екенін айыруға шама жоқ. Келесі күні ғана қырманға барып, мүлде қажет болмаса да екі сағат айналсоқтап, сұлу жас әйелдің таныс тұлғасына көзімен ішіп-жеп қарағанында құрығанын, мүлде құрығанын, су түбіне кеткенін бір - ақ сезді. Тағы сол азап, сол үрей, сол қорқыныш. Құтылу жоқ әсте. Күткеніндей болды да. Ертеңіне апақ-сапақта күзде жолығысқан жерлері - оның үйінің шөп қорасы алдына қалай келгенін өзі де білмей қалды. Қыдырып жүрген адамша темекі тартып тоқтап тұр. Көрші қатын көрді. Ананың біреуге айтқан сөздерін Евгенийдің оралып бара жатып құлағы шалды: - Жүгір, тосып тұр, өліп кетсейші қазір. Жүгір, албасты! Степаниданың қораға қалай жүгіргенін Евгений көрді, бірақ қарама-қарсы бір еркек келіп қалғандықтан қайта бұрыла алмай, үйіне қайтты. Қонақүйге келгенінде бәрі дөрекі, сұмпайы болып көрінді. Таңертең тастамақ, ұмытпақ, тіпті ойламастай сеніммен сергек тұрды. Бірақ шаруамен айналысу былай қалып, оны мүлде естен шығаруға тырысқанын сезбей де қалды. Бұрынғы маңызды нәрсе, қуанатын нәрсе енді түкке тұрмайды. Еркінен тыс жұмыс атаулыдан құтылуға тырысты. Саралау үшін, ойлану үшін құтылу қажет көрінді. Құтылды да, жапа-жалғыз оқшауланды. Оңаша қалса-ақ болды, бақ, орман ішін сенделді. Бұл маң ішті қыз - қыз қайнатар естелікке толы. Бақта жүріп бірдеңе ойлаймын дегенмен, ештеңе ойламайтынын сезінді, ессіз беріле, тағатсыз күтетінін, сарыла тосатынын, қалтқысыз құлағанын керемет сезімталдықпен ұғынып, ол осында келсе екен деп, ешкім көрмейтін жерге келсе екен деп, айсыз түнде, көзге түртсе көрінбес тас қараңғы түнде келсе екен деп, тәніне тәнім тисе екен деп тілейтінін сезінді. - Иә, міне құлаған кезде тиылдым, - деді өзіне-өзі. - Иә, міне, денсаулық үшін таза, пәк әйелмен ашына болдым. Жоқ, онымен былай ойнауға болмайтын сияқты. Мен оны қолға түсірдім десем, ол мені қолға түсірген екен, уыстан шығармайды. Мен еріктімін десем, мен еріксіз екем ғой. Үйленгенде өзімді алдағам. Бәрі жалған, өтірік екен. Мұнымен көңілдес болғалы жаңа сезім, нағыз еркектік сезім рақатын кештім. Иә, мен осыған үйленуім керек. Иә, мен үшін екі жол бар, бірі Лизамен бастаған тірлік: қызмет, шаруашылық, бала, жұрт қадыры. Мұны қаласам, Степанида жоқ. Өзім айтқандай кетіру керек, не көзін жоғалту керек. Екінші жол - мынау. Күйеуінен тартып алып, оған ақша беріп, ұят, масқара дегендерді ұмытып, бірге өмір сүру. Онда Лиза мен Мими (баласы) болмауы керек. Жоқ, баланың бөгеті жоқ, Лиза кетсін, құрысын. Бәрін біліп, қарғап-сілеп көзі жоғалсын. Менің оны бір қатынға айырбастаған алдамшы, сұмпайы екенімді білсін. Жоқ, бұл сұмдық масқара! Болмайды бұл. Иә, осылай да болуы мүмкін, - деп ойын жалғай түсті, - осылай болуы мүмкін. Лиза ауырады да өліп қалады. Өліп қалады, сонда бәрі тамаша болады. Тамаша! О, сілімтік! Жоқ, өлсе, анау өлсін. Егер өлсе, Степанида өлсе қандай жақсы болар еді. Иә, әйелдері мен ойнастарын қалай уландырады, қалай өлтіреді. Револьвер алып, кездесуге шақырып, құшақтаудың орнына кеудеге тарс еткізсе - бітті ғой. Бірақ ол сайтан. Нағыз сайтан. Мені еркімнен тыс жадылап алды ғой. Өлтірсе? Иә. Екі-ақ амал: не әйелді құрту, не оны. Бұлай өмір сүруге болмайды өйткені. Болмайды. Ойлану керек, байқау керек. Дәл осылай қала берсе, не етпек? Тағы да қаламаймын, тастаймын деймін де, күн бата есік алдында табылам, ол біледі, ол келеді. Не жұрт біліп, әйеліме айтады, не өзім айтам, өйткені алдай алмаймын енді, бүйтіп тірлік кеше алмаймын. Кеше алмаймын. Тегіс жайылады. Бәрі біледі. Параша да, ұста да. Ал солай өмір сүруге болар ма? Болмайды. Екі-ақ амал: не әйелді құрту, не оны. Әйтпесе... Е, иә, үшіншісі - өзімді, - деді сыбырлап, жотасы мүздап сала берді. - Иә, өзімді, онда оларды өлтіру қажет емес". Соңғысы ғана мүмкін екенін сезгенде зәресі ұшып кетті. "Револьвер бар. Өзімді шынымен өлтірем бе? Мұны ешқашан ойламап ем. Қандай болар екен". Бөлмесіне келіп, револьвер тұрған шкафқа қол созды. Ашып үлгермей әйелі кіріп келді.

XXI

Револьверді газетпен жаба салды. - Тағы сол ма? - деді әйелі үрейлене қарап. - Сол дегенің не? - Маған айтпаған сол баяғы бір сұмдық кейіп. Женя, жаным, шешілші. Азапқа түскеніңді көріп тұрмын. Айтшы маған, жеңілейіп қаласың. Не болса да, мына қияметтен абзал. Білем ғой, сонша жаман ешнәрсе жоқ. - Сен білесің бе? Әзірге. - Айтшы, айтшы, айтшы. Жібермеймін сені. Евгений жан-дәрмен мүләйім жымиды. "Айтсам? Жоқ, бүл мүмкін емес. Тіпті айтатын да түк жоқ". Әлде ашылатында ма еді, осы кезде қыдыруға бола ма деп сұрап, емшек беретін әйел кіріп келді. Лиза баланы киіндіруге кетті. - Сен айтасың ғой. Мен қазір келем. - Иә, мүмкін... Осыны айтқандағы оның азапты жымиысын Лиза ешқашан ұмыта алмады. Қарақшыдай асығып, ұрланып барып револьверді бас салды, дереу қабынан суырып алды. "Оқтаулы, иә, талайдан, бір оғы жетпейді. Ал, не болар екен". Самайына апара бергенде босаңсығандай болды, бірақ Степанида, оны қайта көргісі келмеу шешімі бір күрес, бір құлау, тағы бір құлау, бір күрес есіне түскенде үрейлі сұмдықтан дір ете қалды. "Жоқ, мынау артық". Шүріппені басты да жіберді. Балконнан түсіп үлгеріп, Лиза бөлмеге жүгіріп кіргенде жарақаттан қара, ыстық қан атқылап ол еденде етпетінен әлі қалтырап жатқан болатын. Тексеру жүрді. Өзін-өзі өлтірудің себебін ешкім ұға да алған жоқ, таба да алған жоқ. Осыдан екі ай бұрын Евгений айтқан сырмен мұның байланысы бар деген ой ағайының басына келмеді. Варвара Алексеевна мен осыны ертеден білгенмін деп соқты. Дауласқан кезінде көрініп тұратын деді. Лиза мен Марья Павловна екеуі себеп таппай аңырды, бірақ дәрігерлердің ол жарымес болған дегеніне мүлде сенбеді. Өздері танитын жүздеген адамдардан әлдеқайда парасатты, ақылды екенін жақсы білгендіктен де бұл сөзге ден қоймады. Шынында да, егер Евгений Иртенев жарымес болса, онда жұрттың бәрі сондай жарымес, өздері де жарымес - олар, сөз жоқ, өз жындылықтарына көз жұмып, басқалардың бойынан есуастық белгілерін іздейді.

Лев Толстой

19 қараша, 1899 Ясная Поляна.

Аударған Р.Нұрғалиев

 

 

1 пікір